Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 247 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.05.2016 № 295_1 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 25 сәуірдегі
№ 247 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын, үкіметтерінің атынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
      ынтымақтастықтың әртүрлі салаларында теңгерімді өзара тиімді қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      «ішкі транзит» – қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына үшінші мүше мемлекеттің аумағы арқылы басқа мүше мемлекеттің аумағынан әкелу (әкету), сондай-ақ қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекет аумағының бөлігінен оның аумағының екінші бөлігіне басқа мүше мемлекеттің аумағы арқылы әкелу (әкету);
      «өтініш беруші» – рұқсат беру құжатын алу туралы өтінішпен жүгінген заңды тұлға немесе жеке тұлға, оның ішінде дара кәсіпкер ретінде тіркелген адам;
      «құзыретті орган» – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес рұқсат беру құжаттарын беруге осы мемлекеттің уәкілеттік берілген органы;
      «өткізу» – қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан әкелу (әкету);
      «рұқсат беру құжаты» – мүше мемлекеттің құзыретті органы осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес беретін, қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзиті құқығын растайтын құжат;
      «қызметтік және (немесе) азаматтық қару» – мүше мемлекеттердің бірінде тіркеу есебінде тұрған, үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесінің 1.6 және 2.22-бөлімдерінде көрсетілген қызметтік және (немесе) азаматтық қару, оның негізгі (құрамдас) бөліктері мен оның патрондары, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мәдени құндылығы бар қару.
      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда қолданылады.

2-бап

      Осы Келісім қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ құзыретті органдар арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттейді.
      Осы Келісім экспорттық бақылауға қатысты қатынастарға қолданылмайды.

3-бап

      Осы Келісімнің әрекеті: қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
      егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген болса, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына байланысты азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитін жүзеге асыратын, дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғаларға;
      азаматтық қаруды, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес наградалық құжаттардың негізінде алынған азаматтық және (немесе) қызметтік қаруды өткізу мен олардың ішкі транзитін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады.

4-бап

      Мүше мемлекеттер осы Келісімге және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
      Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген заңды тұлғалар және жеке тұлғалар тауардың ілеспе құжаттар жиынтығында рұқсат беру құжатының түпнұсқасы болған кезде қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитін жүзеге асыра алады.
      Жеке тұлғалар азаматтық қарудың, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес наградалық құжаттардың негізінде алынған азаматтық және (немесе) қызметтік қаруды өткізу мен олардың ішкі транзитін рұқсат беру құжатының түпнұсқасы болған кезде ғана жүзеге асыра алады.
      Қызметтік және азаматтық қаруды рұқсат беру құжаттарынсыз өткізу мен ішкі транзитіне жол берілмейді.
      Қызметтік немесе азаматтық қаруды уақытша әкелуге (уақытша әкетуге) арналған рұқсат беру құжаты, сондай-ақ оны қайта әкетуге (әкелуге) арналған рұқсат беру құжаты болып табылады.

5-бап

      Қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзиті мынадай жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін:
      а) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес одан әрі өткізу үшін заңды тұлғалардың қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетуі;
      б) жеке тұлғаның азаматтығынан өзгеше мүше мемлекеттің аумағында сатып алынған азаматтық қаруды жеке тұлғалардың бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетуі;
      в) жеке тұлғаның азаматтығынан өзгеше мүше мемлекеттің аумағында мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес наградалық құжаттардың негізінде алынған азаматтық және (немесе) қызметтік қаруды жеке тұлғалардың бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетуі;
      г) егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген болса, спорттық немесе мәдени іс-шараларға қатысу кезінде пайдалану үшін заңды немесе жеке тұлғалардың қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкетуі;
      д) аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін жеке тұлғалардың азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелуі;
      е) егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін заңды тұлғалардың азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкетуі;
      ж) кейіннен осы қаруды қайта әкетіп немесе әкеле отырып, жөндеу немесе негізгі (қосалқы) бөліктерін ауыстыру мақсатында қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелу және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкету;
      з) басқа мүше мемлекетте тұрақты тұруға кететін жеке тұлғалардың азаматтық қаруды, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес наградалық құжаттар негізінде алынған азаматтық және (немесе) қызметтік қаруды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына әкетуі және басқа мүше мемлекеттен мүше мемлекетте тұрақты тұруға келетін жеке тұлғалардың азаматтық қаруды, сондай-ақ мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес наградалық құжаттар негізінде алынған азаматтық және (немесе) қызметтік қаруды әкелуі;
      и) көрмелерде экспонаттау үшін заңды немесе жеке тұлғалардың қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкетуі;
      к) егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген болса, заңды және жеке тұлғалардың мәдени құндылығы бар азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкелуі және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкетуі;
      л) сәйкестігін бағалау (растау) (сертификаттау, сәйкестігін декларациялау, медициналық-биологиялық зерттеулер) мақсатында сынақтар жүргізу үшін қызметтік және (немесе) азаматтық қаруды бір мүше мемлекеттің аумағына басқа мүше мемлекеттің аумағынан уақытша әкелу және бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына уақытша әкету.

6-бап

      Рұқсат беру құжаттарын Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін бірыңғай нысан бойынша мүше мемлекеттердің құзыретті органдары береді.
      Рұқсат беру құжаттары өтініш берушіге мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде беріледі.
      Қызметтік немесе азаматтық қаруды әкетуге арналған рұқсат беру құжатын (жеке тұлғалардың аң аулауға қатысу кезінде пайдалануға арналған өздеріне тиесілі азаматтық қаруды әкетуін қоспағанда) қызметтік немесе азаматтық қаруды әкелу болжанып отырған мүше мемлекеттің құзыретті органы берген, осындай қаруды әкелуге арналған рұқсат беру құжаты болған кезде оны әкету болжанып отырған мүше мемлекеттің құзыретті органы береді.
      Қызметтік немесе азаматтық қарудың ішкі транзитіне арналған рұқсат беру құжатын (жеке тұлғалардың аң аулауға қатысу кезінде пайдалануға арналған өздеріне тиесілі азаматтық қарудың ішкі транзитін қоспағанда) қызметтік немесе азаматтық қаруды әкелу болжанып отырған мүше мемлекеттің құзыретті органы берген оны әкелуге арналған рұқсат беру құжаты және қызметтік немесе азаматтық қаруды әкету болжанып отырған мүше мемлекеттің құзыретті органы берген, осы қаруды әкетуге арналған рұқсат беру құжаты болған кезде ішкі транзит мүше мемлекетінің құзыретті органы береді.
      Жеке тұлғалардың аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін өздеріне тиесілі азаматтық қаруды өткізуі мен оның ішкі транзиті көрсетілген азаматтық қару аң аулауға қатысу үшін пайдаланылатын мүше мемлекеттің құзыретті органы берген, осындай қаруды әкелуге арналған рұқсат беру құжаты негізінде жүзеге асырылады. Аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін азаматтық қаруды әкелуге арналған рұқсат беру құжаты қабылдаушы мүше мемлекеттің заңды тұлғасына немесе жеке тұлғаға беріледі. Аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін жеке тұлғалардың азаматтық қаруды әкетуіне арналған рұқсат беру құжаты талап етілмейді.
      Осы баптың бесінші абзацында көрсетілген рұқсат беру құжатын басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдары оның қолданылу мерзімі ішінде таниды және ішкі транзит жағдайында ол ішкі транзитке рұқсат болып табылады.
      Жеке тұлға аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін азаматтық қаруды әкеткенге дейін кемінде 10 күн бұрын мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген, аң аулауға қатысуды растайтын құжаттың көшірмесін (қызметтер көрсету туралы шарт немесе шақыру қағазы) қоса тіркей отырып, осындай әкету болжанып отырған мүше мемлекеттің құзыретті органына әкету туралы жазбаша түрде хабарлайды.
      Жеке тұлға аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін әкеткен азаматтық қару әкелуге арналған рұқсат беру құжатының қолданылу мерзімі өткенге дейін көрсетілген азаматтық қару тіркелген мүше мемлекетке әкелінуге тиіс.
      Құзыретті органдардың аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін азаматтық қаруды әкелуге арналған рұқсат беру құжаттарын беру мерзімі күнтізбелік 15 күннен аспауға тиіс.

7-бап

      Құзыретті органдар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей, келісілген нысан бойынша (оның ішінде электрондық байланыс арналары арқылы) басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына есеп беру кезеңінде берілген рұқсат беру құжаттары туралы ақпаратты жібереді.
      Мүше мемлекеттер осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты тек қана осы Келісімді орындау мақсаттарында пайдаланады.

8-бап

      Мүше мемлекеттер бір-біріне және Еуразиялық экономикалық комиссияға өздерінің құзыретті органдары туралы хабарлайды.
      Құзыретті органдары өзгерген жағдайда мүше мемлекеттер бұл туралы 30 күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін және Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етеді.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 112-бабында айқындалған тәртіппен шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

11-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 12-бабында айқындалған тәртіппен күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

      20 ___ жылғы «___»________________ _________________қаласында бір данада орыс тілінде жасалды.
      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

    Армения           Беларусь      Қазақстан         Қырғыз   
Республикасының Республикасының Республикасының  Республикасының
  Үкіметі үшін    Үкіметі үшін     Үкіметі үшін    Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады