Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Армения Республикасының Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2016 жылғы 7 сәуірдегі № 182 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Армения Республикасының Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Викторович Ильинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 25.08.2018 № 521 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 7 сәуірдегі
№ 182 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі

      өз мемлекеттерінің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,

      өз мемлекеттері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне ықпал ететінін мойындай отырып,

      Тараптардың мемлекеттері үшін төтенше жағдайлар төндіретін қауіпті сезіне отырып,

      Тараптардың мемлекеттері үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың пайдасын ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Келісімнің нысанасы

      Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік қатерлердің алдын алу, төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғаныс мамандарын төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар, зілзалалар мен апаттар болған жағдайда ерікті және өзара көмек көрсету бойынша оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.

2-бап Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      1) сұрау салушы тарап – көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен құтқару керек-жарағын жіберу туралы сұрау салумен екінші Тарапқа жүгінетін Тарап;

      2) ұсынушы тарап – екінші Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен құтқару керек-жарағын жіберу туралы сұрау салуын қанағаттандыратын Тарап;

      3) құзыретті орган – осы Келісімді іске асыру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын мемлекеттік орган;

      4) көмек көрсету жөніндегі топтар – сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша апат орнына келген, көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақпен қамтамасыз етілген көмек көрсету жөніндегі мамандар топтары, оның ішінде әскери персонал;

      5) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізу объектілеріне залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және халықтың тұрмыс-тіршілік жағдайларының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан туындаған, белгілі бір аумақтағы жағдай;

      6) төтенше жағдайлардың алдын алу – алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қатерін мүмкіндігінше барынша азайтуға, осы жағдайлар туындаған кезде адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      7) төтенше жағдайларды жою – төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқаруға және денсаулығын сақтауға, залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймақтарын оқшаулауға бағытталған іздеу-құтқару, авариялық-қалпына келтiру жұмыстары және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;

      8) азаматтық қорғаныс – бұл басқару органдарының мемлекеттiк жүйесi мен бейбiт уақытта және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргiзу объектiлері мен ел аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерiнен қорғау мақсатында жүргiзiлетiн жалпы мемлекеттiк іс-шаралар жиынтығы;

      9) төтенше жағдай аймағы – төтенше жағдай қалыптасқан аумақ;

      10) құтқару жұмыстары – төтенше жағдай аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайды оқшаулау және басу немесе оған тән қауіпті факторлардың әсерін ең төменгі мүмкін деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;

      11) жарақ – техника, техникалық құралдар және көлік құралдары, көмек көрсету жөніндегі топтардың керек-жарағы, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің жеке керек-жарағы;

      12) құтқару керек-жарағы – көмек көрсету жөніндегі топтардың пайдалануына арналған қосымша құралдар мен басқа да заттар;

      13) транзит мемлекеті – аумағы арқылы үшінші елдерге авариялық-құтқару құралымдары, жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары тасымалданатын Тарап мемлекеті.

3-бап Құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдарды айқындайды:

      1) Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      2) Армения тарапынан – Армения Республикасының Аумақтық басқару және төтенше жағдайлар министрлігі.

      2. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

4-бап Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:

      1) төтенше жағдайларды болжау, алдын алу және бағалау туралы ақпарат алмасу;

      2) қоршаған ортаның жай-күйі туралы мониторингтік ақпарат алмасу;

      3) халықтың төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындығын ұйымдастыру бойынша, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибе алмасу;

      4) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      5) төтенше жағдайлар туралы мемлекетаралық хабардар ету мен құлақтандыруды ұйымдастыру;

      6) авариялар немесе дүлей зілзалалар салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған орта мен халыққа келетін қатерді бағалау;

      7) төтенше жағдайлар туындаған кезде қолданыстағы тәуекелдерді сақтандыру жүйелерін қолдану перспективаларын зерделеу саласында тәжірибе алмасу;

      8) ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиет және зерттеу жұмыстарының нәтижелері, ғылыми-әдістемелік, оның ішінде кадрлық жұмыстағы материалдар алмасу;

      9) ақпарат, мерзімді басылымдар, әдістемелік әдебиет, бейне- және фотоматериалдар алмасу;

      10) бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру;

      11) бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;

      12) азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тағылымдамадан өткізу;

      13) көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын керек-жарақ пен техниканы бағалау;

      14) төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету.

      2. Осы ынтымақтастық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында екі Тараптың құзыретті органдарының ортақ келісуімен айқындалған кез келген басқа да қызметте қолданылуы мүмкін. Ынтымақтастықты қызметтің жаңа түрлеріне осылайша қолдану осы Келісімге толықтыру енгізудің нысанасы болып табылады.

5-бап Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

6-бап Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес, осы Келісімнің 4-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүру, өз өкілдерінің тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді.

      2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, қабылдаушы тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші тарап өкілдерінің жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

7-бап Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмекті мынадай тәртіппен көрсетеді:

      1. Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде көмекті дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу негізінде көрсетеді. Шұғыл болған жағдайда мұндай сұрау салу құзыретті органның мекенжайына жазбаша нысанда жүзеге асырылады.

      2. Сұрау салуда төтенше жағдайдың сипаты, қажетті көмектің түрлері мен көлемдері туралы барлық ақпарат болуға тиіс.

      3. Сұрау салуды алған тараптың сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқығы бар. Бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы ұсынушы тарап мемлекетінің аумағында болжанатын қатерлердің, жасалып жатқан жұмыстар мен көмек көрсету жөніндегі бос топтардың болуына негізделуі мүмкін.

      4. Сұрау салуды алған тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсету мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары және әкелінетін жарақ пен құтқару керек-жарағы туралы хабарлайды. Сондай-ақ төтенше жағдай аймағына бару үшін пайдаланылатын көлік түрі және мемлекеттік шекараны кесіп өтудің жоспарланатын пункті көрсетіледі.

8-бап Көмек көрсету шарттары

      1. Сұрау салушы тарап осы Келісімнің 9-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының тұру бойынша шығыстарын, сондай-ақ тамақтану бойынша шығыстарды көтереді.

      2. Сұрау салушы тарап мемлекеті ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

      3. Сұрау салушы тарап өзіне көмек көрсету туралы сұрау салуды кез келген кезде қайтарып алуы мүмкін. Бұл жағдайда сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есептің негізінде оның жұмсаған шығыстарын өтейді. Сұрау салушы тарап шығыстарды көмек көрсету туралы сұрау салуды қайтарып алған кезден бастап күнтізбелік 34 күн ішінде өтеуге тиіс.

      4. Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.

9-бап Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі көмек төтенше жағдайдың сипаты мен ауқымдарына қарай көмек көрсету жөніндегі топтарды, медициналық топтарды, керек-жарақ пен құтқару құралдарын, медициналық препараттарды жіберу арқылы көрсетіледі.

      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында 3 тәулік бойы дербес іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Жарақтандыру қорлары біткеннен кейін сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың одан әрі жұмыс істеуі үшін оларды қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

10-бап Транзит

      Транзит мемлекетінің тарапы кеден заңнамасына сәйкес өз мемлекетінің аумағы арқылы ұсынушы Тараптың авариялық-құтқару құралымдарының, жарағы мен қамтамасыз ету материалдарының үшінші мемлекеттерге төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы осы мемлекеттермен жасалған келісімдер негізінде кедергісіз тасымалдануына жәрдемдеседі.

11-бап Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарға басшылықты ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының басшылары арқылы сұрау салушы тараптың құзыретті органы жүзеге асырады, ол көрсетілген топтардың қызметін үйлестіреді.

      2. Сұрау салушы тарап белгілеген міндетті орындау үшін ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары тек өз басшысының ғана басшылығында қалады.

      3. Сұрау салушы тараптың құзыретті органының ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі тобымен өзара іс-қимылы және оларды үйлестіру осы топтың басшысы арқылы жүзеге асырылады.

      4. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары мүшелерінің сұрау салушы тарап белгілеген төтенше жағдай аймағындағы жұмыстарды орындау үшін барлық жерлерге кіруге рұқсаты болады.

      5. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі тобының басшысына төтенше жағдай аймағында және жұмыстардың нақты учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпарат береді.

      6. Сұрау салушы тарап қажет болған жағдайда ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі осы топтарын аудармашылармен және байланыс құралдарымен, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

12-бап Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың жедел жетуі үшін әрбір Тарап мемлекеттік шекарадан өту шарттарын оңайлатады.

      2. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топтардың басшысында көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің тізімі және оның өкілеттіктерін растайтын, ұсынушы тараптың құзыретті органы берген құжат болуға тиіс.

      3. Тараптардың уағдаластығы бойынша ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері өз міндеттерін орындау шеңберінде сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында визасыз және тұруға ықтиярхатсыз бола алады.

      4. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болған кезде осы мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.

      5. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау кезінде өздерінің нысанды киімін киіп жүруге құқылы.

      6. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды әкеле алмайды.

13-бап Төтенше жағдайларды жою кезінде керек-жарақ пен құтқару құралдарын әкелу және әкету

      1. Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелінетін немесе осы аумақтан әкетілетін, төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін қажетті жарақ пен құтқару керек-жарағы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бірінші кезектегі тәртіппен кедендік рәсіммен орналастырылады.

      2. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ басшысында ұсынушы тараптың құзыретті органы берген, әкелінетін керек-жарақ пен құтқару құралдарының тізбесі болуға міндетті.

      3. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына жарақ пен құтқару керек-жарағынан басқа қандай да бір заттарды әкелуге немесе сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетуге тыйым салынады.

      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер айрықша мән-жайларға байланысты жарақты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген шарттарда сұрау салушы тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда, берілетін жарақ түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсетіп, сұрау салушы тараптың кеден органдарын хабардар ету қажет.

      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топтар өздерінің штаттық керек-жарағымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі және психотроптық заттары бар медициналық препараттардың қажетті саны, осы заттардың номенклатурасы, саны мен пайдаланылатын жері Тараптардың әрқайсысының есірткіні бақылау жөніндегі құзыретті органдарымен міндетті түрде келісіле отырып (бұдан әрі – келісілген тізбе), әкелінуі мүмкін. Көмек көрсету жөніндегі топтың басшысы келісілген тізбені ұсынушы және сұрау салушы тараптардың кеден органдарына ұсынады.

      6. Көрсетілген медициналық препараттарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тек білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және олар сұрау салушы тарапқа беруге жатпайды. Сұрау салушы тараптың медициналық препараттарды қолдану орнында олардың пайдаланылуын тексеруге құқығы бар.

      7. Құрамында есірткі және психотроптық заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар сұрау салушы тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

14-бап Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Сұрау салушы тарап әуе кемелерін пайдалануға келіскен жағдайда ұсынушы тарап әуе кемелерінің кімге тиесілі екенін, пайдалану мақсатын, дәл типін, тану белгілерін, маршруттарын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшу және қону орындары мен уақытын көрсетуге тиіс.

      2. Сұрау салушы тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке әуе кемелерінің ұшуына рұқсат береді.

      3. Әрбір Тарап мемлекетінің әуе қозғалысына қатысты ұлттық заңнамасы, атап айтқанда, әуе қатынасына жауапты органдарға ұшу туралы ақпарат беру кезінде қолданылады. Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мен Тараптар мемлекеттері белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа берілген жарақ пен құтқару керек-жарағын қайтарған кезде, сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың жарақ пен құтқару керек-жарағына жауапты адамына және ұсынушы тараптың құзыретті органдарына хабарлайды.

      2. Ұсынушы тарап жарақ пен құтқару керек-жарағын бөлу тоқтатылған жағдайда, сұрау салушы тарапқа жазбаша тәртіппен хабарлайды. Сұрау салушы тарап, өз кезегінде, ұсынылған ақпаратты сұрау салушы тараптың жарақ пен қамтамасыз ету материалдары үшін жауапты адамына хабарлайды.

      3. Ұсынушы тараптың жұмыстарды аяқтау туралы шешімі дереу күшіне енеді және дау айтуға жатпайды.

      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді.

      5. Сұрау салушы тараптың құзыретті органы ұсынушы тараптың құзыретті органына болған жағдай туралы қорытынды баяндама жібереді, онда өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасы, алынған көмектің түрі мен көлемі, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қамтылады.

16-бап Шығыстарды өтеу

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.

      2. Ұсынушы тарап әуе кемелерінің әуеайлақтан ұшып өткені, қонғаны, онда аялдағаны және одан ұшқаны үшін, сондай-ақ аэронавигациялық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.

      3. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы тарап әуе кемелерінің отыны үшін шығыстарды өтейді.

17-бап Залалды өтеу

      1. Адамдар қаза болған немесе мертіккен, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы немесе басқа да меншiгi жойылған немесе оған нұқсан келтiрілген жағдайларда, егер мұндай залал осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау барысында келтiрiлсе, сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi әрбiр нақты жағдайда жеке келісіледі.

      2. Егер ұсынушы тараптың көмек көрсету жөнiндегi тобының мүшесi сұрау салушы тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау кезiнде заңды немесе жеке тұлғаға нұқсан келтiрсе, онда нұқсанды өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салушы тарап өтейдi.

      3. Көмек көрсету жөнiндегi топтың мүшесi қасақана немесе өрескел абайсыздықпен келтiрген зиянды, кінә деңгейіне қарамастан, ұсынушы тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес ұсынушы тарап өтеуге тиіс.

18-бап Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық пен көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджет қаражаты шегінде жүзеге асырылады.

19-бап Ақпаратты пайдалану

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісім шеңберінде жүргізілетін қызмет нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нұсқамалары негізінде пайдаланылады.

20-бап Басқа міндеттемелер және халықаралық келісімдер

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

22-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың өзара келісуі бойынша енгізіледі, осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      3. Осы Келісім Тараптардың бірінің өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.

      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталып, бірақ аяқталмаған, өзіне сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайды.

      20_ жылғы "___"____________ ____________ әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасының

Армения Республикасының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады