Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатын және "Жібек жолының экономикалық белдеуін" салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 518 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарының жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрi Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, оған Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 518 қаулысымен    
мақұлданған      

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспары

      Жоспарды Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – «қазақстандық тарап») мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – «қытайлық тарап») «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» (ЖЖЭБ) салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастықты бірлесіп ілгерілету үшін әзірледі.

      1. Ынтымақтастықтың негіздері
      Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы достық ниеттегі көршілер болып табылады және жан жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға бірлесіп күш салысады, барлық бағыттар бойынша тең құқықты өзара пайдалы ынтымақтастықты нығайтады. Соңғы жылдары салалар мен ынтымақтастық деңгейі үзіліссіз кеңейтіліп, жоғарылатылуда. 2013 жылғы қыркүйекте Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп құру бастамасына қазақстандық тарап өз қызығушылығын білдірді. Қытайлық тарап 2014 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын толықтай қолдап отыр.
      2015 жылғы желтоқсанда екі ел үкіметтерінің басшылары достық келіссөздердің қорытындылары бойынша «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен коммюникеге» қол қойып, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын (бұдан әрі – «Нұрлы жол» ЖЭС) және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды (бұдан әрі – «ЖЖЭБ») ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарды бірлесіп жасау бойынша бірлескен жұмысты бастау қажеттігін атап өтті.
      Қытайлық тарап ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бес бағыттан тұрады: саяси үйлестіру, инфрақұрылымның өзара байланысы, үздіксіз сауда, капиталдың еркін қозғалысы және халықтар арасындағы жақындықты нығайту. Бастаманың негізгі мақсаты Қытай инфрақұрылымының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бағдары бойындағы елдермен көлік, энергетика, телекоммуникациялар және басқа да салалардағы өзара байланысын нығайтуға, халықаралық магистралдық дәліздер құрылысын бірлесіп ілгерілетуге, сондай-ақ сауда және инвестициялар рәсімдерін оңайлатуға, жоғары деңгейдегі еркін сауда аймақтарының желісін қалыптастыруға, Азияда валюталарды тұрақтандыру жүйесін, қаржы-кредиттік жүйе құру мақсатында қаржылық ынтымақтастықты тереңдетуге, саяси өзара сенім білдіруді және мәдени-гуманитарлық алмасуды ілгерілетуге бағытталған.
      Қазақстандық тарап іске асырып отырған «Нұрлы жол» ЖЭС Қазақстанның көлік, өнеркәсіп, энергетика сияқты салалардағы ішкі инфрақұрылымының құрылысын ілгерілетуге, әлеуметтік салаға және тұрақты экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін институционалдық тұрғыдан дамытуға бағытталған және ол халықаралық қоғамдастықтың қатысуы үшін ашық.
      «Нұрлы жол» ЖЭС мен «ЖЖЭБ» инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және мәдени-гуманитарлық алмасу және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық үшін елеулі әлеует қалыптастырды. Тараптар «Нұрлы жол» ЖЭС мен «ЖЖЭБ» бір-бірін өзара толықтыратынын және көптеген міндеттері ұқсас болатынын атап өтті, осыған байланысты, оларды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастықты күшейтуге ниеттенеді.

      2. Ынтымақтастық қағидаттары
      Ынтымақтастық процесінде Тараптар теңдік және өзара тиімділік қағидаттарын ұстанады.
      Тараптар өзара мүдделілікті мойындайды және екі ел халықтарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Нұрлы жол» ЖЭС пен «ЖЖЭБ» ұштастыру жолдарын анықтайды.

      3. Ынтымақтастық перспективаларының пайымы
      Екі ел инфрақұрылымының кешенді түрде өзара байланысты болу деңгейін арттыру, сауда мен инвестицияларды ілгерілету, сондай-ақ көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңа индустрия, қаржы, зияткерлік меншік сияқты және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту. Тараптардың артықшылықтары мен әлеуетін толық анықтау, өзара тиімді түрде даму үшін кеңістікті үздіксіз кеңейту, бірлесіп өркендеу мен халықаралық нарықта жалпы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жәрдемдесу.

      4. Ынтымақтастықтың артықшылықтары
      (I) Көлік инфрақұрылымы саласы
      Инфрақұрылымның кешенді түрде өзара байланыстылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Тараптар «Қытай – Қазақстан – Батыс Азия», «Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа» және «Қытай – Қазақстан – Оңтүстік Кавказ/Түркия – Еуропа» көлік дәліздерін құруды одан әрі ілгерілетуге, Қытайдың солтүстік-батыс шетінен оңтүстік-шығыс жағалауына дейінгі бағдардағы көлік инфрақұрылымын жақсартуға бар күш-жігерін салады, сондай-ақ Тараптардың автомобиль және темір жолдарының өткізу қабілетін арттырады «жаңа еуразиялық континенталдық көпір» экономикалық дәлізін құру үшін берік негіз қалайды.
      Тараптар автожолдар салуға және Қазақстан аумағындағы автожол инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы-Еуропа және кері бағдар бойынша теміржол магистралін салу мен жаңғыртуға кәсіпорындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниеттенеді.
      Тараптар Қазақстан мен Қытайдың экспорттық-импорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін екі елдің, сол сияқты үшінші елдердің аумағында логистикалық терминалдарды құру мен дамытуға кәсіпорындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниеттенеді.
      Тараптар Ляньюнган портының халықаралық логистикалық аймағында терминалдық қуаттарды құру бойынша, Инчебурун станциясында Құрлық терминалын және «Бандер-Аббас» портында терминал салуға пәрменді қадамдар жасауға ниеттенеді.
      Тараптар «Хоргос» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы мен оның өткізу пунктін дамытуға, 2015-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес қолда бар әлеует пен артықшылықты тиімді пайдалануға ықпал етуге ниеттенеді.
      Тараптар әуежайларға арналған инфрақұрылымды құру және әуе қозғалысын басқару жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға, ақпарат алмасу үшін бірлесіп алаңдар құруға, екі елдегі әуе компанияларының бизнесті жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастыруға ниеттенеді. Тараптар екі елдің авиация саласындағы құзыретті органдарының желісі бойынша өзара байланыстар тетігін құру мен жетілдіруді белсенді түрде ілгерілетуге, әуе қозғалысының құқықтары туралы келіссөздерді жеделдетуге, халықаралық әуе рейстерін ұлғайтуға, авиамаршруттар желісін оңтайландыру мен жетілдіруге, әуе қолжетімділігінің деңгейін арттыруға ниеттенеді.
      Қытайлық тарап Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы логистикалық инфрақұрылымының ашықтығы деңгейін жоғарылатуға, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қазақстанмен қоймалық, логистикалық инфрақұрылымды, сондай-ақ ақпараттық тұғырнаманы құру мен пайдалану жөніндегі бірлескен ынтымақтастығын ілгерілетуге ниеттенеді.
      Тараптар мультимодалды тасымалдарды қоса алғанда, транзиттік тасымалдар үшін тартымды жағдайлар жасауға мүмкіндік беретін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған ережелерді қамтитын көлік саласындағы негіздемелік келісімдерге қол қою бойынша консультациялар жүргізуге ниеттенеді.
      Тараптар теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ол үшін қолайлы орта қалыптастыруға, жүктердің әлеуетті көздерін ашу, логистикаға арналған шығындарды қысқарту, операциялардың тиімділігін арттыру және іріктеу орталықтары мен операциялық желі нүктелерін құру арқылы теміржол көлігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ниеттенеді. Тараптар «Қытай – Қазақстан – Орталық Азия», «Қытай – Қазақстан – Еуропа» және «Қытай – Қазақстан – Парсы шығанағының елдері» бағыттары бойынша контейнерлік тасымалдарды қоса алғанда, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға жүретін тұрақты жүк поездарын дамытуды жеделдетуге ниеттенеді.

      (ІІ) Сауда саласы
      Тараптар сауда саласын кеңейтуге, сауда құрылымын оңтайландыруға, сауда ауқымын ұлғайтуға, сондай-ақ екіжақты саудада жоғары технологиялық өнімдердің үлесін арттыруға ниеттенеді.
      Тараптар жинақтаушы және электр-техникалық жабдық, электрондық және ақпараттық тауарлар, фотовольтаикалық өнім, ұлттық брендтегі, зияткерлік меншіктегі және қосылған құны жоғары өнімдер, түрлі-түсті металдар, мұнай, табиғи газ, мұнай өнімдері, мұнай-химия, химия, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да өнімдердің саудасын ынталандыруға ниеттенеді.
      Тараптар екіжақты қатынастарды дамыту мүддесі үшін сертификаттау саласындағы келісілген саясатты қамтамасыз ету, сондай-ақ сертификаттау нәтижелерін өзара мойындауға жағдай жасау үшін шаралар қолдануға ниеттенеді.
      Тараптар тамақ және фармацевтикалық өнімдердің сапасын бақылау бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттенеді.
      Тараптар сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін ақпарат алмасуды нығайтуға ниеттенеді.

      (ІІІ) Өңдеу өнеркәсібі саласы
      Тараптар қазақстандық-қытайлық кәсіпорындардың нарық қағидаларына сәйкес және өзара тиімділік негізінде Қазақстанның Арнайы экономикалық аймақтарында өндірістік алаңдар құруына қолдау көрсетуге ниеттенеді.
      Тараптар Атырау облысының «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі», Алматы облысының «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтарының аумағында жобаларды іске асыру үшін қытайлық кәсіпорындардың қатысуына белсенді түрде қолдау көрсетуге ниеттенеді.
      Тараптар жаңа ұрпақ биотехнологиясы, жаңа энергия көздері және жаңа материалдар сияқты жаңа индустрия салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өндіріс қуаттары саласындағы бірлескен әлеуетті жобаларды бірлесіп іріктеуге және дамытуға, тиісті өнімдердің іс жүзінде сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ниеттенеді.
      Тараптар инжинирингтік техника өндірісі, автомобиль өнеркәсібі және басқа да салалардағы ынтымақтастық ауқымын ұлғайтуға ниеттенеді.
      Тараптар құрылыс материалдары саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ниеттенеді. Тараптар инфрақұрылым саласындағы қажеттіліктеріне сәйкес Қазақстан аумағындағы өндіріс қуаттарының құрылысына қытайлық компаниялардың инвестициялар салуын қолдайды.
      Тараптар тоқыма өнеркәсібін жаңғырту жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға ниеттенеді.
      Тараптар жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты ынталандыруға, әлемдік нарыққа бағдарланған өңірлік ерекшелігі бар заманауи тамақ өнеркәсібін бірлесіп дамытуға ниеттенеді.

      (IV) Басқа салалар
      Тараптар коммуналдық шаруашылық пен сумен жабдықтау жүйелері саласындағы инфрақұрылымды салуда ынтымақтастықты нығайтуға ниеттенеді. Қытай тарапы Қазақстанның қалалық жылыту және сумен жабдықтау желісін реконструкциялау мен жаңғыртуды белсенді түрде қолдайды.
      Тараптар бағалы қағаздар мен фьючерстер салаларындағы мониторинг бойынша байланыстар мен ынтымақтастықты жандандыруға және 2015 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қытай бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссия арасындағы Бағалы қағаздар мен фьючерстер нарықтары бойынша реттеуші ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум негізінде екі ел капиталы нарығының салауатты түрде дамуын ынталандыруға дайын.
      Тараптар қазақстандық тараптың қытайлық юаньмен номинацияланған облигациялар капиталын қытай нарығында эмиссиялауы мүмкіндігін бірлесіп зерделеуге ниеттенеді.
      Қытай тарапы қойылатын шарттарға сәйкес келетін институционалдық инвесторлардың қытайлық банкаралық облигациялар нарығына қатысуын құптайды.
      Тараптар Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-қытай комиссиясының отырыстарында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін күш салуға ниеттенеді.
      Тараптар Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-қытай комиссиясын Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-қытай комитетінің құрамына қосу туралы шешімді құптауға ниеттенеді.
      Тараптар ең жоғары және жоғары, сондай-ақ басқа әртүрлі деңгейлерде қол жеткізілген бар уағдаластықтары негізінде трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау саласындағы нығайтуды жалғастырады.
      Тараптар жұқпалы аурулардан туындаған эпидемиологиялық ахуал туралы ақпарат алмасу, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде жұқпалы аурулардың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық тетігін құру бойынша өзара іс-қимыл жасауды нығайтуға ниеттенеді.
      Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық ерекшелігі бар трансшекаралық туристік маршруттарды ашуға, бірлескен туристік өнімді зерделеуге және таратуға, туристік инфрақұрылым салуға көп күш салуға ниеттенеді.
      Тараптар Астана экономикалық форумы, «Қытай-Еуразия» ЭКСПО және басқалары шеңберіндегі іс-шараларды тараптардың келісімі бойынша бірлесіп өткізуге ниеттенеді.
      Қытайлық тарап Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 белсенді түрде қолдайды. Қазақстандық тарап Қытайдың қатысуын белсенді түрде қолдап отыр.
      5. Іске асыру тетіктері
      «Нұрлы жол» ЖЭС пен «ЖЖЭБ» ұштастыру жөніндегі бірлескен жұмыс тобы осы Жоспарды іске асыру бойынша жұмысты үйлестіреді.
      Тараптар қолайлы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірлескен жобаларды іске асыруды ынталандыру бойынша қажет шараларды ортақ күш-жігермен әзірлеуге ниеттенеді.
      Тараптар индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісімге сәйкес нығайтуға және кеңейтуге ниеттенеді.
      Тараптар салық қызметтері арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға, қосарланған салық салуды болдырмау, оның ішінде тиісті келісімді орындау бойынша жұмысты күшейту мәселелері бойынша консультациялар жүргізуге ниеттенеді.
      Тараптар екіжақты сауда мен инвестициялар құрылымын одан әрі оңтайландыруға дайын, сондай-ақ жаңа Өзара инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімнің жобасын талқылаумен байланысты тиісті жұмыстарды жалғастыруға ниеттенеді.
      Тараптар осы Жоспарды іске асыру мақсатында адамдардың байланысы мен өзара сапарларына қолдау көрсету, ақпаратпен және нормативтік-құқықтық құжаттар алмасу арқылы диалог пен ынтымақтастықты жандандыруға ниеттенеді.
      Осы Жоспар шеңберінде Тараптар үлгі боларлық нәтижелерді анықтай отырып, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша жобаларды бірлесіп іріктеуге және оларды ілгерілетуге ниеттенеді.
      Талаптар бірлескен ірі жобаларды бағалаумен және оларды іске асыру кезіндегі тәуекелдердің алдын алумен байланысты мәселелерді талқылауды жалғастыруға ниеттенеді.
      Тараптар трансшекаралық қылмыстарға қарсы күрес бойынша құқық қорғау органдары арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында екіжақты және көпжақты форматтарда тығыз ынтымақтастықты жалғастырады.
      Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы 2015 – 2020 жылдарға арналған Шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға ниеттенеді.
      6. Өзге де мәселелер
      Осы Жоспар халықаралық шарт болып табылмайды және Тараптар үшін халықаралық құқықпен реттелетін құқықтар мен міндеттемелер тудырмайды.
      Осы Жоспар екіжақты ынтымақтастықтың басқа жоспарларына кедергі келтірмейді.
      Осы Жоспар Тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.
      Осы Жоспар қол қойған күннен бастап қолданылады. Осы Жоспарды қолдану 5 (бес) жылға есептелген. Осы Жоспарды қолданудың аяқталуы осы Жоспарды іске асыру үшін басталған бірлескен жобаларға ықпал етпейді.
      Осы Жоспарға 2016 жылғы 2 қыркүйекте Ханчжоу қаласында екі данада қазақ, қытай және орыс тілдерінде қол қойылды.
      Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады