Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 маусымдағы
№ 333 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар жөнінде ақпарат алмасу туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
2003 жылғы 18 қыркүйектегі Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы, олардың салдарларын жою және зардап шеккен халыққа көмек көрсету кезіндегі ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісімді назарға ала отырып,
мемлекетаралық ақпарат алмасу саласындағы, оның ішінде мүшелері ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылатын халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды назарға ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуде, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілерін пайдалануды ұйымдастыру кезінде тәжірибе алмасу тетіктерін жетілдіруде Тараптардың мүдделілігін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мақсаттарына арналған терминдер мен анықтамалар халықаралық шарттарға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-бап
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілерін пайдалануды ұйымдастыру кезінде тәжірибе алмасу тетіктерін жетілдіру мақсатында Тараптар трансшекаралық сипаттағы белгілері бар және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің сенімді қатарлас жұмысын қамтамасыз етуге әсер ететін электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы ақпаратпен мемлекетаралық алмасуды жүзеге асырады.
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы жиналған ақпарат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің энергетикалық қауіпсіздігі деңгейін арттыруға әсер ететін жүйелі және өзге де сипаттағы аварияға қарсы іс-шараларды әзірлеу кезіндегі озық тәжірибені зерделеу үшін пайдаланылады.
3-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы ақпарат беру өлшемдері, құрамы, форматы (макеті) және тәртібі ТМД-ның Электр энергетикалық кеңесі шеңберінде бекітілетін құжаттармен регламенттеледі.
4-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы ақпарат электр энергетикасы объектілерінің меншік иелері, өзге де заңды иелері немесе оларды пайдаланатын ұйымдар табыс ететін авариялар туралы жиынтық есептердің ресми деректері және/немесе тиісті түрде ресімделген авариялардың себептерін тергеп-тексеру туралы актілердің негізінде қалыптастырылады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттің заңнамасымен таратылуы шектеулі ақпаратқа жатқызылған ақпарат оны қорғау жөніндегі талаптар сақтала отырып табыс етіледі.
Осы Келісім шеңберінде табыс етілетін ақпарат осы ақпарат мүдделерін қозғайтын Тараптардың келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге жатпайды.
Тараптар ақпаратты орыс тілінде алмасады.
5-бап
Тараптар ұсынылған ақпаратты осы Келісімде көзделген мақсаттарда ғана және оны табыс еткен Тараптарға залал келтірмей пайдаланады.
6-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы ақпаратты табыс етуді әрбір Тараптан электр энергетикасын басқару органы немесе оған уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
7-бап
Тараптар ТМД-ның Электр энергетикалық кеңесіне:
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы жиынтық ақпаратты жинақтауды, талдауды және осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге жіберуді;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы объектілеріндегі авариялар туралы ақпаратпен мемлекетаралық алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс кездесулерін және консультациялар өткізуді жүктейді.
8-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті, оның ішінде электр энергетикасын басқару органдарының немесе олар өкілеттік берген ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіруді ТМД-ның Электр энергетикалық кеңесі жүзеге асырады.
9-бап
Осы Келісімді реттеу мәніне жатқызылатын және онда көрсетілмеген мәселелер Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында реттеледі.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
11-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетшілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
13-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап депозитарийге шығу туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы. Осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаны алған күнінен бастап 6 айдан кейін осы Тарапқа қатысты қолданысын тоқтатады.
15-бап
Осы Келісім өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын әрбір Тараптың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
201__ жылғы ________________ _________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін