"Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 89 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін,
сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық
қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы
туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін,
сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің
ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы

      2015 жылғы 15 қыркүйекте Душанбеде жасалған Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін,
сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің
ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қағидаттары мен ережелерін және оны дамытуға қабылданған құжаттарды басшылыққа ала отырып,
      жалпыға бірдей танылған қағидаттар мен халықаралық құқық нормалары негізінде әскери және басқа да құралымдарды тасымалдау саласындағы Тараптар ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын құру қажеттілігіне сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      әскери және басқа да құралымдар - Тараптардың ұлттық қарулы күштері мен басқа да әскерлері құрамындағы бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер мен бөлімшелер, ішкі істер органдары (полициялар), ішкі әскерлер, қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтер бөлімшелері, сондай-ақ олардың жылжымалы мүлкімен қабылдаушы Тараптың аумағына уақытша жіберілген Тараптардың төтенше жағдайлар салдарынан сақтандыру және оларды жою саласындағы уәкілетті органдары қатарынан арнайы мақсаттағы күштер құралымдары;
      жылжымалы мүлік - әскери және басқа да құралымдарға тиесілі немесе олардың жұмыс істеуін қолдау мақсатында тасымалданатын қару-жарақ пен әскери техника, әскери-техникалық мүлік, арнайы техника мен арнайы құралдар, көлік және басқа да материалдық-техникалық құралдар;
      әскери мақсаттағы өнім - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, зияткерлік қызмет нәтижелері, оның ішінде оларға айрықша құқықтар (зияткерлік меншік) және әскери-техникалық саладағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамасымен, нормативтік құқықтық актілері мен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылатын кез келген басқа өнім;
      тасымалдау - осы мақсатта пайдаланылатын көлік түрлеріне қарамастан, екі немесе одан көп Тараптардың аумағымен және/немесе осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, әскери мақсаттағы өнімді, жылжымалы мүлікті және әскери мақсаттағы өнімді алып жүретін мамандар мен қарауылдарды алып өту;
      тасымалдаушы - әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауды жүзеге асыратын Тараптың заңды немесе жеке тұлғасы;
      жіберуші (жеткізуші) Тарап - әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін жіберуші немесе қабылдаушы Тараптың аумағына әскери мақсаттағы өнімді жеткізуші Тарап;
      қабылдаушы Тарап - қойылған міндеттерді орындау үшін аумағына әскери және басқа да құралымдар, олардың жылжымалы мүлкі уақытша орналастырылатын және/немесе жеткізуші Тараптан әскери мақсаттағы өнімді алушы Тарап;
      транзиттік Тарап - жіберуші Тараптың әскери және басқа да құралымдарын, олардың жылжымалы мүлкін, әскери мақсаттағы өнімін аумағы арқылы транзиттеу жүзеге асырылатын Тарап;
      транзит - осы мемлекеттердің аумақтарынан тыс басталатын және аяқталатын, ҰҚШҰ-ға мүше басқа мемлекеттерге тиесілі әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкі мен әскери мақсаттағы өнімін Тараптың және/немесе осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдау;
      жүк жөнелтуші - Тараптың тасымалдаушыға жылжымалы мүлікті, әскери мақсаттағы өнімді беретін және жүк жөнелтушінің көліктік және тауардың ілеспе құжаттарында аты аталатын ұйымы;
      жүк алушы - мекенжайына жылжымалы мүлік, әскери мақсаттағы өнім жеткізілетін және жүк алушының көліктік және тауардың ілеспе құжаттарында аты аталатын Тараптың ұйымы;
      уәкілетті органдар - қарамағында әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауды жоспарлау мен бақылау мәселелері болатын Тараптардың мемлекеттік органдары және/немесе ұйымы;
      құзыретті органдар - ұлттық заңнамаға сәйкес өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтуді бақылауды жүзеге асыруға, тергеу және сот-процессуалдық іс-қимылдарды жүргізуге, сондай-ақ карантиндік және өзге де іс-шараларды жүзеге асыруға уәкілетті Тараптардың мемлекеттік билік органдары;
      әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері - ұлттық заңнамаға сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы сауда-саттық қызметін жүзеге асыруға құқық берілген Тараптардың мемлекеттік органдары және/немесе ұйымдары;
      қарауыл - өзіне сеніп тапсырылған мүлікті (жүкті) күзету және қорғау жөніндегі міндеттерді орындайтын Тараптар мемлекеттік органдарының қаруланған бөлімшесі;
      маман - жүк жөнелтуші (жүк алушы) тағайындайтын, алып жүретін әскери мақсаттағы өнімнің ерекшеліктерінен арнайы білімі бар және жүретін жолында форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде іс-қимылдарға даярланған лауазымды адам;
      мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті (бұдан әрі - өткізу пункті) - халықаралық қатынастар (халықаралық ұшулар) үшін ашық теміржол немесе автомобиль вокзалы (станциясы), әуежай (әуеайлақ), теңіз (өзен) порты шегінде бөлінген аумақ, сондай-ақ шекаралық, қажет болған кезде басқа да бақылау түрлері және мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды өткізу жүзеге асырылатын өзге де арнайы жабдықталған орын;
      форс-мажорлық жағдайлар - Тараптың әрқайсысының бақылауынан тыс болатын және Тарапқа өз міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін күтпеген жағдайлар (мұндай жағдайлар Тараптар қателіктерінің немесе мұқиятсыздығының салдары болмауға тиіс және алайда, егер бұл жағдайлар тиісті Тараптың өз міндеттемелерін орындауына тікелей және дәлелді теріс ықпал еткен жағдайларда ғана әскери тәуекелдерді, жер сілкінісінің, жанартаулардың атқылауының, найзағайдың, дауылдардың, су тасқынының, өрттің, эпидемиялардың, карантиндік тыйымдардың, эмбаргоның, іріткі салудың салдарын қамтуға тиіс;
      әскери тәуекелдер - мемлекет немесе соғысушы Тарап немесе кез келген ұйым жасайтын блокада немесе кез келген басқа да әрекеттер, іріткі салу, қарақшылық немесе кез келген нақты соғыс болу қаупі немесе соғыс, әскери іс-қимылдар, әскери сипаттағы операциялар, азамат соғысы.
      төтенше жағдай - адам шығындарына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және адамдардың тіршілік әрекеті жағдайларының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін немесе әкеп соқтырған авария, қауіпті табиғи құбылыс, апат, табиғи немесе өзге де зілзала нәтижесінде қалыптасқан жағдай.

2-бап

      Осы Келісім әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауларды жоспарлау және орындау, Тараптардың аумағы арқылы және/немесе осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы оларды транзиттеу кезіндегі, сондай-ақ көрсетілген тасымалдаулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бірлескен операциялар немесе командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығулар өткізу, бітімгершілік операцияларға қатысу, төтенше жағдайлар салдарын жою, олардың жұмыс істеуі және тіршілік әрекеті мақсатында тұрақты немесе уақытша орналасқан жерлерге тасымалдау жағдайларындағы Тараптардың өзара іс-қимылы тәртібін айқындайды.

3-бап

      Тасымалдаулар, транзиттеу оларды Тараптардың уәкілетті органдары алдын ала келіскеннен және жоспарлағаннан кейін жүзеге асырылады. Уәкілетті органдарды тағайындау туралы Тараптар Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламамен бірге бір уақытта депозитарийді хабарлайды. Депозитарий Тараптардың уәкілетті органдарының тізбесін Тараптарға жолдайды. Әрбір Тарап уәкілетті орган өзгерген жағдайда 30 күн мерзімде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийді хабардар етеді, ол белгіленген тәртіппен бұл туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.
      Тасымалдауларды (транзиттеуді) жоспарлауды жүк жөнелтушілердің өтінімдері негізінде Тараптардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
      Тасымалдауды келісуге өтінімді жіберуші Тараптың уәкілетті органдары қабылдаушы (транзиттік) Тараптың тиісті көлік түрімен тасымалдауларды жоспарлау туралы нормативтік құқықтық құжаттарында айқындалған тәртіппен тиісті тасымалдау басталғанға дейін 30 тәуліктен кешіктірілмей қабылдаушы, транзиттік Тараптың тиісті уәкілетті органдарына ұсынады.
      Қабылдаушы, транзиттік Тараптың өтінімін қарау мерзімі өтінім келіп түскен күннен бастап 15 тәуліктен аспауға тиіс.
      Тасымалдауды (транзитті) жүзеге асыруға рұқсат беру нөмірлері тасымалдаулар басталғанға дейін 5 тәуліктен кешіктірілмей жіберуші Тарапқа хабарланады.
      Дағдарыстық жағдайларды болдырмау жөнінде шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының дағдарыстық жағдайларға ден қоюы тәртібі туралы ережеге сәйкес, сондай-ақ ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйелерінің күштері мен құралдарына кенеттен тексерулер жүргізу кезінде өтінімдерді ұсыну мерзімдері Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешім қабылдағаннан кейін үш тәуліктен аспауға тиіс. Қабылдаушы, транзиттік Тарап өтінімді қысқа мерзімдерде қарайды. Олардың әуе кеңістігінде әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ осы мақсаттарда тасымалданатын әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау жүзеге асырылатын транзиттік Тараптар, әдетте, әуе кемелерінің қонусыз транзиттік ұшып өтулерін қамтамасыз етеді.
      Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісім күшіне енгеннен кейін қажет болған кезде тиісті нормативтік құқықтық актілерді, өзге де актілерді, құжаттарды (нұсқаулықтарды) әзірлейді және олармен өзара алмасуды жүзеге асырады.
      Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы келісім бойынша өтінімдерді жолдау және қарау мерзімдері қысқартылуы мүмкін.
      Орыс тілінде жасалған тасымалдауды келісуге өтінімге әскери және басқа да құралымдар жеке құрамының (қарауыл, мамандар) саны, сондай-ақ тасымалданатын жылжымалы мүлік және/немесе әскери мақсаттағы өнім (бұдан әрі - жүк) тізбесі туралы жалпы мәліметтер оларды қабылдаушы (транзиттік) Тараптың құзыретті органдарымен келісу үшін қоса беріледі.
      Әскери және басқа да құралымдар жеке құрамының (қарауылдың, мамандардың) атаулы тізімін жіберуші Тараптың уәкілетті органы қабылдаушы, транзиттік Тарап уәкілетті органының мекенжайына тасымалдаудың бастапқы пунктінен әскери және басқа да құралымдарды жөнелткенге дейін кемінде 10 тәулік қалғанда ұсынады.
      Әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері арасында жасалатын жекелеген келісімшарттар (шарттар) бойынша өнеркәсіптің қорғаныс салаларындағы кәсіпорындар (әзірлеушілер, жасаушылар) жеткізетін әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауды жоспарлауға өтінім осы жүктер Оның қарамағындағы Тараптардың уәкілетті органдарына және атқарушы билік органдарына ұсынылады.

4-бап

      Тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде Тараптардың мемлекеттік және кедендік шекараларынан өту халықаралық шарттарда және олардың ұлттық заңнамаларында айқындалған қабылдаушы, транзиттік Тараптың келісілген өткізу пункттерінде жүргізіледі.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымдардың (қарауылдың) жеке құрамы Тараптардың мемлекеттік шекарасынан жеке құрамның атаулы тізімі және жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасымен белгіленген жеке басын куәландыратын және, егер Тараптардың халықаралық шарттарымен өзгелер көзделмесе, олардың әскери және басқа да құралымдарға, қарауылға тиесілігін куәландыратын құжаттарды ұсыну бойынша кесіп өтеді.
      Әскери құралымдардың әскери қызметшілері, олар Тараптардың мемлекеттік шекараларынан кесіп өткен кезде ұлттық қарулы күштердің әскери киім нысанын киюге тиіс. Қызметтік автокөлік, әскери техника тіркеу нөміріне қосымша олардың мемлекеттік тиесілігін көрсететін анық көрінетін белгімен жабдықталған болуға тиіс.
      Кез келген Тараптың аумағы арқылы транзиттеу мүдделі Тараптармен келісілген бағдарлар бойынша жүзеге асырылады.
      Тасымалдауды (транзиттеуді) Тараптар құпиялылықты қамтамасыз етумен және ақпараттың заңсыз жария болуын болдырмайтын тиісті шаралар қабылдаумен, басым тәртіппен жүзеге асырады.
      Тасымалдауларды орындау үшін Тараптардың уәкілетті органдарының тұрақты жедел бақылауы белгіленеді.

5-бап

      Аумақтары арқылы транзит өтетін Тараптар әскери және басқа да құралымдарды, әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауларды қамтамасыз ету үшін қажетті құралдар мен көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті (әуе айлақтарды, айлақтарды, жүктерді тиеу пункттерін) ұсынуды өздерінің тасымалдаушылары ұсынатын шарттарда жүзеге асырады.
      Қабылдаушы және транзиттік Тараптар жоспарланған әскери-техникалық ынтымақтастық режимінде жүргізетін әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауларды қамтамасыз ету үшін құралдар мен көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті (әуеайлақтарды, айлақтарды, жүктерді қайта тиеу және түсіру пункттерін) ұсынуды өздерінің экспорттаушылары, импорттаушылары және тасымалдаушылары ұсынатын шарттарда жүзеге асырады.

6-бап

      Тасымалдаулар (транзиттеу) қауіпсіздігі Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және аумақтары арқылы тасымалдаулар (транзиттеу) жүзеге асырылатын Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.

7-бап

      Жүктерді тасымалдаудың барлық бағдары (жүріп өтетін жолы) бойынша жүк жөнелтушінің (жүкті алушының) мамандары алып жүруі мүмкін.
      Жүктерді алып жүретін мамандар олармен авариялық және басқа да жағдайлар туындаған жағдайлардағы іс-қимылдарға дайын болуға және жүкті жөнелтуші оларды қажетті аспаптармен, құрал-саймандармен, материалдармен және жеке қорғану құралдарымен жабдықтауға тиіс.
      Жүктерді алып жүретін мамандардың атаулы тізімін жіберуші Тараптың уәкілетті органы қабылдаушы, транзиттік Тараптың уәкілетті органының мекенжайына бастапқы тасымалдау пунктінен жүкті жөнелткенге дейін кемінде 10 тәулік қалғанда жібереді.
      Жүктерді алып жүретін мамандарда болатын аспаптардың, құрал-саймандардың, материалдар мен жеке қорғану құралдарының тізбесі жіберуші, қабылдаушы және транзиттік Тараптардың уәкілетті органдарымен алдын ала келісіледі және аталған Тараптардың мемлекеттік шекаралары арқылы өту пункттеріндегі кеден органдарына ұсынылады.
      Жүктерді алып жүретін мамандар мемлекеттік шекаралардан қабылдаушы Тараптың уәкілетті органдарымен келісілген жеке құрамның атаулы тізімі бойынша және жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген, өздерінің жеке басын куәландыратын және қабылдаушы, транзиттік Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп етуге құқық беретін құжаттарды көрсете отырып кесіп өтеді.

8-бап

      Күзетілуге және алып жүруге жататын жүктердің тізбесі жеткізуші, транзиттік және қабылдаушы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүктерді тасымалдауға қатысатын Тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.
      Мұндай жүктер тасымалдаудың барлық бағдарында осы жүктер қарамағында болатын Тараптардың мемлекеттік органдары жасақтаған қарауылдардың қарулы күзетінде болуға тиіс.
      Жүктерді күзету тасымалдаудың бастапқы пунктінен соңғы пунктіне дейін бір ғана қарауыл құрамымен жүзеге асырылады. Күзетудің өзгеше тәртібі жекелеген жағдайларда Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы уағдаластықтар бойынша айқындалуы мүмкін.
      Күзетілуге және алып жүруге жататын жүктерді өз мемлекеттерінің аумақтары бойынша тасымалдаудың барлық бағдарында қабылдаушы, транзиттік Тараптың тиісті қызметтері де алып жүруі мүмкін.
      Қарауылды материалдық және тұрмыстық қамтамасыз ету аумақтары арқылы жүкті тасымалдау орындалатын Тараптармен келісім бойынша жүргізіледі.

9-бап

      Жіберуші, транзиттік және қабылдаушы Тараптар алдарына қойылған міндеттерді орындауда, қажет болған жағдайда оларға байланыс құралдарын, жеке қорғану құралдарын беруді және материалдық, тұрмыстық қамтамасыз ету мен басқа да қызмет көрсету түрлерін жүзеге асыруды, сондай-ақ тұрақты орналасу пункттеріне қарауылдың жеке құрамын, қару-жарағы мен оқ-дәрілерін бірінші кезекте жөнелтуді қоса алғанда, әскери және басқа да құралымдарға, мамандар мен қарауылдың жеке құрамына жәрдемдеседі.
      Қарауылдың қару-жарағын қабылдаушы, транзиттік Тараптың аумағына әкелу тиісінше қабылдаушы, транзиттік Тараптың құзыретті органдарының рұқсатымен не жіберуші, қабылдаушы және транзиттік Тарап қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген жағдайларға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес тасымалданатын жүктің және жеке қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде, егер өз міндеттерін өзге тәсілдермен орындау мүмкін болмаса, тасымалданатын әскери және басқа да құралымдардың, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтері өкілдерінің қаруды және дене күшін қолдануына жол беріледі.
      Қаруды және дене күшін қолданар алдында, оларды қолдануды кешеуілдету адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретін немесе өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайларды қоспағанда, олар қарсы қолданылатын адамға оларды қолдану ниеті туралы нақты және анық ескерту жасалуға тиіс.
      Егер қаруды және дене күшін қолдануды болғызбау мүмкін болмаса, тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтерінің құрамына кіретін адамдар азаматтардың денсаулығына, арымен абыройына және мүлкіне зиян келтіруді болғызбау мақсатында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға міндетті.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтерінің құрамына кіретін адамдар қару қолданудың, дене күшін қолданудың әрбір жағдайы туралы тиісті бастыққа (басшыға) баяндауға, сондай-ақ қаруды және/немесе дене күшін қолдану салдарынан дене жарақатын алған (денсаулығына зиян келтірілген) адамдарға медициналық көмек көрсету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтерінің басшылығы қаруды және/немесе дене күшін қолдану салдарынан олардың азаматының денсаулығына зиян келтірілген әрбір жағдай туралы мүдделі Тараптардың уәкілетті органдарын дереу хабардар етуге міндетті.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтерінің құрамына кіретін адамдар өз міндеттерін орындау кезінде, егер күштемеу әдістері өз міндеттерін орындауды қамтамасыз етпесе, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу, оларды жасаған адамдарды ұстау, өзін-өзі қорғау, өздерінің заңды талаптарына қарсы жасалған әрекеттерді еңсеру үшін дене күшін, оның ішінде жекпе-жек ұрыстың жауынгерлік амалдарын қолдануға құқылы.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдар қаруды:
      алып жүретін жүктерге, тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдарға, сондай-ақ мамандарға топтасып немесе жекелей жасалған қарулы шабуылға тойтарыс беру;
      қаруды немесе алып жүретін жүкті күшпен тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;
      тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдарды, сондай-ақ мамандарды, олардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау;
      әскери және басқа да құралымдардың, қарауылдың жеке құрамына, мамандарға және тасымалданатын жүкке қарсы қару қолдану әрекетінің жолын кесу;
      дабыл немесе көмекке шақыру белгісін беру;
      тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдардың және мамандардың, сондай-ақ азаматтық адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына тікелей қатер төндіретін жануарларды залалсыздандыру жағдайларында қолдануға құқылы.
      Қару қолдану басқа азаматтардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндірмеуге тиіс.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың, сондай-ақ қабылдаушы, транзиттік Тараптың алып жүретін қызметтерінің құрамына кіретін адамдарға:
      адамдар көп шоғырланған кезде, егер бұдан бөгде адамдардың зардап шегуі мүмкін болса;
      өрт қаупі бар, жарылу қаупі бар болып табылатын не құрамында күшті әсер ететін улы заттар бар алып жүретін жүктер бағытында;
      жүкті әйелдерге, мүгедектіктің айқын белгілері бар адамдарға, олардың жасы анық немесе мәлім болғанда кәмелетке толмағандарға қатысты, егер аталған адамдар тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдарға және мамандарға қарулы не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.

11-бап

      Тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде шекаралық және өзге де мемлекеттік бақылау түрлерін Тараптардың құзыретті органдары, егер Тараптардың халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес бірінші кезектегі тәртіппен жүргізеді.
      Жіберуші Тараптың жүктеріне қатысты кедендік операцияларды жасау баждардың, салықтар мен алымдардың барлық түрлері алынбай, қабылдаушы, транзиттік Тараптың уәкілетті органының тиісті тасымалдаулардың (транзиттеудің) келісілген жоспарынан үзінді көшірменің негізінде бірінші кезектегі тәртіппен жүргізіледі.
      Жүктерді басқа көлік құралдарына, оның ішінде топтамаларды бөлшектеу жолымен қайта тиеу әрбір жағдайда Тараптардың уәкілетті органдары айқындайтын орындарда жүргізіледі.
      Тараптардың кеден органдары жүктер мен көлік құралдарын бақылау үшін қажетті жүктерді сәйкестендіру үшін өздері қолданатын құралдарды, сондай-ақ құжаттарды өзара мойындайды және осы Келісім күшіне енгеннен кейін алты ай мерзімнен кешіктірмей, жүктер мен көлік құралдарын бақылау үшін қажетті сәйкестендіру құралдарының, сондай-ақ құжаттардың үлгілерімен алмасады.
      Тараптар әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдарға, сондай-ақ мамандарға, қабылдаушы, транзиттік Тараптың ұлттық заңнамасында әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарларды қоспағанда, жеке заттар мен валюталық құндылықтарды алып өтуге құқық береді.
      Тараптардың мемлекеттік шекаралары арқылы өткен кезде жеке заттар мен валюталық құндылықтар Тараптардың ұлттық заңнамасымен белгіленген нормалар шегінде кедендік төлем салықтарынан босатылады.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның құрамына кіретін адамдардың, қарауылдың және мамандардың жеке мүлкін жылжымалы мүлік және әскери мақсаттағы өнім түрінде тасымалдауына тыйым салынады.
      Тараптардың кеден органдары және/немесе шекара ведомстволары ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың жеке құрамын, мамандарды жеке тексеруді және олардың қол жүгін қарап тексеруді жүргізе алады және әкелуге және әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттарды өткізбеуі мүмкін. Қажет болған жағдайда жіберуші Тараптың қарауылдары алып жүретін әскери немесе басқа да құралымның жылжымалы мүлкінің және жүктердің тізбесіне енгізілген заттарды (мүлікті) қарап-тексеруді қабылдаушы Тараптың кеден органдары және/немесе шекара ведомствосы және осы қабылдаушы Тараптың уәкілетті органы өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырады.

12-бап

      Тараптар тасымалданатын әскери және басқада құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдардың, сондай-ақ мамандардың құқықтық жағдайларын құрметтейді, халықаралық құқық нормаларына сәйкес олардың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз етеді, өз аумағы шегінде олардың алдына қойылған-міндеттерді орындауын қиындататын іс-қимылдарға жол бермейді, оларға қатысты кез келген құқыққа қайшы іс-қимылдардың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі шараларды қоса алғанда, көрсетілген адамдардың, сондай-ақ оларда бар жүктердің, өзге де материалдық-техникалық құралдардың, құжаттама мен ресми ақпараттың, жеке заттары мен валюталық құндылықтарының қауіпсіздігі мен оларды қорғауды қамтамасыз ету үшін жіберуші Тараптың уәкілетті органымен келісілген барлық қажетті шараларды қарастырылмайды.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдарға, сондай-ақ мамандарға қабылдаушы немесе транзиттік Тараптың аумағына кіру кезінде және оның аумағынан шығу кезінде визалық бақылау қолданылмайды.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдар, сондай-ақ мамандар қабылдаушы немесе транзиттік Тараптың аумағында тұрақты тұруға қандай да бір құқық алғандар ретінде қарастырылмайды.

13-бап

      Қабылдаушы немесе транзиттік Тарап, егер жіберуші Тарап өкілдерінің (ол мүдделі болған жағдайда) қатысуымен жүргізілген тексеру нәтижесінде мұндай залалды тасымалдайтын әскери және басқа да құралым, мамандар және қарауыл тасымалданатын жүктің және өзінің қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру кезінде келтірілгені анықталса, жеке немесе заңды тұлғаларға және оның азаматтарының, үшінші ел азаматтарының және оның аумағындағы азаматтығы жоқ адамдардың өліміне, дене жарақатына және еңбек қабілеттілігінен айырылуға, сондай-ақ оның жылжымайтын және өзге де мүлкіне, табиғи ресурстарына, мәдени және тарихи құндылықтарына келтірілген залалды өтеуге қатысты жіберуші Тарапқа қандай да болсын талап қоюдан бас тартады.
      Осы баптың ережелері, егер тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, мамандардың және қарауылдың өзінің қауіпсіздігін және тасымалданатын жүктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-әрекеттері тиісті қауіп-қатерлерге барабар болған жағдайларда қолданылады.

14-бап

      Осы Келісімнің 13-бабында ескертілмеген, тасымалдайтын әскери және басқа да құралым, сондай-ақ қарауыл және мамандар қабылдаушы, транзиттік Тараптың жеке және заңды тұлғаларына жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ үшінші ел азаматтарына және оның аумағындағы азаматтығы жоқ адамдарға келтірген залал қабылдаушы, транзиттік Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өтеледі.
      Тасымалданатын жүкке, әскери және басқа да құралымдардың, қарауылдың құрамына кіретін адамдардың және мамандардың жеке мүлкіне келтірілген материалдық залалды өтеу, сондай-ақ тасымалданатын жүк қарамағында тұрған Тарапқа өтемақылар төлеу, егер осы залал қабылдаушы, транзиттік Тараптың жеке және заңды тұлғаларының, үшінші ел азаматтарының және оның аумағындағы азаматтығы жоқ адамдардың іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде келтірілсе, мүдделі Тараптардың арасындағы уағдаластық бойынша белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады.

15-бап

      Әскери және басқа да құралымдарының, қарауылдарының жеке құрамы, сондай-ақ мамандар қабылдаушы немесе транзиттік Тараптың егемендігін және ұлттық заңнамасын құрметтеуге, осы Келісімнің мақсаттарымен үйлеспейтін кез келген іс-әрекеттерге бармауға, қабылдаушы немесе транзиттік Тараптың ішкі істеріне араласпауға тиіс.
      Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар жіберуші, қабылдаушы және транзиттік Тараптың құқықтық қорғауын пайдаланады.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамдар, сондай-ақ мамандар құқық бұзушылық жасағанда:
      құқық бұзушылық жіберуші Тарапқа немесе тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың құрамына кіретін адамға, сондай-ақ мамандарға қарсы жасалғанда;
      Тараптардың бірлескен тексеруі нәтижелері бойынша мұндай құқық бұзушылық тасымалданатын жүкпен немесе өзінің қауіпсіздігімен байланысты қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты екені анықталған жағдайларды қоспағанда, олар аумағында құқық бұзушылық жасалған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      Тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, екінші Тарапқа қарсы қылмыс жасауда күдікті (айыпталушы) өзінің тасымалданатын әскери және басқа да құралымының, қарауылының құрамына кіретін адамдарды, сондай-ақ мамандарды қудалауды жүзеге асыруға міндеттенеді.
      Қамауды, ұстауды, басқа да процестік іс-әрекеттерді жүргізу, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету кезінде Тараптар ұлттық заңнаманы және 2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенциясын басшылыққа алады. Аталған Конвенция күшіне енбеген Тараптар арасындағы қарым-қатынастарда 1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенциясы және оның 1997 жылғы 28 наурыздағы Хаттамасы қолданылады.

16-бап

      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымның, қарауылдың жеке құрамына, сондай-ақ мамандарға білікті және мамандандырылғанды қоса алғанда, жедел көрсеткіштер бойынша медициналық көмек көрсетуді, аумағында тасымалданатын әскери және басқа да құралым, қарауыл және мамандар болатын Тарап өтеусіз негізде жүзеге асырады.

17-бап

      Тасымалдауды (транзитті) жүзеге асыру кезінде форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайда, осындай әсер ету туралы мәлімдеген Тарап жазбаша түрде орын алған форс-мажор жағдайларын нақты растаумен, ол туындаған кезден бастап 15 тәулік ішінде екінші Тараптарды хабардар етуі тиіс. Форс-мажор жағдайлары тоқтаған кезде ұқсас рәсім пайдаланылуы тиіс.
      Форс-мажор жағдайлары жалғасуы жүйелі түрде 30 тәуліктен астам жалғасқан жағдайда Тараптар консультациялар өткізеді және өздерінің міндеттемелерін орындауға бағытталған тиісті шараларды келіседі.
      Егер форс-мажор жағдайлары жүйелі түрде 6 айдан астам жалғасса және Тараптар жоғарыда мазмұндалғанға сәйкес келісімге қол жеткізе алмаса, Тараптардың әрқайсысы өз міндеттемелерінің қолданысын тоқтату күніне дейін кемінде бір ай бұрын ол туралы екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар ете отырып, өзіне ешқандай салдарсыз өзінің міндеттемелерін орындауды ішінара немесе толық тоқтатуға құқылы.

18-бап

      Төтенше жағдайлар, соның ішінде тасымалдау барысында авариялар туындаған кезде Тараптар салдарын уақтылы жоюға және қажет болған кезде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес зардап шегуші Тарапқа қажетті ақпаратты, аварияның салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін күштермен құралдарды дереу ұсынумен, төтенше жағдайлардың себептерін тексеру шараларын қабылдайды.
      Тасымалданатын әскери және басқа да құралымдардың, қарауылдардың жеке құрамымен және мамандарымен төтенше жағдайлар туындаған кезде іздестіру-құтқаруды қамтамасыз етуді Тараптардың күштері мен құралдары өтеусіз негізде қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
      Транзиттік Тараптың аумағындағы төтенше жағдайлардың себептерін тергеп-тексеру жіберуші және қабылдаушы Тараптар өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.

19-бап

      Осы Келісімге қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары бойынша транзит қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың осындай мемлекеттермен жасасқан тиісті шарттармен көзделген тәртіпте жүзеге асырылады. Тараптар ол үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру үшін күш-жігерін қолданады.
      Қабылдаушы немесе жіберуші Тарап осындай мемлекеттермен шекаралас транзиттік Тарапты транзит шарттары туралы хабардар етеді.

20-бап

      Транзитпен әкелінетін жүктер:
      табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерден немесе қалыпты тасымалдау мен сақтау жағдайлары кезіндегі кемуден басқа, өзгеріссіз жай-күйде қалуы;
      транзиттен басқа, қандай да бір өзге мақсаттарда пайдаланылмауы;
      көлік құралының мүмкіндіктеріне, белгіленген бағдар мен тасымалдаудың басқа да шарттарына сүйене отырып, Тараптармен келісілген, бірақ осындай тасымалдау жүзеге асырылуы мүмкін көліктің әрбір түрі үшін Тараптардың уәкілетті органдары белгілеген шекті мерзімнен аспайтын мерзімдерде қабылдаушы, транзиттік Тараптың құзыретті органына ұсынылуы тиіс. Тараптар тасымалдаулар нормативтері және олардың өзгерістері туралы бірін-бірі уақтылы хабардар етеді.

21-бап

      Тараптар Тараптар арасындағы тасымалдауларды жүзеге асыруға теріс ықпал ететін әртүрлі кедергілерді анықтау, жедел қарау және жою жөнінде шаралар қабылдайды.

22-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

23-бап

      Осы Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелері Тараптар қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша олардың міндеттемелерін қозғамайды.

24-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың депозитарийге оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны сақтауға берген күнінен бастап күшіне енеді.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті жазбаша хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

25-бап

      Осы Келісімге басқа Тараптардың келісімімен кез келген Тараптың ұсынысы бойынша осы Келісімнің 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

26-бап

      Осы Келісім 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде қолданылады.

      2015 жылғы 15 қыркүйекте Душанбе қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.

    Армения Республикасы үшін    Қырғыз Республикасы үшін

   Беларусь Республикасы үшін     Ресей Федерациясы үшін

   Қазақстан Республикасы үшін   Тәжікстан Республикасы үшін

      Осы мәтін Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім орыс тіліндегі нұсқасына сәйкес аударылды.

      Қазақстан Республикасы
      Қорғаныс министрлігі
      Халықаралық ынтымақтастық
      департаменті бастығының
      орынбасары полковник                  Ә. Нұрмашев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады