Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі № 757 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2015 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 757 қаулысымен     
мақұлданған        

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы 1944 жылғы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) қатысушылары болып табылатынын назарға ала отырып,
      шектес мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастыққа қатысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылатын практикасын ескере отырып,
      апатқа ұшыраған адамдар үшін шұғыл көмектің өмірлік маңызды мәнін сезіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Конвенцияға 12-қосымшаның 1-тарауындағы терминдер мен анықтамалар, сондай-ақ Конвенцияға 11-қосымшаның 1-тарауында көрсетілген маңызы бар «ұшу ақпаратының ауданы» термині қолданылады.

2-бап

      1. Іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындауды Тараптар осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады. Мұндай операцияларды ұйымдастыру мен орындау үшін негіз ретінде Конвенцияға 12-қосымша және Халықаралық теңіз ұйымы мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Халықаралық авиациялық және теңіздегі іздестіру мен құтқару жөніндегі нұсқауы қолданылады.
      2. Осы Келісім теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындау мәселелерін реттемейді.

3-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің шектес аумақтары мен іргелес ұшу ақпараты аудандары арасындағы шекараны олардың іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекара деп қарайды.
      2. Әрбір Тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында авиациялық іздестіру-құтқару қызметтері (бұдан әрі – іздестіру-құтқару қызметтері) болуын қамтамасыз етеді. Мұндай қызметтер тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырады.
      3. Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдар:
      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіру-құтқару қызметінің функцияларын жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар;
      Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясы Көлік министрлігі немесе осы Министрлік орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген кез келген тұлға не ұйым болып табылады.
      Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдардың өзгергені туралы хабарлайды.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында, сондай-ақ іргелес ұшу ақпараты аудандарында іздестіру және құтқару жөніндегі шаралар тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі өзінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиғалар немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет іздестіру және құтқару жөніндегі барлық қажетті шараларды дереу қолданады.
      2. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі екінші Тарап мемлекетінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиғалар немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет мұндай оқиға немесе инцидент туралы екінші Тараптың іздестіру-құтқару қызметін дереу хабардар етеді.
      3. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметіне осы баптың 1-тармағында айтылған жағдайда екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметінің көмегіне қажеттілік туындаған жағдайда, ол мұндай көмекті сұрата алады. Мұндай жағдайда көмек сұраған Тарап өз мемлекетінің аумағына екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының жеделдетіп жіберілуі бойынша барлық шараларды қолданады. Одан әрі шаралар екі Тарап мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимыл жасауымен қолданылады.
      4. Қауіпті жағдайдағы кез келген адамға көмек мұндай адамның азаматтығына немесе мәртебесіне не бұл азаматтың қандай жағдайда табылғанына қарамастан көмек көрсетіледі.
      5. Әрбір Тарап екінші Тарапты өзінің іздестіру және құтқару ауданында екінші Тараптың мемлекетінде тіркелген әуе кемелерінің қатысуымен болған барлық инциденттер туралы және қолданылған шаралар туралы хабардар етуге міндеттенеді.
      6. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне тірі қалған адамдарды құтқару немесе қаза тапқан адамдардың – осы екінші Тарап мемлекеті азаматтарының табылғаны туралы хабарлайды. Ақпарат тегі, есімі, туған күні, мекенжайы (мүмкіндігінше), жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, сондай-ақ құтқарылған адамдардың денсаулығы мен орналасқан жері туралы немесе қаза тапқан адамдар мәйіттерінің орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіле отырып дереу беріледі.

6-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Мұндай ынтымақтастық, атап айтқанда іздестіру және құтқару бойынша бірлескен оқуларды, мемлекетаралық байланыс арналарын тұрақты тексеруді, іздестіру және құтқару бойынша сарапшылардың өзара келуін, іздестіру-құтқару ақпараты мен тәжірибе алмасуды қамтиды.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді іске асыру тәртібін өзара келіседі.
      3. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық мәселелерін қарау және шешу үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажет болуына қарай (жылына кемінде бір рет) Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында кезек-кезек кездесулер өткізеді.

7-бап

      1. Апаттық немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсету үшін халықаралық апаттық, шұғыл берілетін, ескерту сигналдары және іздестіру-құтқару операциялары кезінде қолданылатын сигналдар іске қосылады.
      2. Іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған, әуе кемелерінде орнатылуға тиіс техникалық құралдардың тізбесі әрбір Тарап мемлекеті қабылдайтын қағидалармен айқындалады.

8-бап

      Әрбір Тарап осы Келісім шеңберінде өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру және құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Осы Келісімдегі ештеңе де Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетінің қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасындағы туындаған кез келген дау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі. Егер құзыретті органдар келісімге келмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

11-бап

      1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін түзетулер енгізілуі мүмкін.
      2. Тараптардың бірі осы Келісімге түзетулер енгізуді ұсынған жағдайда, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мұндай түзетулерді енгізуге қатысты консультациялар өткізеді. Консультациялар, егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бұл мерзімді өзгерту туралы келіспесе, оларды өткізу туралы сұрау салынған күннен бастап 60 күн ішінде басталуы тиіс.

12-бап

      Осы Келісім және оған кез келген түзетулер Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге жатады.

13-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

14-бап

      Әрбір Тарап өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуі мүмкін.
      Осы Келісім екінші Тарап осындай хабарламаны алған күннен бастап 12 айдан соң өз қолданысын тоқтатады.

      20___жылғы «___» _____________ ____________қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады