Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы
2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербургте жасалған Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Ресми
куәландырылған
мәтін
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы және оларды теріс пайдалану Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне, олардың халқының денсаулығы мен әл-ауқатына елеулі қауіп төндіретінін сезіне отырып,
2000 жылғы 30 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімнің және 2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасаудағы ынтымақтастық тұжырымдамасының мақсаттарын негізге ала отырып,
есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы тиімді іс-қимыл жасасу Тараптардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасауын нығайтуды қажет ететінін мойындай отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру, салыстырмалы криминалистикалық зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ғылыми және оқу мақсаттарында заңсыз айналымнан алып қойылған есірткі, психотроптық заттар (бұдан әрі – есірткілер) мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібін белгілеу осы Келісімнің нысанасы болып табылады.
2-бап
Тараптардың құзыретті органдары жедел-іздестіру іс-шараларын, анықтау, тергеу амалдарын жүргізу барысында алып қойылған, сондай-ақ басқа да жолмен алынған есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін беруді жүзеге асыра алады.
Тараптардың әрқайсысы өзі үшін осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей, оны іске асыру жүктелетін құзыретті органдардың тізбесін айқындайды және бұл туралы депозитарийді хабардар етеді.
Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен тікелей, сондай-ақ дипломатиялық арналар бойынша хат-хабарлармен алмасу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
3-бап
Тараптардың құзыретті органдарының есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін беруі осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік (кедендік) шекаралары арқылы өткізу, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы транзитпен өткізу бірінші кезектегі (басым) тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте, кеден органдарына осы Келісімге 2 және 3-қосымшаларға сәйкес ресімделген Есірткінің, психотроптық заттың немесе олардың прекурсорының үлгісін есепке алу карточкасы ұсынылған жағдайда, кедендік декларация ретінде көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Осы Келісімге 1-қосымшада көзделген ережелер сақталған жағдайда өткізілетін есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілері кедендік жете тексеруден босатылады.
Әрбір Тарап есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін мемлекеттік бақылаумен өткізуді оңайлату үшін шаралар қабылдай алады.
4-бап
Осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптардың құзыретті органдарының жәрдем көрсету туралы сұрау салулары (бұдан әрі – сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады.
Сұрау салу жазбаша нысанда жолданады және мыналарды:
а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органының атауы;
б) істің мәнін баяндау;
в) сұрау салудың мақсаттары мен негіздемесін көрсету;
г) сұрау салынатын жәрдем көрсетудің мазмұны;
д) сұрау салуды орындау мерзімі қамтылуға тиіс.
Тараптар сұрау салуды орындау үшін пайдалы қосымша ақпаратты бере алады.
Сұрау салуға құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және ол елтаңбалық мөрмен бекемделеді.
5-бап
Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды уақтылы, толық және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қолданады.
Сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе елеулі кідіртетін мән-жайлар болған кезде, бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу хабардар етіледі.
Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау осы Келісімге қатысушы – сұрау салынатын мемлекеттің аумағында жүзеге асырылатын қылмыстық немесе өзге де іс жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін деп ұйғарса, онда ол сұрау салушы Тараптың құзыретті органымен консультациядан кейін сұрау салуды орындауды кейінге қалдыра немесе оны орындауды қажетті ретінде айқындалған шарттарды сақтаумен орындауды байланыстыруы мүмкін. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының жәрдем көрсетуін осындай шарттармен қабылдаса, онда осы шарттар сақталуға тиіс.
6-бап
Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына осы Келісімге сәйкес алынған сұрау салуды орындау нәтижелерін жария етпеу немесе олар келіскен жағдайларда ғана пайдалану туралы өтініш білдіре алады. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау нәтижелерін осындай шарттармен қабылдаса, онда ол осы шарттарды сақтауға тиіс.
Егер осы Келісімге қатысушы – сұрау салынатын мемлекеттің ұлттық заңнамасында осылайша әрекет ету міндеті көзделсе, осы баптың ережелері сұрау салуды орындау нәтижелерін өзге де мақсаттарда пайдалануды жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органын сұрау салуды орындау нәтижелерін осындай пайдалану немесе жария етудің ықтималдығы және болжамдығы туралы міндетті түрде хабардар етеді.
Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрау салуды орындау нәтижелерін сұрау салуда көрсетілмеген мақсаттарда пайдалану туралы өтінішінен бас тартуға құқылы.
7-бап
Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау мемлекеттік мүддеге нұқсан келтіруі мүмкін не ұлттық заңнамаға қайшы келеді деп ұйғарса, осы Келісімнің шеңберінде жәрдем көрсетуден толығымен немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
Сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, сұрау салушы Тараптың құзыретті органы 30 күннен кешіктірілмей бас тарту себептері көрсетіле отырып, бұл туралы жазбаша хабардар етіледі.
Егер жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындау сұрау салуды алған органның құзыретіне кірмесе, онда осы орган оны сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына дереу береді және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органын хабардар етеді.
Қажет болған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органынан оның пікірі бойынша сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
8-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар дербес көтереді.
Қажет болған жағдайда, Тараптар осы Келісімді орындау мақсатында бір-біріне өтеусіз көмек көрсетуі мүмкін.
9-бап
Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.
10-бап
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптардың арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздер арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.
11-бап
Осы Келісім осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің басқа халықаралық шарттардан, оның ішінде олар қатысушылары болып табылатын, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
13-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шығар алдында кемінде 6 ай бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жолдап, осы Келісімнен шыға алады.
15-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін, депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы, оның мақсаттары мен қағидаттарын қолдайтын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған барлық қол қойғандардың немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісетіні туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Әзербайжан Республикасының |
Ресей Федерациясының |
Армения Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |
Беларусь Республикасының |
Түрікменстан |
Қазақстан Республикасының |
Өзбекстан Республикасының |
Қырғыз Республикасының |
Украина |
Молдова Республикасының |
2011 жылғы 18 қазандағы
Есірткі, психотроптық заттар мен
олардың прекурсорларының үлгілерін
беру тәртібі туралы келісімге
1-қосымша
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру
ТӘРТІБІ
1. Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін берудің негізгі мақсаттары:
Есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес шеңберінде өндіру орны мен тәсілін, бір партияға тиесілілігін, оларды тасымалдаудың ықтимал тәсілдері мен жолдарын және басқа да мақсаттарды кейіннен айқындау үшін осы үлгілерге салыстырмалы зерттеулер жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
заңсыз айналымнан алып қойылған есірткілер мен олардың прекурсорларының жаңа үлгілерімен алмасу болып табылады.
2. Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін беруді сұрау салу бойынша Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері жүзеге асырады.
3. Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтары бойынша тасымалдау мемлекеттік бақылаумен жүзеге асырылады. Осы мақсаттарда Тараптардың құзыретті органдары есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін жеткізуді жүзеге асыратын адамдардың тізімдерін, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы өткізу пункттерін, жүру маршруттарын, көлікті және өзге де қажетті мәселелерді келіседі.
Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру кезінде негізгі талап шикізатты, оны алу әдістерін және, мүмкіндігінше, оны өлшеп орау мен пішінін сипаттайтын белгілердің сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларды жасау болып табылады.
4. Есірткі мен олардың прекурсорларының үлгілері мүмкіндігінше ірі партиялардан іріктеп алынады. Жедел қызығушылық тудыратын жекелеген жағдайларда есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілері өзге көлемдегі партиядан берілуі мүмкін.
5. Есірткінің немесе оның прекурсорының әрбір үлгісінің салмағы 50 граммнан аспауға тиіс. Жедел қызығушылық тудыратын жекелеген жағдайларда есірткінің немесе оның прекурсорының өзге салмақтағы үлгісі берілуі мүмкін.
6. Бір партияда болса да, сыртқы түрінде немесе құрамында айырмашылықтары бар есірткілер мен олардың прекурсорларын бір үлгіге біріктіруге жол берілмейді.
7. Есірткілер мен олардың прекурсорларының үлгілері сыртқы әсерден сенімді қорғауды қамтамасыз ететін таза бастапқы герметикалық орамаға буып-түйіледі, содан кейін сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының (жөнелтушінің) мөрімен мөрленеді.
8. Үлгінің деректері белгіленген нысандағы Есірткі, психотроптық заттың немесе олардың прекурсорының үлгілерін есепке алу карточкасында (2-қосымша) көрсетіледі.
9. Үлгінің әрбір бастапқы орамасы белгіленген нысандағы (3-қосымша) есірткі, психотроптық зат немесе олардың прекурсоры үлгісінің заттаңбасымен жарақталуы тиіс.
Барлық қажетті ақпарат тиісті байланыс арналары пайдаланыла отырып, жеке беріледі.
10. Бастапқы орама міндетті түрде жеке немесе топтық мөрленетін көліктік орамаға салынады.
11. Ілеспе құжаттама есірткілер мен олардың прекурсорларының жеке нөмірлерін және орамаға салу күнін, есірткінің немесе оның прекурсорының және ораманың сыртқы түрі туралы мәліметтерді, заттаңбадағы мөрбедерінің мәтінін көрсете отырып, олардың үлгілерінің тізбесін қамтиды.
2011 жылғы 18 қазандағы
Есірткі, психотроптық заттар
мен олардың прекурсорларының
үлгілерін беру тәртібі туралы
келісімге
2-қосымша
Есірткі, психотроптық зат немесе олардың прекурсорының үлгісін есепке алу карточкасы
1. |
Деректемелері |
|
1.1. |
Тіркеу № 20 ___ жылғы ___ |
|
1.2. |
Ведомство, карточканы толтырушының лауазымы, Т.А.Ә. |
|
1.3. |
Үлгі № (жеке нөмірі) |
|
1.4. |
Орамаға салынған күні |
|
2. |
Есірткі, психотроптық зат немесе олардың прекурсоры туралы ақпарат |
|
2.1. |
Атауы |
|
2.2. |
Үлгінің салмағы (граммен) |
|
2.3. |
Партияның алып қойылған күні |
|
2.4. |
Алып қойылған жері |
|
2.5. |
Алып қоюды жүргізген ведомство |
|
2.6. |
Алып қойылған барлық партияның салмағы |
|
2.7. |
Субстанцияның пайыздық мазмұны |
|
2.8. |
Алып қойылған партияның нысаны мен ораманың көлемі |
|
3. |
Есірткі, психотроптық затты немесе олардың прекурсорын өндірген өңір, тасымалдау маршруты мен тәсілі туралы ақпарат |
|
3.1. |
Қандай өңірден (ел, облыс) жеткізілді |
|
3.2. |
Шикізат өсірілген жер |
|
3.3. |
Шикізат өңделген жер |
|
3.4. |
Өндірілген жері |
|
3.5. |
Тасымалдау тәсілдері |
|
3.6. |
Қоймаға жинау орны |
|
Уәкілетті адамның қолтаңбасы |
2011 жылғы 18 қазандағы
Есірткі, психотроптық заттар
мен олардың прекурсорларының
үлгілерін беру тәртібі туралы
келісімге
3-қосымша
Есірткі, психотроптық зат немесе олардың прекурсоры үлгісінің заттаңбасы |
|
_______________________________ |
МО |
2011 жылғы 18 қазандағы
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының
үлгілерін беру тәртібі туралы келісімге
Әзербайжан Республикасының
ЕСКЕРТПЕСІ
Келісімнің 3-бабы 3-абзацын қоспағанда.
Келісімде баяндалған ешқандай құқықтарды, міндеттемелер мен ережелерді Армения Республикасы Әзербайжан Республикасының барлық жаулап алған аумағын босатпағанға және агрессия салдарын толық жоймағанға дейін Армения Республикасына қатысты Әзербайжан Республикасы қолданбайды.
Әзербайжан Республикасы
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов
ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІНЕ АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҚАРСЫЛЫҒЫ
Әзербайжан Республикасының Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімге берген Ескертпесі таулы-қарабах қақтығысының туындау себебі мен мәнін бұрмалайды. Қақтығыс Әзербайжан Республикасының Таулы Қарабах халқына қатысты этникалық тазарту саясатын қолдану және Таулы Қарабах Республикасына қарсы әскери агрессиясын өрістету нәтижесі болып табылады.
Армения Республикасы Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімнің ережелерін Таулы Қарабах қақтығысын реттегенге дейін Әзербайжан Республикасына қатысты қолданбайды.
Армения Республикасының
Премьер-Министрі ТИГРАН САРКИСЯН
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының
үлгілерін беру тәртібі туралы келісімнің 3-бабына АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЕСКЕРТПЕСІ
Келісімнің 3-бабына сәйкес Есірткілердің үлгілері және олардың прекурсорларының Армения Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу, сондай-ақ олардың Армения Республикасының аумағы бойынша транзит арқылы өткізу кезінде Армения Республикасының заңнамасымен белгіленген кедендік декларацияның ұсынысын талап ету құқығын Армения Республикасы сақтайды.
Армения Республикасының
Премьер-Министрі ТИГРАН САРКИСЯН
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімге қатысты
Қырғыз Республикасының
ЕСКЕРТПЕСІ
Қырғыз Республикасы бұл Келісімге ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттемесіне сәйкес қатысады.
Қырғыз Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы О.Бабанов
Осымен ұсынылып отырған мәтін 2011 жылғы 18 қазанда Санкт-Петербург жасалған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкіметтер басшыларының отырысында қабылданған Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының үлгілерін беру тәртібі туралы келісімнің түпнұсқалы көшірмесі болып табылатын куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Атқарушы Комитеті
ТМД атқарушы хатшысы
төрағасының бірінші орынбасары В.Гаркун