Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1114 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 30 қыркүйекте Атырауда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1114 қаулысымен      
бекітілген          

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы
КЕЛІСІМ

(2016 жылғы 19 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 7-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабына сәйкес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкіметтері басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      Весенне-Аралчинское кен орнында шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Терминдер мен анықтамалар

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      «шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақ» – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны тікелей бойлай құрлықпен және өзеннің жағалау сызығымен тікелей өтетін, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны тиісінше күтіп-ұстаумен, инженерлік және өзге де құрылыстарды тұрғызуға қажетті ені 30 метрлік жер алабы;
      «жергілікті өзін-өзі басқару органдары» – Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімдігі және Ресей Федерациясының Орынбор облысы «Домбаров ауданының» муниципалдық құрылымы;
      «өтпелі аймақ» – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында орналасқан, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақпен тікелей шектесіп жатқан және шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ені 70 метрлік жер алабы;
      «шекара маңындағы аумақ» – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекарасына шектесіп жатқан және шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақты қоспағанда, өзіне пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын қамтитын Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысы Хромтау ауданының және Ресей Федерациясының Орынбор облысы Домбаров ауданының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы аумақ;
      «жобалау құжаттамасы» – пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнындағы пайдалы қазбаларды өндіру және геологиялық зерделеу, барлау жөніндегі техникалық, экологиялық, экономикалық жағдайларды технологиялық көрсеткіштерді негіздейтін және белгілейтін жобалау құжаттары;
      «рұқсат беруші құжаттама» – шекара маңы аумағында шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес қажетті лицензиялар, рұқсаттар және өзге де құжаттар;
      «пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орны» – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін, Ресей Федерациясы аумағындағы Орынбор облысы Домбаров ауданының Домбаров кентінен оңтүстікке қарай 14 км және Қазақстан Республикасы аумағындағы Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 222 км жерде орналасқан мыс-колчеданды кендердің Весенне-Аралчинское кен орнын қамтитын жер қойнауының учаскесі;
      «уәкілетті ұйым»:
      – Қазақстан Республикасы тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы берілген және барлау мен өндіруге келісімшарт жасалған ұйым;
      – Ресей Федерациясы тарапынан Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясы аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнын пайдалану құқығы және жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген ұйым;
      «уәкілетті мемлекеттік органдар» – құзыретіне осы Келісім ережелерін іске асыру кіретін Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдары;
      «шекара маңындағы аумақтағы шаруашылық қызмет» – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтпей жүзеге асырылатын және жер қойнауы учаскесін геологиялық зерттеу жөніндегі, пайдалы қазбаларды барлау, жайластыру объектілері мен инфрақұрылымды құру, кен өндіруші кәсіпорынды пайдалану, жарылғыш жұмыстарды жүргізу, пайдалы қазбалар кен орнын игерудің техникалық жобасының талаптарына сәйкес кен өндіру, өндірілген кенді тасымалдау және бастапқы өңдеу, жайластыру объектілері мен инфрақұрылымды, кен өндіруші кәсіпорынды тарату және консервациялау жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ жер асты және ашық кеніштердің шаруашылық қызметін қамтамасыз ету жөніндегі барлық өзге де жұмыстарды қоса алғанда, Весенне-Аралчинское кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіруге байланысты жұмыстар кешені.

2-бап
Осы Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында мыс-колчедан кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақтағы шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу болып табылады.

3-бап
Шаруашылық қызметті жүзеге асыру қағидаттары

      Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру қағидаттары:
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауға және шекара органдарының міндеттерін орындауға кедергілердің жасалуына жол бермеу;
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараның аумақтық тұтастығы және беріктігі;
      жер қойнауын ұтымды пайдалану және қорғау;
      шаруашылық қызметті рұқсат беруші және жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асыру;
      шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде зиян келтіргені үшін уәкілетті ұйымдардың материалдық жауапкершілігі болып табылады.

4-бап.
Уәкілетті ұйымдар

      Уәкілетті ұйымдар:
      Қазақстан Республикасы тарапынан – «Актюбинская медная компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
      Ресей Федерациясы тарапынан – «Ормет» жабық акционерлік қоғамы болып табылады.
      Уәкілетті мемлекеттік органдар уәкілетті ұйымдарды ауыстыру туралы бір-біріне ауыстыру болжалынған күнге дейін кемінде 6 ай бұрын хабарлайды.

5-бап
Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері

      Жобалау құжаттамасын, инфрақұрылым объектілері құрылысының, кен өндіруші кәсіпорынды пайдаланудың, кен өндіруші кәсіпорынды таратудың және консервациялаудың, су шаруашылығы объектілерін пайдаланудың жобаларының, сондай-ақ барлық өзге де жобалау құжаттарын уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес бір-бірінен тәуелсіз дайындайды және 1999 жылғы 13 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттері үшін өзара мүдделі саналатын құрылыс жобаларының мемлекетаралық сараптамасы туралы келісімде көзделген мемлекетаралық сараптамаға жатпайды. Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнының жер асты кеніштерін мен өндірістік инфрақұрылымын бірінші санатты электрмен жабдықтаумен және авариясыз газбен жабдықтаумен қамтамасыз етуге инвестицияларды оңтайландыру мақсатында уәкілетті ұйымдардың Тараптар мемлекеттерінің тиісті ресурстарды шекара маңындағы аумаққа жеткізу үшін электрмен жабдықтаушы және газбен жабдықтаушы ұйымдармен тікелей шарттар жасасуға құқығы бар.
      Өтпелі аймақ шегіндегі шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті шекара маңындағы аумақтың шегіндегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы қорытынды құжат күшіне енгеннен кейін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті ұйымдары жүзеге асыра алады.

6-бап
Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу

      Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде уәкілетті ұйымдар қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді, оның нәтижелері туралы өз мемлекетінің уәкілетті мемлекеттік органдарын жыл сайын хабардар етеді.
      Мониторинг нәтижесінде анықталған шекара маңындағы аумақта қоршаған ортаның жай-күйін күрт нашарлаған жағдайда, уәкілетті ұйымдар анықталған жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі шұғыл шараларды қабылдайды және өз мемлекетінің уәкілетті мемлекеттік органдарын анықталған ахуалдар, қабылданған шаралар мен олардың нәтижелері туралы хабардар етеді.

7-бап
Жару жұмыстарын жүргізу тәртібі

      Уәкілетті ұйымдар шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізудің кестесін жару жұмыстарын жүргізу орнын, күні мен уақытын көрсете отырып, 60 күндік кезеңге жасайды.
      Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізудің жоспарланып отырған күніне дейін кемінде 40 күн бұрын мерзімде уәкілетті ұйымдар бір-бірін, Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жару жұмыстарын жүргізу кестесінде көрсетілген жару жұмыстарын жүргізудің орны, күні мен уақыты туралы хабардар етуге міндетті.
      Кестеде көрсетілген күні жару жұмыстарын жүргізудің техникалық немесе ұйымдастырушылық мүмкіндіктері болмаған жағдайда, ол кестеде көрсетілген басқа күн мен уақытқа ауыстырылады.
      Жару жұмыстарын жүргізудің болмайтындығы және оның ауыстырылғаны тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының шекара органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары туралы хабардар етіледі.
      Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті ұйым тиісті қауіпсіздік шараларын, оның ішінде, жұмыстар аймағын оқшаулауды, өз мемлекетінің шекара маңындағы аумағында және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей, екінші Тарап мемлекетінің аумағында қауіпсіз арақашықтық аймағының шегіне дейінгі жару жұмыстары аймағында тұратын азаматтарды хабардар етуді қамтамасыз етуге міндетті.
      Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге арналған барлық шығындарды уәкілетті ұйым – жару жұмыстарын жүргізудің бастамашысы көтереді.
      Шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жару жұмыстарын жүргізетін уәкілетті ұйымдардың әрқайсысы Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында көзделген рұқсат беру құжаттамасын алуға не қажетті рұқсат беру құжаттамасы бар мердігер ұйыммен көрсетілген жұмыстарды жүргізуге шарт жасасуға міндетті.

8-бап
Шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақтағы шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері

      Трансшекаралық кен орнында пайдалы қазбаларды өндіру шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймаққа дейін жүргізіле алады.
      Шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақ шегінде пайдалы қазбаларды геологиялық зерделеу, барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.

9-бап
Геологиялық ақпаратты ұсыну

      Уәкілетті мемлекеттік органдардың пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында жұмыстар жүргізу үшін қажетті геологиялық ақпаратты уәкілетті ұйымдарға ұсынуы Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Пайдалы қазбалардың трансшекаралық кен орнында жұмыстар жүргізу кезінде алынған геологиялық және жер қойнауы туралы өзге де ақпаратты уәкілетті ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құпиялылығы қамтамасыз етілуі тиіс Тараптар мемлекеттерінің геологиялық ақпарат қорларына толық көлемде сақтауға ұсынады.

10-бап
Шекара маңындағы аумақта мемлекеттік шекара режимін сақтау

      Шекара маңындағы аумақта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара режимінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті ұйымдар халықаралық шарттар мен Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасының мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз етумен байланысты барлық талаптарын орындай отырып, Тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарындағы және шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынған аймақта Тараптар мемлекеттерінің шекара органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

11-бап
Тексерулер (инспекциялар) жүргізу

      Тараптардың әрқайсысының уәкілетті ұйымдарының тексеру (инспекция) жүргізуі Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес инспектордың құқықтары мен міндеттері берілмеген бақылаушы мәртебесіндегі екінші Тараптың уәкілетті мемлекеттік органы өкілінің ықтимал қатысуымен жүзеге асырылады.

12-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар өзара консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

13-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісімде реттелмеген бөлігінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асырумен байланысты мәселелер Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасымен реттеледі.
      Тараптар осы Келісімнің іске асырылуына жауапты уәкілетті мемлекеттік органдардың тізімдерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

14-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісімнің қолданысы бір Тарап екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

      201 __ жылғы __________________________ қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының          Ресей Федерациясының
              Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады