Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімнің және оған Хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге және оған Хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге және оған Хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 шілдедегі № 719 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 494 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі
Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім жасасуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісім қолданылатын тұлғалар
Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденттері болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
Келісім қолданылатын салықтар
1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттің немесе оның орталық, жергілікті билік органдарының атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға, оларды алу әдісіне қарамастан қолданылады.
2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсіпорындар төлейтін қызметақының немесе жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтарды, сондай-ақ капитал құнының өсіміне салынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан немесе табыстың жекелеген элементтерінен алынатын салықтардың барлық түрі табысқа салынатын салықтар болып есептеледі.
3. Мыналар, атап айтқанда:
а) Қазақстан Республикасында:
(і) корпоративтік табыс салығы;
(іі) жеке табыс салығы;
(бұдан әрі «Қазақстан салығы» деп аталады); және
а) Хорватия Республикасында:
(і) пайдаға салынатын салық;
(іі) табыс салығы;
(ііі) жергілікті табыс салығы және осы салықтардың бірінен өндіріп алынатын кез келген басқа айыппұл;
(бұдан әрі «Хорватия салығы» деп аталады) осы Келісім қолданылатын салықтар болып табылады.
4. Осы Келісімге қол қойылған күннен кейін қосымша немесе қолданыстағы салықтардың орнына алынатын кез келген бірдей немесе мәні бойынша ұқсас салықтарға да осы Келісім қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары өздерінің тиісті салық заңнамаларында орын алған кез келген елеулі өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.
3-бап
Жалпы анықтамалар
1. Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін:
a) «Қазақстан» термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынасында пайдаланған кезде «Қазақстан» термині Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің заңнамасына және өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өзінің егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыра алатын аймақтарды қамтиды;
b) «Хорватия» термині Хорватия Республикасының аумағын, сондай-ақ халықаралық құқыққа және Хорватия Республикасының заңнамасына сәйкес Хорватия Республикасы өзінің егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын теңіз түбі мен жер қойнауын қоса алғанда, аумақтық сулардың сыртқы шекараларына шектес теңіз аймақтарын білдіреді;
с) «Уағдаласушы Мемлекет» және «екінші Уағдаласушы Мемлекет» терминдері түпмәтінге қарай Қазақстанды немесе Хорватияны білдіреді;
d) «салық» термині түпмәтінге қарай Қазақстан немесе Хорватия салығын білдіреді;
е) «тұлға» термині жеке тұлғаны, компанияны және кез келген басқа да тұлғалар бірлестігін қамтиды;
f) «компания» термині кез келген корпоративтік құрылымды немесе салық салу мақсаттары үшін корпоративтік құрылым ретінде қаралатын кез келген ұйымды білдіреді;
g) «Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны» және «екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны» терминдері тиісінше Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды білдіреді;
h) «халықаралық тасымал» термині теңіз, әуе кемесі немесе автомобиль көлігі тек екінші Уағдаласушы Мемлекеттің пункттері арасында ғана пайдаланылатыннан басқа жағдайларда, Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны пайдаланатын теңіз, әуе кемесімен немесе автомобиль көлігімен кез келген тасымалды білдіреді;
(і) «құзыретті орган» термині:
(і) Қазақстанда: Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін;
(іі) Хорватияда: Қаржы министрін немесе оның уәкілетті өкілін білдіреді;
j) «ұлттық тұлға» термині:
(і) Уағдаласушы Мемлекеттің азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны;
(іі) Уағдаласушы Мемлекеттің қолданыстағы заңнамасы негізінде өз мәртебесін алған кез келген заңды тұлғаны, әріптестікті немесе қауымдастықты білдіреді.
2. Уағдаласушы Мемлекет Келісімді кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, Келісім қолданылатын салықтарға қатысты осы Мемлекеттің заңнамасы бойынша сол кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынасы болады, терминнің осы Мемлекеттің қолданылатын салық заңнамасы бойынша кез келген мағынасы осы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша терминге берілетін мағынадан басым болады.
4-бап
Резидент
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін «Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті» термині кез келген тұлғаны білдіреді, осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның тұрғылықты жері, резиденттігі, басқару орны немесе осыған ұқсас сипаттағы кез келген басқа да критерий негізінде сонда салық салынуға жатады, сондай-ақ осы Мемлекеттің өзін, оның кез келген орталық және жергілікті билік органдарын қамтиды. Алайда бұл термин тек осы Мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа қатысты ғана осы Мемлекетте салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
2. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда оның мәртебесі мынадай түрде айқындалады:
а) ол өзінің иелігіндегі тұрақты тұрғын үйі орналасқан Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі; егер оның иелігінде Мемлекеттердің екеуінде де тұрақты тұрғын үйі болса, ол жеке және экономикалық неғұрлым тығыз қатынастары (өмірлік мүдделер орталығы) бар Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
b) егер оның өмірлік мүдделер орталығы бар Мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе Мемлекеттердің бірде біреуінде өзінің иелігінде тұрақты тұрғын үйі болмаса, ол, әдетте өзі тұрып жатқан Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
с) егер ол, әдетте Мемлекеттердің екеуінде де тұрып жатқан болса немесе олардың ешқайсысында да тұрмаса, ол өзі азаматы болып табылатын Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
d) егер резиденттің мәртебесін а) - с) тармақшаларына сәйкес айқындау мүмкін болмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары бұл мәселені өзара келісім бойынша шешеді.
3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес жеке тұлға болып табылмайтын тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда ол өзінің тиімді басқару орны орналасқан Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі.
5-бап
Тұрақты мекеме
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін «тұрақты мекеме» термині кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметі толық немесе ішінара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын білдіреді.
2. «Тұрақты мекеме» термині, атап айтқанда:
а) басқару орнын;
b) бөлімшені;
с) кеңсені;
d) фабриканы;
е) шеберхананы; және
f) шахтаны, кенішті, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьерді, қондырғыны, құрылысты немесе табиғи ресурстарды барлаудың немесе өндірудің кез келген басқа да орнын қамтиды.
3. «Тұрақты мекеме» термині, сондай-ақ:
а) 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс істесе ғана құрылыс алаңын немесе құрылыс немесе монтаждау жобасын;
b) Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің резиденті қызметшілер немесе басқа персонал арқылы көрсететін консультациялық қызметтерді қоса алғанда, егер мұндай сипаттағы қызмет осындай немесе онымен байланысты жоба үшін кез келген он екі айлық кезең шегінде 6 айдан асатын кезең немесе кезеңдер ішінде екінші Уағдаласушы Мемлекет шегінде жалғасып жатса, көрсетілетін қызметтерді қамтиды.
4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, «тұрақты мекеме» термині:
а) құрылыстарды кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткізу мақсаттары үшін ғана пайдалануды;
b) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жеткізу мақсаттары үшін ғана күтіп-ұстауды;
с) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын басқа кәсіпорынның өңдеу мақсаттары үшін ғана күтіп-ұстауды;
d) тұрақты қызмет орнын тауарларды немесе бұйымдарды сатып алу мақсаттары үшін ғана немесе кәсіпорынға арналған ақпарат жинау үшін күтіп-ұстауды;
е) тұрақты қызмет орнын кәсіпорын үшін дайындық немесе қосалқы сипаттағы кез келген басқа қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін ғана күтіп-ұстауды;
f) тұрақты қызмет орнын а) - е) тармақшаларында айтылған қызмет түрлерінің кез келген амалын жүзеге асыру үшін ғана, мұндай амал нәтижесінде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметі дайындық немесе қосалқы сипатта болған жағдайда ғана күтіп-ұстауды қамтымайды.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, егер 6-тармақ қолданылатын, тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға кәсіпорын атынан қызметті жүзеге асырса және Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпорынның атынан келісімшарттар жасасуға өкілеттіктері болса және оны әдетте пайдаланса, егер мұндай тұлғаның қызметі 4-тармақта айтылғанмен ғана шектелмесе, егер ол тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырылса да, тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмаса, онда бұл кәсіпорын осы тұлға кәсіпорын үшін жүзеге асыратын кез келген қызметке қатысты осы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қаралады.
6. Кәсіпорын кәсіпкерлік қызметін осы Мемлекетте брокер, комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшін ғана, осындай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде әрекет еткен жағдайда, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қаралмайды.
7. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын немесе осы екінші Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын (не тұрақты мекеме арқылы не өзге жолмен) компанияны бақылау немесе оның бақылауында болу фактісінің өзі кез келген осындай компания екіншісінің тұрақты мекемесі болып табылатынын білдірмейді.
6-бап
Жылжымайтын мүліктен алынатын табыс
1. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алатын табысына (ауыл немесе орман шаруашылығынан алынатын табысты қоса алғанда) осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. «Жылжымайтын мүлік» терминінің қаралып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша қандай мағынасы болса, сондай мағынаға ие болады. Термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, малды әрі ауыл және орман шаруашылықтарында пайдаланылатын жабдықты, жер меншігіне қатысты құқық ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узуфруктын және пайдалы қазбалардың кен орындарын, ресурс көздерін және басқа да табиғи ресурстарды игеру немесе игеру құқығы үшін өтемақы ретіндегі өзгермелі немесе тіркелген төлемдерге құқықтарды қамтиды; теңіз және әуе кемелері немесе автомобиль көлігі жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
3. 1-тармақтың ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе оны кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынатын табысқа қолданылады.
4. 1 және 3-тармақтардың ережелері кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысқа және тәуелсіз жеке қызметтерді орындау үшін пайдаланылатын жылжымайтын мүліктен алынатын табысқа да қолданылады.
7-бап
Кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайда
1. Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына, егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмаса ғана, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда айтылғандай түрде жүзеге асырса, онда кәсіпорынның пайдасына екінші Мемлекетте, бірақ тек осындай тұрақты мекемеге қатысты бөлігінде ғана салық салынуы мүмкін.
2. 3-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы сонда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда әрбір Уағдаласушы Мемлекетте, егер ол осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда осындай немесе осыған ұқсас қызметпен айналысатын, оқшауланған және жеке кәсіпорын болғанда және өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан толық тәуелсіз әрекет еткенде алуы мүмкін пайда осы тұрақты мекемеге жатқызылады.
3. Тұрақты мекеменің пайдасын айқындау кезінде басқару және жалпы әкімшілік шығыстарды қоса алғанда, шығыстар тұрақты мекеме орналасқан Мемлекетте немесе басқа жерлерде келтірілгеніне қарамастан, тиісінше түрде құжат түрінде расталған, тұрақты мекеменің мақсаттары үшін келтірілген шығыстарды шегеруге жол беріледі.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органында бар ақпарат тұрақты мекемеге жататын пайданы айқындау үшін жеткіліксіз болып табылған жағдайларда, қолдағы бар ақпараттың негізінде тұрақты мекеменің пайдасын айқындау осы бапта жазылған қағидаттарға сәйкес келген жағдайда, тұлғаның салық міндеттемесін айқындауға қатысы бар осы Уағдаласушы Мемлекеттің кез келген заңнамасын қолдануға осы баптағы ештеңе де ықпал ете алмайды.
5. Тұрақты мекеменің кәсіпорын үшін тауарларды немесе бұйымдарды сатып алуы негізінде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да бір пайда есептелмейді.
6. Алдыңғы тармақтардың мақсаттары үшін тұрақты мекемеге жататын пайда, егер мұндай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептер болмаса, жылдан жылға бірдей тәсілмен айқындалады.
7. Егер пайда осы Келісімнің басқа баптарында жеке айтылатын табыстардың түрлерін қамтыса, онда бұл баптардың ережелерін осы баптың ережелері қозғамайды.
8-бап
Халықаралық тасымал
1. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің халықаралық тасымалда теңіз, әуе кемелерін немесе автомобиль көлігін пайдаланудан алған пайдасына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. 1-тармақтың ережелері көлік құралдарын пайдалану жөніндегі пулға, бірлескен кәсіпкерлік қызметке немесе халықаралық ұйымға қатысудан алынатын пайдаға да қолданылады.
9-бап
Қауымдасқан кәсіпорындар
1. Егер:
а) Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
b) сол бір ғана тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе олардың капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса,
және екі жағдайдың бірінде екі кәсіпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда кәсіпорындардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осы кәсіпорынның пайдасына қосылуы және оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
2. Егер Уағдаласушы Мемлекет осы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына қосса және тиісінше осы екінші Мемлекетте салық салынатын екінші Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына салық салады және осылайша қосылған пайда, егер екі кәсіпорын арасындағы жағдай тәуелсіз екі кәсіпорын арасындағы жағдайлар сияқты болатын болса, бірінші айтылған Мемлекеттің кәсіпорнына есепке жазылуына болатын пайда болып табылса, онда осы екінші Мемлекет осындай пайдадан алынатын салықтың сомасына тиісті түзету жүргізеді. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Келісімнің басқа да ережелері ескерілуге тиіс және Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары қажет болған кезде бір-бірімен консультация жүргізуге тиіс.
10-бап
Дивидендтер
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтеріне осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда мұндай дивидендтерге резиденті дивидендтер төлейтін компания болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы да мүмкін, бірақ егер дивидендтердің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық:
а) егер іс жүзіндегі иесі дивидендтер төлейтін компания капиталының кемінде 25 пайызын тікелей иеленетін компания (серіктестіктен өзге) болса, дивидендтердің жалпы сомасының 5 пайызынан;
b) барлық қалған жағдайларда дивидендтердің жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
Осы тармақ компанияның дивидендтер төленетін пайдасына қатысты салық салуды қозғамайды.
3. «Дивидендтер» термині осы бапта пайдаланылған кезде акциялардан немесе борыштық талаптар болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты, пайдаға қатысудан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлуші компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес акциялардан алынатын табыс сияқты дәл осындай салықтық реттеуге жататын басқа да корпоративтік құқықтардан алынатын табысты білдіреді.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын дивидендтердің іс жүзіндегі иесі дивидендтер төлейтін компания резиденті болып табылатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы онда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және өзіне қатысты дивидендтер төленіп жүрген холдинг осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен нақты байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән-жайларға қарай 7 немесе 14-баптардың ережелері қолданылады.
5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып отырса, осы екінші Мемлекет, егер мұндай дивидендтер осы екінші Мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленіп жүрген холдингтің осы екінші Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен нақты байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, компания төлейтін дивидендтерден кез келген салық алынбайды және, егер тіпті төленетін дивидендтер немесе бөлінбеген пайда толығымен немесе ішінара осындай екінші Мемлекетте туындайтын пайдадан немесе табыстан тұрса да, компанияның бөлінбеген пайдасынан бөлінбеген пайда салығы алынбайды.
6. Уағдаласушы Мемлекетке осы Мемлекеттің ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетін салыққа қосымша, кез келген қосымша салық алдыңғы салық салынатын жылдары осындай қосымша салық салуға ұшырамаған осындай табыс сомасының 5 пайызынан аспайтын жағдайда, осы Келісімде ештеңе де осы Мемлекетте тұрақты мекемеге жататын компанияның пайдасына арнайы салық салуға кедергі ретінде түсіндірілмейді. Осы тармақтың мақсаттары үшін пайда одан тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте салық салынатын, осы тармақта айтылған қосымша салықтан өзге барлық салық шегерілгеннен кейін айқындалады.
11-бап
Пайыздар
1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін пайыздарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда мұндай пайыздарға, олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы да мүмкін, бірақ, егер пайыздардың іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық пайыздардың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
3. «Пайыздар» термині осы бапта пайдаланылған кезде кепілмен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген және борышкерлердің пайдасына қатысуға құқық беретін немесе бермейтін кез келген түрдегі борыштық талаптардан алынатын табысты және атап айтқанда, үкіметтік немесе мемлекеттік бағалы қағаздардан алынатын табысты және осы бағалы қағаздар, облигациялар және борыштық міндеттемелер бойынша сыйлықақылар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты білдіреді. Уақтылы төленбеген төлемдер үшін айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшін пайыздар ретінде қаралмайды.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын, пайыздардың іс жүзіндегі иесі пайыздар пайда болатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы сонда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы сонда тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және пайыздар төленетін борыштық талап осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базамен нақты байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән-жайларға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелері қолданылады.
5. Егер төлеуші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар осы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатындығына немесе табылмайтындығына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте пайыздар төленетін берешек пайда болған тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болса және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме немесе тұрақты база көтеретін болса, онда мұндай пайыздар осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
6. Егер төлеуші мен іс жүзіндегі иесі арасындағы немесе осы екеуі және қандай да болсын басқа бір тұлға арасындағы ерекше қатынастардың себебінен негізге алынып төленетін борыштық талапқа жататын пайыздардың сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде төлеуші мен іс жүзіндегі иесі арасында келісілетін сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері соңғы айтылған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда, төлемнің артық бөлігіне осы Келісімнің басқа ережелері ескеріле отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуға тиіс.
12-бап
Роялти
1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда, мұндай роялтиге ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте де осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы да мүмкін, бірақ, егер роялтидің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
3. «Роялти» термині осы бапта пайдаланылған кезде, кинематографиялық фильмдерді қоса алғанда, әдебиет, өнер немесе ғылым туындыларына, кез келген патентке, сауда таңбасына, дизайнға немесе модельге, жоспарға, құпия формулаға немесе процеске кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат үшін сыйақы ретінде алынатын төлемдердің кез келген түрін және өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін төлемдерді білдіреді.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің іс жүзіндегі иесі роялти пайда болатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы сонда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базасымен тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және роялти төленетін құқық немесе мүлік осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен нақты байланысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда мән-жағдайларға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелері қолданылады.
5. Егер төлеуші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти осы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер роялтиді төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатындығына немесе табылмайтындығына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте роялти төлеу міндеттемесі пайда болған тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болса және осындай роялти бойынша шығыстарды тұрақты мекеме немесе тұрақты база көтеретін болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
6. Егер роялти төлеуші мен іс жүзіндегі иесі арасындағы немесе осы екеуі және қандай да бір басқа тұлға арасындағы арнайы қатынастардың себебінен негізге алынып төленетін пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа жататын роялтидің сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде төлеуші мен іс жүзіндегі иесі арасында келісілетін сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері соңғы айтылған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнің артық бөлігіне осы Келісімнің басқа ережелері ескеріле отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынады.
13-бап
Мүлік құнының өсімінен алынатын табыстар
1. Уағдаласушы Мемлекет резидентінің 6-бапта айқындалған және екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарудан алатын табыстарына осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлікті немесе тұрақты базаға жататын және осындай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен бірге) немесе осындай тұрақты базаны иеліктен шығарудан алынған табыстарды қоса алғанда, тәуелсіз жеке қызметтер көрсету мақсатында бір Уағдаласушы Мемлекет резидентінің екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі иелігіндегі жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
3. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз, әуе кемелерін немесе автомобиль көлігін немесе мұндай теңіз, әуе кемелерін немесе автомобиль көлігін пайдалануға жататын жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алған табыстарға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті өз құнының 50 пайызынан астамын екінші Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен тікелей немесе жанама түрде алатын акцияларды иеліктен шығарудан алған табыстарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
5. 1, 2 және 3-тармақтарда айтылатыннан өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға мүлікті иеліктен шығарушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
14-бап
Тәуелсіз жеке қызметтер
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті кәсіптік қызметтерге немесе тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметке қатысты алған табысқа, ол осы қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін екінші Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты негізде өзіне қолжетімді тұрақты базасы болған жағдайды қоспағанда, осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер оның осындай тұрақты базасы болса, табыстың осы тұрақты базаға жататын бөлігіне ғана екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. «Кәсіптік қызметтер» термині, атап айтқанда, тәуелсіз ғылыми, әдеби, әртістік, білім беру немесе оқытушылық қызметті, сондай-ақ дәрігерлердің, заңгерлердің, инженерлердің, сәулетшілердің, стоматологтардың және бухгалтерлердің тәуелсіз қызметтерін қамтиды.
15-бап
Тәуелді жеке қызметтер
1. 16, 18 және 19-баптардың ережелері ескеріле отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті жалдамалы жұмысқа байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға, егер жалдамалы жұмыс қана екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалмаса, осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалдамалы жұмыс осылайша орындалса, осыған байланысты алынған сыйақыға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалатын жалдамалы жұмысқа байланысты Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған сыйақыға, егер:
а) алушы тиісті күнтізбелік жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жиынтығында 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер ішінде екінші Мемлекетте болса; және
b) сыйақыны екінші Мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе жалдаушының атынан төленсе; және
с) сыйақы төлеу бойынша шығыстарды жалдаушының екінші Мемлекеттегі тұрақты мекемесі көтермесе, алғашқы айтылған Мемлекетте ғана салық салынады.
3. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз, әуе кемесінің бортында немесе автомобиль көлігінде орындалатын жалдамалы жұмыстан алатын сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
16-бап
Директорлардың гонорарлары
Екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алатын директорлардың гонорарларына және басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
17-бап
Әртістер мен спортшылар
1. 14 және 15-баптардың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе телевизия әртісі немесе музыкант сияқты өнер қызметкері ретінде немесе спортшы ретінде екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Егер өнер қызметкерінің немесе спортшының осындай сипатта жүзеге асыратын жеке қызметінен түскен табысы өнер қызметкерінің немесе спортшының өзіне емес, басқа тұлғаға есептелсе, бұл табысқа, 7, 14 және 15-баптардың ережелеріне қарамастан, өнер қызметкерінің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
18-бап
Зейнетақылар
19-баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне бұрын жүзеге асырылған жалдамалы жұмысы үшін төленетін зейнетақылар мен басқа да осыған ұқсас сыйақыларға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
19-бап
Мемлекеттік қызмет
1. а) Мемлекет немесе оның орталық немесе жергілікті билік органдары жеке тұлғаға осы Мемлекет немесе оның орталық немесе жергілікті билік органдары үшін жүзеге асыратын қызметіне төлейтін қызметақыға, жалақыға және зейнетақыдан өзге осыған ұқсас басқа да сыйақыға осы Мемлекетте ғана салық салынады.
b) Алайда мұндай қызметақыға, жалақыға және осыған ұқсас басқа да сыйақыға, егер қызмет осы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлға:
(і) осы Мемлекеттің азаматы болса; немесе
(іі) қызметті жүзеге асыру мақсатында ғана осы Мемлекеттің резиденті болмаса, екінші Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның орталық немесе жергілікті билік органдары осы Мемлекет немесе оның орталық немесе жергілікті билік органдары үшін жүзеге асырған қызметі үшін жеке тұлғаға төлейтін кез келген зейнетақыға осы Мемлекетте ғана салық салынады.
b) Алайда, мұндай зейнетақыға, егер жеке тұлға осы Мемлекеттің резиденті және азаматы болып табылса, екінші Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
3. 15, 16, 17 және 18-баптардың ережелері Уағдаласушы Мемлекет немесе оның орталық немесе жергілікті билік органдары жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметке байланысты қызметке қатысты қызметақыға, жалақыға және басқа да осыған ұқсас сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.
20-бап
Студенттер
Екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын немесе Уағдаласушы Мемлекетке келгенге дейін оның тікелей резиденті болған және тек қана білім алу немесе практикадан өту мақсатында ғана алғашқы айтылған Мемлекетте болатын студент немесе практикант өзінің қамтылымы, білім алу немесе практикадан өту мақсаты үшін алатын төлемдерге осындай төлемдер осы Мемлекеттің шегінен тыс көздерден туындаған жағдайда, осы Мемлекетте салық салынбайды.
21-бап
Басқа да табыстар
1. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң осы Келiсiмнiң алдыңғы баптарында айтылмаған табыс түрлерiнің пайда болған көзіне қарамастан, оларға осы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. 6-баптың 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынған табыстан өзге табыстарға, егер мұндай табыстарды алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола тұра, екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме арқылы сонда кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базамен тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және табыс төленетін құқық немесе мүлiк осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен нақты байланысты болса, 1-тармақтың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда, мән-жайларға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.
22-бап
Қосарланған салық салуды жою
1. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін табысты алса, алғашқы аталған Мемлекет осы резиденттің табысына осы екінші Мемлекетте төленген табыс салығына тең соманы салықтан шегеруге мүмкіндік береді.
Алайда, мұндай шегерім осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін табыстан шегерімді ұсынғанға дейін есептелген табыс салығының бір бөлігінен аспауға тиіс.
2. Егер Келісімнің кез-келген ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған табыс осы Мемлекетте салық салудан босатылған болса, дегенмен бұл Мемлекет осы резидент табысының қалған бөлігіне салықты есептеу кезінде салық салудан босатылған табыс сомасын ескереді.
23-бап
Кемсітпеу
1. Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғалары екінші Уағдаласушы Мемлекетте осы екінші Мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға және соған байланысты міндеттемелерге қарағанда өзге немесе ауыртпалығы неғұрлым басым кез келген салық салуға немесе онымен байланысты кез келген міндеттемеге, дәл осындай мән-жайларда, атап айтқанда, резидентке қатысты жатқызылмауға тиіс.
2. Уағдаласушы Мемлекеттің екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі кәсіпорнының тұрақты мекемесіне салық салудың осы екінші Мемлекетте осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарына салық салуға қарағанда қолайлылығы кем болмауға тиіс. Осы ереже Уағдаласушы Мемлекетті екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденттеріне олардың азаматтық мәртебесі немесе отбасылық міндеттемелері негізінде салық салу мақсаттары үшін өзінің резиденттеріне беретін кез келген жеке салықтық жеңілдіктер, жеңілдетулер және шегерімдер беруге міндеттеу ретінде түсіндірілмейді.
3. Осы Келісімнің 9-бабы 1-тармағының, 11-бабы 6-тармағының немесе 12-бабы 6-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне жүргізетін пайыздар, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсіпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшін алғашқы айтылған Мемлекеттің резидентіне төленетін жағдайларда шегерімге жатқызылады. Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне осыған ұқсас кез келген берешегі осындай кәсіпорынның салық салынатын капиталын айқындау мақсаттары үшін алғашқы айтылған Мемлекет резидентінің берешегі қалай шегерілсе, нақ сондай жағдайларда шегерілуге тиіс.
4. Капиталын екінші Уағдаласушы Мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі болатын немесе олар тікелей немесе жанама түрде бақылайтын Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорындары алғашқы айтылған Мемлекеттің басқа осындай кәсіпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға және онымен байланысты кез келген міндеттемелерге қарағанда алғашқы айтылған Мемлекетте өзге немесе ауыртпалығы неғұрлым басым болып табылатын кез келген салық салуға немесе онымен байланысты кез келген міндеттемелерге жатқызылмауға тиіс.
5. 2-баптың ережелеріне қарамастан, осы баптың ережелері кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қолданылады.
24-бап
Өзара келісу рәсімі
1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де әрекеттері оған осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соқтырады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердің ішкі заңнамасында көзделген қорғану құралдарына қарамастан, өзінің өтінішін өзі резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органына немесе егер оның өтініші 23-баптың 1-тармағының қолданылу аясына жатса, өзі ұлттық тұлғасы болып табылатын сол Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органына бере алады. Өтініш Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соғатын әрекеттер туралы алғашқы хабарлама берілген кезден бастап үш жыл ішінде берілуге тиіс. Сот талқылаулары болған жағдайда сот шешімін Қазақстанның құзыретті органдары қайта қарамайды.
2. Құзыретті орган, егер ол өтінішті негізді деп есептесе және егер өзі қанағаттанарлық шешімге келе алмаса, Келісімге сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында мәселені екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткізілген келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің ішкі заңнамасында көзделген уақыт бойынша кез келген шектеуге қарамастан орындалатын болады.
3. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәнді өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Олар Келісімде көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бір-бірімен консультация өткізе алады.
4. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары алдыңғы тармақтарды түсінуде келісімге қол жеткізу мақсатында бір-бірімен, оның ішінде олардың өздерінен немесе олардың уәкілетті өкілдерінен тұратын бірлескен комиссия арқылы тікелей байланысқа түсе алады.
25-бап
Ақпарат алмасу
1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін орындау немесе салық салу осы Келісімге қайшы келмейтін шамада Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ішкі заңнамаларды әкімшілендіру немесе оны қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу 1 және 2-баптармен шектелмейді.
2. 1-тармаққа сәйкес Уағдаласушы Мемлекет алған кез келген ақпарат осы Мемлекеттің ішкі заңнамасы шеңберінде алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және 1-тармақта көрсетілген салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен немесе жоғарыда көрсетілгендерді қадағалаумен байланысты тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана хабарланады. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдаланады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдері қабылданған кезде ашуы мүмкін.
3. Ешбір жағдайда 1 және 2-тармақтардың ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды өткізу;
b) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы немесе әдеттегі әкімшілік практикасы бойынша алуға болмайтын ақпарат беру;
с) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін немесе жария етілуі мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келетін ашатын ақпаратты беру міндеттемесін жүктейтін мағынада түсіндірілмейді.
4. Егер ақпаратқа осы бапқа сәйкес Уағдаласушы Мемлекет сұрау салған болса, екінші Уағдаласушы Мемлекет, тіпті мұндай ақпарат екінші Мемлекетке өзінің салықтық мақсаты үшін талап етілмесе де, сұрау салынған ақпаратты алу үшін ақпарат жинау бойынша өз шараларын пайдалануға тиіс. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме 3-тармақтың ережелерімен шектелген, бірақ мұндай шектеулер ешбір жағдайда Уағдаласушы Мемлекетке мұндай ақпаратқа ішкі мүдделілігі болмауы себебінен ғана ақпаратты беруден бас тартуға рұқсат беру ретінде түсіндірілмейді.
5. 3-тармақтың ережелері ешбір жағдайда да Уағдаласушы Мемлекетке тек ақпараттың иесі банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл болып әрекет ететін тұлға болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат тұлғаның меншік құқығына жататындығы себебінен ғана ақпарат беруден бас тартуға рұқсат беру ретінде түсіндірілмейді.
26-бап
Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлері
Осы Келісімде ешнәрсе де дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер қызметкерлерінің халықаралық құқықтың жалпы нормаларында немесе арнайы келісімдердің ережелеріне сәйкес берілген салықтық артықшылықтарын қозғамайды.
27-бап
Күшіне енуі
1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттер осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім:
а) табыс көзінен, Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейін алынған табыстан ұсталатын салықтарға қатысты;
b) табысқа салынатын басқа салықтарға және Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын кез келген салық жылында салынуға жататын салықтарға қатысты қолданылады.
28-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Уағдаласушы Мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және 27-бапқа сәйкес күшіне енетін хаттамалар түрінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
29-бап
Қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекет оның қолданысын тоқтатпайынша күшінде қала береді. Кез келген Уағдаласушы Мемлекет осы Келісім күшіне енген күннен бастап бесжылдық кезең өткеннен кейінгі кез келген күнтізбелік жылдың соңына дейін кемінде алты ай қалғанда қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жібере отырып, оның қолданысын тоқтата алады.
2. Осы Келісім:
а) табыс көзінен, хабарлама алынған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейін алынған табыстан ұсталатын салықтарға қатысты;
b) табысқа салынатын басқа салықтарға және хабарлама берілген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын кез келген салық жылында салынуға жататын салықтарға қатысты өз қолданысын тоқтатады.
Осыны куәландыру үшін, тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
201__ жылғы «__»_________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, хорват, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге хаттама
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге қол қою кезінде қол қойғандар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын мынадай ережелермен келісті.
І. 2-баптың 3-тармағына қатысты
Хорватия Республикасының жағдайында кез келген басқа айыппұлдар айыппұлдар немесе басқа да комиссиялар ретінде қаралмайды деген ұғым бар.
ІІ. «Салық жинауға көмектесуге» қатысты, егер осы Келісімге қол қойылған күннен кейін Хорватия өзінің ішкі заңнамасына Хорватияға салық жинауға көмек беруді жүзеге асыруға рұқсат беретін ережелер енгізсе, Мемлекеттердің екеуі де дереу «Салық жинауға көмектесу» бабының ережелерін қайта қарау жөнінде бір-бірімен консультация өткізуге тиіс.
201__ жылғы «__»_________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, хорват, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін