"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 41 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚAУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан
Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы
Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар
шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісімді
ратификациялау туралы

      2014 жылғы 26 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы Корея Республикасындағы Қазақстан
Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы
Корея Республикасы азаматтарының ішкі корпоративтік ауысулар
шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар деп аталатын),
      екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және дамытуға өзара ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      бір мемлекет азаматтарының басқа мемлекет аумағындағы ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметін ынтымақтастықтың перспективалы саласы ретінде қарастыра отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім ішкі корпоративтік ауысулар шеңберінде осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген бір мемлекет азаматтарының басқа мемлекет аумағындағы уақытша еңбек қызметі мәселелерін реттейді.
      2. Осы Келісім шетелдіктердің болуы үшін жабық, сондай-ақ шетел азаматтарының оларға келуі, орналасуы және (немесе) олар арқылы өтуі үшін аталған мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына сәйкес арнайы рұқсат талап етілетін жекелеген жерлерді (аумақтарды), ұйымдар мен объектілерді (олар бар болса) қоспағанда, мемлекеттер аумағында қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
      1. Ішкі корпоративтік ауысу - бір мемлекеттің, осы мемлекеттің заңды тұлғасы қатарындағы осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтарының уақытша еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін ішкі корпоративтік ауысу туралы жазбаша келісіміне сәйкес аталған заңды тұлғасының басқа мемлекет аумағында құрылған өкілдігіне, филиалына, еншілес немесе үлестес ұйымдарына уақытша ауысуы. Жоғарыда көрсетілген азаматтардың ауысу сәтінде аталған заңды тұлғада кемінде 2 (екі) жыл үздіксіз жұмыс өтілі болуы керек.
      2. Ішкі корпоративтік ауысу туралы жазбаша келісім:
      1) бір мемлекеттің заңды тұлғасының осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтарды белгілі бір мерзімге уақытша еңбек қызметін жүзеге асыру үшін басқа мемлекеттің аумағында құрылған заңды тұлғаның өкілдігіне, филиалына, еншілес немесе үлестес ұйымдарына жіберу туралы ресми хатын;
      2) басқа мемлекеттің аумағында құрылған бір мемлекеттің аталған заңды тұлғасының өкілдігіне, филиалына, еншілес немесе үлестес ұйымдарына уақытша ауыстыру мүмкіндігі мен шарттары міндетті түрде көрсетілетін еңбек шартын қамтитын құжаттардың жиынтығы.
      3. Жіберуші ел - аумағында осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтар тұрақты тұратын және ақылы еңбек қызметімен уақытша айналысу үшін қабылдаушы елге шығатын мемлекет.
      4. Қабылдаушы ел - аумағында ішкі корпоративтік ауысулар шеңберінде жіберуші елден келген азаматтар осы Келісімге сәйкес ақылы еңбек қызметін уақытша жүзеге асыратын мемлекет.
      5. Жұмыс істеуге арналған рұқсат - ішкі корпоративтік ауысулар шеңберінде қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес ақылы уақытша еңбек қызметіне берілетін рұқсат.

3-бап

      Осы Келісім мемлекеттердің мынадай азаматтарына қолданылады:
      1) аға менеджерлер - бірінші басшылар және олардың орынбасарлары;
      2) менеджерлер - қабылдаушы елдің заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелердің басшылары;
      3) мамандар - қабылдаушы елдің заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін және кәсіптік білімі мен тәжірибесі, оның ішінде өндіріс, зерттеу, технология және менеджмент сияқты салаларда қажетті тәжірибесі бар мамандар;
      4) отбасы мүшелері - жұбайы (зайыбы) мен кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтар алып жүретін асырауындағы адамдар.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар (бұдан әрі - Құзыретті органдар):
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметінен - Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі;
      2) Корея Республикасының Үкіметінен - Сыртқы істер министрлігі, Әділет министрлігі болып табылады.

5-бап

      1. Жіберуші ел азаматтарының келу, болу, кету және қабылдаушы ел аумағы бойынша жүру тәртібі қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      2. Осы Келісімнің ережелері мемлекеттердің осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтарын қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.
      3. Жіберуші ел азаматтарының қабылдаушы ел аумағындағы уақытша еңбек қызметі қабылдаушы елдің тиісті ұлттық заңнамасында және қағидаларында реттелуге тиіс.
      4. Құзыретті органдар ішкі корпоративтік ауысуларды жүзеге асыру бөлігінде мемлекеттердің ұлттық заңнамасындағы өзгерістерге қатысты бір-бірін хабардар етуі қажет.

6-бап

      1. Осы Келісімнің 3-бабының 4) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, осы Келісімінің 3-бабында көрсетілген азаматтар үшін жұмыс істеуге арналған рұқсаттар 36 (отыз алты) айға дейінгі мерзімге беріледі.
      2. Осы Келісімнің 3-бабының 4) тармақшасында көрсетілген азаматтарды қоспағанда, осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтар үшін жұмыс істеуге арналған рұқсаттар қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес беріледі.
      3. Осы Келісімнің 3-бабының 4) тармақшасында көрсетілген азаматтарды қоспағанда, осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген қабылдаушы елде жұмыс істеуге арналған рұқсат бойынша жұмыс істейтін мемлекеттердің азаматтары өздерінің жұмыс істеуге арналған рұқсатын қабылдаушы елден кетпей-ақ, 1 (бір) жылдан аспайтын мерзімге тек бір рет ұзарту мүмкіндігін иелене алады.

7-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері осы Келісімнің 3-бабының 4) тармақшасында көрсетілген азаматтарды қоспағанда, осы Келісімінің 3-бабында көрсетілген азаматтарға жұмыс істеуге арналған рұқсаттар негізінде қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес көп мәртелік келу жұмыс визаларын ресімдейді.
      Визалар осы азаматтарға келуге және кетуге, сондай-ақ уақытша еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында қабылдаушы елде үздіксіз болуға мүмкіндік береді.
      Бұл ретте, көп мәртелік келу жұмыс визасы жұмыс істеуге арналған рұқсаттың қолданылу мерзіміне сәйкес келеді.
      2. Осы Келісімнің 3-бабының 4) тармақшасында көрсетілген алып жүретін отбасы мүшелеріне келуге, кетуге және қабылдаушы ел аумағында үздіксіз болуға мүмкіндік беретін көп мәртелік келу визалар ресімделеді. Бұл ретте, олардың визаларының қолданылу мерзімі олар алып жүретін адамның визасының қолданылу мерзімінен аспауы тиіс.
      3. Егер осы Келісімнің 3-бабы 4) тармақшасында көрсетілген азаматтарды қоспағанда, осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтар жұмыс істеу үшін ұзартылған рұқсатты осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағына сәйкес алған болса, осы Келісімнің 1-тармағына сәйкес берілген виза аяқталғанға дейін аталған визаның қолданылу мерзімі қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес ұзартылуы мүмкін. Виза, оның иесінің қабылдаушы елдің аумағынан кетуін талап етпей ұзартылады.
      Отбасы мүшелерінің визалары да осындай тәртіппен ұзартылады.

8-бап

      1. Мемлекеттердің осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген азаматтары қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасында белгіленген шетелдік азаматтар үшін құқықтар мен бостандыққа ие болады.
      2. Тараптар осы Келісімде көзделген азаматтардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.
      3. Мемлекеттердің осы келісімнің 3-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген азаматтарына қатысты, олар қабылдаушы елдің заңнамасын бұзған жағдайда, азаматтар жіберген еліне қайтарыла отырып, еңбек қатынастары мерзімінен бұрын тоқтатылады.

9-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген мемлекеттердің азаматтарына медициналық қызмет көрсету шетелдік азаматтарға қатысты қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      1. Осы Келісімнің 3-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттердің азаматтары қабылдаушы елдің аумағында қызметкерлермен жасалған еңбек шарттарында көрсетілген жұмыстан басқа ақы төленетін ешқандай жұмысты орындай алмайды.
      2. Егер мемлекеттердің азаматтары осы Келісімнің 3-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген санаттарға сәйкес келмей қалған жағдайда, оларға қабылдаушы елдің шетелдік азаматтарға қатысты заңнамасында көзделген болудың жалпы шарттары мен тәртібі қолданылады.

11-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген жіберуші ел азаматтарының қабылдаушы елдің аумағына келуі және одан кетуі үшін қажетті құжаттарды ресімдеуге байланысты шығыстарын осы азаматтар немесе жұмыс берушілер төлейді.

12-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген мемлекет азаматтарының жіберуші елге өз мүлкін және жалақы табыстарын қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес тасымалдауға құқығы бар.

13-бап

      1. Тараптардың Құзыретті органдары осы Келісімді қолдануға байланысты мәселелерді талқылау үшін жұмыс тобын құра алады.
      2. Жұмыс тобы қажет болған жағдайда бірлескен отырыстар өткізу үшін Қазақстан Республикасында және Корея Республикасында кезектесіп жиналады.
      3. Осы Келісімді түсіндірумен байланысты келіспеушіліктер мен даулар туындаған жағдайда, олар дипломатиялық арналар бойынша құзыретті органдар арасында бірлескен консультациялар арқылы шешіледі.

14-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі басқа Тарапты осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы ағымдағы кезеңдегі қолданылу мерзімі аяқталған күнге дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарламағанша, әр ретте келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      3. Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамалар түрінде ресімделеді.
      Мұндай өзгерістер осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде жұмыс істеу үшін берілген рұқсат өзінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күшінде болады.

      Осыны растау үшін тиісті Үкіметтер тиісінше түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2014 жылғы 26 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында екі данада қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы және бірдей күші бар.
      Түсіндіру бойынша кез келген келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасының         Корея Республикасының
             Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі
      Бұдан әрі Келісімнің корей және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады