Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 489 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 шiлдедегi № 560 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.07.2023 № 560 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.01.2023 № 33 қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 тамыздағы № 951 қаулысының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 62, 852-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 31 тамыздағы
  № 489 қаулысымен
  бекітілген

Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар

      Ескерту. Әдістемелік ұсынымдар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.01.2023 № 33 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар (бұдан әрі – әдістемелік ұсынымдар) "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 24-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеу мәселелерін шешу кезінде норма шығармашылық қызметінде қолдануға арналған.

      2. Заңдарда мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметінің негізін құрайтын олардың функциялары, сондай-ақ іске асырылуы Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-бабының 3-тармағында көрсетілген:

      1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне жеке және заңды тұлғалардың азаматтық құқықтар мен бостандықтарға, міндеттемелер мен жауапкершілігіне;

      2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарға;

      3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырылуы мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

      4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;

      5) республикалық бюджетке;

      6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;

      7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

      8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;

      9) айналадағы ортаны қорғауға;

      10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;

      11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты аса маңызды қоғамдық қатынастарды қозғайтын функциялар белгіленуге тиіс.

      Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.

      3. Заңдарда алқалы шешімді талап ететін және ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің функциялары; нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға орталық мемлекеттік органдардың жалпы құзыреті; жергілікті өкілді және атқарушы органдардың функциялары қамтылады.

      4. Заңдарда реттелетін саладағы негізгі ережелер – тиісті саланы (аяны) реттеудің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары, құзыреттері мен өкілеттіктері, сондай-ақ негізгі ұғымдар, қолданылу саласы, құқықтық қатынастардың объектілері мен субъектілері, олардың құқықтары мен міндеттері, құқықты шектеу сипатындағы шаралар, заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік, реттелетін саладағы шектеулер, заңнаманың сақталуын бақылау, мемлекет тарапынан қаржыландыру (қарыздарға кепілдік және кепілгерлік беру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, субсидиялау) және өзге де аса маңызды ережелер белгіленеді.

      5. Негізгі міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ішкі рәсімдерімен, олардың өзара іс-қимылымен байланысты, заңдардың негізгі ережелерін толық көрсетуге және іске асыруға бағытталған функциялар заңға тәуелді актілермен айқындалады.

      Жүзеге асырылуы осы әдістемелік ұсынымдардың 2-тармағында тізбеленген қоғамдық қатынастарды қозғамайтын функциялар заңға тәуелді деңгейде белгіленеді.

      Бұл ретте мемлекеттік органның заңға тәуелді деңгейдегі функциялары Президент, Үкімет және оған қатысты жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерде белгіленуге тиіс.

      6. Мемлекеттік органдардың типтік функциялары мынадай 2 топқа:

      1) мемлекеттік органдардың заң деңгейінде белгіленуі қажет типтік функциялары;

      2) мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейде белгіленуі қажет типтік функциялары болып бөлінеді.

      Осы әдістемелік ұсынымдардың 8-тармағында белгіленген мемлекеттік органдардың типтік функцияларының тізбесі түпкілікті болып табылмайды.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың заңдар деңгейінде белгіленетін типтік функциялары

      7. Мемлекеттік органдардың мынадай функцияларын заңдар деңгейінде белгілеу ұсынылады:

      1) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, міндеттерін, оның ішінде оларды шектеудің шегін белгілеу;

      2) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау;

      3) елдің ұлттық, оның ішінде экономикалық, қоғамдық қауіпсіздігін және қорғаныс қабілеттілігін, мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету;

      4) әкімшілік рәсімді жүзеге асыру (әкімшілік рәсім шеңберінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу);

      5) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру:

      жеке және заңды тұлғалар қызметінің заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу және бақылаудың өзге де нысандары арқылы заңнаманың бұзылу себептері мен жағдайларын анықтау, оларды жою;

      тексеру нәтижелері бойынша құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау;

      6) рұқсат алушыларға және лицензиаттарға қойылатын талаптарды, рұқсаттарды, лицензияларды беру шарттарын белгілеу;

      7) мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару;

      8) тиісті салада тексеруді, қарап-тексеруді жүргізу негіздері мен шарттарын айқындау;

      9) мемлекеттік мүлікті басқару.

3-тарау. Мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейлерде белгіленетін типтік функциялары

      8. Мемлекеттік органдардың мынадай функцияларын заңға тәуелді актілер деңгейінде белгілеу ұсынылады:

      1) тиісті салада мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындау;

      3) белгілі бір тауарларды, заттарды, жануарларды кәдеге жаратуды, жоюды ұйымдастыру;

      4) тиісті салада кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру;

      5) сарапшыларды, консультанттарды тарту;

      6) нормативтерді (материалдық қамтамасыз етуді), тұтыну нормаларын, квоталарды бекіту, оларды бөлу;

      7) жобаларды, схемаларды, кестелерді, шығыстарды бекіту, шығындарды өтеу;

      8) тиісті саладағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері;

      9) тиісті саладағы мемлекеттік тапсырысты орындау;

      10) тиісті салада қолдау шараларын тұжырымдау және қамтамасыз ету;

      11) тиісті салада сынақ, зерттеу, іздестіру жүргізу бойынша мәселелерді реттеу;

      12) тиісті салада тізілімдерді, тіркелімдер мен кадастрларды жүргізу, есепке алуды, бағалауды, талдауды, мониторингтеуді, базалар мен деректер банкін жүргізу бойынша мәселелерді реттеу;

      13) белгілі бір заттарды жіктеуді, олардың санатын, мәртебесін, класын белгілеуді, беруді не өзге де сәйкестендіруді жүзеге асыру;

      14) ақпараттық жүйелер, байланыс жүйелері мен деректер беру жүйелерін, техникалық құралдарды, сондай-ақ ақпаратты қорғау жүйелерін жасау;

      15) мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл;

      16) объектілерді, жобаларды пайдалануға беру, қабылдау, оларды қамтамасыз ету;

      17) типтік құжаттарды, түрлі жоспарларды, техникалық нормаларды әзірлеу және бекіту;

      18) ұйымдастырушылық кадрлық мәселелер.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады