Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, оларды метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін өзара тану туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 мамырдағы № 389 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, оларды метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін өзара тану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, оларды метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін өзара тану туралы келісімге кол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2015 жылғы 28 мамырдағы
№ 389 қаулысымен    
мақұлданған      

Жоба

Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, оларды метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін өзара тану туралы
КЕЛІСІМ

       Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
      1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімнің ережелерін орындау кезінде өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында өлшем бірлігін және дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастықтың экономикалық орындылығын ескере отырып,
      мемлекеттердің өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу жөніндегі метрологиялық қызметтердің тиімді қызметіне мүдделі бола отырып,
      мемлекетаралық ретінде «МемСТ» аббревиатурасы бар стандарттардың қолданысын сақтау және оларды пайдалана отырып өлшем әдістері мен құралдарына, метрологиялық нормалар мен қағидаларға, өлшем процестеріне, олардың нәтижелерін өңдеуге және ұсынуға қойылатын талаптарды артықшылықпен қалыптастыру қажеттілігін назарға ала отырып,
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында өлшем бірлігі ретінде (SI) Халықаралық бірліктер жүйесінің өлшем бірлігін тани отырып,
      өздерінің шама бірлігінің ұлттық эталондарын «басты», өңіраралық, мемлекетаралық немесе екіжақты салыстырып қарауға қатыстыруды қамтамасыз ете отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты: өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, оларды метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу және осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде жасалған өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, жеке-дара даналарын сынау (метрологиялық аттестаттау), сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде жүргізілетін, өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін тануға қолдану нәтижелерін өзара танудың негізгі шарттарын айқындау болып табылады.
      Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін танудың тәртібі және рәсімі Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары келіскен өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін тану тәртібімен регламенттеледі.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін келтірілген терминдердің мынадай мағыналары болады:
      Тараптың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органы - ұлттық заңнамаға сәйкес бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізуге және мемлекетте өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік басқару органы (ұйым);
      өлшем құралдарының ұлттық тізілімі - Тараптың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органы өлшем құралдарының типін бекіту және өлшем құралдарының типін бекіту туралы берілген сертификаттарға қатысты шешім қабылданған өлшем құралдары туралы қалыптастырған мәліметтер жиынтығы;
      типті бекіту мақсатында сынау бағдарламасы - өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынақ жүргізуге арналған әдістер мен құралдарды, сондай-ақ метрологиялық әдістерді және техникалық сипаттамаларды айқындау жөніндегі операциялардың реттілігі мен көлемін белгілейтін әдістемелік құжат;
      метрологиялық аттестаттау бағдарламасы - метрологиялық аттестаттаудың әдістерін және құралдарын, сондай-ақ өлшем құралдары, метрологиялық сипаттамаларының оларға қолданылатын нормативтік құжаттар талаптарына сәйкестігін айқындау жөніндегі операциялардың реттілігі мен көлемін белгілейтін әдістемелік құжат;
      өлшем құралының типін бекіту - Тараптардың осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында типі бекітілген өлшем құралын сынақтың оң нәтижелері негізінде қолдануға рұқсат беру туралы метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органының шешімі.

3-бап

      Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау және типін бекіту нәтижелерін тануды Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары мынадай шарттар сақталғанда:
      Типі бекітілген өлшем құралдары осы Келісімге қатысушы бір немесе бірнеше мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес құзіретті сынақ зертханаларында (орталықтарда), сынақ бағдарламасы барысында өлшем құралдарының метрологиялық сипаттамалары және оларға қолданылатын нормативтік құжаттарға олардың сәйкестігі сынақ бағдарламасында белгіленген сынау;
      сынақ зертханалары (орталықтар) халықаралық ұйымдардың: Халықаралық заңнамалық метрология ұйымының, Халықаралық өлшеу және таразы комитетінің талаптарына сәйкес өлшем құралдарының ұлттық эталондарға сай келуі байқалуының растамасына ие болуға тиіс;
      өлшем құралдарының типін бекітуді ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырған;
      өлшем құралдарының типін бекіту туралы шешім Тараптың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органының өлшем құралдарының типін бекіту туралы куәлікті (сертификатты) рәсімдеумен және оны осы типтегі өлшем құралын жасаған мемлекет ретінде өлшем құралдарының ұлттық тізіліміне енгізуімен расталған;
      сынақ нәтижелері бойынша ұлттық заңнамаға сәйкес өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдістемесінің құжаты бекітілген немесе өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдістемесін айқындайтын мемлекетаралық стандартты пайдалану туралы шешім қабылданған;
      метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті орган өлшем құралдарының бекітілген типтері туралы ақпаратты Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің ресми интернет-сайтында орналастыру үшін Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің стандарттау жөніндегі бюросына (бұдан әрі - МАК стандарттау жөніндегі бюро) берілген жағдайда жүзеге асырады.

4-бап

      Өлшем құралдарының метрологиялық аттестаттау нәтижелерін тануды Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары мынадай шарттар сақталғанда:
      өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау метрологиялық аттестаттау бағдарламасында көзделген көлемде бір немесе бірнеше Тараптың ұлттық заңнамаға сәйкес құзыретті сынақ, салыстырып тексеру және өлшеу зертханаларында (орталықтарында) өткізілген;
      метрологиялық аттестаттау нәтижелері бойынша ұлттық заңнамаға сәйкес өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдістемесінің құжаты бекітілген немесе өлшем құралдарын салыстырып тексеру әдістемесін айқындайтын мемлекетаралық стандартты пайдалану туралы шешім қабылданған;
      өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау нәтижелері өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау хаттамасы қоса беріле отырып, өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы куәлігімен (сертификатымен) рәсімделген жағдайда жүзеге асырады.

5-бап

      Өлшем құралдарын салыстырып тексеру нәтижелерін тануды Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары мынадай шарттар сақталған жағдайда жүзеге асырады:
      өлшем құралдарын сынау және типін бекіту, метрологиялық аттестаттау нәтижелері осы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау нәтижелерін тануды жүзеге асыратын Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары танығанда;
      танылған, бекітілген типтің өлшем құралдары үшін салыстырып тексеру әдістемесінде көзделген операциялар көлемінде ұлттық заңнамаға сәйкес салыстырып тексеруге өкілетті, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің салыстырып тексеру зертханасында жүзеге асырылатын, нәтижелерін тану талап етілетін өлшем құралдарын салыстырып тексеру; салыстырып тексеру зертханасының салыстырып тексеру құралдарының ұлттық эталонға сай келуі бақылап тексерілуінің растамасына ие болуы тиіс.

6-бап

      Өлшем құралдарының калибрлеу нәтижелерін тануды Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары мынадай шарттар сақталған жағдайда жүзеге асырады:
      өлшем құралдарын калибрлеуді құзыреттілігі ұлттық заңнамаға және/немесе МемСТ ISO/IEC 17025 талаптарына сәйкес бағаланған, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің калибрлеу зертханасы жүзеге асырады;
      калибрлеу зертханасы калибрлеу құралдарының шама бірліктерінің ұлттық және (немесе) халықаралық эталондарға сай келуі бақылап тексерілуінің растамасы болуы тиіс.

7-бап

      Осы Келісімнің 3-6-баптарында көзделген өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, типті бекіту, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін тану мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін құжаттар, атап айтқанда: өлшем құралдарының типін бекіту туралы, метрологиялық аттестаттау туралы, салыстырып тексеру туралы куәліктер (сертификаттар) және өлшем құралдарын калибрлеу сертификаттары, өлшем құралдары типінің сипаттамасы, өлшем құралдарын беру жиынтығына кіретін пайдалану құжаттары және оларды салыстырып тексеру әдістемесі жөніндегі құжаттар орыс тілінде ресімделуге тиіс.

8-бап

      Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органдары импорттаушы елде өлшем құралдарын беруде оларға қолданылатын нормативтік құжаттар талаптарына сай келмеу фактілері белгіленген жағдайда, біржақты тәртіппен аталған өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін өз мемлекетінде тануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдай алады.
      Тараптардың метрология (өлшем бірлігін қамтамасыз ету) жөніндегі уәкілетті органы бір-бірін және МАК Стандарттар жөніндегі бюросын өз мемлекетінде өлшем құралдарын сынау, метрологиялық аттестаттау, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін тануды тоқтата тұратындығы туралы хабардар етеді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.
      Консультациялар және келіссөздер арқылы даулы мәселелерді реттеу мүмкін болмаған жағдайда, Тараптар келісу арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық сотына немесе келісілген басқа рәсімге жүгінеді.

11-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы қол қойылған үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы әрбір мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарлама депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және Келісім қолданыста болған кезеңде туындаған міндеттелерін реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
      201_ жылғы ____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының    Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

      Армения Республикасының       Беларусь Республикасының
           Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының     Қырғыз Республикасының
           Үкіметі үшін                Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының       Тәжікстан Республикасының
           Үкіметі үшін                Үкіметі үшін

      Түрікменстан Үкіметі үшін     Өзбекстан Республикасының
                                       Үкіметі үшін

      Украина Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады