Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 13 мамырдағы
№ 375 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
KEЛICIM
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі
өзара саяси, экономикалық, техникалық және әскери ынтымақтастықты және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етуге ұмтыла отырып,
қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлерін шешу кезінде ақпараттық алмасудың маңыздылығын атап өте отырып,
Тараптардың тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін құпия ақпаратпен алмасу қажет болуы мүмкін екенін ұғына отырып,
Тараптар мемлекеттерінің арасында алмасатын немесе осы Келісім шеңберінде пайда болатын құпия ақпаратты өзара қорғау мәселелерін реттеу ниетін басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде мыналар айқындалған:
1) құпия ақпарат - нысанына, табиғатына немесе беру тәсіліне қарамастан, ынтымақтастық процесінде берілетін және/немесе пайда болатын ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі және олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жария етуден, жоғалтудан, бүлінуден, рұқсатсыз иемденуден немесе тиісінше пайдаланбаудан қорғауды талап етеді;
2) құпиялылық белгісі - құпия ақпаратқа берілетін, оның маңыздылығын, онымен танысуға құқықтық шектеу дәрежесін және қорғау дәрежесін көрсететін, құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын деректеме;
3) құпия ақпаратқа рұқсат беру - ұлттық рәсімдерге сәйкес қабылданатын жеке тұлғаның құпия ақпаратқа қол жеткізуіне немесе Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес заңды тұлғаның құпия ақпаратты пайдалана отырып, қызметін жүзеге асыруына құқық беретін шешім;
4) құпия ақпаратқа қолжетімділік - құпия ақпаратқа рұқсаты бар жеке тұлғаға құпия ақпаратты таныстыру процесі;
5) құзыретті орган - осы Келісімнің 5-бабында айқындалатын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия ақпаратты қорғау бойынша бақылауды және үйлестіруді жүзеге асыратын, осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыруға жауапты Тараптардың мемлекеттік органы;
6) уәкілетті орган - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты жасауға, алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға, қорғауға өкілеттік берілген Тараптардың мемлекеттік органы;
7) жіберуші Тарап - құпия ақпаратты беретін уәкілетті орган немесе құзыретті орган;
8) алушы Тарап - құпия ақпаратты алатын уәкілетті орган немесе құзыретті орган;
9) келісімшарт - егер бұл Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына қайшы келмесе, Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары мен заңды тұлғаларының арасында жасалатын, әзірленуіне және орындалуына құпия ақпаратты пайдалану және/немесе жасау талап етілетін шарт.
2-бап
Келісімнің мақсаты
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық барысында алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты өзара қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
3-бап
Құпиялылық дәрежелерінің салыстырмалылығы
Тараптар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері мынадай түрде салыстырылады деп белгілейді:
Қазақстан Республикасында |
Литва Республикасында |
Орыс тілінде жіктелуі |
Ағылшын тілінде жіктелуі |
ӨТЕ ҚҰПИЯ |
VISISKAI SLAPTAI |
СОВЕРШЕННО |
TOP SECRET |
ҚҰПИЯ |
SLAPTAI |
СЕКРЕТНО |
SECRET |
ҚҰПИЯ |
KONFIDENCIALIAI |
СЕКРЕТНО |
KONFIDENTIAL |
2. Қазақстан Тарапы беретін «ҚҰПИЯ/СЕКРЕТНО» деген құпиялылық белгісі бар құпия ақпаратты Литва Тарапы «SLAPTAI/SECRET» деген құпиялылық белгісімен белгілейді. Литва Тарапы беретін «KONFIDENCIALIAI/KONFIDENTIAL» деген құпиялылық белгісі бар құпия ақпаратты Қазақстан Тарапы «ҚҰПИЯ/СЕКРЕТНО» деген құпиялылық белгісімен белгілейді.
3. Қазақстан Республикасы беретін «ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА ПАЙДАЛАНУ ҮШІН/ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО ПОЛЬЗОВАНИЯ» деген белгісі бар ақпаратты Литва Республикасы «RIB ОТО NAUDOJMO/RESTRICTED» деген құпиялылық белгісімен белгілейді. Литва Республикасы беретін «RIBOTO NAUDOJMO/RESTRICTED» деген құпиялылық белгісі бар ақпаратты Қазақстан Республикасы «ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА ПАЙДАЛАНУ ҮШІН/ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО ПОЛЬЗОВАНИЯ» деген белгімен белгілейді.
4-бап
Ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар
1. Тараптар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты қорғау жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды.
2. Құпия ақпаратқа рұқсат Тараптар мемлекеттерінің тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсаты болған кезде қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет азаматтарға ғана беріледі.
3. Алушы Тарап:
1) ынтымақтастық процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты үшінші тарапқа екінші Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз бермеуге;
2) құпия ақпаратты беру кезінде көзделмеген өзге мақсаттарға пайдаланбауға міндеттенеді.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелері осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген ақпаратқа қатысты да қолданылады.
5. Алушы Тарап алған құпия ақпаратты оған жіберуші Тарап берген осы Келісімнің 3-бабына сәйкес құпиялылық дәрежелерінің салыстырмалылығына сәйкес құпиялылық дәрежесімен белгілеуге міндетті.
6. Тараптар мемлекеттерінің біреуі екінші Тарап мемлекетінің алдын ала жазбаша келісімінсіз ынтымақтастық кезінде алған немесе пайда болған құпия ақпаратты құпиясыздандыра немесе құпиялылық белгісін өзгерте алмайды.
5-бап
Құзыретті органдар
1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құзыретті органдарды айқындайды, бұл туралы олардың байланыс көздерін көрсете отырып, дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді. Тараптар құзыретті органның, сондай-ақ байланыс деректерінің өзгергені туралы дереу хабарлайды.
2. Құзыретті органдар құпия ақпаратты қорғауды реттейтін қолданыстағы ұлттық заңнамалары және осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратты қорғау үшін мәні бар осы заңнамаларға енгізілген барлық өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.
3. Тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету және осы Келісімді іске асыру мақсатында құзыретті органдар олардың бірі жіберген сұрау салу бойынша консультациялар өткізуі мүмкін.
6-бап
Ақпаратты беру тәсілдері
1. Құпия ақпаратты беру туралы шешімді Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрбір жеке жағдайда Тараптар қабылдайды.
2. Құпия ақпаратты беру дипломатиялық арналар арқылы немесе Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары алдын ала келіскен өзге тәсілдермен жүзеге асырылады.
3. «ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО CEKPETHO/VISISKAI SLAPTAI/TOP SECRET» және «ҚҰПИЯ/CEKPETHO/SLAPTAI/SECRET» құпиялылық дәрежелері бар құпия ақпаратты берген жағдайда, алушы Тарап осы құпия ақпаратты алғаны жөнінде жазбаша растайды. Өзге құпия ақпаратты алғандығы телекоммуникациялық жүйелермен, желілермен немесе басқа да электронды тәсілдермен расталады.
4. Көлемі үлкен құпия ақпаратты беру тәсілін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары әрбір жеке жағдайда айқындайды.
5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарының ережелері осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген ақпаратқа қатысты да қолданылады.
7-бап
Ақпаратпен жұмыс істеу
1. «ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО CEKPETHO/VISISKAI SLAPTAI/TOP SECRET» және «ҚҰПИЯ/CEKPETHO/SLAPTAI/SECRET» құпиялылық дәрежелері бар құпия ақпараттың көшірмесін түсіру тек жіберуші Тараптың жазбаша келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Мұндай рұқсат Тараптар мемлекеттерінің ұлттық (мемлекеттік) тілдеріне аударылған бірінші данасына талап етілмейді.
2. Құпия ақпаратты аударуды немесе көшірмесін түсіруді құпия ақпаратқа тиісті рұқсаты бар адамдар жүзеге асырады.
3. Құпия ақпаратты аудару немесе көшірмесін түсіру кезінде әр көшірмеге түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісі қойылады. Көшірмелер саны қызметтік қажеттілікпен айқындалады. Осы тармақтың ережелері осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген ақпаратқа қатысты да қолданылады.
4. Құпия ақпарат, сондай-ақ осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген ақпарат оны толық немесе ішінара қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіліп жойылады. Алушы Тарап жіберуші Тарапты құпия ақпараттың жойылғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
5. «ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО CEKPETHO/VISISKAI SLAPTAI/TOP SECRET» құпиялылық белгісі бар құпия ақпарат жойылуға жатпайды және осы баптың 8-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жіберуші Тарапқа қайтарылады.
6. «ҚҰПИЯ/CEKPETHO/SLAPTAI/SECRET» құпиялылық дәрежелері бар құпия ақпарат жіберуші Тараптың жазбаша келісімін алғаннан кейін жойылады.
7. «ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА ПАЙДАЛАНУ ҮШІН/ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО ПОЛЬЗОВАНИЯ» белгісі және «RIBOTO NAUDOJMO/RESTRICTED» құпиялылық белгісі бар ақпарат жіберуші Тараптың рұқсатынсыз жойылады.
8. Осы Келісім шеңберінде алмасатын немесе пайда болған құпия ақпаратты қорғау және қайтару мүмкін болмайтын дағдарыс жағдайы туындағанда осы құпия ақпарат дереу жойылуға тиіс. Алушы Тарап бұл туралы жіберуші Тарапты дереу жазбаша хабардар етуге тиіс.
8-бап
Келісімшарттар
1. Шарттар кемінде мыналарды:
ынтымақтастық процесінде пайдалану жоспарланып отырған құпия ақпараттың тізбесі мен олардың құпиялылық дәрежесін;
ынтымақтастық процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты қорғау және пайдалану шарттарына қойылатын талаптарды;
дауларды шешу және ынтымақтастық процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін залалды өтеу тәртібін қамтиды.
2. Келісімшарт жасасуға ниеті бар заңды тұлғаға құпия ақпаратты бермегенге дейін алушы Тарап жіберуші Тарапқа осы заңды тұлғаның тиісті рұқсаты бар екендігін растайды.
3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес келісімшарттарды орындау процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпараттың қорғалуын бақылайды.
9-бап
Сапарлар
1. Жіберуші Тарап мемлекетінің өкілдеріне құпия ақпаратқа рұқсат қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органының алдын ала жазбаша рұқсаты алынғаннан кейін берілетін болады.
2. Сапарларға арналған өтініштер жоспарланған сапарға дейін 30 (отыз) күн бұрын жіберіледі және мынадай ақпаратты қамтиды:
1) келушінің тегі мен аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының (жеке басын куәландыратын құжаттың) нөмірі;
2) келушінің лауазымы және ол өкілдік ететін ұйымның атауы;
3) құпия ақпаратқа тиісті рұқсатының бар-жоғы;
4) сапардың мақсаты, келу болжанып отырған күні мен оның ұзақтығы;
5) жоспарланған бару объектілерінің атауы;
6) кездесу жоспарланып отырған қабылдаушы Тарап мемлекеті өкілінің лауазымы, аты мен тегі.
3. Тараптар мемлекеттерінің бірінің өкілдері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген кезде қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтайды.
10-бап
Қауіпсіздіктің бұзылуы
1. Құпия ақпарат рұқсатсыз таралған, жоғалған, жойылған, бұзылған, заңсыз иемденген немесе тиісінше пайдаланбаған жағдайда, құзыретті орган екінші құзыретті органды дереу хабардар етеді және тиісті тексеруге кіріседі. Құзыретті органдар қажет болған жағдайда тексеру жүргізуде өзара іс-қимыл жасайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесі осы Келісімнің 3-бабының тармағында көрсетілген ақпаратқа қатысты да қолданылады.
3. Тексеруді аяқтаған құзыретті орган қысқа мерзімде екінші Тараптың құзыретті органына тексеру мән-жайлары нәтижелері, бұзушылықты жою бойынша қабылданған шаралар мен іс-қимылдар туралы хабарлайды.
4. Құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан келтірілген залалды өтеу жөніндегі мәселелер Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
11-бап
Шығыстар
Тараптар мемлекеттері осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.
12-бап
Дауларды шешу
1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана шешіледі.
2. Барлық даулар шешілгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.
13-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамамен ресімделетін өзгерістер және немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін 30-шы (отызыншы) күні күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.
3. Осы Келісім қолданысының тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісім шеңберінде алмасатын және/немесе пайда болған барлық құпия ақпаратты қорғау Тараптар дипломатиялық арналар арқылы тиісті хабарламалар жіберіп, бірін-бірі осы міндеттемелерден босатқанға дейін осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
201 жылғы « » қаласында әрқайсысы қазақ, литва, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Литва Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі тақырып ағылшын тілінде.