Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз
туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды
қолдау) ратификациялау туралы
2015 жылғы 18 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ҚАРЫЗ НӨМІРІ 3272-KAZ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен АЗИЯ ДАМУ БАНКІ арасындағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(Жай операциялар)
(Қарсы циклдік дамуды қолдау) 18 қараша 2015 жыл
KAZ 49083
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(Жай операциялар)
Қазақстан Республикасы (бұдан әрі – «Қарыз алушы» деп аталатын) мен Азия Даму Банкі (бұдан әрі – «АДБ» деп аталатын) арасындағы 2015 жылғы 18 қарашадағы қарыз туралы келісім.
Төмендегіні назарға ала отырып:
(А) АДБ осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшада сипатталғандай, Қарыз алушының қарсы циклдік дамуға шығыстарын қалыптастыратын белгілі бір міндеттері, саясат пен іс-әрекеттері (бұдан әрі – «Қарсы циклдік дамуды қолдау» немесе «Бағдарлама») жазылған
2015 жылғы 24 шілдедегі даму саясаты туралы хатты (бұдан әрі – «Даму саясаты туралы хат») Қарыз алушыдан алды;
(В) Қарыз алушы Бағдарламаның мақсаттары үшін қарыз бөлу туралы өтінішпен АДБ-ға жүгінді; және
(С) АДБ осы Келісімде жазылған шарттар мен ережелерде Қарыз алушыға АДБ-ның жай капитал ресурстарынан қарыз беруге келісімін білдірді;
Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, осы Келісімнің тараптары төмендегілер туралы уағдаласты:
I БАП
Қарыз беру қағидалары; Айқындамалар
1.01-бөлім. 2001 жылғы 1 шілдедегі АДБ-ның Жай капитал ресурстарынан бөлінетін Лондон банкаралық мөлшерлемесі бойынша қарыздарға қолданылатын Жай операциялар үшін қарыз беру қағидаларының (бұдан әрі - Қарыз беру қағидалары деп аталатын) барлық ережелері осы Қарыз туралы келісімге олар осы Келісімнің мәтініндегі толығымен жазылғандай күшінде және қолданысында, алайда төмендегі өзгерістерді сақтай отырып, қолданылатын болып есептеледі:
а) 2.01(49) бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
«49. «Бағдарлама» деген термин Қарыз туралы келісімде сипатталғандай, ол үшін АДБ қарыз беруге келіскен бағдарламаны білдіреді және оның сипаттамасы АДБ мен Қарыз алушының арасындағы келісім бойынша уақыт өткен сайын өзгеруі мүмкін»;
b) «Жоба» деген термин Қарыз беру қағидаларында аталатын барлық жерде «Бағдарлама» деген терминмен ауыстырылатын болады;
(с) 2.01(51) бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
«51. «Бағдарлама бойынша атқарушы агенттік» деген термин Қарыз туралы келісімде көзделгендей, Бағдарламаны орындауға жауапты ұйымды немесе ұйымдарды білдіреді.»;
(d) «Жоба бойынша атқарушы агенттік» деген термин Қарыз беру қағидаларында аталатын барлық жерде «Бағдарлама бойынша атқарушы агенттік» деген терминмен ауыстырылатын болады;
(е) 3.03-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
«Резервке қойғаны үшін комиссия; Кредит.
(а) Қарыз алушы қарыздың игерілмеген сомасы бойынша резервке қойғаны үшін Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме мен шарттар бойынша комиссия төлеуге міндеттенеді.
b) АДБ Қарыз алушыға осы Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме бойынша кредит беруге міндеттенеді, бұл ретте мұндай кредит Қарыз мерзімінің соңына дейін тіркелген болып қалады. АДБ Қарыз алушының төлеуіне жататын пайыздарға кредиттің сомасын қолдануға міндеттенеді.»;
(f) 3.06-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды»:
«Өтем.
(а) Жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спредтің төмендетілетіні туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін, АДБ неғұрлым жоғары тіркелген спред қолданылатын, өтелмеген қарызы бар әрбір Қарыз алушыға өтем беруге міндеттенеді. Өтем сомасы өтелмеген қарызға қолданылатын тіркелген спред пен жаңа қарыздарға (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) қолданылатын (і) тіркелген спред арасындағы айырманы жаңа қарыздарға қолданылатын, төмендетілген тіркелген спред күшіне енген күнінен бастап және одан кейін барлық пайыздық кезеңдер ішінде Қарыз алушы пайыздарды төлеуді қамтамасыз ететін, (іі) өтелмеген қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалатын болады.
(b) Қарыздың кез келген валютасына (немесе бекітілген валютаға) қатысты өзінің қаржыландыру құнының маржасын есептеулері кез келген жартыжылдықта АДБ-ның қаражатын үнемдеуге әкелгені туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін АДБ Қарыз алушыға өтем беруге міндеттенеді. Өтем сомасы (і) қаржыландыру құнының маржасын (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) Қарыз алушы қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін тікелей басталатын пайыздық кезең ішінде пайыздарды төлеуге міндеттенетін (іі) қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалатын болады. АДБ Қарыз алушы үшін қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде оның төлеуіне жататын пайыздарға өтем сомасын қолдануға міндеттенеді»;
(g) 3.07-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
«Қосымша сома.
(а) Жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спредтің ұлғаятыны туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін неғұрлым төмен тіркелген спред қолданылатын, өтелмеген қарызы бар әрбір Қарыз алушы АДБ-ға қосымша сома төлеуге міндеттенеді. Бұл қосымша соманың мөлшері жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спред пен өтелмеген қарызға (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) қолданылатын (і) тіркелген спред арасындағы айырманы (іі) өтелмеген қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалатын болады, ол бойынша Қарыз алушы жаңа қарыздарға қолданылатын, көтеріңкі тіркелген спред күшіне енген күннен бастап және одан кейінгі барлық пайыздық кезеңдер ішінде пайыздарды төлеуге міндеттенеді.
(b) Қарыздың кез келген валютасына (немесе бекітілген валютаға) қатысты өзінің қаржыландыру құнының маржасын есептеулері кез келген жартыжылдықта АДБ шеккен қосымша шығындарға әкеліп соққаны туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін Қарыз алушы АДБ-ға қосымша сома төлеуді қамтамасыз етеді. Осы қосымша соманың мөлшері (і) қаржыландыру құнының маржасын (жылдық пайыздық мән түрінде) (іі) Қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалатын болады, ол бойынша Қарыз алушы қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде пайыздарды төлеуге міндеттенеді. АДБ қосымша ақы төлеу мөлшерін қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде Қарыз алушының төлеуіне жататын пайыздарға қосуға міндеттенеді.
1.02-бөлім. Қарыз беру қағидаларында анықтама берілген мына терминдер, егер мәнмәтін бойынша өзгеше талап етілмесе, осы Қарыз туралы келісімде қолданылған әрбір жағдайда оларда жазылған тиісті мағынаға ие болады. Осы Қарыз туралы келісімде пайдаланылатын қосымша терминдердің төмендегідей мәні бар:
(а) «Әріптестік қаржыландыру» Бағдарлама шеңберінде Қарыз қаражатынан алынатын және осы Қарыз туралы келісімге 4-қосымшаның
4-тармағында көрсетілген жергілікті валютадағы ақшалай қаражатты білдіреді;
(b) «Депозиттік шот» осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаның
3-тармағында көрсетілген шотты білдіреді;
(с) «Импорттың заңды баптары» тиісті кезең ішіндегі Қарыз алушы импортынан мынадай:
(і) АДБ-ға мүше болып табылмайтын елдерден импорттың;
(іі) осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаға толықтыруда көрсетілген заңды емес баптардың импорттың; және
(ііі) көмек көрсету жөніндегі ресми халықаралық немесе екіжақты агенттіктер қаржыландыратын немесе АДБ берген кез келген басқа қарыздар немесе гранттар есебінен қаржыландырылатын импорттың баптарын алып тастағандағы осы кезең ішіндегі барлық импортын білдіреді;
(d) «Заңды баптар» импорттың және осындай импортты жеткізіп беруге және орнатуға байланысты көрсетілетін қызметтердің Заңды баптарын білдіреді;
(е) «Бірінші транш» осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаның 4-тармағының ережелеріне және шарттарына сәйкес алуға жататын бес жүз миллион АҚШ доллар (500 000 000 АҚШ доллары) мөлшеріндегі Қарыз қаражатының бір бөлігін білдіреді;
(f) «Қарыз қаражатын игеру жөніндегі анықтамалық» қарыз қаражатын игеру жөніндегі АДБ анықтамалығын білдіреді (2015 жылғы, кезең сайын енгізілген түзетулермен);
(g) «ҚМ» Қарыз алушының Қаржы министрлігін білдіреді;
(h) «Ұлттық банк» Қарыз алушының Ұлттық банкін немесе оның кез келген құқық мирасқорын білдіреді;
(і) «Бағдарлама бойынша атқарушы агенттік» Қарыз беру қағидаларының мақсаттары үшін және мағынасына сәйкес Бағдарламаны іске асыруға жауапты АДБ үшін Қаржы министрлігін немесе оның кез келген қолайлы құқық мирасқорын білдіреді; және
(j) «Екінші транш» Бірінші траншты пайдаланғаннан кейін Қарыз шотында қалған, осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаның 5-тармағының ережелеріне сәйкес және шарттарында алуға жататын қарыз қаражатының қалдығын білдіреді.
ІІ БАП
Қарыз
2.01-бөлім. (а) Қарыз алушыға АДБ-нің жай капитал ресурстарынан бір миллиард АҚШ доллары (1000000000 АҚШ доллары) сомасына қарыз беруге келіседі, әрі бұл сома осы Қарыз туралы келісімнің
2.06-бөлімінің ережелеріне сәйкес айырбастау шеңберінде кезең сайын айырбасталып отыруы мүмкін.
(b) Қарыз екі (2) жылға негізгі өтеу кезеңін және осы бөлімнің (с) тармағында айқындалған жеңілдік кезеңіне болжайды.
(с) Осы бөлімнің (b) тармағында пайдаланылатын «жеңілдік кезең» деген термин осы Қарыз туралы келісімге 2-қосымшада жазылған өтеу кестесіне сәйкес қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінің алдындағы кезеңді білдіреді.
2.02-бөлім. Қарыз алушы АДБ-ға алынған және өтелмеген қарыздың негізгі сомасына әрбір пайыздық кезеңнің мөлшерлемесі бойынша кезең сайын:
(а) ЛИБОР; және
(b) Қарыз беру қағидаларының 3.02-бөліміне сәйкес 2,00% сомасына тең пайыздар төлейтін болады.
2.03-бөлім. Қарыз алушы резервке қойғаны үшін игерілмеген қарыз сомасына жылына 0,75% мөлшерінде комиссия төлейді. Бұл комиссия осы Қарыз туралы келісімге қол қойылған күннен кейін алпыс (60) күн өткен кезден бастап қарыздың толық сомасына (кезең сайын алынған сомаларды алып тастағанда) есептелетін болады.
2.04-бөлім. Қарыз бойынша пайыздар мен өзге де төлемдер жарты жылда бір рет әрбір жылдың 15 ақпаны мен 15 тамызында төленуге тиіс.
2.05-бөлім. Қарыз алушы осы Қарыз туралы келісімге
2-қосымшаның ережелеріне сәйкес қарыз шотынан алынған қарыздың негізгі сомасын төлейді.
2.06-бөлім. (а) Қарыз алушы борышты ұтымды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында кез келген уақытта қарыз шарттарының төмендегідей кез келген айырбастауларын:
(і) валютаны бекітілген валютаға қарыздың барлық негізгі сомасына немесе алынған және өтелмеген, сол сияқты алынбаған кез келген бөлігін өзгертуді;
(іі) қарыздың барлық негізгі сомасына да, сол сияқты оның алынған және өтелмеген кез келген бөлігіне де қолданылатын базалық пайыздық мөлшерлемені құбылмалы пайыздық мөлшерлемеден тіркелген мөлшерлемеге немесе керісінше өзгертуді; және
(ііі) қарыздың барлық негізгі сомасына да, сол сияқты оның алынған және өтелмеген кез келген бөлігіне де қолданылатын құбылмалы пайыздық мөлшерлемеге көрсетілген құбылмалы мөлшерлеменің ең жоғары не ең төменгі деңгейін белгілеу жолымен лимиттерді белгілеуді сұратуға құқылы.
(b) Осы бөлімнің (а) тармағына сәйкес сұрау салынған, АДБ мақұлдаған кез келген айырбастау Қарыз беру қағидаларының 2.01 (6) бөлімінің анықтамасы бойынша «Айырбастау» болып есептеледі және Қарыз беру қағидаларының V бабының және Айырбастау жөніндегі нұсқаманың ережелеріне сәйкес күшіне енуге тиіс.
III БАП
Қарыз қаражатын пайдалану
3.01-бөлім. Қарыз алушы Бағдарлама бойынша шығындарды қаржыландыруға арналған қарыз қаражатын осы Қарыз туралы келісімнің ережелеріне сәйкес пайдалануды қамтамасыз етеді.
3.02-бөлім. Қарыз қаражаты осы Қарыз туралы келісімге
3-қосымшаның ережелеріне сәйкес алынуы тиіс және осы қосымша АДБ мен Қарыз алушының келісімі бойынша уақыт өткен сайын өзгеруі мүмкін.
3.03-бөлім. Қарыз беру қағидаларының 9.02-бөлімінің мақсаттары үшін қарыз шотынан қаражатты алу үшін 2016 жылғы 31 желтоқсан не Қарыз алушы мен АДБ арасында уақыт өткен сайын келісілуі мүмкін кез келген басқа күн жабу күні болып есептеледі.
ІV БАП
Ерекше жағдайлар
4.01-бөлім. (а) Қарыз алушы Бағдарламаның тиісті жауапкершілікпен және тиімділікпен және ұтымды қолданылатын техникалық, қаржылық, іскерлік тәжірибелерге және даму тәжірибелеріне сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етеді.
(b) Бағдарламаны іске асыру процесінде Қарыз алушы осы Қарыз туралы келісімге 4-қосымшада жазылған барлық міндеттемелерді орындайды не орындауды тапсырады.
4.02-бөлім. Қарыз алушы уақтылы, қажеттілігіне қарай қарыз қаражатына қосымша қаражатты, объектілерді, көрсетілетін қызметтерді және Бағдарламаны іске асыруға қажетті өзге де ресурстарды қамтамасыз етеді.
4.03-бөлім. Қарыз алушы Бағдарламаны іске асыруға қатысты өз ведомстволары мен ұйымдарының барлық іс-әрекеттерін ұтымды әкімшілік әдістерге және рәсімдерге сәйкес жүргізілуін және үйлестірілуін қамтамасыз етеді.
4.04-бөлім. (а) Қарыз алушы Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын Заңды баптарды сәйкестендіруге және Бағдарламаның іске асырылу барысын айқындауға мүмкіндік беретін тиісті жазбалар мен құжаттарды жүргізетін болады не олардың жүргізілуін қамтамасыз етеді.
(b) Қарыз алушы АДБ өкілдеріне осы бөлімнің (а) тармағында көрсетілген тиісті жазбалар мен құжаттардың кез келгеніне тексеруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
4.05-бөлім. (а) Қарыз беру қағидаларының 7.04-бөлімінде көрсетілген есептілік пен ақпарат беру шеңберінде (і) Әріптестік қаржыландыру және оны пайдалануға; және (іі) Бағдарламада көзделген мақсаттарға қол жеткізуді және іс-қимылдарды орындауды қоса алғанда, Бағдарламаны іске асыруға қатысты АДБ тарапынан негізді түрде сұрау салынған осындай барлық есептілік пен ақпаратты АДБ-ға береді не оларды беруді қамтамасыз етеді.
(b) Қарыз беру қағидаларының 7.04-бөлімінің жалпы мәнін шектемей, Қарыз алушы Бағдарламаны іске асыру туралы, сондай-ақ Даму саясаты туралы хатта жазылған мақсаттарға қол жеткізу және
іс-қимылдарды орындау туралы жылдық есептілікті АДБ-ға береді не беруді қамтамасыз етеді.
V БАП
Күшіне ену
5.01-бөлім. Осы Қарыз туралы келісімге қол қойылған күннен кейін отыз (30) күн өткен күн Қарыз беру қағидаларының
10.04-бөлімінің мақсаттары үшін Қарыз туралы келісімнің күшіне енген күні болып есептеледі.
VІ БАП
Өзге ережелер
6.01-бөлім. Қарыз алушының Қаржы министрі Қарыз беру қағидаларының 12.02-бөлімінің мақсаттары үшін Қарыз алушының өкілі ретінде әрекет етеді.
6.02-бөлім. Төмендегі деректемелер Қарыз беру қағидаларының
12.01-бөлімінің мақсаттары үшін көрсетілген:
Қарыз алушы үшін
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы
010000,
Астана,
Жеңіс даңғылы, 11
Факс: +7 (7172) 71 77 85
АДБ үшін
Аsіаn Development Ваnк
6 ADB Avenue
Mandaluyong City
1550 MetroManila
Philippines
Факс: (632) 636-2444
(632) 636-2424.
Жоғарыда жазылғандарды растай отырып, осы Келісімнің тараптары атынан олардың уәкілетті өкілдері осы Қарыз туралы келісімге жоғарыда көрсетілген күні және жылы тиісті қол қоюды және оны АДБ штаб-пәтеріне жеткізуді қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасы
______________________
[Уәкілетті өкіл]
Азия Даму Банкі
______________________
[Уәкілетті өкіл]
1-ҚОСЫМША Бағдарламаның сипаттамасы
1. Бағдарламаның басты мақсаты Қарыз алушының қаржылық тұрақтылығын қолдау болып табылады. Бағдарлама шеңберіне (а) мұнай емес және жеке секторды дамытуды қолдау, (b) халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру және (с) жұмыс орындарын сақтап қалуға бағытталған басым шығыстарды және әлеуметтік мұқтаждықтарға арналған шығыстарды қолдауға бағытталған шараларды іске асыру болып табылады. Бағдарламаның барынша толық сипаттамасы Даму саясаты туралы хатта қамтылған.
2. Бұл қарыздың қаражаты екі тең траншпен бөлінеді және 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін пайдаланылады деп күтілуде.
2-ҚОСЫМША Қарызды өтеу кестесі
(Қарсы циклдік дамуды қолдау бағдарламасы)
1. Төмендегі кестеде қарыздың негізгі сомасын төлеу күні және қарыздың негізгі сомасын әрбір төлеу күнінде төленуге жататын қарыздың жалпы негізгі сомасының пайызы (кезекті жарна) көрсетілген. Егер қарыз қаражаты негізгі қарыз сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінде толық көлемде игерілетін болса, қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күні Қарыз алушы төлеуге жататын қарыздың негізгі сомасын АДБ мыналарды: (а) қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күні кезінде алынған және өтелмеген қарыздың жалпы негізгі сомасын; (b) қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күні үшін кезекті жарнаға көбейту арқылы айқындайды, бұл ретте мұндай өтеу сомасы валюта айырбастау қолданылатын осы қосымшаның 4-тармағында көрсетілген кез келген соманы шегеру үшін қажет болған кезде өзгертілетін болады.
Төлем күні Кезекті жарна
(%-пен көрсетілген)
2019 жылғы 15 ақпан 25000000
2019 жылғы 15 тамыз 25000000
2020 жылғы 15 ақпан 25000000
2020 жылғы 15 тамыз 25000000
Барлығы 100000000
2. Егер қарыз қаражаты қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күніне дейін толық көлемде игерілмесе, қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күніне Қарыз алушы төлеуге жататын қарыздың негізгі сомасы мынадай түрде айқындалады:
(а) қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күні кезінде игерілуге тиіс болған кез келген қарыз қаражаты шегінде Қарыз алушы осы қосымшаның 1-тармағына сәйкес осы күнге алынған және өтелмеген соманы төлейді;
(b) қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінен кейін жүргізілген кез келген қаражат алу осы қаражат алу күнінен кейін келетін қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күні АДБ әрбір қаражат алу сомасын санауышы қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің (бастапқы кезекті жарна) жоғарыда аталған күні үшін осы қосымшаның 1-тармағындағы кестеде көрсетілген бастапқы кезекті жарна болып табылатын, ал осы күнге немесе одан кейінгі қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің күндері үшін қалған бастапқы кезекті жарналардың барлық сомасы бөлгіші болып табылатын бөлшекке көбейту арқылы айқындаған сомада өтелуге жатады, бұл ретте төлемдердің бұл сомалары қажет болған жағдайда осы қосымшаның 4-тармағында көрсетілген, валюта айырбастау қолданылатын кез келген сомаларды шегеру үшін өзгертілетін болады.
3. Қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің кез келген күні төлеуге жататын негізгі сомаларды есептеу мақсатында ғана қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемдерінің кез келген күніне дейін күнтізбелік екі ай ішінде алынған қаражатты қаражат алу күнінен кейін қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің екінші күнінде алынған және өтелмеген деп есептеу керек және бұл сома қаражат алу күнінен кейін қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің екінші күнінен бастап қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күнінде төленуге тиіс.
4. Осы қосымшаның 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, қарыздың барлық негізгі алынған сомаларының немесе оның кез келген бөлігінің валюталарын бекітілген валютаға айырбастау кезінде айырбастау кезеңі ішінде негізгі соманы кез келген өтеу күнінде өтелуге жататын жоғарыда аталған бекітілген валютаға айырбасталған қаражат сомасын АДБ тікелей жоғарыда аталған айырбастау алдында ірілендірілген валютадағы осы соманы не (і) жоғарыда аталған айырбастауға жататын, валюталық хеджирлеуді транзакциялау шеңберінде АДБ-ға төленуге жататын, соманы көрсетілген бекітілген валютада көрсететін валюта айырбастау бағамына; не (іі) айырбастау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес АДБ-ның шешімі бойынша белгіленген мөлшерлемедегі валюта айырбастау бағамының компонентіне көбейту арқылы айқындайды.
5. Егер алынған және өтелмеген қарыздың негізгі сомасы қарыздың кемінде бір валютасында кезең сайын нөмірленсе, осы қосымшаның ережелері осы сомалардың әрқайсысы үшін жеке өтеу кестесін әзірлеу мақсатында қарыздың әр нөмірленген валютасындағы сомаларға жеке қолданылуға тиіс.
3-ҚОСЫМША Қарыз қаражатын алу
1. Егер АДБ өзгеше келіспесе, осы қосымшаның мына ережелері қарыз шотынан қарыз қаражатын алуға қолданылатын болады.
2. (а) Қарыз шотынан қаражат алуға өтінімді Қарыз алушы АДБ-ға жіберуге тиіс және АДБ талаптарын қанағаттандыратын нысанда орындалуға тиіс.
(b) Қаражат алуға мұндай өтінім қарыз қаражатының төленуі күтілетін әрбір жылға қатысты импорттың заңды баптарының күтілетін құны осындай жылдың ішінде төленуі күтілетін қарыз сомасынан көп болатынын растайтын Қарыз алушының сертификатымен бірге жүруге тиіс.
(с) Қарыз алушы АДБ тағайындаған сарапшыларға Қарыз алушы ол бойынша өзінің қаражат алуға арналған өтінімінде Импорттың заңды баптарының құны туралы сертификатты табыс еткен кез келген кезең ішінде Импорттың заңды баптарының құнын тексеруге рұқсат береді.
3. (а) Қарыз шотынан қаражат алуға арналған бірінші өтінімді АДБ-ға бергенге дейін Қарыз алушы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде қарыз шотынан алынған барлық қаражат сақталатын депозиттік шот ретінде шот тағайындайды. Депозиттік шот АДБ талаптарын қанағаттандыратын мерзімдерге және шарттарға сәйкес құрылады, басқарылады және жабылады.
(b) Депозиттік шот бойынша жеке есептілік пен құжаттама АДБ үшін қолайлы қаржылық есептілік қағидаттарына сәйкес жүргізілуге тиіс. АДБ сұрау салуын алған кезде Қарыз алушы халықаралық аудит стандарттарына немесе АДБ үшін қолайлы олардың ұлттық баламасына сәйкес біліктілігі, тәжірибесі мен өкілеттіктер ортасы АДБ үшін қолайлы болатын тәуелсіз аудиторлардың тек осы қарыз қаражатына қатысты депозиттік шоттың қаржылық есептілігін аудиторлық тексеруін ұйымдастырады. Оларды дайындағаннан кейін бірден, бірақ кез келген жағдайда АДБ сұрау салған күннен кейін 6 айдан кешіктірмей, аудиторлық тексеруден өткен ағылшын тіліндегі осындай қаржылық есептердің куәландырылған көшірмелері АДБ-ға ұсынылуға тиіс.
(с) Бағдарламаның барлық іске асырылу кезеңі бойы Қарыз алушы сауда статистикасын және Импорттың заңды баптарын айқындауға арналған формуланы Қарыз алушының орындауын бағалау үшін АДБ кезең сайын сұрау салуы мүмкін кез келген басқа ақпаратты береді.
4. Қарыз алушы осы Қарыз туралы келісім күшіне енгеннен кейін бірінші траншты игеруі мүмкін.
5. Осы Қарыз туралы келісімнің кез келген басқа ережелеріне қарамастан және егер АДБ-мен өзгеше келісілмесе, АДБ Қарыз алушымен консультациядан кейін Қарыз алушының қаражатты игерудің мынадай шарттарын орындағанына көз жеткізбейінше, қарыз шотынан екінші транш үшін ешқандай қаражат алынбауға тиіс:
(а) салықтық және кедендік әкімшілендіру үшін бірыңғай дерекқор құру ҚМ бұйрығымен мақұлданды;
(b) тауарларды кедендік тазалау бойынша «Е-декларациялау» ақпараттық жүйесін құру ҚМ бұйрығымен мақұлданды;
(с) Парламентке электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа тарифтік саясатты енгізуге бағытталған заң жобасы енгізілді. Жаңа тарифтік саясат күрделі шығыстарды жабуға арналған тіркелген компонент пен электр энергиясын өндіруге шығыстарды жабуға арналған ауыспалы компонент негізінде арнайы тариф құрылымын енгізуді белгілейді.
(d) Парламентке әлеуметтік көмектің атаулы болу сипатын күшейту арқылы оны оңтайландыруды көздейтін заң жобасы енгізілді. Атап айтқанда, жаңа заң (і) жұмыспен қамтуға және әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесу бағдарламаларына белсенді қатысатын кіріс деңгейі төмен азаматтарға ақшалай көмекті; (іі) «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде жұмысқа орналасу, кәсіптік дайындық және қайта даярлау мүмкіндіктеріне қолжетімділікті кеңейтуді; және (ііі) мемлекет пен жеке бенефициар арасында әлеуметтік келісімшарт жасасуды қарастыратын болады.
3-қосымшаға толықтыру
Ерекшеліктер (заңсыз шығыстар) тізімі
Қарыз қаражатын алу төмендегіге қатысты жүргізілмейді:
(і) БҰҰ-ның Стандарттық халықаралық сауда сыныптамасының мына топтары мен кіші топтарына 3-басылым (СХСС, 3-басылым) немесе АДБ-ның Қарыз алушыға хабарламасында көрсетілгеніндей СХСС-дағы одан әрі өзгерістерде көзделген қандай да бір топқа немесе кіші топқа енгізілген тауарларға байланысты шығыстар:
Кесте: Заңсыз баптар
Тарау | Тақырыбы | Баптар сипаттамасы |
---|---|---|
112 |
Алкогольдік ішімдіктер |
|
121 |
Өңделмеген темекі; темекі өндірісінің қалдықтары |
|
122 |
Өңделген темекі (құрамында темекі алмастырғыштар бар немесе жоқ) |
|
525 |
Радиоактивті және онымен байланысты материалдар |
|
667 |
Меруерт, өңделмеген немесе өңделген асыл және жартылай асыл тастар |
|
718 |
718.7 |
Ядролық реакторлар және олардың құрауыштарын ядролық реакторлар үшін радиация шығармайтын отын элементтері (картридждер) |
728 |
728.43 |
Темекі дайындауға немесе өңдеуге арналған жабдық |
897 |
897.3 |
Алтын, күміс немесе платина тобының металдарынан жасалған зергерлік бұйымдар (қолсағаттар мен қол-сағаттарға арналған корпустарды қоспағанда) және алтын немесе күміс бұйымдар (асыл тастарды қоса алғанда) |
971 |
Ақшалай емес алтын (алтын кеніші мен концентраттарды қоспағанда) |
Дерек көзі: Біріккен Ұлттар Ұйымы
(іі) Қарыз алушының валютасындағы немесе Қарыз алушының аумағынан жеткізілген тауарларға шығыстар;
(ііі) АДБ-ның қарыздары немесе гранттары шеңберінде қаржыландырылатын кез келген келісімшартты қоса алғанда, кез келген ұлттық немесе халықаралық қаржы ұйымы немесе агенттік тарапынан қаржыландыру жүргізілген немесе ол келісілген келісімшарттар негізінде жеткізілген тауарлармен байланысты шығыстар;
(iv) әскери немесе жартылай әскери мақсаттағы тауарлармен немесе сән-салтанат бұйымдарымен байланысты шығыстар;
(v) есірткіге шығыстар;
(vі) өндіру, пайдалану немесе импорты Қарыз алушының заңнамасына немесе Қарыз алушы қосылған халықаралық келісімдерге сәйкес тыйым салынған экологиялық қауіпті тауарларға шығыстар; және
(vіі) Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VII Тарауына сәйкес қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес Қарыз алушы тыйым салған төлемдерге байланысты шығыстар.
4-ҚОСЫМША Бағдарламаны іске асыру және басқа да мәселелер
Іске асыру тетіктері
1. Қарыз алушы ҚМ-ны Бағдарламаның атқарушы агенттігі, ал Қарыз алушының Ұлттық экономика министрлігін, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін және Энергетика министрлігін әрбір жағдайда, оның ішінде олардың кез келген құқық мирасқорын және Ұлттық Банкті – Бағдарламаның, қарсы циклдік даму шараларының іске асырылуын бақылауға және олардың Қарыз алушының негізгі макроэкономикалық және қаржылық көрсеткіштеріне ықпалын айқындауға жалпы жауапкершілікте болатын іске асыру агенттіктері етіп тағайындайды.
Саяси іс-шаралар мен диалог
2. Қарыз алушы дереу АДБ-мен Бағдарламаны іске асыру кезінде туындаған проблемалар мен шектеулерді, сондай-ақ оларды жою және жұмсарту бойынша тиісті шараларды талқылайды.
3. Бағдарламаны іске асыру үшін салдары болуы мүмкін көмектерді көрсету бойынша басқа көпжақты және екіжақты агенттіктермен іс-қимылдар саясатын талқылауға қатысты АДБ-ны хабардар етеді және АДБ-ға олардан туындайтын іс-қимылдар саясаты бойынша барлық ұсыныстарға түсінік беруге мүмкіндік береді. Қарыз алушы АДБ пікірін түпкілікті бекітілгенге және кез келген осындай ұсыныс іске асырылғанға дейін назарға алады.
Әріптестік қаржыландыруды пайдалану
4. Қарыз алушы Бағдарлама мақсаттарына сәйкес келетін белгілі бір бағдарламалар мен іс-шаралардың іске асырылуын қаржыландыру үшін Әріптестік қаржыландыруды пайдалануды қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және басшылық әдістері
5. Қарыз алушы:
(а) АДБ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты (1998 жылдан бастап, тиісті күндегі өзгерістермен) сақтауын қамтамасыз етеді және АДБ тікелей немесе өзінің агенттері арқылы Бағдарламаға қатысы бар кез келген мәлімделген сыбайлас жемқорлық, алаяқтық әрекеттер, астыртын сөз байласу және сөз байласуға мәжбүрлеу жағдайларын зерттеу жүргізу құқығын өзінде қалдырады деп таниды; және
(b) кез келген осындай зерттеу шеңберінде ынтымақтастық жүргізу және осындай тергеудің қанағаттанарлықпен аяқталуы үшін барлық қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Мониторинг және шолу
6. Қарыз алушы жыл сайынғы негізде АДБ-ға: (а) макроэкономикалық және қаржы секторының шарттары; (b) қарсы циклдік даму шараларын, сондай-ақ бюджеттің атқарылуын қолдауға республикалық бюджеттен жүргізілген шығыстар; және (с) қарсы циклдік даму шараларының іске асырылуы, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасының, Қарыз алушының жаңа экономикалық саясатының, Қарыз алушының «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы және оларда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу туралы есептерді беруді қамтамасыз етеді.
7. Қарыз алушы АДБ-ға қарызды жапқан күннен кейін 8 ай ішінде бағдарламаның аяқталуы туралы есептің берілуін қамтамасыз етеді.
Осымен 2015 жылғы 18 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) осы аудармасы ағылшын тілдегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Құжат айналымы
департаментінің
Құжаттарды редакциялау
және лингвистикалық сараптау
басқармасы басшысы Б. Ахметжанова