Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 1004 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрi Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2015 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 1004 қаулысымен      
мақұлданған         

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталады)
      екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды сақтауға, экономика және сауда, мәдениет салаларындағы екі ел арасындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етуге, шекара маңы өңірлерінің жан-жақты үйлесімді әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Pecпубликасы мен Қытай Халық Pecпубликасы арасындағы Тату көршiлік, достық және ынтымақтастық туралы шартты, сондай-ақ 2012 жылғы 6 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Бірлескен декларациясын басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) бірлесіп жасасты.

1. Бағдарламаның мақсаттары, қағидаттары және салалары

      1. Бағдарлама ынтымақтастық саласын одан әрі кеңейту және деңгейін арттыру мақсатында Тараптардың шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылының басым бағыттарын белгілеуге бағытталған, сондай-ақ мемлекеттік, өңірлік және жергілікті деңгейлерде жүйелі қолдау көрсету мақсатында Қазақстан-Қытай шекара маңындағы ынтымақтастығын Жібек жолының Экономикалық белдеуі бойындағы ынтымақтастық үлгісіне өзгертуді меңзей отырып, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлестіктері ынтымақтастығының басым салаларын айқындайды.
      2. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданымен (бұдан әрі – ШҰАА) ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
      3. Бағдарламаның бағыттары:
      1) екіжақты сауда айналымының көлемін ұлғайту;
      2) өзара инвестициялардың ауқымын ұлғайту;
      3) трансшекаралық көлік инфрақұрылымын дамыту;
      4) «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын (бұдан әрі – «Қорғас» ШЫХО) шекара маңы өңіріндегі экономикалық ынтымақтастықтың үлгісіне қайта құру;
      5) шекара маңындағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын нығайту;
      6) шекара маңы өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық өсуін ынталандыру;
      7) шекара маңы аймақтары қалаларының арасындағы өзара іс-қимыл мен достық қатынастарды нығайту;
      8) денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру;
      9) шағын бизнесті дамытуға жәрдемдесу;
      10) дүлей апаттардың, өнеркәсіптік авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.

Негізгі қағидаттар

      1. Тараптар шекара маңы өңірлерінде орналасқан екі елдің кәсіпорындарын олардың коммерциялық қағидаттарына және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көтермелеуге ниетті.
      2. Тараптар инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударуға ниетті, өзара сауда, құрылыс мердігерлігі, кластерлер құрылысы, трансшекаралық туризмді, техникалық білімді, мәдени алмасуды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарайды.
      3. Тараптар шекара маңы аймақтарында екіжақты мүдделерді қарауға және шекара маңы аймақтарындағы артықшылықты нығайту, өзара пайдалы байланыстар мен мүдделерді тереңдету, ынтымақтастықтың ауқымы мен деңгейін арттыру, Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аумақтарында тұратын азаматтардың әл-ауқатын ұлғайту мақсатында екіжақты ынтымақтастықты ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге ниетті.

2. Трансшекаралық көліктік дәліздерді және шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын салуды күшейту

      Шекара маңы өңірлерінің кешенді көліктік коммуникациялық жүйесін жетілдіру мақсатында әртүрлі құралдарды пайдалану, шекаралық өткізу пункттері инфрақұрылымы объектілері құрылысын күшейту, ынтымақтастықты тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Өзара байланысты дәліздер құру

      Тараптар:
      1) «Достық-Алашанькоу», «Алтынкөл – Қорғас» теміржол өтпелерінің өткізу қабілетін ұлғайтуға; Қытай Халық Республикасы ШҰАА-ның Алтай және Тачен округтерін Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысына қосатын теміржол («Ұтыбұлақ – Зимұнай – Зайсан – Жаңғызтөбе», «Қарамай – Шығұшақ (Тачэн) – Аягөз» теміржолы) құрылысының мүмкіндіктерін зерделеуге;
      2) «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансшекаралық автомобиль магистралінің және басқа трансшекаралық автомагистральдар құрылысын ілгерілетуге;
      3) «Қазақстан-Қытай» газ құбырының 1-учаскесінің 3-желісінің, «Қазақстан-Қытай» газ құбырының 2-учаскесінің құрылысын және пайдаланылуын қамтамасыз етуге; мұнай құбырының өткізу қабілетіне сәйкес «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының 2-кезеңінің 2-кезегінің құрылысын қамтамасыз етуге;
      4) Қазақстан мен Қытайдың транзиттік-тасымалдау әлеуетін толық көлемде пайдалануға, трансшекаралық көліктік ынтымақтастықты белсенді дамытуға, «Алашанькоу» және «Қорғас» негізгі өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға және қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, көліктік тасымалдау көлемін ұлғайтуға, көліктік дәліз бойынша жүк тасымалдарының режимін оңтайландыруға;
      5) шекара маңы өңірлерінің авиация саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, «Алматы-Үрімжі», «Астана-Үрімжі» бағыттары бойынша тікелей рейстердің санын ұлғайтуға, жаңа рейстер ашу мүмкіндігін зерделеуге және екі елдің авиациялық кәсіпорындарының қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға;
      6) мультимодальдық (аралас) тасымалдарды дамытуға, сондай-ақ «Азия-Еуропа» бағытындағы тұрақты контейнерлі поездардың жеделдетілген өтуіне жағдайлар жасауға;
      7) Ляньюньган портында логистикалық терминал құру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ескере отырып, Тараптар Еуразиялық бағыттағы «Ляньюньган-Алашанькоу-Достық» және «Ляньюньган-Қорғас-Алтынкөл» көліктік қатынастарын дамытуға ниетті.

Негізгі шекаралық өтпелерді және олармен байланысты объектілерді жаңғыртуды жеделдету

      Тараптар:
      1) «Достық-Алашанькоу», «Қорғас-Хоргос» және «Бахты-Покиту» өткізу пункттерінің инфрақұрылымдық құрылысын жаңғыртуды жалғастыруға, кедендiк ресiмдеу саласында қызмет көрсетудің деңгейін арттыруға, адам ағыны мен жүк айналымын едәуір ұлғайтуға, кедендік қоймалар мен халықаралық логистикалық парктердің құрылысына қолдау көрсетуге;
      2) «Дулаттар-Қалжат» және «Майқапшағай-Зимұнай» мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға, олардың инфрақұрылымын салуды жалғастыруға;
      3) инспекциялық бақылау орындарының құрылысын, жарақталуын және жабдықталуын, инспекциялық, карантиндік, шекаралық және кедендік қызметтердің техникалық жасақталу деңгейінің және жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу арқылы карантиндік және кедендік қызметтің техникалық деңгейінің тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті.

3. Өнеркәсіптің жетекші салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету

      Шекара маңындағы аймақтардың табиғи ресурстарының айрықша ерекшеліктеріне, экономикалық өзара толықтыру және әлеуметтік-экономикалық даму қажеттілігіне, сондай-ақ ынтымақтастықты іске асыру шарттары мен мүмкіндіктеріне сәйкес Тараптар ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстарды игеру және өңдеу, қоршаған ортаны қорғау және құрылыс, энергетика, жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту

      1. Ауыл шаруашылығы Қазақстан мен Қытайдың шекара маңы өңірлерінің негізгі саласы болып табылады. Тараптар ауыл шаруашылығы ғылымы және технологиялар, ауыл шаруашылығы өнімдері мен басқа бағыттардағы салалардың қажеттіліктерін елеулі өзара толықтыра алады. Қытай тарапы Қазақстанда егіс алқабын суландыру инфрақұрылымын жақсартуға, ауыл шаруашылығы индустриясындағы технологиялар мен өндіріс деңгейін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімінің саудасына сұранысты кеңейтуге назар аударды. Тараптар осы салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін белсенді және тиімді шаралар қолдануға келісті.
      2. Тараптар мына салалардағы ынтымақтастыққа белсенді ықпал етуге ниетті:
      1) ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру саласындағы ынтымақтастықты ынталандыру, Қазақстан Республикасында үлгілі ауыл шаруашылығы базаларын бірлесіп құру үшін екі елдің кәсіпорындарын көтермелеу және ынталандыру;
      2) ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайту;
      3) элиталық, сұрыпты тұқымды таратуға, жануарлар мен өсімдіктерді санитариялық бақылау мен қорғау, батпақтанған жерлерді қалпына келтіру және қорғау, суды үнемдеу әдісімен жер қыртысын суландыру мен мелиорациялау, шегірткені бірлесіп жою мен ауыл және орман шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық алмасуды жүргізудің басқа да бағыттары;
      4) алқаптарды суландыру логистика және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін инфрақұрылым құрылысында ынтымақтастықты іске асыру;
      5) ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық саудасы үшін неғұрлым қолайлы ортаны қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерімен сауданы үдемелі кеңейту. «Бақты-Покиту» шекаралық өткізу бекетінде жасыл дәліз бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел өткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту. «Алтынкөл-Қорғас» шекара өткелінде жасыл дәліз бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел өткізу пунктін құрудың орындылығын зерделеу.
      3. Тараптар Тараптардың жер шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау және импорттау кезінде қауіпті аурулардың таралуын болдырмау бойынша күш салады.

Су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты нығайту

      1. Су ресурстарын басқару, тасқындарға қарсы алдын алу шаралары мен дүлей апаттардың салдарын азайту, суды тиімді үнемдеу салаларында ынтымақтастықты нығайту және технологиялармен алмасу, сонымен қатар өңірдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу.
      2. Өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін сақтау қағидаттарында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласында ынтымақтастықты нығайту.

Шөлейттенумен күресті нығайту

      1. Топырақтың шөлейттенуі шекара маңындағы өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Тараптар белсенді шаралар қабылдауға, шөлейттенумен күрес саласында ынтымақтастықты нығайтуға, шекара маңындағы аудандарда қорғауды ынталандыру мен қолайлы ортаны құруға, сондай-ақ тиісті ресурстарды тұрақты пайдалануға дайын.
      2. Тараптар мына салалардағы ынтымақтастықты белсенді ілгерілетуге ниетті:
      1) құмды (тұзды) дауылдардың алдын алу және тиісті шаң көздерін экологиялық реттеу шараларын күшейту;
      2) жасыл қорғау орман көшеттері мен басқа да объектілер жүйесін салу саласында ынтымақтастықты дамыту;
      3) темір және автокөлік жолдары бойындағы учаскелердің шөлейттенуінің алдын алу бойынша шараларды жетілдіру;
      4) өндіру және игеру аудандарындағы қалпына келтіру және фитомелиорация саласында, сондай-ақ басқа да салаларда алмасуды және ынтымақтастықты дамыту.

Тау-кен өндіру және өндіріс салаларындағы ынтымақтастықты дамыту

      1. Шекара маңындағы өңірлерде табиғи ресурстар саласындағы ынтымақтастықтың кең перспективалары бар. Тараптар белсенді шаралар қабылдауға және өз артықшылықтарын көрсетуге, кен өндіру өнеркәсібінде, өндеу мен өндіруде практикалық және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын.
      2. Тараптар мына салаларда ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті:
      1) мыс, мырыш, титан, алтын және басқа да пайдалы қазбаларды бірлесіп барлау және өндіру; балқыту құрылыстарын салу саласындағы ынтымақтастықты зерделеу және терең өндеу кәсіпорындарының өнімдерін өткізу және т.б.;
      2) электр-техникалық жабдықтау мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласында, сондай-ақ металлургия, құрылыс материалдары, тоқыма және басқа да салаларда мультимодальдық ынтымақтастықты дамыту;
      3) халал өнімін және күнделікті мұсылман тауарларын өндіру салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін белсенді зерделеу, өңірдің шегінен тыс нарықтарды бірлесіп игеру.

Энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту

      1. Қазақстан мен Қытайдың шекара маңы өңірлері энергетика саласында өзара толықтырылатын басымдықтарға ие. Ынтымақтастықтың қолайлы негізінің арқасында энергетика саласындағы жан-жақты ынтымақтастық болашақта тереңдейтін және кеңейтетін болады.
      2. Тараптар мына салалардағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті:
      1) Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының инфрақұрылымдық жобалары, оның ішінде құбыр салу жобалары;
      2) тас көмірді барлау, өндіру және пайдалану, сондай-ақ қажетті инфрақұрылыммен жинақтау;
      3) жаңартылатын энергия көздері;
      4) Қазақстан тарапы Қытай тарапымен көмір қабаттарынан метан өндіру, көмірден синтетикалық табиғи газ алу мен көмірді сұйылту салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндігін және тәжірибесін зерделейді.

Басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейту

      1. Тараптар шекара маңындағы өңірлердің өндіріс құрылымын оңтайландыру, салалық жүйені жаңғырту, өндіріс сұранысы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары технологиялы өндіріс саласында және өндірістік қызметтер көрсету салаларындағы ынтымақтастықты қарауға ниетті.
      2. Тараптар мына салаларда ынтымақтастықты белсенді ілгерілетуге ниетті:
      1) биомедицина, коммуникациялар, жаңа материалдар, энергия үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғау салаларында ынтымақтастықты нығайту, мамандармен және технологиялармен алмасу;
      2) тірек өткізу пункттерінде халықаралық логистикалық парктер салу, заманауи логистикалық жүйелер құру;
      3) жоғары технологиялық қызметтерді және коммерциялық қызметтерді көрсету.

4. Сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейін жоғарылату

      Қазақстан мен Қытайдың шекара маңындағы өңірлердің өндірістік және географиялық басымдықтарына сүйене отырып, Тараптар ынтымақтастықтың кластерлік аймағын құруға, құрылыс мердігерлігін және жұмыс күші нарығын өрістетуге, сауда ауқымын кеңейтуге, көрсетілетін қызметтер саласындағы сауданы дамытуды жеделдетуге және сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейін жан-жақты арттыруға ниетті.

Кластерлі ынтымақтастық аймақтарын құруды тездету

      1. Тараптар Қорғас арнайы экономикалық аймағын дамытуға сүйене отырып, «Қорғас» ШЫХО құрылысын ілгерілетуге және пайдалануға беруге инвестициялық ахуалға қолайлы жағдайлар жасауға және даму жағдайларын қалыптастыруға, сондай-ақ оны шекара маңындағы өңірлердің арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тірегіне айналдыруға ерекше ниет білдіреді. Инфрақұрылымдық құрылыстарды, қоғамдық инфрақұрылым объектілерін әлеуметтік қызмет көрсету секторын, өндірістік объектілерді және басқа да бағыттарды дайындау, өндірістік салалар мен сауда-коммерциялық логистиканы, коммерциялық көрмелерді, қаржылық көрсетілетін қызметтерді, туризмді дамытуға күш-жігерді шоғырландыру.
      2. Тараптар инвестицияларды ынталандыруда, өндірісті шоғырландыруда кластерлі парктердің рөлін белсенді дамытуға, кластерлі парктерді дамыту және басқару бойынша тәжірибе алмасу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, кластерлі парктерді басқарудың тиімді тетігін жасауды зерделеуге, шекара маңындағы экономикалық ынтымақтастықтың Қазақстан-Қытай аймағын, шекара маңындағы көліктік-логистикалық сауда аймағын және басқа да арнайы индустриялық парктерді құруда барлық күш-жігермен ынтымақтастықты күшейтуге, тікелей инвестицияларды жүзеге асыруда ірі кәсіпорындарды ынталандыруға ниетті.

Құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту

      Тараптар:
      1) құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік инфрақұрылымы, қала құрылысы, ірі объектілер құрылысы, энергетика объектілері, телекоммуникациялар, азаматтық ғимараттар құрылысы, егіс алқабын суландыру салаларында ынтымақтастықты нығайтуға;
      2) инженерлік консультациялар, инженерлік құрылыс және жобалық менеджмент мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту

      Тараптар:
      1) көлік жабдықтары, машина жасау, баламалы энергия саласындағы жабдықтар, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ басқа да жоғары технологиялық өнімдер мен қосылған құны жоғары тауарлар саласындағы сауда ауқымын кеңейтуге;
      2) шекара маңындағы сауданы дамытуды жылдамдатуға, шекара маңындағы аудандар тұрғындары үшін сауда орындары құрылысын жақсартуға; шекара маңындағы сауданы өңдеу, инвестициялар, сауда интеграциясы жағына ауыстыруға жәрдемдесуге;
      3) халықаралық тасымалдау, тауарлар мен адамдардың кеден арқылы өтуі, инспекция мен карантин, ақпарат алмасу саласында ынтымақтастықты нығайтуға, сауданың қолайлы режиміне жәрдемдесуге, сауда кедергілерін азайтуға және жоюға;
      4) техникалық мәселелер, медицина және денсаулық сақтау, ақпарат алмасу және басқа да көрсетілетін қызметтер жөніндегі консультацияларды дамытуды ілгерілетуге;
      5) кеден ісі саласындағы ынтымақтастық пен алмасуды нығайтуға, ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықты өрістетуге, кедендік ресімдеу кезінде рәсімдерді жеңілдетуге және қолайлы жағдайлар жасауға ниетті. Екіжақты сауда статистикасы, зияткерлік меншікті қорғау, кадрларды оқыту, екіжақты сауданы ынталандыру үшін тиісінше қолайлы жағдайлар жасау салаларында ынтымақтастықты жалғастыруға;
      6) инспекция және карантин, санитария және фитосанитария (SPS), саудадағы техникалық кедергілер (СТК) және санитариялық инспекция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шекара арқылы індеттің, эпизоотияның, эпифитотияның, паразиттердің, зиянды және улы заттардың таралуына, сондай-ақ талаптарға сай емес контрафактілік өнімдерді әкелудің және әкетудің жолын кесуге ниетті. Радиоактивтік заттарды, биологиялық қаруларды, улағыш заттарды анықтауды бақылауды күшейте отырып, өткізу пунктінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті.

5. Гуманитарлық саладағы алмасу мен ынтымақтастықты кеңейту

      Тараптар шекара маңындағы өңірлерде трансшекаралық туризм, ғылыми-техникалық білім беру, мәдени алмасу және басқа да гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға; өзара түсіністікті күшейтуге, өзара мойындауды ілгерілетуге және дамыту мақсатында бірлесе отырып өңірлік үйлесімді және достастық ахуалды қалыптастыруға ниетті.

Туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту

      Тараптар:
      1) шекара маңындағы өңірлердің туристік ресурстарына басты көңіл бөле отырып, мамандандырылған туристік бағыттар құруға, көрікті жерлерді аралау, демалу, шипажайлар, тауарлар сатып алу, сауық құру сияқты туристік өнімдерді бірлесіп дамытуға;
      2) туризм, туристердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шұғыл жағдайларды реттеу үшін қолайлы жағдай жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға;
      3) туристік өнімдер маркетингі, мамандандырылған туристік кадрларды даярлау және туристік ақпарат алмасу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту

      Тараптар:
      1) мүдделі мемлекеттік құрылымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен шекара маңындағы өңірлердің білім беру ұйымдарының арасында өзара мүдделілікті білдіретін білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жәрдемдесуге;
      2) ғылыми-зерттеу ынтымақтастығының дамуына қолдау көрсетуге;
      3) кәсіби даярлау мен адами ресурстарды игеру салаларындағы ынтымақтастық пен алмасуды жан-жақты нығайтуға, тілдік, коммерциялық, техникалық және әкімшіліктік пәнаралық мамандарды бірлесіп дамытуға;
      4) ғылым, технологиялар мен инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ технологияларды трансферттеу мен коммерцияландыруға, технологиялық даму бойынша тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге ниетті.

Мәдени алмасуды ынталандыру

      Тараптар:
      1) екі елдің шекара маңындағы өңірлерін мекендейтін халықтардың өзара мәдени байланысының артықшылығын толық көрсетуге, олардың мәдени алмасуына жәрдемдесуге;
      2) кино мен телевизия, баспа ісі, баспасөз, театр өнері, мәдени көрсетілетін қызметтер және мәдениет индустриясы сияқты салалардағы және басқа салалардағы Тараптардың ынтымақтастығын нығайтуға;
      3) «Қорғас» ШЫХО басты көңіл бөле отырып, көрме индустриясын дамытуға барынша күш салуға; халықаралық алаңға әсер ететін көрмелерді бірлесе ұйымдастыруға ниетті.

6. Қаржылық ынтымақтастық

      1. Тараптар, шекара маңындағы өңірлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету үшін қаржылық ынтымақтастықтың маңыздылығын атай отырып, екіжақты қаржылық ынтымақтастықты тереңдету бойынша белсенді әрі тиімді шаралар қабылдауға ниетті.
      2. Тараптар қаржыландырудың жаңа әдістері жасауға және екі елдің капитал нарықтарын тиімді пайдалануға ниетті. Тараптар, негізгі рөл – коммерциялық қаржылық құрылымдарға, ал қосымшасы – мемлекеттік қаржы институттарына берілетін алуан түрлі инвестициялық субъектілер әділ түрде қатысатын екіжақты қаржылық ынтымақтастық модельдерін әзірлеуге ниетті.
      3. Тараптар шекара маңындағы өңірлерді инвестициялау үшін кәсіпорындарды қолайлы қаржыландырумен қамтамасыз ету бойынша қаржы мекемелерін әртүрлі нысандарда көтермелеуге ниетті.
      4. Тараптар шекара маңындағы өңірлерді ынталандыруға және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ұлттық валютадағы өзара есеп айырысуды қолдануға ниетті.
      5. Тараптар қаржылық құрылымдарының екіжақты алмасуы мен ынтымақтастығын ілгерілетуге, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қаржылық құрылымдардың филиалдарын өзара құруды көтермелеуге ниетті.

7. Қамтамасыз ету шаралары

      1. Тараптардың инвестициялық ахуалды жақсарту екіжақты ынтымақтастықты ынталандыру үшін маңызды мәнге ие деген пікірі ортақ.
      2. Тараптар келісу рәсімдерін оңайлату, жоспарлауды және басшылықты күшейту, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету арқылы екі ел кәсіпорындарын бір-бірімен ынтымақтастықты орнату үшін және бірлескен немесе жеке кәсіпорындарды ашу үшін ынталандыруға өзара инвестициялауды ынталандыруға, инвесторлардың мүдделерін сақтауға ниетті.
      3. Тараптар инвестициялық ақпарат алмасуды нығайтуға, инвестициялық саясат, инвестициялық мүмкіндіктер, негізгі салалар, сондай-ақ жобалар бойынша ақпарат беруге және т.б. ниетті.
      4. Тараптар шекара маңы өңірлерінде құқықтық консультациялар беру және тиісті жағдай жасау жөніндегі кәсіпорындардың, сондай-ақ қаржылық құрылымдардың филиалдарын ашуды көтермелеуге және қолдауға немесе жергілікті құрылымдармен ынтымақтастықты орнатуға ниетті.
      5. Тараптар шекара маңы өңірлерінің ашықтығын қолдау үшін Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес кіру мен шығуға арналған неғұрлым ыңғайлы әкімшілік бақылауды іске асыруға бірлесе күш салуға ниетті.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті аталған Бағдарламаның іске асырылуын бұдан әрі үйлестіретін уәкілетті органдар болып табылады.
      Тараптардың екіжақты келісімімен, ынтымақтастық қызметтің нәтижесіне сәйкес осы Бағдарламаға қажетті түзетулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      2015 жылғы «__»__________ ____________, екі данада, қазақ, орыс және қытай тілдерінде қол қойылды.

      Қазақстан Республикасының        Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады