Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия
Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара
құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы
2015 жылғы 3 қарашада Лондонда жасалған Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия
Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара
құқықтық көмек туралы
ШАРТ
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі (бұдан әрі «Мемлекеттер» деп аталады),
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету арқылы тергеуде, қылмыстық қудалауда және қылмыстардың жолын кесуде Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,
адам құқықтары мен заң үстемдігін ЛАЙЫҚТЫ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
сот талқылауын бейтарап соттың қарауы құқығын қоса алғанда, айыпталушы адамның заң негізінде белгіленген әділетті сот талқылауына құқығын көздейтін өзінің құқықтық жүйелеріне сәйкес кепілдіктерді ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Көмек көлемі
1. Мемлекеттер осы Шарттың ережелеріне сәйкес, сондай-ақ өзінің ішкі заңнамасын ескере отырып, қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ қылмыстық істермен байланысты сот және соттан тыс рәсімдер бойынша тергеуде және қылмыстық қудалауда бір-біріне өзара құқықтық көмек көрсету бойынша барлық мүмкін болатын көмегін көрсетуге міндеттенеді.
2. Көмек:
(а) адамдардан айғақтарды немесе арыздарды алуды;
(b) банк жазбаларын қоса алғанда, айғақтық маңызы бар құжаттарды, материалдарды және заттарды беруді;
(с) құжаттарды тапсыруды;
(d) тінтуді және алып қоюды;
(е) қылмыстық жолмен алынған кірістер мен құралдарды шектеуді және тәркілеуді, оның ішінде қылмыстық істермен байланысты деп болжамданған мүлікпен мәміле жасауға шектеу қоюды немесе активтерді оқшаулауды;
(f) адамдардың тұрған жерін табуды және сәйкестендіруді;
(g) адамдардың өздері келуіне көмек көрсетуді;
(h) қамауда отырған адамдарды куәгерлер ретінде келу үшін уақытша беруді жүзеге асыруды;
(і) активтерді осы Шартқа және Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес қайтаруды;
(j) активтерді осы Шартқа және Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес бөлуді; және
(k) орталық органдар арасындағы келісілуі мүмкін басқа да көмектерді қамтиды.
3. Сұрау салуда көрсетілген әрекет екі Мемлекеттің де ішкі заңнамасына сәйкес жазаланатынына қарамастан көмек көрсетіледі. Сұрау салу тінтуді жүзеге асыру және айғақтарды алу, ордерлерді беру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді шектеу немесе тәркілеу мақсатында жіберілсе, Сұрау салынатын Мемлекет көмекті өзінің ішкі заңнамасына сәйкес көрсете алады.
2-бап
Көмектен бас тарту немесе кейінге қалдыру үшін негіздер
1. Егер:
(а) Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуды орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін немесе өзге де жолдармен оның ішкі заңнамасына үйлеспейді деп санаса; немесе
(b) қылмыс Сұрау салынатын Мемлекетпен саяси сипаты бар деп қаралса немесе тек қана әскери заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылса; немесе
(с) көмек көрсету туралы сұрау салу адамды оның нәсілі, жынысы, сексуалдық бағдары, діни нанымы, ұлты, этикалық шығу тегі немесе саяси көзқарасы себептері бойынша тергеу, қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жіберілді немесе осы себептердің кез келгені бойынша сол адамның жағдайына нұқсан келтірілуі мүмкін деп санауына елеулі негіздер болса; немесе
(d) сұрау салу қылмыстық қудалау қосарлы жазалау (ne bin in idem) мүмкін болмауы себебінен Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасымен үйлеспейтін қылмысқа қатысты болса; немесе
(е) көмек көрсету Сұрау салынатын Мемлекетте тергеуге немесе қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін немесе кедергі келтіруі мүмкін болса немесе кез келген адамның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін болса, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
2. Көмек көрсетуден банктік құпия және ұқсас қаржылық институттардың құпиясы немесе қылмыс фискалдық мәселелермен де байланысты деп есептелуі негізінде ғана бас тарта алмайды.
3. Егер сұрау салуды дереу орындау Сұрау салынатын Мемлекеттегі кез келген ағымдағы қылмыстық талқылауға кедергі келтіруі мүмкін болса, Сұрау салынатын Мемлекет оны орындауды кейінге қалдыра алады.
4. Көмек көрсету туралы сұрау салуды қанағаттандырудан бас тартылғанға дейін Сұрау салынатын Мемлекет көмекті белгілі бір шарттарда көрсетуге болатындығын қарауға тиіс. Егер Сұрау салушы Мемлекет көмекті осы бапқа сәйкес белгіленген шарттарда қабылдаса, онда ол осындай шарттарға сәйкес болуға тиіс.
5. Егер Сұрау салынатын Мемлекет көмектен бас тартса немесе оны кейінге қалдырса, онда ол бас тартудың немесе кейінге қалдырудың негіздерін Сұрау салушы Мемлекетке дереу хабарлайды.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Мемлекеттер айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Құрама Корольдік үшін сұрау салуларды жіберу мақсатында орталық органдар:
(а) Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы; немесе
(b) Лорд Адвокат (Шотландияға қатысты мәселелер бойынша) болып табылады.
3. Құрама Корольдік үшін сұрау салуларды алу мақсатында орталық органдар:
(а) Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы; немесе
(b) Ұлы Мәртебелінің Кірістері мен Кедені (салық мәселелеріне қатысты мәселелер бойынша); немесе
(с) Лорд Адвокат (Шотландияға қатысты мәселелер бойынша) болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы үшін орталық орган Бас прокуратура болып табылады.
5. Мемлекеттер кез келген уақытта осы Шарттың мақсаттары үшін орталық орган ретінде кез келген басқа органды тағайындай алады.
Мұндай тағайындау туралы хабарлама дипломатиялық ноталар алмасу арқылы жүзеге асырылады.
4-бап
Сұрау салулардың нысаны, тілі және мазмұны
1. Көмек туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады. Егер Сұрау салынатын Мемлекет өзгеше келіспесе, берілген сұрау салуды алған кезден бастап отыз (30) жұмыс күні ішінде оның түпнұсқасы табыс етілетін жағдайда, көмек туралы сұрау салу факс немесе электрондық пошта арқылы берілуі мүмкін.
2. Сұрау салуда мыналар:
(а) сұрау салуды жіберуге қатысты іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның атауы мен мекенжайы;
(b) мақсаты үшін сұрау салу жіберілген іс жүргізудің мәні мен сипаты;
(с) қолданылатын жазаны (оның ішінде тиісті заңнаманың немесе кодекстің көшірмесін) қоса алғанда, сұрау салуға қатысы бар қылмыстың сипаттамасы;
(d) сұрау салуға негіз болған ақпараттың қысқаша баяндамасы;
(е) айғақтардың немесе басқа сұратылып отырған көмектің сипаттамасы;
(f) айғақтардың немесе өзге көмектің сұратылу мақсаты; және
(g) сұрау салуды орындауда күтілетін кез келген мерзімнің көрсетілуі қамтылуға тиіс.
3. Сұрау салуда қажет болуы және мүмкін болуы дәрежесіне қарай:
(а) айғақтар алынуы қажет кез келген адамның жеке басы туралы мәліметтер, туған күні, азаматтығы мен орналасқан жері және осы адамның тергеуге/талқылауға қатысы;
(b) тапсыру жүргізілуі қажет адамның жеке басы туралы мәліметтер, туған күні, азаматтығы және орналасқан жері, осы адамның талқылауға қатысы және тапсыру жүргізілуі тиіс тәсілі;
(с) айғақтар алу қажет кез келген басқа заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері туралы мәліметтер және осы тұлғаның тергеуге/талқылауға қатысы;
(d) іздеп табу қажет адамның жеке басы және орналасқан жері туралы қолда бар ақпарат және осы адамның тергеуге/талқылауға қатысы;
(е) тінту жүргізу қажет орынның дәл сипаттамасы, сондай-ақ тергеу/талқылау үшін алынуға жататын заттардың сипаттамасы, мәні мен маңыздылығы;
(f) кез келген айғақтар немесе арыздар қандай жолмен алынуы және тіркелуі қажет екендігі туралы сипаттама;
(g) адамға қойылуы тиіс сұрақтардың тізбесі;
(h) сұрау салуды орындау кезінде сақталуы тиіс қандай да бір нақты рәсімдердің сипаттамасы;
(і) Сұрау салушы Мемлекеттің аумағына шақырылатын адамның құқығы бар төлемдер мен шығыстарды өтеу туралы ақпарат;
(j) құпиялылық талаптары; және
(k) сұрау салуды орындауды жеңілдету үшін Сұрау салынатын Мемлекеттің назарына жеткізілуі мүмкін кез келген басқа ақпарат қамтылуға тиіс.
4. Осы Шарттың 13-бабында (Адамдардың Сұрау салушы Мемлекетке келуі) немесе 14-бабында (Күзетпен ұсталып отырған адамдарды беру) көзделгендей, сұрау салу адамның Сұрау салушы Мемлекетке келуіне қатысты болса, сұрау салуда, егер мұндай бар болса, адамға оның Сұрау салушы Мемлекетте болу кезінде берілетін иммунитет деңгейі туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
5. Егер Сұрау салынатын Мемлекет сұрау салуда қамтылған ақпаратты осы Шарттың мақсаттары үшін жеткіліксіз деп санаса, онда ол Мемлекет Сұрау салушы Мемлекеттен қосымша ақпаратты беруді сұрата алады.
6. Барлық сұрау салулар, оларға қоса берілетін құжаттар және осы Шартқа сәйкес дайындалған кез келген хабарламалар, Сұрау салынатын Мемлекеттің ресми тіліне аудармасын қоса бере отырып, ағылшын тілінде немесе Сұрау салушы Мемлекеттің ресми тілінде жасалады.
5-бап
Сұрау салуларды орындау
1. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы сұрау салуды дереу орындауға күш-жігерін салады немесе өзінің құзыретті органдарымен оның орындалуын ұйымдастырады.
2. Орталық орган Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес және өзінің ішкі заңнамасында тыйым салынбаған дәрежеде Сұрау салушы Мемлекет көрсеткен тәртіппен сұрау салудың тез орындалуын қамтамасыз етуге ұмтылады.
3. Сұрау салынатын Мемлекет сот талқылауы барысында Сұрау салушы Мемлекеттің мүдделеріне лайықты түрде өкілдік етуді қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдай алады.
4. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке сұрау салуға жауап үшін айтарлықтай кедергі болуы мүмкін кез келген мән-жайлар туралы дереу хабарлайды.
5. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке көмек туралы сұрау салуды толық немесе ішінара орындамау шешімі туралы және осы шешімнің себебі немесе себептері туралы дереу хабарлайды.
6. Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Мемлекет тергеушілерінің сұрау салуды орындауға қатысуына, егер бұл туралы сұрау салуда көрсетілсе, жәрдемдесе алады.
6-бап
Құпиялылық, пайдалануды шектеу және деректерді қорғау
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Мемлекет көмек туралы сұрау салудың, оның мазмұны мен қоса берілетін құжаттардың, сондай-ақ осындай сұрау салуға берілген кез келген жауаптың құпиялылығын сақтайды.
2. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, онда Сұрау салынатын Мемлекет бұл туралы Сұрау салушы Мемлекетке хабарлайды, ол сұрау салуды орындау қажеттігін және қандай дәрежеде орындау қажеттігін айқындауға тиіс.
3. Сұрау салушы Мемлекет Сұрау салынатын Мемлекеттің алдын ала келісімінсіз, осы Шартқа сәйкес алынған кез келген ақпаратты немесе айғақтарды сұрау салуда көрсетілген талқылаулар үшін белгіленгеннен басқа кез келген мақсаттарда пайдаланбауға немесе ашпауға тиіс.
4. Егер Сұрау салушы Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес сот талқылауы мақсатында осындай ақпаратты пайдалану немесе жариялау қажет болса, осы баптағы ештеңе осындай ақпаратты пайдалануды немесе жариялауды жоққа шығармайды. Егер бұл мүмкін болса, Сұрау салушы Мемлекет Сұрау салынатын Мемлекетті осындай кез келген ашу туралы алдын ала хабардар етеді.
5. Мемлекеттердің кез келгені, осындай деректерді беруге оның ішкі заңнамасына сәйкес тыйым салынса, осы Шартқа сәйкес жіберілген сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған мәліметтерді беруден бас тарта алады.
6. Осы Шартқа сәйкес жіберілген сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған жеке деректерді беретін Мемлекеттердің кез келгені деректер берілген Мемлекеттен осындай деректердің қолданылуы туралы ақпаратты ұсынуды сұрата алады.
7-бап
Заңдастыру бойынша талаптар
1. Консулдық немесе дипломатиялық мекемелердің лауазымды тұлғаларының куәландыруын немесе аутентификациялауын қоса алғанда, құжаттар, көшірмелер, жазбалар, арыздар және басқа да материалдар қандай да бір заңдастыру талаптарынан босатылуға тиіс.
2. Сұрау салушы Мемлекетке берілуге тиіс құжаттар, көшірмелер, жазбалар, арыздар және басқа да материалдар, егер бұл туралы Сұрау салушы Мемлекет сұрағанда ғана куәландыруға жатады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органының куәландыруы жеткілікті болуға тиіс.
8-бап
Құжаттарды, жазбаларды немесе заттарды қайтару
Егер орталық органдар арасында өзгеше келісілмесе, осы Шартқа сәйкес сұрау салуды орындау шеңберінде Сұрау салушы Мемлекетке берілген қандай да бір құжаттар, жазбалар немесе заттар, осындай мүмкіндік туған кезде өзара қолайлы тәсілмен қайтарылуға тиіс.
9-бап
Айғақтарды немесе дәлелдемелерді алу
1. Сұрау салынатын Мемлекет аумағында жүрген, осы Шартқа сәйкес айғақтар немесе дәлелдемелер алу қажет адам, егер бұл қажет болса, шақыру қағазы бойынша немесе Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес рұқсат етілген мұндай басқа әдіспен айғақтар беру немесе дәлелдемелер, жазбалар немесе заттай дәлелдемелер ұсыну үшін келуге мәжбүрленуі мүмкін.
2. Егер осы Шарттың 5-бабы 6-тармағына (Сұрау салуларды орындау) сәйкес Сұрау салынатын Мемлекет көрсетілген адамдардың сұрау салуды орындау кезінде қатысуына рұқсат етсе, онда Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес мұндай адамдарға айғақтарды немесе дәлелдемелерді беретін адамға қоюы қажет сұрақтарды ұсынуға рұқсат етіледі.
3. Осы бапқа сәйкес жіберілген сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Мемлекетте айғақтар немесе дәлелдемелер беретін адам, егер бұған Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасы мүмкіндік берсе және ол адам осының нәтижесінде қандай да бір заңды жазалауға жатпаса, айғақтар немесе дәлелдемелер беруден бас тарта алады.
4. Адам Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес иммунитеті, әрекетке қабілетсіздігі немесе айрықша құқықтары туралы мәлімдеген кезде, онда Сұрау салушы Мемлекет мұндай мәлімдеме туралы хабардар болуға тиіс және егер тек Сұрау салушы Мемлекет мәлімдеменің растығымен келіспесе, айғақтар немесе дәлелдемелер қабылдануға тиіс.
10-бап
Бейнеконференция арқылы тыңдау
1. Сұрау салынатын Мемлекеттің аумағында жүрген адам Сұрау салушы Мемлекетте жүргізіліп жатқан талқылау шеңберінде бейнеконференция арқылы дәлелдемелер бере алады.
2. Егер Мемлекеттердің бірі бейнеконференция жүргізу үшін техникалық құралдарға қол жеткізе алмаса, онда мұндай құралдарды келісім бойынша басқа Мемлекет табыс етуі мүмкін.
3. Адам бейнеконференция арқылы тыңдалуы тиіс болған кезде, тыңдау Сұрау салынатын Мемлекетте тиісті органның алдында жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тыңдау Сұрау салушы Мемлекеттің тиісті органының бақылауымен жүзеге асырылуға тиіс және дәлелдемелер:
(а) Сұрау салынатын Мемлекеттің Ішкі заңнамасында тыйым салынбаған дәрежеде, Сұрау салушы Мемлекеттің ішкі заңнамасында көзделген тәртіппен; және
(b) Мемлекеттер арасында келісілген, тыңдалып отырған адамды қорғау жөніндегі кез келген басқа шараларға сәйкес берілуге тиіс.
5. Тыңдау кезінде Сұрау салынатын Мемлекеттің тиісті органы:
(а) талқылаудың тиісті ауызша аудармасын қамтамасыз етуге;
(b) тыңдалып отырған адамның жеке басқа анықтауға;
(с) егер тыңдалып отырған адамның құқықтары қорғау үшін қажет болса, тыңдауды тоқтата тұруға;
(d) мынадай:
(і) тыңдауды өткізудің күні мен орны;
(іі) тыңдалатын адамның жеке басы туралы мәліметтер;
(ііі) тыңдауға қатысатын қандай да бір басқа адамдардың жеке басы және лауазымдық өкілеттіктері туралы мәліметтер;
(іv) кез келген алынған анттар туралы мәліметтер; және
(v) тыңдау жүргізілгенде болған техникалық жағдайлар көрсетілген ақпараттар қамтылған тыңдау хаттамасын жасауға; және
(е) тыңдау аяқталғаннан кейін, мүмкін болған кезде, осы бапта көрсетілген тыңдау хаттамасын беруге жауапты болады.
11-бап
Жалпыға қолжетімді құжаттар мен өзге де жазбаларды беру
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке Сұрау салынатын Мемлекеттің мемлекеттік органдарының билігіндегі жалпыға қолжетімді жазбалардың көшірмелерін береді.
2. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке Сұрау салынатын Мемлекеттің мемлекеттік органдарының билігіндегі, бірақ өзінің құқық қорғау немесе сот органдары үшін қолжетімді болатындай дәрежеде және сондай шарттарда жалпыға қолжетімді болып табылмайтын құжаттар мен жазбалардың көшірмесін беруі мүмкін.
12-бап
Құжаттарды тапсыру
1. Сұрау салу бойынша және мүмкіндігінше Сұрау салынатын Мемлекет қылмыстық сот ісін жүргізу мақсаттары үшін шығарылған немесе толтырылған кез келген шақыру қағаздарын тапсырады.
2. Шақыру қағазын тапсыру сұратылған, ол бойынша келе алмаған кез келген адам, тіпті шақыру қағазында жазалау туралы ескерту жазылғанның өзінде, егер нәтижесінде ол адам өз еркімен Сұрау салушы Мемлекеттің аумағына оралмаса және тиісті түрде қайта шақыртылса, қандай да бір жазаға немесе шектеу шараларына тартылмауға тиіс.
3. Сұрау салушы Мемлекет келу күні белгіленгенге дейін ақылға қонымды мерзімдерде тапсыру үшін адамның Сұрау салушы Мемлекетте органның алдына келуін көздейтін шақыру қағазын береді.
4. Сұрау салынатын Мемлекет, мүмкін болған кезде, сұрау салуда көрсетілген тәртіппен тапсыру туралы растауды қайтарады.
13-бап
Адамдардың Сұрау салушы Мемлекетке келуі
1. Егер адам Сұрау салынатын Мемлекетте болса, онда бұл Мемлекет ол адам келіскен жағдайда:
(а) қылмыстық іспен байланысты тергеуге көмек көрсету үшін; немесе
(b) егер бұл адам айыпталушы болып табылмаса, Сұрау салушы Мемлекетте қылмыстық іспен байланысты талқылауларға қатысу үшін ол адамның Сұрау салушы Мемлекетке келуін ұйымдастыруға жәрдемдесуі мүмкін.
2. Сұрау салушы Мемлекет, мүмкіндігінше, осы бапқа сәйкес Сұрау салушы Мемлекеттің аумағына келген адамның Сұрау салынатын Мемлекет аумағынан шыққанға дейін жасалған, Сұрау салушы Мемлекеттегі қандай да бір әрекеті немесе әрекетсіздігі себебі бойынша шақыру қағаздарын тапсыру субъектісі болмайтынына немесе ұсталмайтынына не жеке бас бостандығына қандай да бір басқа шектеу қоюға ұшыратылмайтынына кепілдік етуіне шаралар қолдана алады.
3. Сұрау салынатын Мемлекет, егер Сұрау салушы Мемлекеттің осы адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қолданған шараларына қанағаттанса, онда бұл адамды Сұрау салушы Мемлекеттегі қылмыстық іске байланысты дәлелдемелерді немесе көмекті беру не ұсыну үшін шақыра алады. Адам осы Шарттың 4-бабы 4-тармағында (Сұрау салулардың нысаны, тілі және мазмұны) талап етілетін қандай да бір иммунитеттің бөлшектері туралы және өтелетін кез келген шығыстар мен төлемдер туралы хабардар болуға тиіс.
4. Сұрау салынатын Мемлекет Сұрау салушы Мемлекетке адамның жауабын дереу жазбаша түрде хабарлайды және ол келіскен жағдайда, осы адамның Сұрау салушы Мемлекетте болуына жәрдемдесу үшін қажетті кез келген шараларды қолданады.
14-бап
Күзетпен ұсталып отырған адамдарды беру
1. Сұрау салынатын Мемлекет осы Шарт бойынша көмек көрсету мақсатында осы Мемлекетте күзетпен ұсталып отырған адамды Сұрау салушы Мемлекеттің аумағына беру үшін сұрау салуды алса, онда осы адам және Мемлекеттер осыған өз келісімін берсе, ол беріледі.
2. Сұрау салушы Мемлекет күзетпен ұсталып отырған, берілген адамның қауіпсіздігі үшін жауапты болады.
3. Сұрау салушы Мемлекет, мүмкіндігінше, осы бапқа сәйкес Сұрау салушы Мемлекеттің аумағына келген адамның Сұрау салынатын Мемлекет аумағынан шыққанға дейін жасалған, Сұрау салушы Мемлекеттегі қандай да бір әрекеті немесе әрекетсіздігі себебі бойынша шақыру қағаздарын тапсыру субъектісі болмайтынына немесе ұсталмайтынына не одан әрі жеке бас бостандығына қандай да бір басқа шектеу қоюға ұшыратылмайтынына кепілдік етуіне шаралар қолдана алады.
4. Сұрау салынатын Мемлекет, егер Сұрау салушы Мемлекеттің осы адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қолданған шараларына қанағаттанса, онда бұл адамды Сұрау салушы Мемлекеттегі қылмыстық іске байланысты айғақтарды немесе көмекті беру не ұсыну үшін шақыра алады. Адам осы Шарттың 4-бабы 4-тармағында (Сұрау салулардың нысаны, тілі және мазмұны) талап етілетін қандай да бір иммунитеттің бөлшектері туралы және өтелетін кез келген шығыстар мен төлемдер туралы хабардар болуға тиіс.
5. Егер Сұрау салынатын Мемлекет кері қайтару туралы хабардар етпесе, Сұрау салушы Мемлекеттің берілген адамды күзетпен ұстауға құқығы бар және міндетті.
6. Сұрау салынатын Мемлекет берілген адамды бұдан әрі күзетпен ұстаудың талап етілмейтіндігінен Сұрау салушы Мемлекетті хабардар еткенде, ол адам күзетпен ұстаудан босатылуға және осы Шарттың 13-бабы (Адамдардың Сұрау салушы Мемлекетке келуі) қолданылатын адам ретінде қаралуға тиіс.
7. Егер Мемлекеттер және берілген адам арасында өзгеше келісілмесе, Сұрау салушы Мемлекет берілген адамды, мүмкін болған мән-жайларға қарай және кез келген жағдайда Сұрау салушы Мемлекеттің аумағында күзетпен ұстаудан босатылған күннен кешіктірмей, Сұрау салынатын Мемлекеттің қарамағына қайтарады.
8. Сұрау салушы Мемлекет Сұрау салынатын Мемлекеттен берілген адамды қайтару үшін экстрадициялау рәсіміне бастамашылық етуді талап етпейді.
9. Сұрау салушы Мемлекеттің аумағында күзетпен ұстау кезеңі адамның Сұрау салынатын Мемлекеттің аумағында өтеп жатқан немесе өтеуге тиіс күзетпен ұстау мерзіміне есептелуге тиіс.
15-бап
Тінтуді және алып қоюды жүргізу
1. Сұрау салынатын Мемлекет, сұрау салу осындай әрекетті Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес негіздейтін ақпаратты қамтитын шартпен, қандай да бір айғақтарды тінтуге, алып қоюға және Сұрау салушы Мемлекетке беруге сұрау салуларды орындайды.
2. Сұрау салынатын Мемлекет кез келген тінтудің нәтижелері, алып қою орны, алып қоюдың мән-жайлары мен алып қойылған дәлелдемелердің бұдан әрі сақталуы туралы Сұрау салушы Мемлекетке қажет болуы мүмкін ақпаратты береді.
3. Сұрау салынатын Мемлекет берілетін дәлелдемелерге қатысты мүліктік құқықтарды қорғау үшін Сұрау салынатын Мемлекет қажет деп санайтын кез келген шарттарға Сұрау салушы Мемлекеттің келісуін талап ете алады.
16-бап
Ақпаратты ерікті түрде беру
1. Мемлекеттердің бірінің орталық органы, ол мұндай ақпаратты ашу қабылдаушы Мемлекетке тергеуді қозғауға немесе жүргізуге не талқылауға көмек көрсетуі немесе осы Шартқа сәйкес қабылдаушы Мемлекеттің сұрау салуына әкеп соғуы мүмкін деп санаса, ақпаратты екінші Мемлекеттің орталық органына алдын ала сұрау салусыз бере алады.
2. Егер Мемлекеттердің біріне қылмыс жасаудан түскен табыстары немесе құралдары екінші Мемлекеттің аумағында екені белгілі болса және осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес шектеуге немесе тәркілеуге ұшырауы мүмкін болса, онда ол бұл туралы екінші Мемлекеттің орталық органына хабарлай алады.
3. Беруші Мемлекет қабылдаушы Мемлекетке мұндай ақпаратты пайдаланудың шарттарын қолдана алады. Қабылдаушы Мемлекет осы шарттарды сақтауға тиіс.
17-бап
Мүлікті шектеу және тәркілеу
1. Мемлекеттер Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес қылмыстардан түскен табыстарды және құралдарды шектеуге және тәркілеуге байланысты іс жүргізуде бір-біріне жәрдемдеседі.
2. Осы Шарттың 4-бабында (Сұрау салулардың нысаны, тілі және мазмұны) қамтылған ережелерге қосымшада табыстарды шектеу немесе тәркілеу жөнінде көмек туралы сұрау салуда, сондай-ақ:
(а) ынтымақтастық сұратылып отырған мүлік туралы нақты ақпарат;
(b) мүліктің орналасқан жері және оның сұрау салудың мәніне байланысы туралы мәліметтер;
(c) егер бар болса, мүлік пен қылмыстардың арасындағы байланыс;
(d) осы мүлікке үшінші тұлғалардың кез келген мүдделері туралы мәліметтер; және
(е) егер бар болса, шектеу немесе тәркілеу туралы сот шығарған шешімнің куәландырылған көшірмесі және егер олар шешімнің өзінде көрсетілмесе, сот шешім шығарған негіздер көрсетілген мәлімдеме қамтылуға тиіс.
18-бап
Активтерді қайтару
1. Тәркілеу туралы шешім Сұрау салушы Мемлекетте шығарылған кезде, Сұрау салынатын Мемлекетте алып қойылған активтер Сұрау салынатын Мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Мемлекетке тәркілеу мақсаттары үшін қайтарылуы мүмкін.
2. Адал үшінші тараптардың осы активтерге құқықтары сақталуға тиіс.
19-бап
Иеленіп алынған мемлекеттік қаражатты қайтару
Сұрау салынатын Мемлекет олардың заңдастырылғанына-заңдастырылмағанына қарамастан және Сұрау салушы Мемлекеттен жымқырылған, мемлекеттік қаражат болып табылатын активтерді тәркілеген кезде, Сұрау салынатын Мемлекет іске асыру шығындарын шегере отырып, Сұрау салушы Мемлекетке тәркіленген активтерді қайтаруға тиіс.
20-бап
Активтерді бөлу мүмкін болатын мән-жайлар
Мемлекеттің өз билігінде тәркіленген активтер болған кезде және осы Мемлекет екінші Мемлекетпен ынтымақтастық жүзеге асырылды деп санаса, онда бұл тәркіленген активтер осы Шарттың 21-бабына (Активтерді бөлуге сұрау салулар) сәйкес бөлінуі мүмкін.
21-бап
Активтерді бөлуге сұрау салулар
1. Активтерді бөлуге сұрау салулар, егер осындай ынтымақтастық тәркілеуге алып келсе немесе алып келуі мүмкін болса, осы Шарттың ережелеріне сәйкес Сұрау салынатын Мемлекетке жіберілуі мүмкін. Егер Мемлекеттер арасында өзгеше келісілмесе, активтерді бөлуге сұрау салу, мүмкіндігінше, тәркілеу туралы сұрау салумен бір мезгілде немесе оған дейін жіберіледі.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жіберілген сұрау салуда:
(а) сұрау салудың қатысы бар іс;
(b) сұрау салудың қатысы бар активтер (және олардың құны);
(c) тартылған мекеме немесе мекемелер; және
(d) ынтымақтастықтың шектері мен мән-жайлары туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Осы баптың ережелеріне сәйкес жіберілген активтерді бөлуге сұрау салуға байланысты, Сұрау салынатын Мемлекет:
(а) активтерді бөлудің мақсаттылығы туралы мәселені қарауға (оның ішінде активтерді іске асыру кезіндегі олардың болжанған бағасын қарау); және
(b) Сұрау салушы Мемлекетке осы қараудың нәтижелері туралы хабарлауға тиіс.
4. Сұрау салынатын Мемлекет активтерді бөлуге келіскен кезде, іске асырудан түскен соманың 50%-ы (егер орталық органдар арасында өзгеше келісілмесе) Сұрау салушы Мемлекетке берілуге тиіс.
5. Іске асырылған активтердің құны іске асыру кезінде 10000 британдық фунттан немесе баламалы қазақстандық теңгеден аз болса, Сұрау салынатын Мемлекет осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданған кез келген шешімге қарамастан, активтерді бөлмеуге шешім қабылдауы мүмкін.
6. Жәбірленушілер болған тиісті жағдайларда, жәбірленушілердің құқықтарын қарау Мемлекеттер арасында активтерді бөлуден гөрі басым күшке ие болуы мүмкін.
7. Мемлекеттер жеке жағдайларға қатысты өзге себептер бойынша активтерді бөлу туралы да уағдаласуы мүмкін.
22-бап
Бөлінген активтерді төлеу
Егер өзгеше ескертілмесе, осы Шарттың 21-бабына (Активтерді бөлуге сұрау салулар) сәйкес аударылған кез келген сома:
(а) Сұрау салынатын Мемлекеттің валютасымен;
(b) қаражатты электронды аудару арқылы; және
(с) Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органы көрсеткен осындай алушыға немесе алушыларға төленеді.
23-бап
Активтерді бөлу жөнінде шарттар қою
Мемлекет осы Шарттың 21-бабына (Активтерді бөлуге сұрау салулар) сәйкес кез келген соманы берген кезде, ол осы соманы пайдалануға қатысты ешқандай шарттар қоя алмайды және атап айтқанда, қандай да бір басқа мемлекетпен, мекемемен немесе адаммен соманы бөлісуді талап ете алмайды.
24-бап
Жәбірленушіге келтірілген залалды өтеу
Сұрау салынатын Мемлекет оның заңнамасында рұқсат етілген шектерде жәбірленушілерге қылмыстан келтірілген залалды өтеу бойынша көмек көрсетеді.
25-бап
Шығындар мен шығыстар
1. Сұрау салынатын Мемлекет, Сұрау салушы Мемлекет төлеуге тиіс мыналарды:
(а) гонорарларды және сарапшылардың қисынды шығыстарын;
(b) осы Шарттың 13-бабына (Адамдардың Сұрау салушы Мемлекетке келуі) сәйкес жұмсалған өтемақылар мен шығыстарды;
(с) осы Шарттың 10-бабына (Бейнеконференция арқылы тыңдау) сәйкес бейнеконференция немесе телебейнебайланыс орнатуға және өткізуге, сондай-ақ осындай талқылаулардың ауызша және жазбаша аудармасына арналған шығыстарды; және
(d) осы Шарттың 14-бабына (Күзетпен ұсталып отырған адамдарды беру) сәйкес күзетпен ұсталып отырған адамдарды беруге шығындарды қоспағанда, сұрау салуды орындауға байланысты барлық шығыстарды төлейді.
2. Егер Сұрау салынатын Мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Мемлекеттің орталық органын сұрау салудың орындалуы күтілмеген сипаттағы шығындарды немесе басқа да шығыстарды қажет етуі мүмкін екені туралы хабардар етпесе, орталық органдар сұрау салу орындалуы тиіс шарттар мен шығыстардың бөлінуі тиіс тәртіппен келісімге қол жеткізу мақсатында бір-бірімен консультация өткізеді.
26-бап
Басқа Шарттармен үйлесімділік
Осы Шартта баяндалған көмек пен рәсімдер Мемлекеттердің кез келгеніне олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдердің ережелерін ескере отырып немесе өзінің ішкі заңнамасының ережелерін ескере отырып, екінші Мемлекетке көмек көрсетуге кедергі келтірмейді. Мемлекеттер олардың құқық қорғау органдары арасында қолданылуы мүмкін қандай да бір уағдаластыққа, келісімге немесе практикаға сәйкес көмек көрсете алады.
27-бап
Консультациялар
Мемлекеттер қажет болған кезде, жалпы не нақты жағдайлар бойынша осы Шартты қолдану немесе іске асыру мәселелері бойынша ауызша немесе жазбаша нысанда консультациялар өткізеді. Мемлекеттер осы Шартты іске асыруды жеңілдету үшін қажет болуы мүмкін осындай практикалық шаралар туралы да уағдаласа алады.
28-бап
Дауларды реттеу
Осы Шартты түсіндіруге, қолдануға немесе іске асыруға қатысты кез келген дау, егер орталық органдар өз бетінше келісімге келе алмаса, дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
29-бап
Қолдану
1. Осы Шарт ол күшіне енген күнге дейін немесе одан кейін жасалған қылмыстарға қолданылады.
2. Осы Шарт:
(а) Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядан тұратын Құрама Корольдік аумағында;
(b) Қазақстан Республикасының аумағында; және
(c) Мемлекеттердің бірі халықаралық қарым-қатынастарға жауапты және осы Шарт ноталар алмасу арқылы кеңейтілуі мүмкін өзге де кез келген аумақтарда қолданылады.
Осы баптың 2-тармағының (с) тармақшасына сәйкес кеңейту жүргізілген кез келген аумаққа қатысты осы Шарттың қолданылуын кез келген Мемлекет екінші Мемлекетті дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар еткен күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтата алады.
30-бап
Күшіне енуі және тоқтатылуы
1. Осы Шарт екі Мемлекет те осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті тиісті талаптарды сақтауы туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар еткен күннен бастап күшіне енеді.
2. Әрбір Мемлекет екінші Мемлекетті жазбаша нысанда хабардар ету арқылы кез келген уақытта осы Шарттың қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда Шарт осындай хабарлама алынған күннен кейін алты (6) айдан соң өзінің қолданысын тоқтатады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2015 жылғы 3 қарашада Лондонда қазақ және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ, әрі екі мәтін дәлме-дәл болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлыбритания және Солтүстік
үшін Ирландия Құрама Корольдігі
үшін
РҚАО-ның ескертпесі
Бұдан әрі Шарттың ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.
2015 жылғы 3 қарашада Лондонда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың қазақ және ағылшын тілдеріндегі мәтінінің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.
Начальник Департамента
международного сотрудничества
Генеральной прокуратуры
Республики Казахстан С. Досполов