Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 749 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2015 жылғы 4 қыркүйектегі
№ 749 қаулысымен     
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
      екі мемлекеттің арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының жол жүруін құқықтық реттеу мақсатында,
      1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың ережелері мен қағидаттарын назарға ала отырып,
      бір мемлекет азаматтарының басқа мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. 2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімнің 1-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Басқа Тараптың аумағында уақытша болатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары болатын Тараптың құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелу (болатын жері бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі болатын Тараптың аумағына кіру кезінде қойылған шекаралық бақылау органдарының белгісі бар көші-қон картасымен расталған бір Тарап азаматының басқа Тараптың аумағына кірген күнінен бастап есептеледі.
      3. Бір Тараптың азаматы басқа Тараптың аумағында күнтізбелік 30 күннен артық болған жағдайда, көрсетілген азамат болатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын жері бойынша есепке тұруға) міндетті.
      4. Бір Тараптың азаматтары кірген Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 90 күннен аспайтын мерзімге тіркеледі және осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркеу осындай мерзімге ұзартылуы мүмкін.».

2-бап

      Осы Хаттаманы түсіндіруге және орындауға қатысты даулы мәселелер Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы реттеледі.

3-бап

      1. Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      __________ қаласында 2015 жылғы « » ______________ әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының        Қырғыз Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады