Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 20 мамырдағы № 379 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2015 жылғы 20 мамырдағы 
№ 379 қаулысымен    
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Үкіметі (бұдан әрі - Уағдаласушы Тараптар)
      1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қатысушылары бола отырып;
      өз аумақтары арасында және олардан тысқары жерлерде әуе қатынастарын орнату мақсатында келісім жасасуға ниет білдіре отырып;
      халықаралық авиация көлігінде жоғары қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтамалар

      Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      (а) «авиациялық биліктер» термині Қазақстан Республикасына қатысты - Инвестициялар және даму министрлігін және Люксембург Ұлы Герцогтігіне қатысты - азаматтық авиация саласына жауапты Министрді немесе екі жағдайда да - жоғарыда көрсетілген органдар орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті кез келген органды немесе адамды білдіреді. Бір Уағдаласушы Тараптың уәкілетті органының атауына өзгерістер енгізілген кезде екінші Уағдаласушы Тараптың атына дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарлама жіберілетін болады;
      (b) «уағдаластық желілер» термині жолаушыларды, жүкті және поштаны жеке немесе жиынтықтап тасымалдау үшін осы Келісімге Қосымшада көрсетілген маршруттарға сәйкес жоспарланған әуе тасымалдарын білдіреді;
      (с) «Келісім» термині осы Келісімді, оның Қосымшасын және оған Қосымша өзгерістерді білдіреді;
      (d) «Конвенция» термині 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны білдіреді және ол осы Конвенцияның 90-бабына сәйкес қабылданған кез келген Қосымшаны және оның 90 және 94-баптарына сәйкес Қосымшаларға немесе Конвенцияға кез келген түзетулерді осындай Қосымшалар мен түзетулер екі Уағдаласушы Тарап қабылдаған және ратификациялаған дәрежеде қамтиды;
      (е) «тағайындалған авиакәсіпорын» термині осы Келісімнің 3-бабына сәйкес тағайындалған және уәкілеттілік берілген авиакәсіпорынды білдіреді;
      (f) «Мемлекет» термині Еуропалық Одаққа мүше мемлекетті білдіреді;
      (g) «тариф» термині жолаушыларды, багажды немесе жүкті тасымалдағаны үшін алынатын алымдарды және олардың агенттері мен осындай бағаларды қолдану шарттарын қоса алғанда, поштаны тасымалдағаны үшін сыйақыны және шарттарын қоспағанда, осындай алымдарды қолдану шарттарын білдіреді;
      (h) «әуе қатынасы», «халықаралық әуе қатынасы», «авиакәсіпорын» және «коммерциялық емес мақсаттардағы аялдама» терминдерінің Конвенцияның 96-бабында көрсетілген мағыналары болады;
      (і) «аумақ» терминінің ол үшін Конвенцияның 2-бабында айқындалған мағынасы болады.

2-бап. Құқықтар беру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорын халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырған кезде екінші Уағдаласушы Тарапқа мынадай:
      (a) екінші Уағдаласушы Тараптың аумағынан қонбастан ұшып өту;
      (b) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына коммерциялық емес мақсаттарда аялдама жасау;
      (c) халықаралық бағыттағы жеке немесе жиынтықтап жолаушыларды отырғызу мен түсіру, жүкті және поштаны тиеу мен түсіру мақсатында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында Қосымшада осы маршрут үшін көрсетілген пункттерге қону құқықтарын береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында ешнәрсе де бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорынға Екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында осы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы басқа пунктке тасымалдау үшін сыйақыға немесе жалдау шартымен жолаушыларды, жүкті және поштаны бортқа алу құқығын беру ретінде қаралмайды.

3-бап. Авиакәсіпорындарды тағайындау және пайдалануға рұқсат беру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тарапқа бұл туралы жазбаша хабарлай отырып, шарттық желілерді белгіленген маршрут бойынша пайдалану үшін бір немесе екі авиакәсіпорынды тағайындауға, осындай тағайындаулардың күшін жоюға немесе оларды өзгертуге құқығы бар.
      2. Осындай хабарлама алынғаннан кейін және осы Келісімнің 3 және 4 баптарының ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындары пайдалануға арналған тиісті құжаттарды дереу авиакәсіпорынға немесе авиакәсіпорындарға беруге тиіс.
      3. Бір Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындары ұшуды орындауға рұқсат беруден бұрын екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнынан оның халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асырған кезде көрсетілген билік орындары әдетте қолданатын заңдар мен ережелердің талаптарына сай келетінінің дәлелдемелерін талап ете алады.
      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап шарттық желілерді белгіленген маршруттар бойынша пайдалану мақсатында осы Уағдаласушы Тараптың аумағында құрылған авиакәсіпорынды тағайындауға тиіс.
      Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 2-тармағында айтылған пайдалануға арналған рұқсатты беруден бас тартуға немесе осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құқықтарды тағайындалған авиакәсіпорынды пайдаланған кезде осы Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны:
      - Уағдаласушы Тараптың аумағында құрылғандығына; немесе
      - қолданыстағы Пайдалануға арналған лицензия және тағайындаушы  Уағдаласушы Тарап қолданатын заңнамаға сәйкес пайдаланушының сертификаты бар екендігіне; немесе
      - пайдаланушының сертификатын беруге жауапты мемлекет өзінің тағайындалған авиакәсіпорнына тиімді бақылауды жүзеге асыратындығына және қолдайтындығына, ал тағайындау кезінде тиісті авиациялық орган дәл анықталғандығына дәлелдемелері болған кез келген жағдайда, қажет деп санайтын осындай талаптарды орындауды талап етуге құқылы.
      5. Осындай рұқсаттарды алғаннан кейін көрсетілген авиакәсіпорын осы Келісімнің қолданылатын ережелерін, атап айтқанда, осы Келісімнің 10-бабына сәйкес белгіленген тарифтерді сақтаған жағдайда, авиакәсіпорын шарттық желілерді толық немесе ішінара пайдалануды кез келген уақытта бастауға құқылы.

4-бап. Пайдалануға арналған рұқсаттың күшін жою немесе қолданылуын тоқтата тұру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың пайдалануға арналған рұқсаттың күшін жоюға немесе осы Келісімнің 2-бабында көзделген, екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына берілген құқықтардың пайдаланылуын уақытша тоқтата тұруға немесе мынадай жағдайларда:
      а) егер тағайындалған авиакәсіпорынның осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағында көрсетілген талаптарды орындап жүргенінің деген дәлелдемесі болмаса кез келген жағдайда; немесе
      b) егер авиакәсіпорын осы құқықтарды берген Уағдаласушы Тараптың қолданыстағы заңын сақтамаса; немесе
      с) авиакәсіпорын өз қызметін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одаққа мүше басқа мемлекет арасындағы екіжақты келісім шеңберінде жүзеге асыруға әлдеқашан уәкілетті болса және Қазақстан Республикасы көрсетілген авиакәсіпорын Еуропалық Одаққа мүше екінші мемлекетте пунктті қамтитын маршрут бойынша осы Келісім шеңберінде қозғалу құқықтарын жүзеге асырған кезде екіжақты келісіммен салынатын тасымалдауға арналған құқықтарды шектеуді айналып өтетінін дәлелдейтін болса; немесе
      d) егер бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына тиімді бақылауды Қазақстан Республикасының онымен әуе қатынасы туралы екіжақты келісімі жоқ Мемлекет жүзеге асырса және осы Мемлекет екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорындарға тасымалдауға арналған құқықтарды беруден бас тартса; немесе
      е) егер осы авиакәсіпорын қандай да болмасын өзгеше түрде осы Келісімде көзделген талаптарды сақтамаса, осы құқықтарды пайдалану кезінде ол қажет деп санайтын осындай шарттардың орындалуын талап етуге құқығы бар.
      2. Егер шұғыл шараларды қолдану заңдар мен талаптарды одан әрі бұзудың алдын алу үшін қажет болып табылмаса, онда осы баптың 1-тармағында аталған құқықтар осы Келісімнің 17-бабына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік органдарымен консультациялардан кейін ғана пайдаланылады.

5-бап. Заңдар мен қағидаларды қолдану

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын әуе кемелерінің өз мемлекетінің аумағына ұшып келуін/одан ұшып кетуін немесе осы әуе кемелерінің пайдаланылуын реттейтін заңдары мен талаптары екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорынның немесе авиакәсіпорындардың әуе кемелеріне олар көрсетілген аумаққа ұшып келу, одан ұшып кету және онда болу кезінде қолданылады.
      2. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің өзінің аумағына жолаушылардың, экипаждардың, жүктің және поштаның келуін, оның шегінде болуын және одан жөнелтілуін реттейтін заңдары мен қағидалары  және атап айтқанда, паспорттық, кедендік, валюталық және санитариялық бақылауға қатысты қағидалар екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған кез келген авиакәсіпорынның әуе кемелерінің жолаушыларына, экипаждарына, жүгіне және поштасына олардың көрсетілген аумақ шегінде болуы кезінде қолданылатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өзінің авиакәсіпорнына немесе кез келген басқа авиакәсіпорынға осыған ұқсас халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асыратын екінші Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорны алдында оның кедендік, көші-қон, карантиндік және өзге де талаптарын орындаған кезде басымдық көрсетпейді.
      4. Бір Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы тікелей транзитпен өтетін және әуежайдың осы мақсатқа арналған аймағынан кетпейтін жолаушылар, багаж және жүк үшін оңайлатылған бақылау рәсімі қолданылады. Тікелей транзитпен өтетін багаж бен жүк кедендік баждардан, салықтардан және басқа да ұқсас алымдардан босатылатын болады.

6-бап. Куәліктер мен лицензияларды тану (Ұшу қауіпсіздігі)

      1. Уағдаласушы Тараптардың бірі берген немесе жарамды деп таныған, қолданылу мерзімі өтпеген ұшуға жарамдылық куәліктерін, біліктілік куәліктерін және куәліктерді екінші Уағдаласушы Тарап осындай куәліктер немесе куәландырулар берілген немесе жарамды деп танылған талаптар Конвенцияға сәйкес белгіленген стандарттарға сәйкес келген жағдайда, Қосымшада айтылған маршруттар бойынша шарттық желілерді пайдалану кезінде жарамды деп танылатын болады. Дегенмен, әрбір Уағдаласушы Тарап оның азаматтарына екінші Уағдаласушы Тарап берген біліктілік куәліктері мен куәліктерін оның мемлекетінің аумағынан ұшып өту үшін жарамды деп танымау құқығын сақтайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап әуежайларға, экипаждарға, әуе кемелеріне және тағайындалған авиакәсіпорындардың қызметіне қатысты сақтайтын қауіпсіздік нормалары бойынша консультациялар сұратуға құқылы. Егер осындай консультациялар өткізілгеннен кейін бір Уағдаласушы Тарап осы салалардағы, ең болмағанда, Конвенцияда белгіленген ең төменгі стандарттарға сәйкес келуге тиіс қауіпсіздік нормалары мен талаптарын екінші Уағдаласушы Тарап тиімді орындамайды немесе қамтамасыз етпейді деп санаса, екінші  Уағдаласушы Тарап алынған деректер туралы және осы ең төменгі стандарттарға сәйкес келу қажеттілігі туралы хабардар етілуге және екінші Уағдаласушы Тарап тиісті түзету шараларын қабылдауға тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорынға немесе авиакәсіпорындарға пайдалануға арналған рұқсатты немесе техникалық рұқсатты беруден бас тартуға немесе, егер екінші Уағдаласушы Тарап түзету шараларын уақтылы қабылдамаса, оларды кері қайтарып алуға немесе олардың қолданысын шектеуге құқылы.

7-бап. Авиациялық қауіпсіздік

      1. Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес олар бір-біріне қатысты алған азаматтық авиация қауіпсіздігін заңсыз араласу актілерінен қорғау міндеттемесі осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтындығын растайды. Халықаралық құқықтан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін шектемей, Уағдаласушы Тараптар 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токио қаласында қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа актілер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаага қаласында қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияның және 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреаль қаласында қол қойылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге қарсы күрес туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес әрекет етеді.
      2. Уағдаласушы Тараптар азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алуды және әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлардың және аэронавигациялық құралдар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз актілерді, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігінің кез келген басқа қатерін болдырмау жөнінде өзара негізде сұрау салу бойынша барлық қажетті көмекті көрсетеді.
      3. Уағдаласушы Тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген және Конвенцияға Қосымшаларда айқындалған практика ұсынған авиациялық қауіпсіздік нормаларына сәйкес өздері қандай практиканы қолданса бір-біріне қатысты сондай дәрежеде әрекет етеді; олар негізгі қызмет орны немесе тұрақты келу орны олардың аумағындағы әуе кемелерін пайдаланушылардың және оның мемлекетінің аумағындағы халықаралық әуежайларды пайдаланушылардан авиациялық қауіпсіздік жөніндегі осындай ережелерге және талаптарға сәйкес әрекет етуін талап етеді.
      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың оның әуе кемелерін пайдаланушылардан осы баптың 3-тармағында аталған осы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті аумағының шегіне келу, одан кету және болу үшін осы екінші Уағдаласушы Тарап көздейтін авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерді сақтауын талап ете алатындығымен келіседі.
      Әрбір Уағдаласушы Тарап әуе кемелерін қорғау және жолаушылар мен олардың қол жүгін тексеру, сондай-ақ экипаждарға, тауарларға және борттық қорларға отырғызу немесе тиеу уақытынан бұрын және уақытында тиісінше бақылауды жүзеге асыру үшін өз мемлекетінің аумағы шегінде тиісті шаралардың қолданылуын қамтамасыз ететін болады. Әрбір Уағдаласушы Тарап, нақты қауіпке байланысты қауіпсіздіктің орынды арнайы шараларын қолдану туралы екінші Уағдаласушы Тараптың кез келген өтінішіне тілектестікпен қарайды.
      5. Азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алуға немесе әуе кемелерінің, олардың жолаушыларының және экипаждың, әуежайлардың немесе аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз актілерге байланысты оқыс оқиға немесе оқыс оқиға қатері болған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар осындай оқыс оқиғаның және оның қатерінің дереу және жылдам жолын кесу мақсатында байланысты қамтамасыз ету және тиісті шаралар қабылдау арқылы бір-біріне көмек көрсетеді.
      6. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің осы баптың авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерге байланысты проблемалары болса, Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындары екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындарынан дереу консультациялар жүргізуді сұрауы мүмкін.

8-бап. Баждардан және өзге де алымдардан босату

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарын әуе кемелеріне, сондай-ақ қозғалтқышты, отынды, жанармай материалдары мен пайдаланылатын техникалық қорларды қоса алғанда, олардың қосалқы бөлшектеріне, әуе кемесінің бортындағы үстел заттарына (оның ішінде тағам өнімдері, сусындар, азық-түліктер) және әуе кемелерін пайдаланумен немесе қызмет көрсетумен байланысты пайдалануға арналған немесе айрықша пайдаланатын басқа да заттарға арналған кедендік баждардан, инспекциялық алымдардан және басқа да осыған ұқсас алымдарды төлеуден босатылады.
      2. Осы бапта ұсынылған босатулар (осы баптың 4-параграфында көзделген шығыстарды қоспағанда) осы баптың 1-тармағында көрсетілген мынадай:
      (а) бір Уағдаласушы Тарап аумағына немесе екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны немесе авиакәсіпорындары атынан әкелінген;
      (b) екінші Уағдаласушы Тарап аумағына келгеннен немесе одан шыққаннан кейін бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының немесе авиакәсіпорындарының әуе кемесінің бортында қалған;
      (c) екінші Уағдаласушы Тарап аумағынан бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының немесе авиакәсіпорындарының әуе кемесі бортына алынған және шарттық желілерді пайдалануға беру кезінде қолдануға арналған материалдарға;
      мұндай материалдар осы Уағдаласушы Тараптың аумағында иеліктен шығарылмайтын жағдайда, осы материалдардың баждан босатуды ұсынатын Уағдаласушы Тарап аумағында толық пайдаланылғанына немесе қолданылғанына қарамастан қолданылатын болады.
      Жоғарыда айтылған материалдар босатуды ұсынған Уағдаласушы Тарап аумағына әкелінген жағдайда, кедендік бақылауда болуы мүмкін.
      3. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің тағайындалған авиакәсіпорындары шарттық желілерде пайдаланатын әуе кемесінің бортындағы борт жабдығы, отын қоры мен жанармай материалдары, сондай-ақ қосалқы бөлшектер осы Уағдаласушы Тараптың кеден органдарының келісімімен ғана екінші Уағдаласушы Тарап Мемлекетінің аумағына түсірілуі мүмкін. Бұл жағдайда олар кері әкетілген немесе осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кедендік қағидаларына сәйкес мақсаты ауыстырылған кезге дейін аталған органдардың кедендік бақылауында болады.
      4. Көрсетілген қызмет, кедендік декларациялау және сақтау үшін алымдар осы Келісімнің 15-бабында айқындалған осындай қызметтерді көрсету шеңберіндегі нақты шығындарға негізделген мөлшерде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес алынады.

9-бап. Тасымалдау сыйымдылығын реттеу

      1. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорны (авиакәсіпорындары) осы Келісімде көзделген шарттық желілерді пайдаланған кезде әділ және тең мүмкіндіктерді пайдаланады.
      2. Осы Келісімнің Қосымшасында белгіленген шарттық желілерде пайдалануға арналған тасу ыдыстарына, әуе кемелерінің жиіліктері мен типтеріне қатысты барлық коммерциялық мәселелер екі Уағдаласушы Тараптың да авиациялық билік орындары арасында келісілуге тиіс.

10-бап. Тарифтер

      1. Екі Уағдаласушы Тарап аумақтары арасында қолданылатын тарифтер тасымалдау құнын, пайдаланушылар мүдделерін, орынды пайданы, қызмет көрсету сыныбын және қажет болған жағдайда бүкіл маршрутты немесе оның бір бөлігін пайдаланатын басқа да авиакомпаниялардың тарифтерін қоса алғанда, барлық тиісті факторлар ескеріле отырып, орынды деңгейде белгіленуге тиіс.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны өз тарифтерін дербес белгілеуге тиіс.
      3. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің немесе кез келгенінің авиациялық билік орындары тарифтерді реттеуге араласуды ұсынса, онда мұндай араласудың басты мақсаттары:
      a) тонаушылық немесе кемсітушілік бағаларды немесе практикаларды болдырмау;
      b) тұтынушыларды шамадан тыс жоғары немесе үстем жағдайды асыра пайдалану салдарын шектейтін бағалардан қорғау; және
      c) авиакәсіпорындарды тікелей немесе жанама үкіметтік субсидиялардың салдарынан жасанды өсірілген бағалардан қорғау;
      d) бәсекелестікті айқын жою мақсатында авиакәсіпорындарды төмендетілген бағалардан қорғау болуға тиіс.
      4. Осы баптың 1-тармағында аталған тарифтер тіркеу үшін оларды қолдану басталатын жоспарланған күнге дейін алпыс (60) күннен кешіктірмей Уағдаласушы Тараптың екеуінің авиациялық билік орындарына жолдануға тиіс.
      Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі қандай да бір тариф осы баптың (1) тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп пайымдайтын болса, онда ол консультациялардың берілуіне сұрау салуға және екінші Уағдаласушы Тарапты қысқа мерзімде өзінің қанағаттанбауының себептері туралы хабардар етуге тиіс. Мұндай консультациялар сұрау салуды алғаннан кейін 30 күннен кешіктірілмей өткізілуі тиіс және Тараптар орынды шешімнің шығарылуына қажетті ақпаратты қамтамасыз етуде ынтымақтастық жасауға тиіс. Егер Уағдаласушы Тараптар бұрын қанағаттанбауы туралы хабарлама берілген тарифке қатысты келісімге қол жеткізетін болса, онда Уағдаласушы Тараптар қол жеткізілген уағдаластықты орындау үшін барлық ықтимал күш-жігерді қолданады.

11-бап. Авиакәсіпорындардың өкілдіктері

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны өзара түсіністік негізінде екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті аумағына шарттық желілерді пайдалануға қажетті өз өкілдіктері мен коммерциялық, операциялық және техникалық персоналын жіберуге және онда ұстауға құқылы.
      2. Персоналға қойылатын бұл талаптар бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының (авиакәсіпорындарының) таңдауы бойынша өзінің жеке персоналы есебінен немесе екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін және осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында осындай қызметтерді көрсетуге рұқсаты бар кез келген басқа ұйымды, компанияны немесе авиакәсіпорынды пайдалана отырып қанағаттандырылуы мүмкін.
      3. Өкілдік пен персонал екінші Уағдаласушы Тараптың қолданыстағы заңдары мен қағидаларын сақтауға тиіс және заңдар мен қағидаларға сәйкес әрбір Уағдаласушы Тарап өзара түсіністік негізінде және қысқа мерзімде осы баптың 1-тармағында аталған өкілдіктер мен персоналға жұмысқа қажетті рұқсаттарды, қонақ болу визалары мен өзге де соған ұқсас құжаттарды алуға жәрдем көрсететін болады.

12-бап. Коммерциялық қызмет және кірістерді аудару

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны Уағдаласушы Тараптың аумағындағы өзінің офистерінде өзінің тасымал құжаттарымен авиатасымалдары жүзеге асыруға және екінші Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңдары мен қағидаларына сәйкес ресми уәкілетті агенттерін тағайындауға құқылы.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорнына жергілікті кірістердің осы кәсіпорын шарттық желілерді пайдаланудан өз мемлекетінің аумағында алған жергілікті шығыстардан асып түскен соманы еркін аудару құқығын береді. Егер соған ұқсас аударымдар рәсімі Уағдаласушы Тараптар арасындағы арнайы келісіммен реттелетін жағдайда, осы келісімдердің ережелері қолданылуға тиіс. Осындай келісімдер не онда тиісті ережелер болмаған жағдайда аударым Уағдаласушы Тараптың шетелдік айырбастау реттеуіне сәйкес ресми айырбастау бағамы бойынша қатты айырбасталатын валютада жүргізілуге тиіс.

13-бап. Бірлескен уағдаластықтар

      Шарттың желілерді пайдалануға арналған қажетті рұқсаттары бар әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары белгіленген маршруттар немесе код-шеринг, блок-орындар бойынша келісім, бірлескен кәсіпорын сияқты әртүрлі бірлескен уағдаластықтардың негізінде осы маршруттардың кез келген учаскесі бойынша шарттық желілерді және екінші Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорнымен немесе авиакәсіпорындарымен осындай авиакәсіпорындарда маршруттарды немесе учаскелерді пайдалануға арналған тиісті рұқсаты болған жағдайда ынтымақтастықтың өзге де бағыттарын пайдалану және/немесе ұсыну құқығын алады.

14-бап. Интермодальды жүк тасымалдары

      Осы Келісімнің кез келген басқа ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Тараптардың екеуінің де авиакәсіпорындары мен жүк авиатасымалдары бойынша қызметтерді жанама жеткізушілерге кедендік пункттері бар барлық әуежайларға және әуежайлардан тасымалдауды қоса алғанда және қажет болған кезде, кедендік тазартудан өтпеген авиациялық жүктерді тасымалдау құқығын қоса алғанда, қолданыстағы заңдарға және қағидаларға сәйкес Уағдаласушы Тараптардың немесе үшінші елдердің аумағындағы пункттерге немесе пункттерден авиациялық жүктер үшін жерүсті көлігін пайдалануға рұқсат беріледі. Жерүсті немесе әуе жолдарымен тасымалданатын мұндай авиациялық жүктердің әуежай кеденіне және жүктерді өңдеу пунктіне рұқсаты болуға тиіс. Авиакәсіпорындар өзінің қалауы бойынша меншікті жерүсті тасымалдарын жүзеге асыра алады немесе оларды басқа авиакәсіпорынның немесе жүк авиатасымалдары бойынша қызметтерді жанама жеткізушілердің жерүсті көлігін қоса алғанда, басқа да жерүсті тасымалдаушыларымен уағдаластық арқылы қамтамасыз ете алады. Интермодальды жүк тасымалдары бойынша мұндай көрсетілетін қызметтер жүк жөнелтушілер осындай тасымалдау фактілері туралы тиісті түрде хабардар етілген жағдайда әуе және жерүсті көлігімен құрамдастырылған тасымалға арналған бірыңғай тариф негізінде ұсынылуы мүмкін.

15-бап. Алымдар

      1. Жабдығын, техникалық және өзге де құралдары мен көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, әрбір әуежайдың көрсететін қызметтерін пайдаланғаны үшін алымдар мен өзге де шығыстар, сондай-ақ аэронавигациялық құралдарды, байланыс құралдары мен қызметтерін пайдаланғаны үшін кез келген шығыстар әрбір Уағдаласушы Тарап белгілейтін мөлшерлемелер мен тарифтерге сәйкес алынады.
      2. Бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны  (авиакәсіпорындары) екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны және/немесе соған ұқсас халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асыратын кез келген басқа шетелдік авиакәсіпорынның (авиакәсіпорындардың) екінші Уағдаласушы Тараптың жабдығы мен көрсетілетін қызметтерін пайдаланғаны үшін төлейтініне қарағанда неғұрлым жоғары алымдар төлеуге тиіс емес.

16-бап. Статистикалық деректер

      Бір Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындары екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық билік орындарының сұрау салуы бойынша статистикалық деректерді немесе соған ұқсас басқа да ақпаратты шарттың желілерде берілетін тасу ыдыстарының көлемін қарау мақсатында орынды шекте беретін болады.

17-бап. Консультациялар

      1. Тығыз ынтымақтастық рухында Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билік орындары осы Келісімнің және оған Қосымшаның ережелерін орындауды қамтамасыз ету, тиісті түрде сақтау мақсатында тұрақты консультациялар жүргізеді, сондай-ақ қажет болған кезде өзгерістер енгізу мақсатында консультациялар жүргізетін болады.
      2. Кез келген Уағдаласушы Тарап келіссөздер немесе хат алмасу арқылы консультациялар жүргізуді сұратуға құқылы және олар, егер Уағдаласушы Тараптар осы мерзімді ұзарту туралы уағдаласпаса, оларды жүргізу туралы сұрау салу алынған күннен бастап алпыс (60) күн ішінде басталуға тиіс.

18-бап. Дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіру бойынша Уағдаласушы Тараптар арасында дау туындаған жағдайда, авиациялық билік орындары оны келіссөздер арқылы шешуге ұмтылатын болады.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың екеуі де келіссөздер арқылы келісімге келмесе, олар дауды үшінші тұлғаның немесе үшінші ұйымның қарауына немесе Уағдаласушы Тараптардың бірі немесе Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша үш төрешіден тұратын соттың қарауына бере алады. Әрбір Уағдаласушы Тарап бір-бір төрешіден тағайындайды, ал үшіншісін осы екі төреші таңдайтын болады. Әрбір Уағдаласушы Тарап бір Уағдаласушы Тарап екінші Тараптан дипломатиялық арналар арқылы дауды төрелік шешу талабы бар хабарламаны алған күннен бастап алпыс (60) күн ішінде төрешіні тағайындайды. Үшінші төреші келесі алпыс (60) күн ішінде тағайындалатын болады. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі жоғарыда көрсетілген мерзімде төрешіні тағайындамаса немесе үшінші төреші жоғарыда көрсетілген мерзімде тағайындалмаса, Уағдаласушы Тараптардың бірі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Президентіне төрешіні немесе төрешілерді тағайындау туралы өтінішпен жүгіне алады.
      Кез келген жағдайда үшінші төреші үшінші мемлекеттің азаматы болуға және төрелік сот төрағасының міндеттерін атқаруға тиіс.
      3. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес қабылданған кез келген шешімге бағынады.

19-бап. Өзгерістер енгізу

      1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі осы Келісімге өзгерістер енгізуді қаласа, ол екінші Уағдаласушы Тараппен консультациялар жүргізуді сұратуға құқылы. Авиациялық биліктер арасында келіссөздер немесе хат жазысулар арқылы жүргізілуі мүмкін мұндай консультациялар, егер тек Уағдаласушы екі Тарапта осы кезеңді ұзарту туралы уағдаласпаса, оларды жүргізу туралы сұрау салу алынған күннен бастап алпыс (60) күн ішінде басталуға тиіс. Келісімге енгізілетін кез келген келісілген өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің, 23-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке Хаттамалармен ресімделетін болады.

20-бап. Көпжақты келісім

      Осы Келісім және оған Қосымша екі Уағдаласушы Тарап қатысушылары болатын кез келген көпжақты келісімге сәйкес келу мақсатында толықтырылатын болады.

21-бап. Келісімнің қолданысын тоқтату

      Әрбір Уағдаласушы Тарап кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тарапқа осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлай алады; мұндай хабарлама бір уақытта Халықаралық азаматтық авиация ұйымына жіберіледі. Келісім, екінші Уағдаласушы Тараптың хабарламаны алған, күнінен бастап он екі (12) айдан кейін, егер Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабарлама осы кезең аяқталғанға дейін өзара келісіммен кері қайтарып алынбаса, өзінің қолданысын тоқтатады. Екінші Уағдаласушы Тараптың тарапынан хабарламаны алғаны туралы растау болмаған жағдайда, ол хабарламаны оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымы алған күннен бастап он төрт (14) күннен кейін алды деп есептелетін болады.

22-бап. Тіркеу

      Осы Келісім, сондай-ақ кейінгі өзгерістер мен түзетулер Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге тиіс.

23-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім әрбір Уағдаласушы Тараптың конституциялық талаптарына сәйкес келісілуі және әрбір Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетшілік рәсімдерді аяқтағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енуге тиіс.
      Осы мақсат үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген екі үкіметтің өкілдері осыны куәландырып осы Келісімге қол қойды.

      ______ қаласында қазақ, француз,
      ағылшын, орыс тілдерінде
      екі данада ЖАСАЛДЫ.
      Күні
      Алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ           ЛЮКСЕМБУРГ ҰЛЫ
            ҮКІМЕТІ ҮШІН                  ГЕРЦОГТІГІНІҢ
                                          ҮКІМЕТІ ҮШІН

ҚОСЫМША

МАРШРУТТАР КЕСТЕСІ

      Люксембургтің тағайындалған авиакәсіпорны немесе авиакәсіпорындары пайдаланатын маршруттар:
      Люксембург - Аралық пункттер - Қазақстандағы пункттер - Тысқары пункттер
      Қазақстанның тағайындалған авиакәсіпорны немесе авиакәсіпорындары пайдаланатын маршруттар:
      Қазақстандағы пункттер - Аралық пункттер - Люксембург - Тысқары пункттер
      1. Кез келген аралық пункттерге және/немесе тысқары пункттерге Уағдаласушы Тараптың екеуінің де тағайындалған авиакәсіпорны немесе авиакәсіпорындары бесінші әуе еркіндігі дәрежесі құқығын пайдаланбай қызмет көрсетуі мүмкін.
      2. Бесінші әуе еркіндігі дәрежесі құқығын пайдалану Уағдаласушы Тараптардың авиациялық билік орындары арасындағы жекелеген уағдаластықтардың мәні болып табылады.
      3. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындары кез келген немесе барлық ұшуларды орындаған кезде жоғарыда көрсетілген маршруттардың кез келген пункттерінде тоқтамай өтуі, сондай-ақ осы маршруттардағы шарттық желілер авиакәсіпорынды немесе авиакәсіпорындарды тағайындайтын Уағдаласушы Тараптың аумағында басталатын жағдайда пункттерге кез келген тәртіппен қызмет көрсетуі мүмкін.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі тақырып ағылшын тілінде.   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады