Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2016 жылғы 21 маусымдағы № 368 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2016 жылғы 21 маусымдағы
№ 368 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Уағдаласушы тараптар» деп аталатын);
      1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның тараптары бола отырып;
      өздерінің тиісті аумақтары арасында және олардан тыс жерлерде әуе қатынастарын орнату және жүзеге асыру мақсатында Конвенцияға қосымша Келісімді жасасуға тілек білдіре отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтамалар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін, егер өзгеше көрсетілмесе:
      (а) «Конвенция» термині 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны білдіреді және екі Уағдаласушы тарап та осындай Қосымшалар мен түзетулерді қабылдаған жағдайда осы Конвенцияның 90-бабына сәйкес қабылданған кез келген Қосымшаны, сондай-ақ Конвенцияның 90 және 94-баптарына сәйкес Қосымшаларға немесе Конвенцияға кез келген түзетулерді қамтиды;
      (b) «авиациялық биліктер» термині Қазақстан Республикасы жағдайында – Инвестициялар және даму министрлігін және Француз Республикасы жағдайында – азаматтық авиация бас басқармасын (la Direction Generale de l'Aviation Civile) немесе екі жағдайда да – жоғарыда көрсетілген органдардың функцияларын немесе ұқсас функцияларды орындауға өкілеттігі бар кез келген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді;
      (с) «тағайындалған авиакәсіпорын» термині осы Келісімнің 4-бабына сәйкес тағайындалған кез келген авиакәсіпорынды білдіреді;
      (d) «аумақ» терминінің Конвенцияның 2-бабында айқындалған мағынасы бар;
      (е) «әуе қатынасы», «халықаралық әуе қатынасы», «авиакәсіпорын» және «коммерциялық емес мақсаттардағы аялдама» терминдері Конвенцияның 96-бабында олар үшін белгіленген мағыналарды білдіреді;
      (f) «белгіленген маршруттар» термині осы Келісімге қоса тіркелген маршруттар кестесінде белгіленген маршруттарды білдіреді;
      (g) «келісілген желілер» термині жолаушыларды, поштаны және жүкті белгіленген маршруттар бойынша бірге немесе бөлек ақылы түрде тасымалдау үшін пайдаланылатын тұрақты әуе ұшуларын білдіреді;
      (h) «тариф» термині жолаушыларды, багажды, жүкті тасымалдағаны үшін авиакәсіпорындар тікелей немесе өздерінің агенттері арқылы өндіріп алатын бағаларды, сондай-ақ агенттіктерге ұсынылатын сыйақы мен шарттарды қоса алғанда, осы бағалардың қолданылу шарттарын білдіреді, бірақ бұған пошта тасымалдау үшін шарттар мен сыйақы кірмейді;
      (і) «пайдаланушылардан алынатын алымдар» термині тиісті органдар авиакәсіпорындардан әуе кемелері, олардың экипаждары, жолаушылары және жүктері үшін әуежайды немесе аэронавигациялық құралдарды пайдаланғаны үшін алатын алымдарды білдіреді;
      (j) «Келісім» термині осы Келісімді, оған Қосымшаны және осы Келісімнің 22-бабының ережелеріне сәйкес келісілген Келісімге немесе Қосымшаға кез келген түзетулерді білдіреді.
      2. Қосымша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады. Егер тікелей нысанда өзгеше келісілмесе, осы Келісімге жасалатын барлық сілтемелер Қосымшаны да қамтиды.

2-бап. Чикаго конвенциясының қолданылуы

      Осы Келісімнің ережелері Чикаго конвенциясының ережелерімен, бұл ережелерді халықаралық әуе қатынасына қолдануға болатындай шамада реттеледі.

3-бап. Құқықтарды беру

      1. Әрбір Уағдаласушы тараптың екінші Уағдаласушы тарапқа екінші Уағдаласушы тарап авиакәсіпорындарының тұрақты және тұрақты емес халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыруы үшін мынадай құқықтарды береді:
      (a) өз аумағының үстінен қонбай ұшып өтуді жүзеге асыру құқығы;
      (b) өзінің аумағында коммерциялық емес мақсаттармен аялдауды жүзеге асыру құқығы.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап осы Келісімге Қосымшада көрсетілген маршруттарда тұрақты халықаралық әуе желілерін белгілеу және пайдалану мақсатында екінші Уағдаласушы тарапқа осы Келісімде көзделген құқықтарды береді. Белгіленген маршруттар бойынша шарттық желілерді пайдаланған кезде бір Уағдаласушы тарап тағайындаған авиакәсіпорын осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарға қоса екінші Уағдаласушы тараптың аумағында белгіленген маршруттардың тағайындалған пункттерінде бірінші Уағдаласушы тараптың аумағынан немесе аумағына жолаушыларды бортқа алу және түсіру, сондай-ақ поштаны қоса алғанда, жүктерді бірге немесе бөлек тиеу және түсіру мақсатында аялдау құқығын пайдаланады.
      3. Осы Келісімнің ешқандай да ережесі бір Уағдаласушы тарапқа екінші Уағдаласушы тараптың аумағында жолаушыларды бортқа алу, олардың багажын және поштаны қоса алғанда, жүкті осы екінші Уағдаласушы тараптың аумағындағы басқа пунктке сыйақы үшін немесе жалдау бойынша тасымалдау құқығын беру ретінде қарастырылмайды.
      4. Осы баптың ережелерін іске асыру шеңберінде әрбір Уағдаласушы тарап өзінің аумағының үстінен ұшып өтуді көздейтін қандай маршруттарға қызмет көрсетілетінін және екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны қандай әуежайларды пайдалана алатынын көрсете алады. Бұл жағдайда әрбір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына немесе оған ұқсас халықаралық әуе желілерін пайдаланатын кез келген басқа авиакәсіпорынға қолданылатын жағдайлардан кем болмайтындай қолайлы жағдайларды пайдаланады.

4-бап. Авиакәсіпорынды тағайындау және бекіту

      1. Әрбір Уағдаласушы тараптың белгіленген маршруттардағы шарттық желілерді пайдалану мақсатында бір авиакәсіпорынды тағайындауға және екінші Уағдаласушы тарапқа осындай тағайындау туралы жазбаша хабарлама жіберуге құқығы бар.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес бір Уағдаласушы тарап жіберген тағайындау туралы хабарламаны алғаннан кейін екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері мынадай жағдайларда:
      (а) авиакәсіпорынды Қазақстан Республикасы тағайындаған жағдайда:
      і. авиакәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағында құрылғанда;
      іі. авиакәсіпорында қолданылатын заңнамаға сәйкес пайдалануға жарамды рұқсат және пайдаланушының сертификаты болғанда;
      ііі. Қазақстан Республикасы осы авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақыласа және бақылауды қолдаса.
      (b) авиакәсіпорынды Француз Республикасы тағайындаған жағдайда:
      і. авиакәсіпорын Француз Республикасының аумағында құрылғанда;
      іі. авиакәсіпорында қолданылатын заңнамаға сәйкес пайдалануға жарамды лицензия және пайдаланушының сертификаты болғанда;
      ііі. пайдаланушының сертификаттарын беруге жауапты мемлекет авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақылауды жүзеге асырса және қолдаса және тағайындауда тиісті авиациялық биліктері нақты айқындалса.
      (с) Конвенцияның ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы тараптың халықаралық әуе желілерін пайдалануға әдеттегідей негізді түрде қолданылатын заңдар мен қағидаларда жазылған талаптарды сақтау үшін тағайындалған авиакәсіпорын біліктілікке ие болғанда.
      (d) 9-бапта (Ұшу қауіпсіздігі) және 21-бапта (Авиациялық қауіпсіздік) белгіленген стандарттар сақталып қолданылғанда, пайдалануға арналған тиісті рұқсатты кідіріссіз береді.
      3. Авиакәсіпорын тиісті тағайындаудан және рұқсат берілгеннен кейін осы Келісімнің ережелері сақталған жағдайда, келісілген желілерді пайдалануды кез келген уақытта бастай алады.

5-бап. Пайдалануға арналған рұқсатты қайтарып алу немесе қолданылуын тоқтата тұру

      1. Әрбір Уағдаласушы тараптың пайдалануға арналған рұқсатты қайтарып алуға немесе екінші Уағдаласушы тарап тағайындаған авиакәсіпорынға осы Келісімде берілген құқықтардың қолданысын тоқтата тұруға немесе мұндай құқықтарды пайдалануға шектеу қоюға, егер:
      (a) авиакәсіпорынды Қазақстан Республикасы тағайындаған жағдайда:
      і. авиакәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде құрылса;
      іі. авиакәсіпорында қолданылатын заңнамаға сәйкес пайдалануға жарамды рұқсат және пайдаланушының сертификаты болмағанда;
      ііі. Қазақстан Республикасы осы авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақыламаса және бақылауды қолдамаса;
      іv. авиакәсіпорынға Француз Республикасы мен басқа мемлекет арасындағы екіжақты келісім бойынша келісілген желілерді пайдалануға бұрын рұқсат берілген болса, бұл ретте Француз Республикасы сол басқа мемлекеттегі пунктті қамтитын маршрутта осы Келісім бойынша тасымалдау құқықтарын жүзеге асыру арқылы ол аталған басқа келісіммен енгізілген тасымалдау құқықтарын шектеуді айналып өтетінін дәлелдей алса;
      v. авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақылауды Француз Республикасымен әуе қатынасы туралы екіжақты келісімі жоқ басқа мемлекет жүзеге асырса және осы мемлекет Француз Республикасы тағайындаған авиакәсіпорынның тасымалдау құқықтарынан бас тартса.
      Осы тармақ бойынша өз құқығын пайдаланған кезде Француз Республикасы Қазақстан тағайындаған авиакәсіпорындар арасында ұлттық белгі бойынша айырмашылық жүргізбеуге міндеттенеді.
      (b) авиакәсіпорынды Француз Республикасы тағайындаған жағдайда:
      і. авиакәсіпорын Француз Республикасының аумағынан тыс жерлерде құрылса;
      іі. авиакәсіпорында қолданылатын заңнамаға сәйкес пайдалануға жарамды лицензия және пайдаланушының сертификаты болмағанда;
      ііі. пайдаланушының сертификаттарын беруге жауапты мемлекет авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақылауды жүзеге асырмаса және қолдамаса және тағайындауда тиісті авиациялық биліктері нақты айқындалмаса;
      іv. авиакәсіпорынға Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одаққа мүше басқа мемлекет арасындағы екіжақты келісім бойынша келісілген желілерді пайдалануға бұрын рұқсат берілген болса, бұл ретте Қазақстан Республикасы Еуропалық Одаққа мүше басқа мемлекеттегі пунктті қамтитын маршрутта осы Келісім бойынша тасымалдау құқықтарын жүзеге асыру арқылы ол аталған басқа келісіммен енгізілген тасымалдау құқықтарын шектеуді айналып өтетінін дәлелдей алса;
      v. авиакәсіпорынды тиімді реттеушілік бақылауды Қазақстан Республикасымен әуе қатынасы туралы екіжақты келісімі жоқ Еуропалық Одаққа мүше басқа мемлекет және Қазақстан Республикасы тағайындаған авиакәсіпорынның тасымалдау құқықтарынан бас тартқан Еуроодаққа мүше мемлекет жүзеге асырғанда.
      Осы тармақ бойынша өз құқығын пайдаланған кезде Қазақстан Республикасы Франция тағайындаған авиакәсіпорындар арасында ұлттық белгісі бойынша айырмашылық жүргізбеуге міндеттенеді.
      с) осындай құқықтарды беретін Уағдаласушы тарап халықаралық әуе желілерін пайдалануға әдеттегідей және біркелкі қолданатын заңдарды немесе қағидаларды көрсетілген авиакәсіпорын сақтамаған жағдайда;
      d) осы Келісімде, әсіресе 9-бапта (Ұшу қауіпсіздігі) және  21-бапта (Авиациялық қауіпсіздік) белгіленген стандарттар сақталмайтын не қолданылмайтын кез келген жағдайда, құқығы бар.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған құқықтарды дереу кері қайтарып алу, қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу заңдарды және осы Келісімнің қағидаларын немесе ережелерін одан әрі бұзушылықты болғызбау үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, осы құқық екінші Уағдаласушы тараппен консультация жүргізгеннен кейін ғана пайдаланылады. Аталған консультациялар, егер Уағдаласушы тараптардың екеуі де өзгеше келіспесе, бір Уағдаласушы тарап сұрау салған күннен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін жүргізіледі.

6-бап. Келісілген желілердің пайдаланылуын реттейтін қағидаттар

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап екі Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары үшін осы Келісіммен реттелетін келісілген желілерді пайдаланған кезде бәсекелесу үшін әділ және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің тағайындалған авиакәсіпорнының жұмысын осы қағидатты сақтауға мүмкіндік беретін жағдайларда қамтамасыз етеді және қажет болған кезде қағидатты осылайша сақтау үшін шаралар қолданады.
      2. Уағдаласушы тараптардың тиісті аумақтар арасындағы тағайындалған авиакәсіпорындары пайдаланатын келісілген желілер халықтың тасымалдауға деген сұранысы арқылы айқындалады және осы Келісімнің 17-бабының ережелеріне сәйкес тарифтермен үйлесетін жүктеменің негізделген коэффициенті жағдайында олардың Уағдаласушы тараптардың аумақтары арасында әуе қатынасын тиісінше дамытуды қолдау мақсаттарында жолаушыларды, жүктерді және поштаны тасымалдауда ағымдағы және негізделіп болжанатын сұраныстарды қанағаттандыру үшін барабар өткізу қабілеттілігін қамтамасыз етуге қатысты өзінің негізгі мақсаты болады.
      3. Әрбір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының келісілген желілері тасымалдарының ең жоғары көлемі және оларды пайдалану жиілігі Уағдаласушы тараптардың авиациялық биліктерінің келісуі арқылы реттеледі. Егер бұл нарық сұраныстарымен ақталатын болса, екі Уағдаласушы тараптың екеуінің де тағайындалған авиакәсіпорындары қосымша тасымал көлемін жүзеге асыруы мүмкін. Мұндай қосымша көлем Уағдаласушы тараптардың авиациялық биліктерінің Келісімімен реттеледі.

7-бап. Заңдар мен ережелердің қолданылуы

      1. Бір Уағдаласушы тараптың халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын әуе кемелерінің өз аумағына ұшып келуіне немесе одан ұшып кетуін немесе осы әуе кемелерін оның аумағында пайдалануға және ұшуын басқаруға қатысты заңдары, қағидалары мен рәсімдері тағайындалған авиакәсіпорынның немесе екінші Уағдаласушы тарап авиакәсіпорнының әуе кемелеріне бірінші Уағдаласушы тарап аумағының шегіне осындай әуе кемелері ұшып келгенде, ұшып кеткенде немесе сол аумақта болғанда қолданылады.
      2. Бір Уағдаласушы тараптың әуе кемелерімен жолаушылардың, багаждың, экипаждың және жүктің өз аумағына кіруіне немесе одан шығуына қатысты заңдары мен қағидаларын бірінші Уағдаласушы тараптың аумағына кірген немесе одан шыққан кезде екінші Уағдаласушы тарап авиакәсіпорнының немесе авиакәсіпорындарының осындай жолаушылары мен экипажы сақтайды.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған заңдар мен қағидалар, ұлттық әуе кемелері тасымалдайтын жолаушыларға, багажға, экипажға, жүктерге және поштаға қолданылатын заңдар мен қағидаларды қоса алғанда, мұндай халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыратын осындай әуе кемелеріне қолданылатын заңдар мен қағидаларға ұқсас болады.

8-бап. Ұшуға жарамдылық куәліктері, біліктілік куәліктері және лицензиялар

      1. Уағдаласушы тараптардың бірінің заңдары мен қағидаларына сәйкес берілген немесе жарамды деп танылған ұшуға жарамдылық куәліктерін, біліктілік куәліктерін және лицензияларды екінші Уағдаласушы тарап мұндай лицензиялардың немесе куәліктердің соларға сай берілуіне қатысты міндетті жағдайда талаптардың Конвенцияға сәйкес белгіленуі мүмкін стандарттармен ең болмаса мәні бірдей болған жағдайда, көрсетілген маршруттар бойынша келісілген желілерді пайдалану үшін жарамды деп таниды.
      2. Алайда әрбір Уағдаласушы тарап өз мемлекетінің азаматтарына екінші Уағдаласушы тарап берген біліктілік куәліктері мен лицензияларды өз мемлекетінің аумағы үстінен ұшып өту үшін жарамды деп танымау құқығын сақтап қалады.

9-бап. Ұшу қауіпсіздігі

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарап аэронавигациялық құралдарға, ұшу экипаждарына, әуе кемелеріне және оларды пайдалануға қатысты белгілеген ұшу қауіпсіздігінің стандарттарына байланысты кез келген уақытта консультациялар өткізуді ұсына алады. Мұндай консультация тиісті сұрау салуды алған кезден бастап 30 (отыз) күн ішінде өткізіледі.
      2. Егер мұндай консультациялар өткізілгеннен кейін бір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың 1-тармақта көрсетілген салаларда Конвенцияда сол кезде белгіленген ең болмағанда төменгі стандарттарға сәйкес келетін қауіпсіздік нормаларын тиімді сақтауды және қолдануды қамтамасыз етпегенін анықтаса, бірінші Уағдаласушы тарап мұндай тұжырымдар туралы екінші Уағдаласушы тарапты хабардар етеді, демек екінші Уағдаласушы тарап тиісті түзету шараларын қолданады. Егер екінші Уағдаласушы тарап негізделген мерзімдерде тиісті шараларды қолданбаса, онда кез келген жағдайда 15 (он бес) күннен кейін немесе тараптардың келісімі бойынша кейіннен бәрібір осы Келісімнің 5-бабы қолданылады.
      3. Конвенцияның 33-бабында аталған міндеттемелерге қарамастан, екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына немесе аумағынан ұшуды жүзеге асыру үшін бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорыны пайдаланатын немесе жалға алған кез келген әуе кемесі екінші Уағдаласушы тараптың аумағында болған кезде әуе кемесінің, экипаждың борттағы құжаттарының жарамдылығын, әуе кемесінің және оның жабдықтарының жай-күйін тексеру мақсатында, бұл негізделмеген кідіртудің себебі болып табылмаса әуе кемесінің бортында және перрон шегінде осындай екінші Уағдаласушы тараптың уәкілетті өкілдерінің тексеріп қарауы мүмкін екендігімен келіседі (бұдан әрі осы бапта – «перронда тексеру»).
      4. Егер перронда тексеру немесе перронда бірнеше тексеру барысында:
      (а) әуе кемесінің өзі немесе оны пайдалану шарттары Конвенцияда уақыттың сол кезінде белгіленген ең төменгі стандарттарға сәйкес келмейді деп пайымдауға негіздер бар екені белгілі болса,
      (b) Конвенцияда белгіленген ұшу қауіпсіздігінің стандарттарына сай келетін тиімді техникалық қызмет көрсету және әкімшілендіру жоқ деп пайымдауға негіздер бар екені белгі болса,
      тексеруді жүргізетін Уағдаласушы тараптың Конвенцияның 33-бабын іске асыру мақсатында әуе кемесіне, пайдаланушыға немесе осындай әуе кемесінің экипажына қатысты сертификаттар мен куәліктерді беруге немесе жарамды деп тануға негіз болған талаптардың Конвенцияға сәйкес сол кезде белгіленген ең төменгі стандарттарға сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасауға құқығы бар.
      5. Осы баптың 3-тармағына сәйкес перронда тексеру жүргізу үшін бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорыны пайдаланатын әуе кемесіне кіргізуден бас тартылған жағдайда, екінші Уағдаласушы тараптың мұны осы баптың 4-тармағында көрсетілген тиісті түрдегі елеулі бұзушылық деп тануға және осы тармақта аталған тиісті қорытынды жасауға құқығы бар.
      6. Егер бірінші Уағдаласушы тарап перрондағы тексеру немесе бірнеше тексеру нәтижесінде перронда тексеру үшін кіргізуден бас тартылған кезде консультациялар нәтижесінде немесе өзге де негіздер бойынша бұл тағайындалған авиакәсіпорын жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет деп тұжырым жасаса, әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына пайдалануға берілген қолданыстағы рұқсаттың күшін дереу тоқтата тұру немесе өзгерту құқығын өзіне қалдырады.
      7. Бір Уағдаласушы тарап осы баптың 2 немесе 6-тармағына сәйкес қолданатын кез келген шаралардың осы шараларды енгізу үшін негіздер жойылысымен күші жойылады.
      8. Егер Қазақстан Республикасында реттеп басқаруды басқа мемлекет жүзеге асыратын және бақылайтын тағайындалған авиакәсіпорын бар болса, Француз Республикасының осы бап бойынша құқықтары қауіпсіздік стандарттарын осындай мемлекеттің қабылдауына, пайдалануына және сақталуын бақылауына қатысты, сондай-ақ мұндай авиакәсіпорынды пайдалануға арналған рұқсатқа қатысты тең дәрежеде қолданылады.
      9. Егер Француз Республикасында реттеп басқаруды Еуропалық Одаққа мүше басқа мемлекет жүзеге асыратын және бақылайтын тағайындалған авиакәсіпорын бар болса, Қазақстан Республикасының осы бап бойынша құқықтары қауіпсіздік стандарттарын Еуропалық Одаққа осындай мүше мемлекеттің қабылдауына, пайдалануына және сақталуын бақылауына қатысты, сондай-ақ мұндай авиакәсіпорынды пайдалануға арналған рұқсатқа қатысты тең дәрежеде қолданылады.

10-бап. Алымдар

      1. Бір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері немесе тиісті органдары екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына өздерінің басқаруындағы әуежайдың жабдығын және көрсетілетін қызметтерін, авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарын, аэронавигациялық және басқа да құралдарын пайдаланғаны үшін салуы мүмкін алымдар әділ, негізделген, кемсітпейтін және пайдаланушылардың санаттары арасында мөлшерлес бөлінген болып табылады. Мұндай алымдар осы көрсетілетін қызметтерді және құралдарды пайдаланғаны үшін дәл сол немесе ұқсас халықаралық шарттық желілерді пайдаланатын қандай да бір басқа авиакәсіпорындарға салынатындардан жоғары болмайды.
      2. Көрсетілген алымдар әуежайдың жабдықтары мен көрсетілетін қызметтерін, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарын, аэронавигациялық және өзге де құралдарды ұсыну нәтижесінде шеккен жалпы шығындардың объективті арақатынасын білдіруі мүмкін, бірақ одан аспайды. Алымдар алынатын көрсетілетін қызметтер мен жабдықтар үнемділік және тиімділік қағидаттарының негізінде ұсынылады. Әрбір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері немесе тиісті органдары екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнын аталған алымдарға байланысты ұсынылатын кез келген елеулі өзгерістер туралы олар күшіне енгенге дейін 6 (алты) ай ішінде хабардар етеді. Әрбір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері немесе тиісті органдары екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнын мұндай өзгерістер туралы өзгерістерді қолданудың алдында орынды кейінге қалдырумен хабардар етеді. Алымдар ұлғайтылған жағдайда, әрбір Уағдаласушы тарап өз мемлекеті авиациялық биліктерінің немесе тиісті органдарының және мұндай көрсетілетін қызметтер мен жабдықтарды пайдаланатын авиакәсіпорындарының консультацияларын ұйымдастыруға ықпал етеді.

11-бап. Кедендік баждар мен салықтар

      1. Бір Уағдаласушы тараптың аумағына келген соң екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны халықаралық шарттық желілерде пайдаланатын әуе кемесі, сондай-ақ қозғалтқыштарды және борттағы қорларды (оның ішінде, өзгелерімен қатар тағам өнімдері, алкогольді және алкогольсіз сусындар, сигареталар және ұшу уақытында шектеулі көлемде сатуға немесе жолаушылардың пайдалануына арналған басқа да тауарлар) қоса алғанда, оның стандартты жабдығы, отын мен жағармай материалдары, техникалық шығыс материалдары, қосалқы бөлшектер, жабдықтар, сондай-ақ халықаралық шарттық желілерде әуе кемесін уақытша немесе олар шығарылғанға дейін пайдалануға немесе оған техникалық қызмет көрсетуге ғана арналған немесе пайдаланылатын басқа да заттар мұндай жабдықтар мен қорлардың әуе кемесінің бортында қалуы шартымен өзара негізде кез келген кедендік баждардан, импортты шектеулерден, мүлік салықтарынан, капиталға салынатын салықтардан, куәландыру үшін төлемақыдан, акциздік алымдардан және ұлттық немесе жергілікті биліктер салатын ұқсас баждар мен алымдардан босатылады.
      2. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметтер құнының негізіндегі алымдарды қоспағанда:
      (а) бір Уағдаласушы тараптың аумағына әкелінген немесе осындай аумақтан жеткізілген және екінші Уағдаласушы тараптың халықаралық шарттық желілерді пайдаланатын тағайындалған авиакәсіпорнының ұшып шығатын әуе кемесінде пайдалану үшін негізделген көлемде бортқа алынған борт қорларын, тіпті мұндай қорларды олар бортқа алынған Уағдаласушы тарап аумағының үстінен ұшу уақытында пайдалану жоспарланса да;
      (b) қозғалтқыштарды қоса алғанда, екінші Уағдаласушы тараптың халықаралық шарттық желілерді пайдаланатын тағайындалған авиакәсіпорнының әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету, оны жөндеу және жабдықтау үшін Уағдаласушы тараптың аумағына әкелінген стандартты жабдықты, қосалқы бөлшектерді;
      (с) екінші Уағдаласушы тараптың халықаралық шарттық желілерді пайдаланатын тағайындалған авиакәсіпорнының әуе кемесінде пайдалану үшін бір Уағдаласушы тараптың аумағына әкелінген немесе осындай аумақтан жеткізілген отынды, жағармай заттары мен техникалық шығыс материалдарын, тіпті мұндай қорларды олар бортқа алынған Уағдаласушы тарап аумағының үстінен ұшу уақытында пайдалану жоспарланса да;
      (d) өзгелерінің ішінде кестелерді, брошюраларды, баспа нысандарын қоса алғанда, бір Уағдаласушы тараптың аумағына әкелінетін және екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының әуе кемесінің бортында таратуға арналған баспа құжаттар мен жарнамалық материалдарды;
      (е) әуежайларда немесе жүк терминалдарында пайдалану үшін қорғау құралдары мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жабдығын осы баптың 1-тармағында аталған салықтардан, баждардан, куәландыру үшін төлемақы мен алымдардан өзара босату белгіленеді.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған жабдықтар мен қорларға қатысты Әрбір Уағдаласушы тараптың тиісті органдарының қадағалауы мен бақылауы талап етілуі мүмкін тиісті мүлік қажетті кедендік баждар мен салықтарды төлемей тасымалдауға жатпауы мүмкін.
      4. Егер бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны осы баптың 1 және 2-тармақтарында санамаланған позицияларды уақытша пайдалануға немесе екінші Уағдаласушы тараптың аумағына тасымалдауға қатысты екінші Уағдаласушы тарап осындай босатуды ұсынатын басқа авиакәсіпорынмен шарт жасасса да осы бапта көзделген салықтар мен алымдардан босату қолданылады.
      5. Стандартты борт жабдығы, сондай-ақ әдетте Уағдаласушы тараптардың қандай да бірінің авиакәсіпорнының әуе кемесінің бортында сақталатын материалдар мен қорлар екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің кеден органдарының келісімін алу шартымен ғана осы тараптың аумағына түсірілуі мүмкін. Бұл жағдайда, олар кері әкетілген немесе кедендік қағидаларға сәйкес өзгеше пайдаланылған кезге дейін аталған органдардың кедендік бақылауына орналастырылуы мүмкін.

12-бап. Әкімшілік шаралар

      Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына осы Келісімнің мақсатымен үйлеспейтін міндеттемелерді жүктемейді. Әрбір Уағдаласушы тарап жергілікті заңнама мен қағидаларды ескере отырып, әкімшілік шараларды барынша азайтуға тырысады.

13-бап. Коммерциялық мүмкіндіктер

      1. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының өзара негізде әуе тасымалдарының көрсетілетін қызметтерін жарнамалау және сату мақсатында екінші Уағдаласушы тараптың аумағында өкілдіктер ашуға құқығы бар.
      2. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының өзара негізде екінші Уағдаласушы тараптың аумағында өзінің басқарушы, жедел, сауда және әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де персоналын орналастыруға және бақылауға құқығы бар.
      3. Әрбір Уағдаласушы тарап өзара негізде екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының қажетті персоналына өзінің аумағында екінші Уағдаласушы тараптың әуе кемелерін, экипажын, жолаушылары мен жүктерін пайдалану үшін талап етілетін әуежай мен алаңдарға санкцияланған қолжетімділік ұсынады.
      4. Әрбір Уағдаласушы тарап өзара негізде екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына 90 (тоқсан) күннен аспайтын қысқа кезеңге өзінің аумағында екінші Уағдаласушы тараптың осындай тағайындалған авиакәсіпорнының жұмысы үшін қажетті қосымша персоналды орналастыру және ұстау құқығын береді.
      5. Уағдаласушы тараптар жолаушылардың ұлтына қарамастан, оларға жергілікті немесе еркін айырбасталатын, осындай авиакәсіпорындарға қолданылатын валютаға өздері таңдаған авиакәсіпорынның билеттерін сатып алуға мүмкіндік береді. Мұндай қағидаттар жүктерді тасымалдауға да қолданылады.
      6. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының өзара негізде екінші Уағдаласушы тараптың аумағында өзінің бөлімшелерінде өзінің билеттерін пайдалана отырып немесе таңдап алынған аккредиттелген агенттер арқылы жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызметтерді жергілікті немесе еркін айырбасталатын қандай да бір валютаға сатуды жүзеге асыруға  құқығы бар. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының өзара негізде екінші Уағдаласушы тараптың аумағында Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің валютасында немесе өзінің қалауы бойынша еркін айырбасталатын қандай да бір валютада атаулы банктік шоттар ашуға және бақылауға құқығы бар.

14-бап. Кодтарды бірлесіп пайдалану туралы келесім

      1. Шарттық желілерді пайдалану үшін әрбір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны:
      (а) кез келген Уағдаласушы тараптың авиакәсіпорнымен немесе авиакәсіпорындарымен;
      (b) мұндай мемлекеттің екінші Уағдаласушы тараптың авиакәсіпорындары арасындағы ұқсас коммерциялық келісімдерге рұқсат беруі немесе жол беруі шартымен үшінші мемлекеттің авиакәсіпорнымен немесе авиакәсіпорындарымен, мысалы, орындарды бұғаттау, код-шеринг, лизинг немесе кез келген басқа бірлескен кәсіпорындар түрінде маркетингтік келісімдер жасаса алады.
      2. Ұшуларды жүзеге асыратын, маркетингтік келісімдер жасасқан авиакәсіпорынның нақты маршруттар бойынша тасымалдау құқығын қоса алғанда, тасымалдауға және тасымалдар көлеміне тиісті өкілеттіктері мен құқықтары болуы және әдетте осындай келісімдерге қолданылатын талаптарға сәйкес келуі міндетті.
      3. Бірлескен маркетинг туралы келісімдер жасасқан барлық маркетингтік тасымалдаушылардың нақты маршруттар бойынша тасымалдау құқығын қоса алғанда, тасымалдауға тиісті өкілеттіктері мен құқықтары болуы және әдетте осындай келісімдерге қолданылатын талаптарға сәйкес келуі міндетті.
      4. Авиакәсіпорындар осындай келісімдер бойынша жүзеге асыратын әуе тасымалдарының жалпы көлемі ұшуларды жүзеге асыратын авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы тараптың үлесін ескере отырып есептеледі. Маркетингті жүзеге асыратын авиакәсіпорын немесе авиакәсіпорындар ұсынатын тасымалдар көлемі осы авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы тараптың үлесін айқындау кезінде ескерілмейді.
      5. Ұшуларды жүзеге асыратын авиакәсіпорынға қосымша әрбір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері маркетингті жүзеге асыратын авиакәсіпорындардың кестесін бекітуге ұсынуды талап ете алады.
      6. Осындай келісімдер бойынша көрсетілетін қызметтерді сатуға ұсынған кезде тиісті авиакәсіпорын немесе оның агенті сатып алушыға әрбір қызмет көрсету секторында ұшуды іс жүзінде қандай авиакәсіпорын жүзеге асыратыны және сатып алушы қандай авиакәсіпорнымен шарттық қатынастарға кірісетіні туралы сату орнында тікелей хабарлайды.

15-бап. Жерде қызмет көрсету

      Әрбір Уағдаласушы тараптың заңдары мен қағидаларын ескере отырып, әрбір авиакәсіпорнының екінші Уағдаласушы тараптың аумағында жерде өзі қызмет көрсетуді жүзеге асыруға («өзіне-өзі қызмет көрсету») немесе өзінің қалауы бойынша бәсекелес өнім берушілер арасынан ішінара немесе толық жерде қызмет көрсетуді ұсынатындарын таңдауға құқығы бар. Егер мұндай заңдар мен қағидалар өзіне-өзі қызмет көрсетуге шектеу қойса немесе тыйым салса, сондай-ақ жерде қызмет көрсетуді ұсынатын өнім берушілер арасында тиімді бәсеке болмаған жағдайда әрбір тағайындалған авиакәсіпорынға өзіне-өзі қызмет көрсетуге және өнім беруші немесе өнім берушілер ұсынатын жерде қызмет көрсетудің көрсетілетін қызметтеріне кемсітусіз қолжетімділік ұсынылады.

16-бап. Кірістердің шығыстардан асып түскен сомаларын аудару

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап өзара негізде сұрау салу бойынша екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына екінші Уағдаласушы тараптың аумағында әуе тасымалдарының көрсетілетін қызметтерін және тиісті қызметті сатудан түскен жергілікті түсімдердің артық бөлігін өзінің таңдауы бойынша айырбастау және аумаққа немесе аумақтарға аудару құқығын ұсынады. Айырбастауға және аударуға авиакәсіпорны аударуға бастапқы өтінім берген кезде күнделікті операциялар мен аударымдар үшін қолданылатын бағам бойынша дереу, шектеусіз және салық салмай рұқсат беріледі.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына екінші Уағдаласушы тараптың аумағында тапқан өзінің түсімдерін тасымалдарды қамтамасыз етуге және әуе тасымалдарына қатысы бар басқа қызметке байланысты барлық алымдарды төлеу (отын сатып алуды қоса алғанда) үшін ішінара немесе толық пайдалану құқығын ұсынады.
      3. Уағдаласушы тараптар арасындағы ақылы көрсетілетін қызметтер ерекше келісіммен реттелетін бөлікте көрсетілген келісім қолданылады.

17-бап. Тарифтер

      1. Алынатын тарифтерді (салықтарды және/немесе қосымша алымдарды қоса алғанда) әрбір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары пайдалану құнын, негізделген кірісті, әрбір көрсетілетін қызметтің сипаттамасын, тұтынушылардың мүдделерін және қолдануға болған жағдайда нақты маршрут немесе оның бір бөлігі үшін басқа авиакәсіпорындардың тарифтерін қоса алғанда, барлық тиісті факторларды тиісінше ескере отырып, негізді деңгейде тәуелсіз белгілейді.
      2. Егер бір немесе екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері тарифтерді өзгертуді ұсынса, мұндай өзгертудің басты мақсаты:
      a) тым жоғары немесе кемсітуші тарифтерді болғызбау;
      b) тұтынушыларды нарықтағы үстем жағдайды асыра пайдаланудан туындаған шамадан тыс жоғары немесе көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті шектейтін бағалардан қорғау;
      c) авиакәсіпорындарды тікелей немесе жанама мемлекеттік субсидиялаудан туындаған бағаларды жасанды төмендетуден қорғау;
      d) егер бәсекелестікті жою үшін мұндайлардың қолданылуына дәлел болса, авиакәсіпорындарды бағаларды төмендетуден қорғау болып табылады.
      3. Әрбір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері тағайындалған авиакәсіпорыннан тарифтерді бекітуге ұсынуды талап ете алады. Мұндай жағдайда тарифтер авиациялық биліктерге оларды енгізудің болжалды күніне дейін кемінде 30 (отыз) күн қалғанда беріледі. Ерекше жағдайларда аталған кезең көрсетілген авиациялық биліктер келісімінің болуы шартымен қысқартылуы мүмкін. Егер тарифтерді ұсынуды талап еткен авиациялық биліктер осы тармаққа сәйкес 30 (отыз) күн ішінде ұсынылатын қандай да бір тарифтерге өздерінің қанағаттанбайтынын білдірмесе, тариф бекітілді деп саналады.
      4. Егер бір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері екінші Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны ұсынған бір немесе бірнеше тариф осы баптың 1-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келмейді деп санаса, мұндай авиациялық биліктер осы Келісімнің 5-бабы ережелерінің қолданылуын қозғамай, екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктерімен осы мәселе бойынша консультацияларға сұрау салады. Мұндай консультациялар сұрау салу алынған кезден бастап 30 (отыз) күн ішінде өткізіледі. Қажет болған жағдайда, Уағдаласушы тараптардың авиациялық биліктері тарифтерді бір-бірімен келісу жолымен айқындау үшін күш жұмсайды.
      5. Егер Уағдаласушы тараптардың авиациялық биліктері өздеріне осы баптың 3-тармағына сәйкес ұсынылған қандай да бір тарифтерді бекітуді келісе алмаса, дау осы Келісімнің 23-бабының ережелеріне сәйкес шешіледі.
      6. Осы баптың ережелеріне сәйкес белгіленген тарифті тиісті тағайындалған авиакәсіпорны оның қолданылу мерзімі аяқталғанға немесе жаңа тарифтер бекітілгенге дейін жоймаса, ол күшінде қалады. Бұл ретте егер Уағдаласушы тараптар өзгеше келіспесе, тарифтер осы тармақтың негізінде олардың қолданылу мерзімі аяқталатын бастапқы күннен кейін 12 (он екі) айдан артық ұзартылмайды.

18-бап. Ұшу кестелерін бекіту

      1. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының ұшу кестелері екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктеріне бекітуге ұсынылады.
      2. Мұндай ұшу кестелері ұшу басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын ұсынылады және мынадай ақпаратты: ұшу кестесін, жиілігін, әуе кемелерінің түрлерін, жолаушыларға арналған креслолардың конфигурациясы мен санын қамтиды. Кейбір жағдайларда ұзақтығы 30 (отыз) күндік бұл кезең екі Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктерінің келісуі бойынша қысқартылуы мүмкін.
      3. Бір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының бекітілген ұшу кестесіндегі кез келген өзгерістер екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктеріне бекітуге ұсынылады.

19-бап. Транзит

      Бір Уағдаласушы тараптың аумағы арқылы транзитпен өткізілетін жүк пен багаж барлық кедендік баждардан, куәландыру үшін төлемақыдан және басқа да салықтар мен алымдардан босатылады.

20-бап. Статистика

      Бір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері сұрау салу бойынша екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктеріне шарттық желілердің пайдаланылуын тексеру үшін негізді түрде қажетті статистика деректерін ұсынады немесе ұсынуға өзінің тағайындалған авиакәсіпорнын міндеттейді.

21-бап. Авиациялық қауіпсіздік

      1. Халықаралық құқықтан туындайтын құқықтарға және міндеттемелерге сәйкес Уағдаласушы тараптар бір-біріне қатысты өздері алған авиациялық қауіпсіздік және заңсыз араласу әрекеттерінен қорғау жөніндегі міндеттеме осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтынын растайды. Халықаралық құқық бойынша өз құқықтары мен міндеттемелерінің жалпы қолданылуын шектемей, Уағдаласушы тараптар, атап айтқанда, 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да іс-әрекеттер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияның, 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерге қарсы күрес туралы конвенцияның, 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қою үшін ашылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерге қарсы күрес туралы конвенцияға қосымша Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда заңсыз зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы күрес туралы хаттаманың, 1991 жылғы 1 наурызда Монреальда жасалған Пластикалық жарылғыш заттарды табу мақсатында, оларды таңбалау туралы конвенцияның және Уағдаласушы тараптар қатысушылары болып табылатын авиациялық қауіпсіздік саласындағы басқа да кез келген көпжақты келісімдердің ережелеріне сәйкес іс-қимыл жасайды.
      2. Уағдаласушы тараптар тиісті өтініштің негізінде азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алуды және осындай әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз әрекеттерді, сондай-ақ азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне кез келген басқа қауіп-қатерді болғызбауда бір-біріне барлық қажетті көмекті көрсетеді.
      3. Уағдаласушы тараптар өздерінің өзара қарым-қатынастарында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген және Конвенцияға қосымшалар ретінде ресімделген авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерге сәйкес осындай ережелер Уағдаласушы тараптардың мемлекеттеріне қолдануға болатындай дәрежеде іс-қимыл жасайды. Уағдаласушы тараптар негізгі қызмет орны немесе тұрақты болатын жері өз мемлекеттерінің аумағында орналасқан әуе кемелерін пайдаланушылардың және Француз Республикасы жағдайында оның аумағында құрылған және Еуропалық Одақтың заңына сәйкес тасымалдарды жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар пайдаланушылардың, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында халықаралық әуежайларды пайдалануды жүзеге асыратын тұлғалардың авиациялық қауіпсіздік жөніндегі осындай ережелерге сәйкес іс-қимыл жасауын талап етуге тиіс. Бұл тармақта авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерге сілтемелер тиісті Уағдаласушы тарап белгілеген кез келген сәйкессіздіктерді қамтиды. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тарапқа өзінің аталған ережелерге қатысты қандай да бір кез келген сәйкессіздіктер туралы мәлімдеу ниеті туралы ақпаратты алдын ала ұсынады.
      4. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың аумағынан ұшып шығу кезінде немесе онда болған уақытта осы Келісімнің 7-бабына сәйкес өзінің әуе кемелерін пайдаланушыларынан Француз Республикасы жағдайында Еуропалық Одақтың заңын қоса алғанда, аталған мемлекетте қолданылатын заңға сәйкес авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерді сақтау талап етілуі мүмкіндігімен келіседі. Әрбір Уағдаласушы тарап өз мемлекетінің аумағы шегінде қонуға немесе тиеуге дейін және сол уақытта әуе кемелерін қорғау және жолаушыларды, экипажды, багажды, жүктерді және борттық қорларды тексеру үшін тиісті шаралар қолдануды қамтамасыз етеді. Әрбір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық қауіпсіздікке нақты қатерге байланысты арнайы қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы кез келген өтінішін де тілектестікпен қарайды.
      5. Азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алуға немесе жолаушылардың, экипаждың, әуе кемесінің, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз әрекеттерге байланысты оқыс оқиға немесе оқыс оқиға қатері орын алған жағдайда, жылдам әрі ойдағыдай осындай оқыс оқиғаның жолын кесу немесе оның қатерін жою мақсатында Уағдаласушы тараптар бір-біріне байланыс ұсыну және басқа да тиісті шаралар қабылдау арқылы көмек көрсетеді.
      6. Уағдаласушы тараптың екінші Уағдаласушы тарап осы бапта көзделген авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерден ауытқыды деп пайымдауға негізді себептері болған жағдайда, бірінші Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараппен дереу консультация өткізуді сұрата алады. Осы Келісімнің 5-бабының ережелерін шектемей, осындай сұрау салу күнінен бастап 15 (он бес) күн ішінде қанағаттанарлық уағдаластықтарға қол жеткізбеу осы Келісім бойынша Уағдаласушы тараптарға берілген құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. Егер бұл бір Уағдаласушы тарап жолаушыларының, экипажының немесе әуе кемесінің қауіпсіздігіне тікелей немесе айрықша қатер туғызатын шұғыл жағдайда талап етілсе және егер екінші Уағдаласушы тарап осы баптың 4 және 5-тармақтарына сәйкес өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамаса Уағдаласушы тарап қауіп-қатерді жою үшін дереу тиісті уақытша қорғау шараларын қабылдай алады. Осы тармаққа сәйкес қабылданған кез келген әрекет екінші Уағдаласушы тарап осы бапта көзделген қауіпсіздік жөніндегі ережелерді сақтаған кезде тоқтатылады.

22-бап. Консультациялар мен түзетулер

      1. Уағдаласушы тараптардың авиациялық биліктері осы Келісімнің қағидаттары мен ережелерін қанағаттанарлық түрде іске асыруды қамтамасыз ету үшін тығыз ынтымақтастық рухта қажетті жиілікпен консультациялар өткізеді. Мұндай консультациялар Уағдаласушы тарап тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде басталады.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе осы Келісімнің немесе оған Қосымшаның ережелеріне өздері қалайтын қандай да бір түзетулер немесе өзгерістер енгізу мақсатында екінші Уағдаласушы тараптан мезгіл-мезгіл консультациялар сұрата алады. Мұндай консультациялар авиациялық биліктер арасында келіссөздер немесе хат алмасу арқылы өткізілуі мүмкін. Бұл консультациялар бір Уағдаласушы тарап тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде басталады.
      3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес келісілетін осы Келісімге түзетулер немесе өзгерістер, қажет болған жағдайда, әрбір Уағдаласушы тараптың ішкі рәсімдерді орындағаны дипломатиялық арналар арқылы расталғаннан кейін күшіне енеді.

23-бап. Дауларды шешу

      1. Уағдаласушы тараптар арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты дау туындаған жағдайда, Уағдаласушы тараптар оны бірінші кезекте тікелей келіссөздер арқылы шешуге ұмтылады.
      2. Егер Уағдаласушы тараптар келіссөздер арқылы келісімге қол жеткізе алмаса, олар дауды өзара келісілген жеке немесе заңды тұлғаға немесе қандай да бір Уағдаласушы тараптың сұрау салуы бойынша үш төрешіден тұратын төрелік сотқа шешуге бере алады. Мұндай жағдайда әрбір Уағдаласушы тарап бір-бір төрешіден атайды, ал Уағдаласушы тараптың біріншісінің де, екіншісінің де азаматы болып табылмайтын үшіншісін жоғарыда көрсетілген екі төреші тағайындайды, бұл ретте үшінші төреші төрелік сот төрағасының функцияларын орындайды. Бір Уағдаласушы тарап екінші Уағдаласушы тараптан дипломатиялық арналар арқылы дауды төрелік сотта шешуге сұрау салынған хабарламаны алған күнінен бастап 60 (алпыс) күн ішінде әрбір Уағдаласушы тарап өзінің төрешісін тағайындайды; үшінші төреші алғашқы екі төреші тағайындалғаннан кейін 60 (алпыс) күн ішінде таңдалады. Егер қандай да бір Уағдаласушы тарап төрешіні белгіленген мерзімде тағайындай алмаса немесе үшінші төреші белгіленген мерзімде таңдалмаса, кез келген Уағдаласушы тараптың сұрау салуы бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің президенті төрешіні немесе төрешілерді жағдайға байланысты тағайындай алады.
      3. Уағдаласушы тараптар осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған кез келген шешімдерге бағынады.
      4. Егер бір Уағдаласушы тарап осы баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған шешімді орындамаған кез келген жағдайда және осындай шешім сақталмаған бүкіл уақыт ішінде екінші Уағдаласушы тарап бұзушылыққа жол берген Уағдаласушы тарапқа осы Келісіммен берілген қандай да бір құқықтарды шектеуі немесе қайтарып алуы мүмкін.

24-бап. Көпжақты келісімдердің қолданылуы

      Осы Келісім және оған Қосымша Уағдаласушы тараптарды байланыстыратын кез келген көпжақты келісімдермен үйлестіріледі.

25-бап. Келісімнің қолданысын тоқтату

      Әрбір Уағдаласушы тарап кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату шешімі туралы жазбаша хабардар ете алады. Мұндай хабарлама бір мезгілде Халықаралық азаматтық авиация ұйымына жіберіледі. Мұндай жағдайда Келісім екінші Уағдаласушы тарап хабарламаны алған күннен бастап 12 (он екі) ай өткен соң, егер бұзу туралы хабарлама аталған кезең аяқталғанға дейін өзара келісу бойынша кері қайтарып алынбаса, өзінің қолданысын тоқтатады. Егер екінші Уағдаласушы тарап алғанын растамаса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы хабарламаны алғанын растағаннан кейін 15 (он бес) күннен соң ол алынды деп саналады.

26-бап. Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркеу

      Осы Келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркеледі.

27-бап. Күшіне енуі

      Әрбір Уағдаласушы тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы тарапты осындай хабарламалардың соңғысы алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енетін осы Келісімді қолданысқа енгізу үшін талап етілетін конституциялық рәсімдердің орындалғаны туралы хабардар етеді.
      Осыны куәландыру үшін өздерінің Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      қазақ және француз тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының        Француз Республикасының
           Үкіметі атынан                   Үкіметі атынан

Келісімге қосымша

Кесте

      1. Қазақстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорыны пайдаланатын маршрут:
      Қазақстаннан Қазақстан тарапының таңдауы бойынша аралық екі пункт арқылы Парижге және Қазақстан тарапының таңдауы бойынша Франция метрополиясындағы басқа екі пунктке (егер қызмет көрсетілетін әуежай халықаралық әуе тасымалдары үшін ашық болса) және Уағдаласушы тараптардың шегінен тыс Қазақстан тарапының таңдауы бойынша Еуропадағы екі пунктке.
      2. Француз Республикасының тағайындалған авиакәсіпорыны пайдаланатын маршрут:
      Франциядан Француз тарапының таңдауы бойынша аралық екі пункт арқылы Алматыға және Француз тарапының таңдауы бойынша Қазақстандағы басқа екі пунктке (егер қызмет көрсетілетін әуежай халықаралық әуе тасымалдары үшін ашық болса) және Уағдаласушы тараптардың шегінен тыс Француз тарапының таңдауы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы немесе Азиядағы екі пунктке.
      Ескертпелер:
      а) әрбір Уағдаласушы тараптың тағайындалған авиакәсіпорны шарттық желілердің бір бөлігінде немесе барлығында өзінің қалауы бойынша тиісті шарттық желінің авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы тараптың аумағында басталуы немесе аяқталуы шартымен:
      i. бір бағытта немесе екі бағытта ұшуды жүзеге асыруы;
      ii. көрсетілген маршруттардағы бір немесе бірнеше пунктте аялдамаларға тоқтамауы;
      iii. көрсетілген маршруттарда межелі пункттердің қызмет көрсету тәртібін еркін ауыстыруы (Уағдаласушы тараптардың шегінен тыс пункттер ретінде және керісінше аралық пункттердің қызмет көрсету, сондай-ақ шарттық желінің бір бағытында аялдамаларға тоқтамау мүмкіндігін қоса алғанда);
      iv. бір рейс шеңберінде екінші Уағдаласушы тараптың аумағында көрсетілген маршруттардағы екі немесе одан көп пунктті дәйектілікпен байланыстыруы;
      v. екінші Уағдаласушы тараптың аумағында немесе Уағдаласушы тараптардың шегінен тыс қызмет көрсетуді тоқтатуы мүмкін.
      Әрбір Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктері екінші Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктерін хабардар ету арқылы Маршруттар кестесіндегі белгіленбеген межелі пункттерді ауыстыра алады.
      b) Осы Келісім ережелерінің ешқайсысы 5-ші еркіндікке сәйкес тасымалдауға арналған құқықтарды бермейді. 5-ші еркіндікке сәйкес тасымалдауға арналған құқықтарды пайдалану екі Уағдаласушы тараптың авиациялық биліктерімен келісілуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады