Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 19 тамыздағы
№ 473 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы
келісім
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі
заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға толық шешім қабылдай отырып;
ұйымдасқан қылмыстық топтардың көшіп-қонушыларды заңсыз тасымалдау жөніндегі әрекетінің айтарлықтай өсуіне алаңдаушылық білдіре отырып;
осы Келісімді жасасу арқылы және өзара негізде Тараптар мемлекеттерінің аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды сәйкестендірудің және қайтаруды ұйымдастырудың жылдам және тиімді рәсімдерін орнатуға, сондай-ақ ынтымақтастық рухында осындай адамдардың транзитін жеңілдетуге ниет білдіре отырып;
Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарына заңсыз келген үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды өздері азаматы болып табылатын немесе тұрақты тұратын мемлекеттеріне қайтару үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс екенін назарға ала отырып;
адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау қажеттігін мойындай отырып және осы Келісімнің халықаралық құқыққа, атап айтқанда Женевада қол қойылған 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және Нью-Йоркте қол қойылған 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесіне қатысты хаттамаға; Нью-Йоркте қол қойылған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын ұстап беру мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейтінін атап өте отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
1) «Реадмиссия» – Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кірген, онда болатын немесе тұратын Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтарын, үшінші мемлекеттердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ адамдарды осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының қайтаруы және Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының қабылдауы;
2) «Үшінші мемлекеттің азаматы» – Тараптар мемлекеттерінің азаматтығынан өзге азаматтығы бар адам;
3) «Азаматтығы жоқ адам» – қандай да бір мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемелері жоқ адам;
4) «Болуға немесе тұруға рұқсат» – Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары берген, адамға осы Тарап мемлекетінің аумағында болуға немесе тұруға құқық беретін жарамды рұқсат. Болуға немесе тұруға рұқсат виза болып табылмайды, сол сияқты Польша Республикасы үшін халықаралық қорғауды беру туралы өтінішті қарау уақытында осы Тарап мемлекетінің аумағында болуға құқық беретін рұқсат болып табылмайды;
5) «Виза» – Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген, Тарап мемлекетінің аумағына кіруге немесе оның аумағы арқылы транзитке құқық беретін:
Қазақстан Республикасы үшін – әуежайда берілетін транзиттік визаны;
Польша Республикасы үшін – әуежайлық транзиттік визаны қамтымайтын рұқсат;
6) «Транзит» – үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салатын Тараптан межелі мемлекетке Сұрау салынатын Тараптың аумағы арқылы өтуі;
7) «Сұрау салатын Тарап» – осы Келісімге сәйкес реадмиссия немесе транзит туралы өтінішхат жолдайтын Тараптардың бірінің мемлекеті;
8) «Сұрау салынатын Тарап» – осы Келісімге сәйкес реадмиссия немесе транзит туралы өтінішхат жолданатын Тараптардың бірінің мемлекеті;
9) «Құзыретті органдар» – Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органдары.
2-бап
Өз азаматтарының реадмиссиясы
1. Сұрау салынатын Тарап осы Келісім шеңберінде Сұрау салатын Тараптың өтінішхаты бойынша Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан кез келген адамды, егер осы Келісімге сәйкес бұл адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатыны анықталса, осы Келісімде айқындалғаннан басқа формальдылықтарсыз өз аумағында қабылдайды. Осы ереже Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргеннен кейін Сұрау салынатын Тараптың азаматтығынан айырылған немесе одан бас тартқан және Сұрау салатын Тараптың немесе үшінші мемлекеттің азаматтығын алмаған адамдарға да қатысты қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың реадмиссиясымен бір мезгілде Сұрау салатын Тарап олардың:
1) егер олардың Сұрау салатын Тараптың аумағында болуға немесе тұруға тәуелсіз құқығы болмаса, туған жеріне немесе азаматтығына қарамастан, кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балаларының;
2) егер олардың Сұрау салынатын Тараптың аумағына кіруге, онда болуға немесе тұруға құқығы болса және Сұрау салатын Тараптың аумағында болуға немесе тұруға тәуелсіз құқығы болмаса, осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың азаматтығынан өзге азаматтығы бар жұбайларының реадмиссиясын жүзеге асырады.
3. Сұрау салынатын Тарап реадмиссияға жататын адамның ниет білдіруіне қарамастан, қажет болғанда, осы адамды қайтару үшін қажетті, қолданылу мерзімі кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайтын жол жүру құжатын береді. Жол жүру құжаты реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алынғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде тегін беріледі. Егер реадмиссияға жататын адамды заңдық немесе нақты себептер бойынша берілген жол жүру құжатының қолданылу мерзімі ішінде беру мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы тармақта көзделген тәртіппен қолданылу мерзімі адамға бұрын берілген жол жүру құжатының мерзіміндей болатын жаңа жол жүру құжатын береді.
3-бап
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы
жоқ адамдардың реадмиссиясы
1. Сұрау салынатын Тарап осы Келісім шеңберінде Сұрау салатын Тараптың өтінішхаты бойынша Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан үшінші мемлекеттің кез келген азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды, егер осы Келісімге сәйкес мұндай адамның:
1) Сұрау салатын Тараптың аумағына Сұрау салынатын Тараптың аумағынан заңсыз кіргендігі; немесе
2) кіру кезінде Сұрау салынатын Тарап берген болуға немесе тұруға жарамды рұқсатының болғандығы; немесе
3) кіру кезінде Сұрау салынатын Тарап берген жарамды визасының болғандығы дәлелденсе, осы Келісімде айқындалғаннан басқа формальдылықтарсыз өз аумағында қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген реадмиссияға қатысты міндеттеме, егер:
1) үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам Сұрау салынатын Тарап аумағындағы халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында ғана болса немесе оның транзиттік визасы болса; немесе
2) Сұрау салатын Тарап, мынадай:
- осы адамның Сұрау салынатын Тарап берген және қолданылу мерзімі неғұрлым ұзақ визасы немесе болуға немесе тұруға рұқсаты болған; немесе
- Сұрау салатын Тарап берген виза немесе болуға немесе тұруға рұқсат жалған құжаттардың көмегімен алынған жағдайларды қоспағанда, үшінші мемлекеттің азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға өз аумағына кіргенге дейін немесе кіргеннен кейін виза немесе болуға немесе тұруға рұқсат берген болса, қолданылмайды.
3. Сұрау салатын Тарап, қажет болғанда, реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде реадмиссияға жататын адамға Сұрау салынатын Тарап мойындайтын, қолданылу мерзімі кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайтын жол жүру құжатын береді.
4-бап
Қате реадмиссия
Сұрау салатын Тарап, егер осы адамды бергеннен кейін 3 (үш) ай ішінде осы Келісімнің 2 және 3-баптарында қамтылған талаптардың сақталмағаны анықталса немесе адамды беру кезінде осы Келісімде көзделген осындай адамның реадмиссиясы үшін шарттардың болмағаны расталса, Сұрау салынатын Тараптың қайтаратын адамын кері қабылдайды. Мұндай жағдайларда осы Келісімнің реадмиссия мен транзит рәсімдерін реттейтін ережелері қолданылады, ал Сұрау салынатын Тарап қайтарылатын адаммен бірге Сұрау салатын Тарапқа беруге жататын адамның жеке басы мен азаматтығы туралы қолда бар барлық ақпаратты береді.
5-бап
Реадмиссия туралы өтінішхат
1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес адамның реадмиссиясын жүзеге асыру үшін Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы пошта арқылы немесе электрондық пошта немесе факс сияқты техникалық байланыс құралдарының көмегімен реадмиссия туралы өтінішхатты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жібереді.
2. Реадмиссия туралы өтінішхаттың үлгісі осы Келісімнің 1-қосымшасында айқындалады.
3. Реадмиссия туралы өтінішхат мынадай:
1) реадмиссияға жататын адам туралы барлық қолда бар мәліметтерді (аты, тегі, туған күні, жынысы және егер мүмкін болса, туған жері мен соңғы тұрғылықты жері), оның кәмелетке толмаған, некеде тұрмайтын балалары және (немесе) жұбайлары туралы толық ақпаратты, сондай-ақ реадмиссияға жататын адамның түрлі-түсті фотосуретін;
2) адамның Сұрау салынатын Тараптың азаматтығына тиесілілігі дәлелдемелерінің бар екендігі туралы; немесе
3) үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның реадмиссиясы үшін дәлелдемелері бар екендігі туралы ақпаратты қамтиды.
4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің азаматтығы оларға сәйкес дәлелденген немесе үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін шарттардың бар екені олардың негізінде анықталған құжаттардың қолда бар көшірмелері қоса беріледі.
5. Қажет болған жағдайларда, реадмиссия туралы өтінішхат мынадай ақпаратты да:
1) реадмиссияға жататын адам медициналық көмекке немесе арнайы күтімге мұқтаж екенін куәландыратын өтінішке келісім берген жағдайда, бұл адамның осындай өтінішін;
2) берілген жағдайда қажет болуы мүмкін қауіпсіздікті қорғау немесе қамтамасыз ету бойынша кез келген басқа да шаралар туралы мәліметтерді;
3) реадмиссияға жататын адамның азаматтығын айқындау мақсатында әңгімелесу өткізу туралы өтінішхатты қамтуға тиіс.
6. Егер реадмиссияға жататын адамда осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген жарамды құжаттардың бірі болса, ал егер бұл адам үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылған жағдайда - Сұрау салынатын Тарап берген жарамды визасы немесе болуға немесе тұруға рұқсаты болса, реадмиссия туралы өтінішхат талап етілмейді.
7. Тараптар Келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының немесе Польша Республикасының азаматтығына тиесілігі оларға сәйкес дәлелденетін құжаттардың үлгілерімен, сондай-ақ Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген жол жүру құжатының үлгісімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда, Тараптар бұл туралы дереу хабарлайды және бір-біріне құжаттардың өзгертілген немесе жаңа үлгілерін жібереді.
8. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жауап электрондық пошта немесе факс арқылы беріледі.
6-бап
Жеделдетілген рәсім бойынша реадмиссия
1. Адам шекараны заңсыз кесіп өтіп, Сұрау салынатын Тараптың аумағынан тікелей келгеннен кейін Сұрау салатын Тарап әуежайының аумағында ұсталған жағдайда, Сұрау салатын Тарап реадмиссия туралы өтінішхатты оны ұстаған кезден бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде бере алады.
2. Реадмиссия туралы өтінішхат адамды берудің ұсынылатын күнін қамтиды.
3. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамды қабылдауға келісім берген жағдайда, жауап ретінде осы баптың 2-тармағында айтылған шарттарды қабылдағанын растайды немесе басқа шарттарды ұсынады. Шарттарды өзгертуді келісу телефон арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жауап электрондық пошта немесе факс арқылы беріледі, сондай-ақ телефон арқылы қосымша берілуі мүмкін.
7-бап
Азаматтыққа тиесілігінің дәлелдемелері
1. Адамның Сұрау салынатын Тараптың азаматтығына тиесілігі:
1) осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген құжаттардың ең болмаса біреуінің негізінде, тіпті егер осындай құжаттың қолданылу мерзімі өтіп кетсе де, расталуы мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап адамның азаматтығын одан әрі тексеру жүргізбестен таниды.
2) осы Келісімге 3-қосымшада көрсетілген құжаттардың ең болмаса біреуінің негізінде, тіпті егер осындай құжаттың қолданылу мерзімі өтіп кетсе де, болжануы мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап басқаша дәлелдей алмаса, адамның азаматтығы анықталды деп есептейді.
2. Сұрау салынатын Тарап беретін азаматтың осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында аталған, реадмиссияға жататын адамдармен отбасылық байланысы және олардың Сұрау салынатын Тараптың аумағына кіруге құқығы осы Келісімге 4-қосымшада көрсетілген құжаттарды ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.
3. Тараптар мемлекеттерінің азаматтығына тиесілігі жалған дәлелдемелердің немесе құжаттардың негізінде расталмайды.
8-бап
Үшінші мемлекеттердің азаматтарына немесе азаматтығы жоқ
адамдарға қатысты дәлелдемелер
1. Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кіруі:
1) осы Келісімге 5-қосымшаның А бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгенін ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап өз аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кіру фактісін одан әрі тексеру жүргізбестен таниды.
2) осы Келісімге 5-қосымшаның В бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгенін ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап тергеп-тексеру жүргізеді және егер өзгеше дәлелденбесе, өз аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына заңсыз кіру фактісін таниды.
2. Сұрау салатын Тараптың аумағына кірудің заңсыздығы осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тиісті адамның жол жүру құжаттарында қажетті визаның немесе Сұрау салатын Тараптың аумағында болуға немесе тұруға рұқсаттың болмауы бойынша белгіленеді. Сұрау салатын Тараптың тиісті адамда қажетті жол жүру құжаттарының, визаның немесе болуға немесе тұруға рұқсаттың болмауы туралы негізделген мәлімдемесі де осы адамның заңсыз кіруінің, болуының немесе тұруының дәлелі болады.
3. Осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салынатын Тараптың аумағында заңды түрде болуы немесе тұруы, Сұрау салынатын Тараптың болуға немесе тұруға рұқсатының немесе визасының болуы:
1) осы Келісімге 6-қосымшаның А бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгенін ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап өз аумағында осындай адамдардың болуын немесе тұруын одан әрі тексеру жүргізбестен таниды.
2) осы Келісімге 6-қосымшаның В бөлігінде көрсетілген құжаттардың кез келгенін ұсыну арқылы дәлелденуі мүмкін.
Осындай құжаттар ұсынылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап тергеп-тексеру жүргізеді және егер өзгеше дәлелденбесе, үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың өз аумағында заңды түрде болуы немесе тұруы фактісін таниды.
4. Жалған құжаттар үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясы үшін негіздердің бар болуының дәлелі бола алмайды.
9-бап
Әңгімелесу
1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының осы Келісімге 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген құжаттардың біреуін де ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап реадмиссияға жататын адаммен әңгімелесу өткізеді.
2. Әңгімелесуді:
- Қазақстан тарапынан Польша Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері;
- Польша тарапынан Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің өкілдері өткізеді.
3. Әңгімелесу Сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы айқындаған жерде және жағдайларда әрбір жағдайда жеке-дара өткізіледі. Әңгімелесу барысында Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы өкілінің қатысу мүмкіндігіне кепілдік беріледі.
4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде, бірақ әңгімелесуді ұйымдастыру туралы сұрау салуды қамтитын реадмиссия туралы өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей, Сұрау салатын Тараптың құзыретті органын әңгімелесу нәтижелері туралы жазбаша хабардар етеді.
5. Әңгімелесу нәтижелері реадмиссияға жататын адамның Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылатынын растауға мүмкіндік бермейтін жағдайда, осы Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі мұны растауға мүмкіндік бермеген себептер туралы жазбаша хабардар етеді.
10-бап
Мерзімдер
1. Сұрау салынатын Тарап азаматының реадмиссиясы туралы өтінішхат осындай азамат Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтыны немесе орындауды тоқтатқаны туралы факт анықталғаннан кейін кез келген уақытта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жіберілуі мүмкін.
2. Үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның реадмиссиясы туралы өтінішхат үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам Сұрау салатын Тараптың аумағына кіру, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтыны немесе орындауды тоқтатқаны туралы факт анықталған күннен бастап 9 (тоғыз) айдан аспайтын мерзімде Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына жіберіледі. Үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның реадмиссиясына қатысты міндеттеме, егер осындай адамның реадмиссиясы туралы өтінішхат осы тармақта көрсетілген мерзім өткен соң жіберілген болса, туындамайды.
3. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жазбаша жауапты Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осындай өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен аспайтын мерзімде жібереді. Реадмиссия туралы өтінішхатқа уақтылы жауап беруге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының негізделген сұрау салуы негізінде жауап беру мерзімі күнтізбелік 40 (қырық) күнге дейін ұзартылады.
4. Реадмиссия туралы өтінішхатқа жазбаша жауап Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына осындай өтінішхатты алған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде жеделдетілген тәртіппен жіберіледі.
5. Егер Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген мерзімдер ішінде реадмиссия туралы өтінішхатқа жауапты алмаса, ол реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап болып табылады деп есептеледі.
6. Реадмиссия туралы өтінішхатқа теріс жауап қайтарылған жағдайда, Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына оның себептері жазбаша түрде хабарланады.
7. Реадмиссия туралы өтінішхатқа оң жауап алынғаннан кейін Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы реадмиссияға жататын адамды осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен дереу береді.
11-бап
Беру шарттары және көлік түрі
1. Реадмиссияға жататын адамды бергенге дейін құзыретті органдар кемінде күнтізбелік 2 (екі) күн мерзімде жазбаша нысанда беру күнін, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін, ықтимал ертіп жүру шарттарын және беруге қатысты басқа да мәселелерді келіседі.
2. Реадмиссияға жататын адамды беру үшін әуе көлігінің түрі пайдаланылады. Мұндай адамды тасымалдау кезінде таңдау еркі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық авиакомпанияларын пайдаланумен шектелмейді. Осы мақсаттар үшін тұрақты рейстер де, чартерлік рейстер де пайдаланылуы мүмкін.
12-бап
Транзит қағидаттары
1. Тараптар үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитін, мұндай адамдарды межелі мемлекетке тікелей қайтаруға болмайтын жағдайда, шектейді.
2. Сұрау салынатын Тарап үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзитіне, егер мұндай адамдардың барлық транзит мемлекеттерінің аумағы арқылы межелі мемлекетке одан әрі жол жүру мүмкіндігіне және оларды осы мемлекеттің қабылдауына кепілдік берілсе, рұқсат етеді.
3. Сұрау салынатын Тараптың талабы бойынша үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың транзиті ертіп жүру арқылы жүзеге асырылады.
4. Сұрау салынатын Тарап:
1) егер межелі мемлекетте немесе транзит мемлекетінде үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның азаптауға, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекетке немесе жазалауға, өлім жазасына немесе нәсілдік, діни, ұлттық тиесілігі белгісі бойынша, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси сенім белгісі бойынша қудалауға ұшырау қатері болса;
2) егер Сұрау салынатын Тарапта, транзит мемлекетінде немесе межелі мемлекетте үшінші мемлекет азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның қылмыстық қудалауға немесе жазалауға ұшырауы мүмкін болса;
3) Сұрау салынатын Тарап халқының денсаулығын сақтау, мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін немесе өзге де ұлттық мүдделерін қорғау тұрғысынан;
4) егер Сұрау салынатын Тарап аумағы шегінде транзит үшін келген әуежайдан басқа әуежайға бару қажет болса;
5) егер Сұрау салатын Тарап өтініш білдірген көмекті көрсету негізделген себептер бойынша мүмкін болмаса, транзиттен бас тартуы мүмкін.
5. Егер кейіннен осы баптың 4-тармағында көзделген транзитке кедергі келтіретін мән-жайлар туындаса немесе анықталса не басқа да транзит мемлекеттері немесе межелі мемлекет транзитпен баратын адамның жол жүруіне немесе оны қабылдауға кепілдік бермесе, Сұрау салынатын Тарап транзитке берілген кез келген рұқсаттың күшін жоя алады. Бұл жағдайда Сұрау салатын Тарап үшінші мемлекеттің азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды дереу кері қабылдайды.
13-бап
Транзит туралы өтінішхат
1. Транзит туралы өтінішхат осы Келісімге 7-қосымшада көрсетілген нысан бойынша жасалады.
2. Транзит туралы өтінішхат транзит басталғанға дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмей жіберіледі. Транзит туралы өтінішхат және оған жауап факсимильді байланыспен немесе электрондық пошта арқылы жіберіледі.
14-бап
Транзит рәсімі
1. Транзит туралы өтінішхат Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына пошта арқылы немесе электрондық пошта немесе факс сияқты техникалық байланыс құралдарының көмегімен ұсынылуға тиіс және онда мынадай:
1) транзит маршруты, транзит мемлекеттері туралы, егер ондайлар бар болса және межелі мемлекет туралы;
2) транзитпен жүретін адам туралы (аты, тегі, тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі, адамның пайдаланатын өзге де аттары немесе ол танымал болған аттары, бүркеншік аттары, туған күні, жынысы, мүмкіндігінше туған жері, азаматтығы, тілі, жол жүру құжатының түрі мен нөмірі) туралы ақпарат, сондай-ақ осы адамның түрлі-түсті фотосуреті;
3) пайдаланылуы болжанатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті, транзитпен жүретін адамды беру уақыты және ықтимал ертіп жүру туралы;
4) басқа да транзит мемлекеттерінің және межелі мемлекеттің реадмиссияға жататын адамның транзиттік жол жүруіне және оны қабылдауға келісім беруі туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
2. Сұрау салынатын Тарап транзит туралы өтінішхатты алғаннан кейін жоспарланған транзитті жүзеге асыруға дейін күнтізбелік 2 (екі) күннен кешіктірмей Сұрау салатын Тараптың құзыретті органын транзитке келісетіні туралы жазбаша нысанда хабардар етеді, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін және транзитпен жүретін адамды қабылдаудың болжамды уақытын растайды не транзиттен бас тарту туралы хабардар етеді және мұндай бас тартудың себептерін көрсетеді.
15-бап
Ертіп жүру арқылы беру
Ертіп жүру арқылы адамдарды беру және олардың транзиті мынадай қағидаттар сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы тиісінше осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген реадмиссия туралы өтінішхаттың "D" тармақшасында немесе Келісімге 7-қосымшада көрсетілген транзит туралы өтінішхаттың "C" тармақшасында ертіп жүретін адамдардың аттары мен тектерін, олардың жол жүру құжаттарының сериясын, нөмірін, берілген күні мен қолданылу мерзімін көрсетеді;
2) Сұрау салатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген ертіп жүретін адамдардың деректеріндегі өзгерістер туралы Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органын дереу хабардар етеді;
3) ертіп жүретін адамдар өз міндеттерін қарусыз және азаматтық киімде атқарады, оларда өздерімен бірге жол жүру құжаты және еріп жүретін адамның реадмиссиясына немесе (және) транзитіне келісімді растайтын қызметтік құжаттары, сондай-ақ межелі мемлекеттің тиісті органдарына берілуге тиіс, еріп жүретін адамға қатысты басқа да құжаттар болады;
4) ертіп жүретін адамдар реадмиссияланатын адамдар және осы адамдарды межелі мемлекетке беру үшін жауапты болады;
5) ертіп жүретін адамдар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасын сақтауға міндетті, беру немесе транзит уақытында ертіп жүретін адамдардың өкілеттіктері осы баптың 7) тармақшасы ескеріле отырып, өзін-өзі қорғаумен шектеледі;
6) Сұрау салынатын Тарап ертіп жүретін адамдарға өзінің заңнамасына сәйкес осындай міндеттер атқаратын өз адамдарына қамтамасыз ететін қорғаудың және қолдаудың сондай деңгейіне кепілдік береді;
7) Сұрау салынатын Тараптың жәрдем көрсетуі мүмкін болмаған жағдайда, ертіп жүретін адамдардың туындаған мән-жайларға қарай Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес, реадмиссияға немесе транзитке жататын адамның қашып кетуі, өзіне дене жарақатын келтіруі, ертіп жүретін адамдарға немесе үшінші тұлғаларға қастандық жасау немесе мүлікті бүлдіру қаупі болған жағдайларда қорғау және ықпал ету шараларын қолдану құқығы бар;
8) егер бұл талап етілсе, ертіп жүретін адамдарда межелі мемлекеттің немесе транзит мемлекеттерінің қажетті визалары болуға тиіс;
9) ертіп жүретін адамдар және транзитпен берілетін адамдар Сұрау салынатын Тараптың визасын алудан босатылады.
16-бап
Көліктік және транзиттік шығыстар
Реадмиссияланатын адамдардың өздерінің немесе үшінші тараптардың есебінен және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде адамның реадмиссиясы бойынша шығыстарды өтеуге құзыретті органдардың құқықтарына нұқсан келтірместен:
1) соңғы межелі мемлекеттің мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне дейін осы Келісімге сәйкес реадмиссиямен және транзитпен байланысты көліктік шығыстарды, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген адамдарды қайтарумен байланысты Сұрау салынатын Тараптың көліктік және басқа да шығыстарын Сұрау салатын Тарап шығындарды растайтын тиісті қаржылық құжат ұсынылған кезден бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде екі Тарапқа да қолайлы валютада көтереді.
2) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы баптың 1-тармағында айтылған құжатпен бірге банктік шот туралы ақпаратты және есеп үшін қажетті басқа да мәліметтерді береді.
17-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Дербес деректерді беру және өңдеу, егер бұл құзыретті органдардың осы Келісімді іске асыруы үшін қажет болған жағдайда ғана мынадай қағидаттар сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) дербес деректер Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес өңделеді;
2) дербес деректерді жинау, оларды кейіннен өңдеу осы Келісімді іске асырумен байланысты белгілі бір, заңды мақсатпен жүзеге асырылуға тиіс;
3) берілетін дербес деректер нақты, өзекті болуға тиіс және олар тек:
- реадмиссияға жататын адам туралы мәліметтерге (аты, тегі, бұрынғы тектері, адам пайдаланатын өзге де аттары немесе танымал болған аттары, бүркеншік аттары, туған күні және жері, жынысы, отбасылық жағдайы, тұрғылықты жері, қазіргі және кез келген бұрынғы азаматтығы);
- жеке басты куәландыратын құжаттарға (нөмірі, қолданылу мерзімі, берілген күні, берген орган, берілген жері);
- адамның болған жерлеріне және жүріп-тұру маршруттарына;
- реадмиссияға жататын адамды сәйкестендіру үшін немесе осы Келісімге сәйкес реадмиссия немесе транзит үшін негіз болып табылатын шарттардың болуы туралы мәселені зерделеу үшін қажетті өзге де ақпаратқа және басқа құжаттарға қатысты болуы мүмкін;
4) дербес деректер тиісті адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нысанда және оларды өңдеу мақсаты үшін талап етілетіннен ұзақ емес сақталуға тиіс;
5) дербес деректерді беретін және алатын құзыретті органдар, оларды өңдеу осы баптың ережелеріне сәйкес келмегенде, атап айтқанда, бұл деректер оларды жинау мақсатына сәйкес келмеген жағдайларда, дербес деректерді түзету, жою немесе өңдеуді тоқтата тұру бойынша барлық шараларды қабылдайды. Құзыретті органдар бір-бірін көрсетілген деректердің кез келген түзетулері, жойылуы немесе өңдеудің тоқтатыла тұруы туралы хабардар етеді;
6) дербес деректерді алатын құзыретті орган сұрау салу бойынша дербес деректерді беретін құзыретті органға берілген деректердің пайдаланылуы және олардың негізінде алынған нәтижелер туралы хабарлайды;
7) дербес деректер құзыретті органдарға ғана берілуі мүмкін, кейіннен оларды басқа органдарға беру дербес деректерді беретін құзыретті органның алдын ала келісімін талап етеді;
8) дербес деректерді беретін құзыретті орган және дербес деректерді алатын құзыретті орган дербес деректерді беруді және алуды жазбаша нысанда тіркеуге міндетті;
9) Тараптар барлық қажетті ұйымдастырушылық шараларды алдын ала қабылдайды және өңделетін дербес деректерді құзыретті емес адамдарға беруден, алынған деректерге кез келген өзгерістер енгізуден, оларды кездейсоқ жоғалтудан, кездейсоқ немесе заңсыз бүлдіруден немесе жоюдан тиімді қорғау үшін техникалық құралдарды міндетті түрде қолдануды қамтамасыз етеді.
2. Дербес деректерді беру кезінде органы дербес деректерді беретін Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген оларды сақтау мерзімдері көрсетіледі, бұл мерзім өткен соң осы деректер жойылуға жатады. Осы мерзімдерге қарамастан, берілген деректер берілу мақсатына орай олардың қажет еместігі анықталғаннан кейін дереу жойылады. Деректерді ұсынған Тарапқа олардың жойылуы және осындай жоюдың себептері туралы хабарлануға тиіс. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін Тараптар барлық алынған дербес деректерді дереу жояды.
18-бап
Өзге халықаралық міндеттемелермен арақатынасы
Осы Келісім өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
19-бап
Құзыретті органдар және мемлекеттік шекара арқылы
өткізу пункттері
1. Осы Келісімді іске асыру, оның ішінде тікелей өзара іс-қимыл жасау үшін құзыретті органдар:
Қазақстан Республикасы үшін:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Польша Республикасы үшін:
Шекара күзетінің Бас коменданты
2. Құзыретті органдар осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде бір-біріне өздерінің байланыс деректері туралы хабарлайды.
3. Осы Келісімді іске асыру үшін мемлекеттік шекара арқылы мынадай өткізу пункттері пайдаланылады:
Қазақстан Республикасы үшін:
- Астана қаласының халықаралық әуежайы;
- Алматы қаласының халықаралық әуежайы.
Польша Республикасы үшін:
- Варшава - Окенце Ф. Шопен атындағы халықаралық әуежайы;
- Краков-Балице II Йоанн Павел атындағы халықаралық әуежайы.
4. Құзыретті органдардың өзара келісуі бойынша адамдарды беру немесе олардың транзиті шекараны кесіп өтудің басқа пункттері арқылы жүзеге асырылады.
5. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының не олардың атауларының немесе функцияларының өзгергені туралы, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері тізімінің өзгергені немесе толықтырылғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне осы деректер өзгерген күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күннен кешіктірмей хабарлайды.
6. Құзыретті органдар арасындағы хат-хабар алмасу құзыретті органдар өзгеше шешпегенше, орыс тілінде жүзеге асырылады.
20-бап
Сарапшылардың кездесулері мен консультациялары және
ақпарат алмасу
1. Осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша тәжірибемен алмасу және (немесе) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау мақсатында Тараптардың кез келгені немесе құзыретті органдар сарапшылардың кездесулерін немесе консультацияларын ұйымдастыра алады.
2. Осы Келісімде көрсетілген құжаттарға өзгерістер енгізілген жағдайда, құзыретті органдар бұл туралы дереу хабарлайды және бір-біріне құжаттардың өзгертілген немесе жаңа үлгілерін жібереді.
21-бап
Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 24-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтыруларды осы Келісімге енгізе алады.
22-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен немесе қолданумен байланысты туындауы мүмкін келіспеушіліктерді құзыретті органдар келіссөздер мен өзара консультациялар арқылы шешеді.
23-бап
Қосымшалар
Осы Келісімге 1–7-қосымшалар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.
24-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы 2-бапты қоспағанда, өз мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық тәртібін немесе халқының денсаулығын және өзге де ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұра алады. Бұл жағдайда тоқтата тұру осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң басталады. Тараптар осы Келісімнің қолданысын қалпына келтіру туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы өзара хабардар етеді.
3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда, осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткен соң тоқтатылады.
20___ жылғы «_______» ________________ ____________________ әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін айқындаушы болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
1-қосымша
[Мемлекеттің елтаңбасы]
_____________________
(орны мен күні)
_______________________________________________
(Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының атауы
Нөмірі: _________________________
Жеделдетілген рәсім (...........-бап)
Әңгімелесу өткізу туралы сұрау салу (...........-бап)
Кімге:__________________________________________________
(Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының атауы)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі
арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің 5-бабына сәйкес
РЕАДМИССИЯ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ
А. Дербес деректер |
|
4. Тұрғылықты мекенжайы немесе тұрақты тұратын немесе тіркелген жері: _____________________________________________________________________
5. Азаматтығы және тілі:
_____________________________________________________________________
6. Отбасылық жағдайы:
_____________________________________________________________________
үйленген (тұрмыста)бойдақ (тұрмысқа шықпаған) ажырасқан тұл ер адам (жесір әйел)
7. Жынысы мен сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):
_____________________________________________________________________
8. Бұрынғы тектері немесе бүркеншік аттары:
_____________________________________________________________________
9. Сұрау салынатын Тарап аумағындағы соңғы мекенжайы:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
10. Туыстарының немесе таныстарының тұратын мекенжайы:
В. ЖҰБАЙЫНЫҢ (ЗАЙЫБЫНЫҢ) (ЕГЕР БОЛСА) ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ
1. Аты мен тегі (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
2. Тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі: _________________________________
3. Туған күні және жері:
_____________________________________________________________________
4. Жынысы мен сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):
_____________________________________________________________________
5. Бұрынғы тектері немесе бүркеншік аттары:
_____________________________________________________________________
6. Азаматтығы және тілі:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
С. БАЛАЛАРЫНЫҢ (ЕГЕР БОЛСА) ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ
1. Аттары мен тектері (тегі баспа әріптермен, оның ішінде ана тілінде):
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
2. Туған күні және жері: ____________________________________________
3. Жынысы мен сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):
_____________________________________________________________________
4. Азаматтығы және тілі:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
D. Берілетін адамға қатысты ерекше мән-жайлар
1. Денсаулық жағдайы (ерекше медициналық күтім қажеттігін көрсету):____________________________________________________________
_____________________________________________________________________
2. Берілетін адамның тарапынан қауіптілік туралы белгі (ауыр құқық бұзушылық жасағаны туралы ақпарат, агрессивті мінез-құлық):
_____________________________________________________________________
Е. Ескертулер
_______________________________________________________________
_______________________________________________________________
_______________________________________________________________
_______________________________________________________________
F. Өтінішхатқа қосымшалар
Сұрау салатын Тараптың құзыретті
органы өкілінің аты мен тегі, лауазымы ________________________
қолы
М.О.
2-қосымша
Тараптар мемлекеттерінің азаматтығын растайтын құжаттардың
тізімі
Қазақстан Республикасы үшін:
1. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.
2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі.
3. Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты.
4. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты.
5. Теңізшінің жеке куәлігі.
6. Қайтып оралуға арналған куәлік.
7. Баланың туу туралы куәлігі (ата-анасының біреуінің паспортында жазба болған кезде).
Польша Республикасы үшін:
1. Польша Республикасының билігі берген кез келген паспорттар.
2. Жеке куәлік.
3. Теңізшінің кітапшасы.
4. Польша Республикасының азаматтығын растайтын әкімшілік шешім.
3-қосымша
Тараптар мемлекеттерінің азаматтығын болжауға мүмкіндік
беретін құжаттардың және басқа да мәліметтердің тізімі
1. Осы Келісімге 2-қосымшада санамаланған құжаттардың көшірмелері.
2. Жүргізуші куәлігі немесе оның көшірмелері.
3. Туу туралы куәлік немесе оның көшірмелері.
4. Қызметтік куәлік немесе оның көшірмелері.
5. Әскери билет немесе оның көшірмелері.
6. Тиісті адамның азаматтығын анықтауға көмектесе алатын кез келген басқа да құжаттар.
7. Визалық ақпараттық жүйеде іздеу нәтижесінде жеке басты растау.
8. Дактилоскопиялық зерттеу негізінде жеке басты растау.
9. Реадмиссияға жататын адам берген өтініш.
4-қосымша
Отбасылық байланысты растайтын құжаттардың
тізімі
1. Баланың туу туралы куәлігі.
2. Неке қию туралы куәлік.
5-қосымша
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың
Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың
аумағына заңсыз кіруінің дәлелдемесі болып табылатын
құжаттардың тізімі
А бөлігі
1. Шетелдіктер Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытында оларға Тарап берген ресми құжаттар.
2. Сұрау салынатын Тараптың аумағынан тікелей Сұрау салатын Тараптың аумағына кірген кезде тиісті адамның Мемлекеттік шекараны кесіп өтуі фактісін куәландыруға қабілетті шекара қызметінің уәкілетті өкілдері жасаған ресми мәлімдемелер.
3. Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргенін растайтын әуе рейстеріне атаулы билеттер және жолаушылардың тізімдері.
4. Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салатын Тараптың аумағына кіргенін растайтын фотосуреттер, суреттер және дыбыс түріндегі құжаттама.
В бөлігі
1. Жасалған, атап айтқанда, тиісті адамның Мемлекеттік шекараны кесіп өту фактісін растауға қабілетті Сұрау салатын Тараптың шекара қызметінің өкілдері және басқа да куәлар жасаған ресми мәлімдемелер.
2. Тиісті адамның Сұрау салынатын Тараптың аумағында болғанын үзілді-кесілді растайтын кез келген дәлелдемелер.
3. Реадмиссияға жататын адам жасаған ресми мәлімдеме.
6-қосымша
Үшінші мемлекеттер азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Сұрау салынатын Тараптың аумағында заңды болуының немесе тұруының дәлелдемесі болып табылатын құжаттардың
тізімі
А бөлігі
1. Сұрау салынатын Тарап берген виза немесе болуға немесе тұруға рұқсат.
2. Реадмиссияға жататын адамның жол жүру құжатындағы шекаралық бақылаудың мөртабандары.
В бөлігі
1. Осы қосымшаның А бөлігінде санамаланған құжаттың кез келгенінің көшірмелері.
2. Реадмиссияға жататын адамның Сұрау салынатын Тараптың аумағына кіргенін, онда болғанын немесе тұрғанын растайтын басқа да дәлелдемелер.
7-қосымша
[Мемлекеттің елтаңбасы]
_____________________
(орны мен күні)
_______________________________________________
(Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының атауы)
Нөмірі: _________________________
Кімге: ____________________________________________________
(Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының атауы)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі
арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімнің 13-бабына
сәйкес
ТРАНЗИТ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ
А. Дербес деректер |
|
4. Азаматтығы және тілі: __________________________________________
5. Жынысы мен сыртқы келбетінің сипаттамасы (бойы, көзінің түсі, айрықша белгілері және т.б.):
_____________________________________________________________________
6. Бұрынғы тегі немесе бүркеншік аттары:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
7. Жол жүру құжатының түрі мен нөмірі және қолданылу мерзімі:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
В. Транзиттік операция
1. Транзит әуе жолымен:
2. Межелі мемлекет:
_____________________________________________________________________
3. Басқа ықтимал транзит мемлекеттері:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
4. Шекараны кесіп өтудің жоспарланған жері, рейс нөмірі, беру күні, уақыты:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
5. Ертіп жүретін адамдар туралы ақпарат:_________________________________________
_____________________________________________________________________
6. Транзит барысында қолдау көрсету қажеттігі туралы ақпарат:
иә (жағдайды қысқаша сипаттау)
жоқ
7. Транзиттің басқа мемлекеттерінде транзитке алынған рұқсаттар және межелі мемлекеттің қабылдауға келісімі туралы ақпарат (жағдайды қысқаша сипаттау):
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
С. Ескертулер
1. Денсаулық жағдайы (ерекше медициналық күтім қажеттігін көрсету):____________________________________________________________
_____________________________________________________________________
2. Басқалары:
__________________________________________________________________
Сұрау салатын Тараптың құзыретті
органы өкілінің аты мен тегі, лауазымы _____________________
(қолы)
М.О.