Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 987 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрi Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2015 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 987 қаулысымен      
мақұлданған        

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы
Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі,
      екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге тілек білдіре отырып, екінші Ел мемлекетінің аумағында әрбір Ел инвесторларының инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      осы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау инвесторлардың бастамаларын ынталандыруға және екі елдің әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін ұғына отырып,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін:
      1. «Инвестициялар» термині соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Уағдаласушы Тарап инвесторының меншігіндегі немесе бақылауындағы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы активтердің кез келген түрін білдіреді, және оның ішінде:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ қарыздар, жалға алу, кепілдер және міндеттемелер, узуфрукттер сияқты кез келген басқа да заттық құқықтарды;
      b) заңды тұлғалардың үлестерін, акциялары мен облигацияларын және заңды тұлғаның үлестік қатысуының басқа да нысандарын, сондай-ақ Уағдаласушы Тарап немесе оның кез келген инвесторы шығарған бағалы қағаздарды;
      c) қарыздар сияқты ақшалай қаражатқа немесе экономикалық құндылығы бар және инвестициялармен байланысты кез келген әрекетке қойылатын талаптарды;
      d) өнеркәсіптік меншік құқығын, авторлық құқықты, сауда маркаларын, патенттерді, географиялық нұсқамаларды, тауар белгілерін және ноу-хауды қоса алғанда, экономикалық құндылығы бар зияткерлік меншікке және материалдық емес активтерге құқықтарды;
      d) гудвиллді;
      e) Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы негізінде немесе шарт бойынша ұсынылатын кәсіпкерлік қызметтi жүзеге асыруға арналған құқықтарды қамтиды;
      активтері инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның кез келген өзгерісі, мұндай өзгерiс аумағында инвестициялар жүзеге асырылған мемлекеттің ұлттық заңнамасына қайшы келмеген жағдайларда инвестиция ретiндегi олардың сыныптауына әсер етпейдi.
      2. «Кірістер» термині инвестициялармен жасалған соманы, атап айтқанда, бірақ айрықша емес пайданы, дивидендтерді, роялтиді, капитал өсімін қамтиды, немесе кез келген ұқсас салымдар мен төлемдерді білдіреді.
      3. «Инвестор» термині:
      а) Сауд Арабиясы Корольдігіне қатысты:
      І) Сауд Арабиясы Корольдігінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сауд Арабиясы Корольдігінің азаматтығы бар жеке тұлғаларды;
      ІІ) Сауд Арабиясы Корольдігінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаны немесе ұйымды;
      ІІІ) Екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі мен оның қаржы институттарын және уәкілетті органдарын, қорларын және Сауд Арабиясында бар басқа да осыған ұқсас мемлекеттік институттарды білдіреді;
      b) Қазақстан Республикасына қатысты:
      І) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығы бар жеке тұлғаларды;
      II) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаны немесе ұйымды;
      III) Екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын қаржы институттары мен уәкілетті органдарды, қорларды және Қазақстан Республикасында бар басқа да осыған ұқсас мемлекеттік институттарды білдіреді.
      4. «Аумақ» термині:
      І) Қазақстан Республикасына қатысты:
      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы және халықаралық құқық нормаларына сәйкес егемендігін жүзеге асыратын және юрисдикциясын қолданатын жерді, суды, жер қойнауы мен әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе мемлекеттік шекаралары шегіндегі мемлекеттің аумағын;
      ІІ) Сауд Арабиясы Корольдігіне қатысты:
      Уағдаласушы Тарапқа тек халықаралық құқық қана осы өңірлерде егемен құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыруға рұқсат беретіндіктен құрлық шекаралары шегіндегі аймақтарды, теңіз және суасты аймақтарын, әуе кеңістігін және айрықша экономикалық аймақтарының учаскелері мен континентальдық қайраңын білдіреді.

2-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларға рұқсат береді. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты әділ және тең құқықты режимді ұсынады.
      2. Кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында толық қорғауды және қауіпсіздікті пайдаланады. Ешбір Уағдаласушы Тарап қандай жағдайда болмасын өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын кездейсоқ немесе кемсітушілік тәсілдермен басқаруға, ұстауға, пайдалануға, иеленуге немесе олардан құтылуға залал тигізбейді.

3-бап

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға кез келген үшiншi мемлекет инвесторларының инвестицияларына ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режим ұсынатын болады.
      2. Егер ұлттық заңнамада өзгеше көзделмесе, әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторы жүзеге асырған инвестицияларға өз инвесторларының инвестицияларына ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Тараптардың біреуін Уағдаласушы Тараптардың бірі қатысушысы болып табылатын немесе болашақта олардың қатысушысы болуы мүмкін кез келген кеден одағына, экономикалық немесе валюталық одаққа, еркін сауда аймағына немесе осыларға ұқсас халықаралық шарттарға байланысты кез келген басымдықты режимді екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына қолдануға міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
      4. Осы баптың шарттары салық мәселелеріне қолданылмайды.

4-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары осы Уағдаласушы Тараптың қоғамдық пайдасына арналғанынан және кідіртусіз, тиісті және тиімділігі үшін өтемақысынан басқасы екінші Уағдаласушы Тараптың экспроприациялауына, мемлекет меншігіне алуына әсерлері тең мәнді болатын экспроприациялауға, мемлекет меншігіне алуға және кез келген басқа шараға, осы шаралар ұлттық заңнамаға сәйкес кемсітушіліксіз болған кезде жатпайды.
      Өтемақы қайсысы бұрын болғанына байланысты тікелей экспроприация немесе алда болатын экспроприация туралы белгілі болғанға дейін экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнын құрауға тиіс. Ол кідіртусіз төленуге, тиімді іске асырылуға және еркін аударылуға тиіс.
      Өтемақыны айқындау және оны төлеу туралы шарттар экспроприациялауға, мемлекет меншігіне алғанға дейін немесе сол кезде тиісті түрде және салыстырмалы шарада орындалуға тиіс. Кез келген осындай экспроприациялаудың, мемлекет меншігіне алудың немесе салыстырмалы шараның заңдылығы және өтемақы сомасы тиісінше құқықтық рәсімге сәйкес қайта қаралуға тиіс.
      2. Инвестициялары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы соғыс немесе басқа қарулы қақтығыс, революция, төтенше жағдай немесе көтеріліс салдарынан залал шеккен әрбір екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына, екінші Уағдаласушы Тарап соңғы Уағдаласушы Тараптың өз инвесторларына қолданғаннан қолайлылығы кем емес режимді қолданады. Осының барысында жүргізілген төлемдер еркін аударылады.
      3. Осы бапта келтірілген мәселелерге қатысты екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында әрбір Уағдаласушы Тараптың инвесторларына барынша қолайлы режим қолданылады.

5-бап

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы осындай Уағдаласушы Тараптың кез келген инвесторына осындай инвестордың екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестицияларына қатысты кепілдік немесе сақтандыру шарттарына сәйкес төлем жүргізсе, онда соңғы Уағдаласушы Тарап:
      (а) осындай инвестордың оның негізінде осындай төлем жүргізілетін кез келген құқығын немесе талабын бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына беруді;
      (b) бірінші Уағдаласушы Тараптың немесе оның уәкілетті органының кез келген осындай құқықты немесе талапты суброгацияға орай инвестордың бастапқы құқығы немесе талабы сияқты дәрежеде жүзеге асыру құқығын таниды.

6-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына, инвесторлар барлық салық міндеттемелерін орындағаннан кейін екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында өздері иелік ететін инвестицияларға және инвестициялық табыстарға байланысты төлемдерді еркін аударуға кепілдік береді, атап айтқанда, мыналарды, бірақ айрықша емес:
      1) инвестицияларды қолдау немесе ұлғайту үшін бастапқы капитал және қосымша сомаларды;
      2) табыстарды;
      3) кредиттер төлеуді;
      4) инвестицияларды жоюдан, толық немесе ішінара сатудан түскен табыстарды;
      5) лицензиялық төлемдерді немесе алымдарды;
      6) шетелден жалданған және инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты жұмыс iстейтiн персоналдың жалақысы мен басқа да сыйақыларын;
      7. Осы Келiсiмнiң 4-бабында көзделген өтемақыны қамтиды.

7-бап

      1. Жоғарыда жазылған 45 немесе 6-баптарға сәйкес аударымдар инвестор аударымды жүзеге асыруды сұраған күні қолданылатын басым болған валюта бағамында кідіріссіз жасалады.
      2. Нарықтық айырбастау бағамы болмағанда, валюта бағамы – арнайы қарыз алу құқықтарында қозғалған, валюталарды түрлендіру үшін Халықаралық Валюта Қоры қолданатын мөлшерлемелерден алынған кросс-бағамға сәйкес келеді.
      3. Уағдаласушы Тарап мынадай жағдайларда осы бапқа сәйкес өз міндеттемелеріне сәйкес келмейтін шараларды:
      (а) төлем балансымен елеулі қиындықтар болған және сыртқы қаржы қиындықтары немесе оларға қауіп төнген; немесе
      (b) айрықша жағдайларда капитал қозғалысы макроэкономикалық басқаруға, атап айтқанда, ақша-кредит және бағам саясатына елеулі қиындықтар тудыратын немесе тудыру қаупі бар жағдайларда, қабылдай немесе қолдай алады.
      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар:
      (a) шараларды қабылдаушы Уағдаласушы Тарап аталған Келісімнің Тарапы болып табылғандықтан, Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарына сәйкес болуға тиіс;
      (b) жоғарыда жазылған мән-жайлар кезінде қажеттілік шегінен шықпауға тиіс;
      (c) уақытша болуға тиіс және жағдайлар мүмкіндік бергенде ғана жойылуға тиіс;
      (d) екінші Уағдаласушы Тарапқа кідіріссіз хабарлануға тиіс; және
      (е) екінші Уағдаласушы Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне артық залалдан аулақ болуға тиіс.
      4. Осы Келісімдегі ешнәрсе Халықаралық валюта қоры туралы келісімнің баптарына сәйкес мүшелері ретінде Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамауға тиіс.

8-бап

      Егер ұлттық заңнама мен кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің қағидалары немесе қазіргі уақыттағы немесе бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар арасында осы Келісімге толықтыру ретінде белгіленетін, халықаралық құқықтан туындайтын міндеттемелер екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделгеннен барынша қолайлы режимді ұсынатын жалпы немесе арнайы ережені қамтыса, онда осындай ереже инвесторлар үшін барынша қолайлы шамада осы Келісімнен басым болады.

9-бап

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін немесе кейін жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады, бірақ ол күшіне енгенге дейін туындауы мүмкін кез келген инвестициялық дауға қатысты қолданылмайды.

10-бап

      1. Осы Келiсiмдi түсiндiруге және қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар мүмкiндiгiнше Уағдаласушы Тараптар арасында дипломатиялық арналар арқылы шешiледi.
      2. Егер дау Тараптардың біріне даулы жағдай туралы жазбаша сұрау салуды жолдаған күннен кейін алты ай iшiнде реттелмесе, кез келген Уағдаласушы Тарап бұл дауды төрелiк соттың қарауына ұсына алады.
      3. Төрелiк сот әрбiр жекелеген iс бойынша мынадай түрде құрылады:
      - әрбір Уағдаласушы Тарап бір мүшені тағайындайды, ал осы екі мүше келісім бойынша үшінші мемлекет азаматының кандидатурасын төраға ретінде таңдайды, оны Уағдаласушы Тараптар тағайындайтын болады. Осындай мүшелер екі ай ішінде, ал аталған төраға кез келген Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарапқа өзінің дауды төрелік соттың қарауына беру ниеті туралы хабарлаған күннен бастап үш ай ішінде тағайындалады.
      4. Егер осы баптың жоғарыда көрсетілген 3-тармағындағы мерзімдер сақталмаса, кез келген Уағдаласушы Тарап кез келген басқа уағдаластық болмаса, БҰҰ Халықаралық сотының төрағасын қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін шақыра алады. Егер төраға кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе өзгеше түрде көрсетілген функцияны да орындаудан шектелсе, вице-төраға қажетті тағайындауларды жүзеге асырады. Егер вице-төраға кез келген Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе ол да көрсетілген функцияларды орындаудан шектелсе, кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылмайтын, Халықаралық соттың шені бойынша үлкен келесі мүшесі қажетті тағайындауларды жүзеге асырады.
      5. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешім түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік рәсімдерде өз мүшесінің және оның өкілдігінің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды көтереді. Төрағаның қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар мен қалған шығыстарды Тараптар тең бөліктерде көтереді. Төрелiк сот шығыстарға қатысты өзге де қағидаларды белгілей алады. Барлық қалған қатынастарда Төрелiк сот өзінің рәсімін айқындайды.

11-бап

      1. Бірінші Уағдаласушы Тараптың және екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы инвестицияларға қатысты, бірінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы осындай инвестицияларға байланысты даулар мүмкіндігінше келіссөздер арқылы шешіледі.
      2. Егер дау осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілмен дауды реттеу туралы өтінішті қарауға берген күннен бастап алты ай ішінде реттелмесе, онда ол инвестордың талабы бойынша:
      а) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған немесе берілген Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына;
      b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында қол қою үшiн ашылған, мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес төрелiкке беріледі.
      3. Егер дау осы баптың 2-тармағының (а) тармақшасына сәйкес Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына берілсе, инвестор бір мезгілде халықаралық төрелікке жүгіне алмайды. Егер дау төрелікке берілетін болса, онда төреліктің шешімі екі Тарап үшін міндетті болады және жоғарыда аталған Конвенцияда көзделгеннен басқа, апелляция нысанасы немесе сот қорғауы құралы болмайды. Шешім Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес орындалатын болады.

12-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың арасындағы дипломатиялық немесе консулдық қарым-қатынастардың болуына қарамастан қолданыста болады.

13-бап

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы бір-бірін хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Осы Келісім он жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін автоматты түрде келесі он жыл мерзімге ұзартылады және дипломатиялық арналар арқылы бір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап он екі ай өткенге дейін қолданыста болады.
      2. Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады, олар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
      3. Осы Келiсiмнiң күшін жойғаны туралы жазбаша хабарлама болған жағдайда, 1-12-баптардың ережелерi мұндай хабарламаны алған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 10 жыл бойы қолданысын жалғастырады.
      Осыны куәландыру үшін осыған өздерінің үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      ______________ _____________ __________ әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрi барлық мәтiндердің күшi бiрдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының               Сауд Арабиясы
          Үкіметі үшін                   Корольдігінің Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады