Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және бағалау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1068 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 297 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.04.2023 № 297 қаулысымен.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және бағалау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1068 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және бағалау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.07.2018 № 475 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және бағалау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын (бұдан әрі – меморандум) әзірлеуге және бағалау жүргізуге қойылатын бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін әзірленді.

      3. Меморандум Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру үшін әзірленеді және мемлекеттік органның бірінші басшысы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі жоспарлы кезеңде қол жеткізуді (орындауды) қамтамасыз етуге міндеттенетін түйінді нысаналы индикаторларды қамтиды.

      4. Түйінді нысаналы индикаторлар азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін арттыруға бағдарланатын және әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзгерістерді көрсететін негізгі индикаторларды көрсетеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу тәртібі

      5. Меморандумды Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар) әзірлейді.

      6. Мемлекеттік органдар жыл сайын ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасына дейін кезекті қаржы жылына арналған меморандумдардың жобаларын әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келісуге жібереді.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдар меморандумдарының жобаларын Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейдегі құжаттарына сәйкес келуі тұрғысынан олардың түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарайды.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісу хаттары қоса берілген мемлекеттік органдар меморандумдарының жобалары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бекітуі үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне екі данада енгізіледі.

      7. Жергілікті атқарушы органдар ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасына дейін кезекті қаржы жылына арналған меморандумдардың жобаларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мүдделі мемлекеттік органдарға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ілеспе хаттармен келісуге жібереді.

      Мүдделі мемлекеттік органдар және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдар меморандумдарының жобаларын Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейдегі құжаттарына сәйкес келуі тұрғысынан түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарайды.

      Мүдделі мемлекеттік органдардың және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісу хаттары қоса берілген жергілікті атқарушы органдар меморандумдарының жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бекітуі үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне екі данада енгізіледі.

      Мүдделі мемлекеттік органдардың келісу хаттарында меморандумдар жобаларының түйінді нысаналы индикаторларының жоспарлы мәндері туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      8. Меморандум осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленеді.

      9. Жоспарланған жылдың түйінді нысаналы индикаторының мәні ағымдағы жылдың болжамды мәнінен нашарлаған жағдайда, меморандумның жобасына түйінді нысаналы индикаторлар бөлінісінде меморандумның түйінді нысаналы индикаторлары бойынша нашарлау негіздемесі қоса беріледі.

      10. Мемлекеттік органның меморандумына бірінші басшы, жергілікті атқарушы органның меморандумына тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі қол қояды.

      11. Меморандумды әзірлеу сапасы мен мүдделі мемлекеттік органдарға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға уақтылы енгізу үшін, сондай-ақ оның іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділілігі үшін жауапкершілік меморандумды әзірлеуші мемлекеттік органға/жергілікті атқарушы органға жүктеледі.

      Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың меморандумдарының жобаларын уақтылы және сапалы келісу үшін жауапкершілік меморандум жобасын келісуге қатысатын мемлекеттік органдарға/жергілікті атқарушы огандарға жүктеледі.

      12. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелері мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар меморандумының алдыңғы жылы орындалу қорытындылары туралы есептің негізінде жоспарланған жыл меморандумының түйінді нысаналы индикаторларына қол жеткізудің сабақтастығына, негізділігіне, нақтылығына және алдыңғы жылмен және тиісті стратегиялық құжаттармен өзара байланысына талдау жүргізеді.

      Ескертулер болмаған жағдайда меморандумдар жобалары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бекітуіне енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі ескертулер болған жағдайда, талдау нәтижелерін және меморандумның жобасы бойынша ұсыныстарды түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға одан әрі пысықтау үшін жібереді.

      13. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар меморандумның жобасын бес жұмыс күні ішінде пысықтайды, қол қояды және ілеспе хатпен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бекітуі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне қайта енгізеді.

      Меморандум республикалық бюджет туралы заңға қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде бекітіледі.

      14. Мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның меморандумдарына мынадай:

      1) елдің әлеуметтік-экономикалық болжамы өзгерген;

      2) республикалық және жергілікті бюджеттің параметрлері өзгерген жағдайларда жылына бір рет ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасынан кешіктірмей өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге жол беріледі.

      Мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның меморандумдарына мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның функциялары мен құрылымы өзгерген жағдайда қосымша өзгерістер мен толықтыруларды тиісті жағдай басталғаннан кейін бір ай мерзімде енгізуге қосымша жол беріледі.

      Мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның меморандумына өзгерістер мен толықтыруларды енгізу кезінде осы Қағидаларда белгіленген талаптар сақталады.

      15. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар меморандум бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде бекітілген меморандумдарды (құпия сипаттағы және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қоспағанда) мемлекеттік органның/жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын бағалау тәртібі

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын бағалау (бұдан әрі – бағалау) мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары қызметінің нәтижелерін елдің немесе өңірдің экономикасын дамытуға ықпал ететін мемлекеттік органның/жергілікті атқарушы органның меморандумының түйінді нысаналы индикаторларына қол жеткізілу бойынша объективті бағалау болып табылады.

      17. Меморандумды бағалауды жыл сайын есепті жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      18. Мемлекеттік органдар есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейінгі мерзімде бірінші басшының қолы қойылған меморандумның орындалуы туралы есепті талдамалық жазбамен бірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне ұсынады және оларды (құпия сипаттағы және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қоспағанда) мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырады.

      Жергілікті атқарушы органдар есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейінгі мерзімде әкімнің қолы қойылған меморандумның орындалуы туралы есепті талдамалық жазбамен бірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне ұсынады және оларды (құпия сипаттағы және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қоспағанда) жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.

      19. Талдамалық жазбада:

      1) меморандумның барлық түйінді нысаналы индикаторлары бойынша ақпарат;

      2) түйінді нысаналы индикаторлардың жоспарланған және нақты мәні, сондай-ақ оларға қол жеткізілмеу және артық орындалу себептері;

      3) түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізілмеген жағдайда елдің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы ақпарат қамтылады.

      20. Меморандумның орындалуының қорытындысы туралы есепте:

      1) мемлекеттік органның/облыстың, қаланың атауы;

      2) түйінді нысаналы индикатордың атауы;

      3) өлшем бірлігі;

      4) түйінді нысаналы индикатордың есепті жылдағы жоспарлы мәні;

      5) түйінді нысаналы индикатордың нақты мәні;

      6) түйінді нысаналы индикатордың орындалу коэффициенті қамтылады.

      21. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымдық бөлімшелері құзыреті бойынша мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың есептерін талдау негізінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша меморандумдардың іске асырылуын бағалау жөніндегі қорытындыларды қалыптастырады және есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қарауына ұсынады.

      22. Бағалау жөніндегі қорытындыда:

      1) түйінді нысаналы индикатордың атауы;

      2) өлшем бірлігі;

      3) есепті жылдағы түйінді нысаналы индикатордың жоспарлы мәні;

      4) түйінді нысаналы индикатордың нақты мәні;

      5) түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті;

      6) айыппұл балдары (25 %-дан аса артық орындалған жағдайда);

      7) қорытынды коэффициент;

      8) түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізудің қорытынды балл;

      9) айыппұл балдары ескерілген жалпы қорытынды балл;

      10) тұжырымдар қамтылған.

      Тұжырымдарда меморандумның іске асырылу тиімділігінің дәрежесі туралы ақпарат қамтылады.

      23. Бағаланатын мемлекеттік органдардың немесе жергілікті атқарушы органдардың меморандумдарының іске асырылу тиімділігінің дәрежесі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес меморандумның іске асырылу тиімділігінің дәрежесі диапазондарының шкаласына сәйкес бағалаудың жалпы қорытынды балына сәйкес айқындалады.

      24. Жалпы қорытынды балл түйінді нысаналы индикаторларға қорытынды қол жеткізу коэффициенттерінің 100-ге көбейту және айыппұл балдарын шегеру арқылы есептеледі.

      Түйінді нысаналы индикаторға қорытынды қол жеткізу барлық түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізу коэффициенттерінің орташа арифметикалық мәні арқылы айқындалады.

      Егер түйінді нысаналы индикатор серпінінің сипаты оң болса, меморандумда көзделген әрбір түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті нақты орындалудың жоспарланған мәніне арақатынасы арқылы есептеледі. Егер түйінді нысаналы индикатор серпінінің сипаты теріс болса, меморандумда көзделген әрбір түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті жоспарланған мәннің нақты орындалуға арақатынасы арқылы есептеледі.

      Егер түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті бірліктен көп болса, қол жеткізу коэффициенті бірлікке теңеледі.

      Егер түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті бірліктен аз болса, түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізудің нақты коэффициенті ескеріледі.

      Есепті жыл ішінде түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша нақты деректер болмаған жағдайда, есепті жылдың алдын ала деректері ескеріледі.

      Түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізілмеген кезде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының өзгеруіне байланысты жағдайларда нақтыланған болжаммен салыстырғандағы түйінді нысаналы индикатордың нақты мәні есепке алынады.

      Айыппұл балдары түйінді нысаналы индикатордың жоспарланған мәні 25 % артық орындалған кезде қолданылады. Егер түйінді нысаналы индикатор бойынша нақты мәннің жоспарланған мәннен 25 %-ға артық орындалғаны байқалса, онда жоспарланған мәндердің артық орындалуының әрбір тіркелген фактісі үшін 0,2 айыппұл балын шегеру жүргізіледі.

      25. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бағалау жүргізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға меморандумның іске асырылуын бағалау қорытындысын жібереді.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің құрылымына кіретін
мемлекеттік органның,
облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың
жергілікті атқарушы органының
меморандумын әзірлеу және
бағалау қағидаларына
1-қосымша
Нысан
 
  Бекітемін
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
(Аты, әкесінің аты (бар болған
жағдайда), тегі
20__ жылғы "__"_________

МЕМОРАНДУМ

      ___________________________________________________________________

      министрі/әкімі,

      (мемлекеттік органның/облыстың, қаланың атауы)

      _________________________________________________________________________

      (мемлекеттік орган басшысы/облыс, республикалық маңызы бар қаланың, астана әкімінің А.Ә.Т.)

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 62-бабының 6-тармағын басшылыққа ала отырып, жоспарланатын қаржы жылында:

      1) мынадай түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізуге:

Р/с №

Түйінді нысаналы индикатордың атауы

Ақпарат көзі

Өлшем бірлігі

Алдыңғы жыл бойынша нақты мәні

Ағымдағы жылдың болжамды (бағалау) мәні*

Жоспарлы жылға арналған жоспарлы мән

1

2

3

4

5

6

7

1.







      2) мемлекеттік органның/жергілікті атқарушы органның меморандумында көзделген түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізуге (орындауға) бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауға міндеттенеді.

      (мемлекеттік органның бірінші

      басшысы/облыс/қала әкімі)

      ___________________________________________

      (аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тегі, қолы

      Мөр орны Күні

      *ағымдағы жылдың болжамдық мәні ағымдағы кезеңде қол жеткізілген түйінді индикатордың тиісті мәніне және қолда бар алғышарттарды ескере отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін қол жеткізуді бағалауға негізделіп қалыптастырылады

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің құрылымына кіретін
мемлекеттік органның,
облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың,
астананың жергілікті атқарушы
органының меморандумын
әзірлеу және бағалау
қағидаларына
2-қосымша
Нысан

_____________________________________________________ 20__ қаржы жылы бойынша меморандумның іске асырылуын бағалау жөніндегі (мемлекеттік органның/облыстың, қаланың атауы) қорытынды

      20__ жылы ___________________________________________________

      жасалған меморандум ___ түйінді нысаналы индикаторды қамтиды,

      ___________ жылдың нәтижелері бойынша ________қол жеткізілді және _______қол жеткізілген жоқ.

      (саны) (саны)

      1. Жүргізілген талдауға сәйкес 20__ жылы мынадай түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізілді/қол жеткізілген жоқ:

Р/с

Түйінді нысаналы индикатордың атауы

Өлшем бірлігі

20__ жылға арналған жоспарлы мәні

Нақты мәні

Түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізу коэффициенті

Айыппұл балдары (25 %-дан артық орындалған жағдайда)

1

2

3

4

5

6

7

1.







Қорытынды коэффициент:

Түйінді нысаналы индикаторға қол жеткізудің қорытынды балы:

Айыппұл балдарын шегеруді есепке алғандағы жалпы балл:

      2. Тұжырымдар

      _____________________________________________меңгерушісі

      ___________________________(аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тегі, қолы)

      (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі

      құрылымдық бөлімшесінің атауы)

      Күні

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің құрылымына кіретін
мемлекеттік органның,
облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың,
астананың жергілікті атқарушы
органының меморандумын
әзірлеу және бағалау
қағидаларына
3-қосымша

Меморандумның іске асырылу тиімділігінің дәрежесі диапазондарының шкаласы

Меморандумды бағалаудың балдағы диапазоны

Рейтинг

бастап

дейін

90

100

меморандумның іске асырылу тиімділігінің жоғары дәрежесі

70

89,99

меморандумның іске асырылу тиімділігінің орташа дәрежесі

50

69,99

меморандумның іске асырылу тиімділігінің төменгі дәрежесі

49,99 төмен

меморандумның іске асырылу тиімділігінің тиімсіз дәрежесі


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады