Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. 1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат беріліп, қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 қазандағы
№ 845 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшiлердің отбасыларына арналған жеңiлдiктер мен кепiлдiктердi өзара тану туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үкіметтері
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшiлердің отбасыларына арналған жеңiлдiктер мен кепiлдiктердi өзара тану туралы келiсiмге (бұдан әрі – Келісім) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар санаттары олардың азаматтығына қарамастан осы Келісімге қатысушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес олар тұрақты тұрып жатқан аумақта жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдаланады.
Бұл ретте жеңілдіктер мен кепілдіктер осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген Жеңілдіктер мен кепілдіктер тізбесін негізге ала отырып, заттай түрде немесе Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес ақшалай төлемдер түрінде беріледі».
2. 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарына уақытша болатын немесе онда уақытша тұратын адамдар санаттары үшін мынадай жеңілдіктер мен кепілдіктер беріледі:
1. Келген мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес ауырған, жазатайым оқиғалар болған, жарақат алған, улану немесе пациенттің өміріне қатер төндірген басқа да жағдайларда Тараптардың шығындарды өзара өтеуінсіз медициналық ұйымдарда (мекемелерде) жедел медициналық көмекті тегін алады.
2. Уақытша болатын немесе уақытша тұратын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес тұрмыстық қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтану, қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары мен ұйымдары, байланыс мекемелері, мәдени-ағарту мекемелері кезектен тыс қызмет көрсетеді.
3. 5-баптағы «олардың» деген сөз алып тасталып, «осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің» деген сөздермен толықтырылсын.
4. 8-баптың екінші бөлігіндегі «Тараптардың ұлттық заңнамасына» деген сөздер «осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына» деген сөздермен, «осы Тарап мемлекетінің» деген сөздер «осы Келісімге қатысушы аталған мемлекеттің» деген сөздермен ауыстырылсын.
5. 10-баптың бірінші сөйлеміндегі «олардың» деген сөз алып тасталып, «осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің» деген сөздермен толықтырылсын.
6. Келісімге 1-қосымшаның атауы «және бұрынғы КСР Одағы азаматтарының қатысуымен ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттердің, қалалардың, аумақтар мен кезеңдердің тізбесі» деген сөздермен толықтырылсын.
7. Келісімге 1-қосымшаның 1-тармағы мынадай мазмұндағы тармақшамен толықтырылсын:
«1.6. Украина КСР, Белорусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстон КСР аумақтарындағы 1944 жылғы 1 қаңтар мен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде заңсыз құралымдар мен топтарды (бандитизмді) жою жөніндегі ұрыс операцияларына тікелей қатысқан адамдар».
8. Жолма-жол ескертпе алып тасталып, Келісімге 1-қосымшаның 2-тармағы 2.2-тармақшасы «Бұрынғы КСР Одағы» деген сөздер «Осы қосымшаның 7-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес бұрынғы КСР Одағы» деген сөздермен ауыстырылсын.
9. Келісімге 1-қосымша мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:
«7. Бұрынғы КСР Одағы азаматтарының қатысуымен ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттердің, қалалардың, аумақтар мен кезеңдердің тізбесі
7.1. Азаматтық соғыс: 1918 жылғы 23 ақпан 1922 жылғы қазан аралығы.
Совет-поляк соғысы: 1920 жылғы наурыз-қазан.
Испаниядағы ұрыс қимылдары: 1936 - 1939 жылдар.
Финляндиямен соғыс: 1939 жылғы 30 қараша 1940 жылғы 13 наурыз аралығы.
Ұлы Отан соғысы: 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 (11) мамыр аралығы.
Жапониямен соғыс: 1945 жылғы 9 тамыз – 1945 жылғы 3 қыркүйек аралығы.
Басмашыларды жою жөніндегі ұрыс операциялары: 1922 жылғы қазан – 1931 жылғы маусым аралығы.
Хасан көлі ауданындағы ұрыс қимылдары: 1938 жылғы 29 шілде – 11 тамыз аралығы.
Халхин-Гол өзеніндегі ұрыс қимылдары: 1939 жылғы 11 мамыр – 16 қыркүйек аралығы.
КСРО, Батыс Украина және Батыс Белоруссия қайта қосылған кездегі ұрыс қимылдары: 1939 жылғы 17–28 қыркүйек аралығы.
Қытайдағы ұрыс қимылдары:
1924 жылғы тамыз – 1927 жылғы шілдесі аралығы;
1929 жылғы қазан – қараша;
1937 жылғы шілде – 1944 жылғы қыркүйек аралығы;
1945 жылғы шілде – қыркүйек;
1946 жылғы наурыз – 1949 жылғы сәуір аралығы;
1950 жылғы наурыз – мамыр (ӘШҚ әскерлерінің жеке құрамы үшін);
1950 жылғы маусым – 1953 жылғы шілде аралығы (Солтүстік Кореядағы ұрыс қимылдарына Қытай аумағынан қатысқан әскери бөлімшелердің жеке құрамы үшін).
Венгриядағы ұрыс қимылдары: 1956 жыл.
Даманский аралы ауданындағы ұрыс қимылдары: 1969 жылғы наурыз.
Жалаңашкөл көлі ауданындағы ұрыс қимылдары: 1969 жылғы тамыз.
7.2. Одесса қаласын қорғау: 1941 жылғы 10 тамыз – 16 қазан аралығы.
Ленинград қаласын қорғау: 1941 жылғы 8 қыркүйек – 1944 жылғы 27 қаңтар аралығы.
Севастополь қаласын қорғау: 1941 жылғы 5 қараша – 1942 жылғы 4 шілде аралығы.
Сталинград қаласын қорғау: 1942 жылғы 12 шілде – 19 қарашасы аралығы.
7.3. Алжирдегі ұрыс қимылдары: 1962 – 1964 жылдар:
Египеттегі (Біріккен Араб Республикасы) ұрыс қимылдары:
1962 жылғы қазан – 1963 жылғы наурыз аралығы;
1967 жылғы маусым;
1968 жыл;
1969 жылғы наурыз – 1972 жылғы шілде аралығы;
1973 жылғы қазан – 1974 жылғы наурыз аралығы;
1974 жылғы маусым – 1975 жылғы ақпан аралығы (Суэц каналы аймағын минадан тазартуға қатысқан Қара теңіз және Тынық мұхиты флоттары тралшыларының жеке құрамы үшін).
Йемен Араб Республикасындағы ұрыс қимылдары:
1962 жылғы қазан – 1963 жылғы наурыз аралығы;
1967 жылғы қараша – 1969 жылғы желтоқсан аралығы.
Вьетнамдағы ұрыс қимылдары: 1961 жылғы қаңтар – 1974 жылғы желтоқсан аралығы, оның ішінде Оңтүстік Қытай теңізінде жауынгерлік қызмет міндеттерін шешкен Тынық мұхитының барлау корабльдерінің жеке құрамы үшін.
Сириядағы ұрыс қимылдары:
1967 жылғы маусым;
1970 жылғы наурыз – шілде;
1972 жылғы қыркүйек – қараша;
1973 жылғы қазан;
Анголадағы ұрыс қимылдары: 1975 жылғы қараша – 1991 жылғы 31 желтоқсан аралығы.
Мозамбиктегі ұрыс қимылдары:
1967 - 1969 жылдар;
1975 жылғы қараша – 1979 жылғы қараша аралығы;
1984 жылғы наурыз – 1988 жылғы тамыз аралығы.
Эфиопиядағы ұрыс қимылдары: 1977 жылғы желтоқсан – 1990 жылғы қараша аралығы.
Ауғанстандағы ұрыс қимылдары: 1978 жылғы сәуір – 1989 жылғы 15 ақпан аралығы.
Камбоджадағы ұрыс қимылдары: 1970 жылғы сәуір – желтоқсан.
Бангладештегі ұрыс қимылдары: 1972–1973 жылдар (КСРО Әскери-Теңіз Флоты корабльдері мен көмекші кемелерінің жеке құрамы үшін).
Лаостағы ұрыс қимылдары:
1960 жылғы қаңтар – 1963 жылғы желтоқсан аралығы;
1964 жылғы тамыз – 1968 жылғы қараша аралығы;
1969 жылғы қараша – 1970 жылғы желтоқсан аралығы.
Сирия мен Ливандағы ұрыс қимылдары: 1982 жылғы маусым».
10. Келісімге 2-қосымшаның атауы мынадай редакцияда жазылсын: «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшiлердің отбасыларына арналған жеңiлдiктер мен кепiлдiктердi өзара тану туралы келiсiмге 1-қосымшада көрсетілген адамдар санаттары үшін бұрынғы КСР Одағының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен кепілдіктердің (жол жүру жөніндегі жеңілдіктерді қоспағанда) тізбесі».
2-бап
Осы Хаттама қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік ресімдердің орындалғаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
3-бап
Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін Келісімге қатысушы мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беруі арқылы қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Хаттама депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
___ жылғы ______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін