Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау" жобасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 365 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау» жобасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Сарыбайұлы Мамытбековке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау» жобасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 365 қаулысымен 
мақұлданған    

                                                                Жоба

Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
арасындағы «ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың
экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі
бағдарламаның енгізілуіне қолдау» жобасы туралы келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
      мыналар туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ)«ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау» жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 18 ай.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ға жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды өтеуге 100 000 (жүз мың) евро сомасында жарна беруге міндеттенеді.
      2. Жарна екі кезеңде төленетін болады:
      a. 70 000 (жетпіс мың) евро мөлшеріндегі бірінші жарна осы Келісімге қол қойылған және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін жүзеге асырылатын болады;
      b. 30 000 (отыз мың) евро мөлшеріндегі екінші жарна 2016 жылғы 31 наурызға дейінгі мерзімде ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынғаннан кейін жүзеге асырылатын болады.
      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді, оларда қазіргі уақытта әкімшілік шығындардың өтелуін төлеуге жарнаның жалпы сомасының 6,3 %-ы көзделеді. Бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарына сәйкес шығыс ЭЫДҰ шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын I қосымшаға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында жобаның орындалу барысы туралы есеп ұсынады.
      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне баяндау нысанында жоба бойынша қорытынды есеп ұсынады.
      4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есеп ұсынады.
      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есепті ұсынады.
      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес сақталғандығымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмекті және ақпаратты ұсынады.
      Тараптар арасындағы кез келген байланыс мына мекенжайларға жіберіледі:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі – 010000, Астана қаласы, Кенесары көшесі, № 36 үй, тел.: +7(7172) 555995, факс: +7(7172) 555995, email: office@minagri.gov.kz;
      ЭЫДҰ үшін: Жасыл даму және ғаламдық байланыс бөлімі, Қоршаған орта директораты, Франция, Париж Cedex 16, 2, rue Andrе-Pascal, электрондық пошта: Dianne. Fowler@oecd.org.

5-бап. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері ЭДЫҰ-ның айрықша меншігі болып қалады.
      2. ЭЫДҰ үшінші тараптардың құқықтарын, сондай-ақ егер осындай қолданылса құжаттарды сыныптау және сыныптауыштан алып тастау туралы ЭЫДҰ-ның қағидалары мен саясатын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшірмесін жасауға және таратуға айрықша емес, кері қайтарылмайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі қорытынды есептің толық нұсқасын өзінің веб-сайтында орналастырып, толық нұсқасын «оқу үшін» ғана (html 5) пішінінде тарата алады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жерде ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде мойындайды.
      4. ЭЫДҰ мұндай жарияланымның тіліне және нысанына қарамастан (html 5) пішініндегі қорытынды есепті бірінші болып жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      5. Қорытынды есепте Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесі тану қамтыла болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланым мұқабасының арты жағында немесе жарияланымның ішінде жоғарыда көрсетілген тану жанында орналастырылады.
      6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қала береді. ЭЫДҰ көрсетілген деректерді және ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және неғұрлым кең тұрғыда жобаны іске асыру үшін пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімнің қолданылуын, шынайылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, оны түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе осыларға қатысты туындайтын, келіссөздер жүргізу жолымен шешілуі мүмкін емес кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық осы Келісімді жасау күніне қолданыстағы Аралық Соттың Тұрақты палатасының халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер үшін төрелік сотының факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар түпкілікті төрелік талқылаумен шешіледі. Судьялардың саны – біреу. Судья Тараптар арасындағы уағдаластық жолымен таңдалады, егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес Тараптардың бірінің талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді және барлық іс жүргізу мен берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретінде ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту деп түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап. Өзгерістер

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне ену

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Ол екі Тарап та одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданыста болады.

      Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі тол нұсқада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз түпнұсқа болып саналады.

      Қазақстан Республикасының    Экономикалық ынтымақтастық және
            Үкіметі атынан                даму ұйымы атынан

      Асылжан Мамытбеков              Симон Аптон
   Қазақстан Республикасының         Директор
   Ауыл шаруашылығы министрі        ЭЫДҰ Қоршаған орта директораты

      Қолы: ………………………………            Қолы: ………………………………

      Күні: ………………………………            Күні: ………………………………

Энтони Дж. Роттье
Атқарушы директор

Қолы: ………………………………

Күні: ………………………………

                                                          1-қосымша

ЭЫДҰ-ның арналған елдік бағдарламасы бойынша 2015 - 2016 жылдарға ұсынылатын қызмет «Қоршаған орта» бөлімі: ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау

      Бастапқы ақпарат
      «ШЕКОА елдерінде су ресурстарын басқарудың экономикалық аспектілері: су ресурстарын басқару жөніндегі бағдарламаның енгізілуін қолдау» жобасы 2015 жылдың басында бекітілген ЭЫДҰ-ның Қазақстанға елдік бағдарламасы шеңберінде орындалатын болады.
      Ол ЭЫДҰ/БҰҰ ЕЭК жәрдемімен жүзеге асырылатын Шығыс Еуропа, Кавказ және Орта Азия (бұдан әрі - ШЕКОА) елдеріне арналған Еуропа Одағының Су бастамасы (бұдан әрі - ЕОСБ) өңірлік компонентінің бөлігі болады. ШЕКОА елдеріне арналған ЕОСБ компоненті су ресурстары және қоршаған ортаны қорғау саласында ЕО мен Орта Азия арасындағы Ынтымақтастық тұғырнамасын және Еуропалық тату көршілік саясатын қолдайды. ШЕКОА елдеріне арналған ЕОСБ компоненті Еуропа Одағы ресурстары арқылы қолдау табады және Аустрия, Финляндия, Германия, Норвегия және Швейцария тарапынан бірлесіп қаржыландырылады.
      Бұл жоба 2013 жылы басталған (2013 жылғы 10 сәуірдегі Қазақстан Премьер-Министрінің № 12-19/713 өкімі бойынша) Су саясаты жөніндегі ұлттық диалогқа (бұдан әрі - ССҰД) сүйенеді және оған үлес қосады. ССҰД-ны үйлестіру үшін сол кездегі Қоршаған орта министрі Ведомствоаралық үйлестіру кеңесін (бұдан әрі - ВҮК) құрған болатын. Сарапшылардың жұмыс топтары қолдайтын, мүдделі тараптардың қатысуымен тұрақты өтетін ССҰД/ВҮК отырыстары су саясаты жөніндегі диалогқа арналған алаң ретінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде ССҰД Ауыл шаруашылығы вице-министрінің төрағалығымен жүзеге асады; Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті оның негізгі қатысушылардың бірі болып табылады, сондай-ақ ССҰД Хатшылығының қызметін атқарады. ССҰД ШЕКОА елдеріне арналған ЕО Су бастамасы компонентінің стратегиялық серіктесі ретінде ЭЫДҰ (ҚОҚУБ АЖТ - Қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Арнайы жұмыс тобы) және БҰҰ ЕЭК жәрдемімен өткізіледі.
      ССҰД мемлекеттің шаралар қабылдауы үшін талдамалық қор құруға ықпал етеді, оның ішінде мына бағыттар бойынша:
      (1) экономиканың «жасыл» үлгісі қағидаттарына сәйкес су ресурстарын басқару;
      (2) су шаруашылығының экономикалық тиімділігі және қаржылық тұрақтылығы;
      (3) сенімді экономикалық реттеу және сумен жабдықтау мен су бұрудың орнықты бизнес-үлгілері;
      ЭЫДҰ-ның Қазақстанға арналған елдік бағдарламасының «Қоршаған орта» бөлімінде көзделген қызмет
      1-міндет: Сенімді сумен жабдықтаумен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен және экожүйелер қауіпсіздігімен қамтамасыз етудегі, сондай-ақ Қазақстанның экономиканың инклюзивті «жасыл» үлгісіне және орнықты дамуға көшуінде көп мақсатты су шаруашылығы жүйелерінің (бұдан әрі - КСЖ) рөлін күшейту.
      Іс-әрекеттер:
      Қазақстанның жеке өзен бассейнінде (мысалы, Іле немесе Ертіс трансшекаралық бассейнінде) көп мақсатты су шаруашылығы имфрақұрылымының (бұдан әрі - КСЖ) (әдетте, бөгет, су қоймасы және су электр станциясы, магистральды каналдары және т.б.) қазіргі бар жекелеген объектілеріне экономикалық бағалау жүргізу.
      Бағалау: КСЖ көрсететін қызметтерге; оң және теріс сыртқы әсерлерге және КСЖ-нің тәуекелдерді басқарудағы қосқан үлесіне, бюджетке және жұмыспен қамтуға көрсетілетін әсерге, және өңір мен ел экономикасына қосқан жалпы тікелей және жанама үлесіне; қалыпты және төтенше жағдайлардағы су болу ережелеріне (мысалы, тасқындар мен қуаңшылық жағдайларда); оператор (-лар)дың нысаналы функциясына (мысалы, электр энергиясы өндірісінен түсетін пайданы арттыру немесе қоғам әл-ауқатының ең жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету немесе сенімді сумен жабдықтау, елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б.) оның уақыт өте келе қалай өзгергенін және елдің экономикасына КСЖ-нің қосқан үлесіне қалай әсер өткеніне шоғырланған болуы керек.
      КСЖ-ні қаржыландыруға (КСЖ-ның пайдалану және ағымдағы жөндеу шығыстары тұтынушылар төлемдерінен, КСЖ-ны салық түсімдерінен және мемлекеттік қолдаудан түсетін табыстармен салыстырғанда) және оның қаржы дербестігі деңгейіне экспресс-бағалау жүргізу.
      Қазақстанның жағдайында КСЖ-ге бейімдеуге болатын тиісті халықаралық тәжірибені (ЕО, ЭЫДҰ, БРИИКС және ШЕКОА-ның жекелеген елдерінің) айқындау.
      КСЖ-нің инклюзивті «жасыл» өсуіне және орнықты дамуына қосқан үлесін арттыру, сондай-ақ сенімді сумен жабдықтауға, елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігіне және экожүйелердің қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін КСЖ реттеуді, басқаруды және оны қаржыландыруды (мысалы, бөлу ережелері, нысаналы функциясы мен ынталандыру құрылымы, мемлекеттік қолдау және т.б.) жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
      Нәтижелер:
      Үздік халықаралық тәжірибенің үлгілерімен салыстыру жүргізілетін бағалау есебі
      Орнықтылық және сенімді сумен жабдықтау, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті және экожүйелер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарында «жасыл» дамудағы көп мақсатты су шаруашылығы жүйелерінің рөлін күшейту жөніндегі ұсынымдар.
      Жұмыс қорытындылары:
      Бұл жұмыс көп мақсатты су шаруашылығы жүйелерінің Қазақстанның инклюзивті «жасыл» өсуіне және орнықты дамуына, сондай-ақ елдің өсуі мен дамуының орнықтылығын және инклюзивтігін қамтамасыз ету міндетінің бір бөлігі ретінде сенімді сумен жабдықтауға, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік және экожүйелер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін арттыруға ықпал етеді.
      Синергия әсері және өзара толықтырушылық:
      Қызметтің бұл түрі ЕК қаржыландыратын Қазақстанның экономиканың «жасыл» үлгісіне көшуін қолдау жөніндегі жоба шеңберінде БҰҰДБ және БҰҰ ЕЭК жүзеге асыратын су шаруашылығы инфрақұрылымына арналған орнықты бизнес-үлгілерге қатысты жұмысты толықтырады және осы жұмыспен ықтимал синергия әсеріне қол жеткізуге бағытталатын болады.
      2-міндет: Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, ауылды дамыту және Қазақстанның су шаруашылығына әсер ететін суды көп қажет ететін өңдеу өнеркәсібінің құралдары мен тетіктеріне шолу.
      Іс-әрекеттер:
      Қолданыстағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, ауылды дамыту және өнеркәсіптің су шаруашылығына әсер ететін бір суды көп қажет ететін өңдеу саласының құралдары мен тетіктеріне шолу.
      Ауыл шаруашылығында мемлекеттік қолдаудың тиісті құралдары мен тетіктері агрохимикаттарды немесе мотор майын және отынды немесе суаруға арналған суды пайдалануды қолдауға қатысты; ауыл аудандарын дамытуды қолдау бөлігінде - ауылдағы сумен жабдықтау мен су бұрудың дамуы; өнеркәсіптің суды көп қажет ететін салаларында - су үнемдеуге жәрдемдесу, оның ішінде инновациялар, айналмалы сумен жабдықтау және суды қайта пайдалануға қатысты. Өнеркәсіптің суды көп қажет ететін өңдеу саласын уәкілетті органдар және өзге де мүдделі тұлғалар бірге таңдайтын болады.
      Қазақстанның шарттарына бейімдеуге және пайдалануға болатын тиісті халықаралық тәжірибені (ЕО, ЭЫДҰ, БРИИКС және ШЕКОА жеке елдерінің) айқындау.
      Қарастырылып отырған салаларда су ресурстарымен байланысты контрпродуктивті мемлекеттік субсидияларды мемлекеттік қолдау тарату немесе реформалау тетіктерін күшейту жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу.
      Нәтижелер:
      Үздік халықаралық тәжірибелердің тиісті үлгілерімен салыстыру жүргізілетін бағалау есебі;
      қарастырылып отырған салалардағы су ресурстарымен байланысты қарсы өнімді мемлекеттік қолдау және реформалау тетіктерін күшейту бойынша ұсынымдар.
      Жұмыс қорытындылары:
      Бұл жұмыс экологиялық (су ресурстарына қатысты), әлеуметтік (сумен жабдықтау және су бұру инклюзивтілік қызметтеріне қаржылық қолжетімділік), экономикалық (өнімділік, өсу және даму), салықтық- саясат, атап айтқанда су шаруашылығының мақсаттарына қол жеткізу үшін бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануға жәрдемдесетін болады.
      Синергия әсері және өзара толықтырушылық:
      Қызметтің осы түрі ЕК қаржыландыратын жоғарыда көрсетілген жоба  БҰҰ ЕЭК жүзеге асыратын суды пайдаланудың тиімділігін бағытталған экономикалық құралдар бойынша жұмысты толықтырады.

      Болжамды жоспар-кесте (2015 жылдың 2-ші тоқсанында жұмысты бастау жорамалмалында):

Міндеттер мен нәтижелер

2015

2016

1-тоқсан

2-тоқсан

3-тоқсан

4-тоқсан

1-тоқсан

2-тоқсан

3-тоқсан

4-тоқсан

1-міндет

Бағалау есебі


X

X

X

X




ССҰД отырысында талқылау






X



Түпкілікті есеп жобасы







X


Сарапшылардың семинары








X

Түпкілікті есеп








X

2-міндет

Бағалау есебі


X

X

X





Сарапшылардың семинары




X





Түпкілікті есеп жобасы






X



ССҰД отырысында талқылау






X



Түпкілікті есеп







X


Болжамды бюджет:

Шығындарды бағалау

Евромен

ЭЫДҰ қызметкерлеріне еңбекақы төлеу

19845

Қызметкерлерге қосымша шығындар

2075

Консультанттар

42500

Іссапарлар (ЭЫДҰ қызметкерлері және сарапшылар)

16000

Кеңестерге, семинарларға және т.б. жұмсалатын шығындар

7500

Басқа шығындар (мысалы, есептерді, құжаттарды әзірлеу және басып шығару)

5780

ЭЫДҰ-ның грантты басқаруға жұмсалатын әкімшілік шығыстары*

6300

Барлық шығындар

100000

      Ескертпе:
      *- грант сомасының 6,3 %-ын құрайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады