"Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 27 қазандағы № 629 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) биологиялық туыстар – қандас туыстығы бар адамдар: ата-аналар (ата-ана), балалар, ата, әже, немерелер, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек, немере, шөбере ағалар мен апалар, нағашы ағалар, әпкелер, жиендер;
      2) биологиялық материал – адамның немесе қайтыс болған адам денесінің (сүйегінің) геномдық ақпараты бар тіні мен шығындылары;
      3) геномдық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның дезоксирибонуклеинді қышқылының белгілі бір фрагменттері туралы кодталған ақпарат және осы Заңның талаптарына сәйкес дербес деректер (бар болса);
      4) геномдық тіркеу – уәкілетті мемлекеттік органдардың биологиялық материал мен геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау бойынша жүзеге асыратын қызметі;
      5) дактилоскопиялық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның қол саусақтарының және (немесе) алақанының папиллярлық өрнектер құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер және осы Заңның талаптарына сәйкес дербес деректер;
      6) дактилоскопиялық тіркеу – уәкілетті мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау және растау бойынша жүзеге асыратын қызметі;
      7) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты бұғаттау –дактилоскопиялық немесе геномдық тіркеу кезінде алынған дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, беруді, иесіздендіруді, жоюды уақытша тоқтату жөніндегі әрекеттер;
      8) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жою – жасалу нәтижесінде дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты қайта қалпына келтіру мүмкін болмайтын әрекеттер;
      9) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты өңдеу –дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, беруге, иесiздендiруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған әрекеттер;
      10) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты пайдалану – дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мақсатына қол жеткізуге бағытталған дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратпен жасалатын әрекеттер;
      11) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты иесіздендіру –нәтижесінде дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараттың нақты адамға тиесілігін анықтау қосымша ақпаратты пайдаланбай мүмкін болмайтын әрекеттер;
      12) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпарат субъектісі – осы Заңның негізінде дактилоскопиялық немесе геномдық тіркеуден өткен адам;
      13) материалдық жеткізгіштер – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар дактилоскопиялық немесе ақпараттық карталар, магниттік, электрондық немесе өзге де жазба түрлерін жеткізгіштер;
      14) танылмаған мәйіт – дене (сүйек) табылған сәтте жеке басы анықталмаған қайтыс болған адамның денесі (сүйегі);
      15) дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық немесе геномдық тіркеуді жүзеге асыратын ішкі істер органдары, сыртқы саясат қызметі саласындағы орган, ұлттық қауіпсіздік органдары, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық органдары – Порттың теңіз әкімшілігі (бұдан әрі – көлік саласындағы орган).

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
      Осы Заңда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге байланысты қатынастар осы Заңмен реттеледі.

      3-бап. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және
              геномдық тіркеу туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу қағидаттары
      Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу:
      1) адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығын сақтау;
      2) заңдылық;
      3) міндеттілік;
      4) ізгілік;
      5) құпиялылық;
      6) адам денсаулығы үшін қауіпсіздік;
      7) жеке бастың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына сәйкес жүргізіледі.

      5-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мақсаты
      Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу дактилоскопиялық немесе геномдық ақпарат негізінде жеке басты анықтау және (немесе) растау мақсатында жүргізіледі.

      6-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу
              саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың
              құқықтары мен міндеттері
      1. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинауға, өңдеуге, биологиялық материалды іріктеуге және пайдалануға құқығы бар.
      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және осы Заңға сәйкес дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты қорғау үшін қажетті, оның ішінде құқықтық, ұйымдық және техникалық шараларды қолдануға және сақтауға;
      2) осы Заңда белгіленген жағдайларда дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинақтау, сақтау, бұғаттау, иесіздендіру, өзгерту, толықтыру, пайдалану, жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

      7-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер
              мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық
              және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыру
              кезіндегі құқықтары мен міндеттері
      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері, сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншылары дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыру кезінде:
      1) өзінің немесе қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамның дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратымен танысуға;
      2) оның немесе қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы адамның дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратын жинауға және (немесе) өңдеуге байланысты мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағымдануға құқығы бар.
      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуге жататын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда белгіленген жағдайларда дактилоскопиялау және (немесе) биологиялық материалын іріктеу рәсімінен өтуге міндетті.

      8-бап. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинауға,
              өңдеуге, қорғауға қойылатын негізгі талаптар
      1. Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге жатады.
      2. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау және өңдеу шарттары оны жоғалту, бұрмалау және оған санкцияланбаған қолжетімділік, сол сияқты дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар электрондық ақпараттық ресурстарға құқыққа сыйымсыз түрде және (немесе) абайсызда қол жеткізу және (немесе) ықпал ету мүмкіндігін болғызбауға тиіс.
      3. Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау және өңдеу тек оны қорғау қамтамасыз етілген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
      Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты қорғау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректер және оларды қорғау, мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Осы Заңның 11, 16, 19, 25-баптарында көрсетілген мемлекеттік органдар дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
      5. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, биологиялық материалды іріктеу және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      9-бап. Дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты
              бұғаттау, иесіздендіру, беру
      1. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты иесіздендіруді, сондай-ақ иесіздендіруден алуды жүзеге асырады.
      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинау, өңдеу шарттарын бұзу туралы жазбаша сұрау салу келіп түскен жағдайда оны бұғаттауды, сондай-ақ тексеру іс-шараларын жүргізгеннен және бұзушылықтарды жойғаннан кейін бұғаттаудан алуды жүзеге асырады.
      3. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар жедел-іздестіру, барлау, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен бірлескен нормативтік құқықтық актілердің негізінде дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты бұғаттауды және (немесе) иесіздендіруді, сондай-ақ бұғаттаудан және (немесе) иесіздендіруден алуды жүзеге асырады.
      4. Соттарға, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарға, атқарушылық іс жүргізу, анықтау және тергеу органдарына дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты беру Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты шет мемлекеттерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес беруі мүмкін.

2-тарау. ДАКТИЛОСКОПИЯЛЫҚ ТІРКЕУ ЖҮРГІЗУ

      10-бап. Дактилоскопиялық тіркеуге жататын адамдар
      1. Міндетті дактилоскопиялық тіркеуге 16 жасқа толған:
      1) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
      3) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
      4) тұруға ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға үміткер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
      5) жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер;
      6) Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылуға жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасының реадмиссия туралы халықаралық шарттарының қолданылу аясына түсетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
      7) Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.
      2. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар ерікті негізде Қазақстан Республикасының паспортын алу кезінде осы Заңның 11-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Он екі жасқа толмаған балалар дактилоскопиялық тіркеуге жатпайды.
      3. Дактилоскопиялау мүмкіндігін болғызбайтын дене кемістіктері (екі қолында да барлық саусағының болмауы немесе екі қолының барлық саусағының тырнақ фалангаларында папиллярлық өрнектердің болмауы) бар адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өтуден, дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімінен босатылады.

      11-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау тәртібі
      1. Дактилоскопиялық тіркеуді:
      1) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға қатысты, – ішкі істер органдары, Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде ресімдеген жағдайда, – сыртқы саясат қызметі саласындағы орган;
      2) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға қатысты, – көлік саласындағы орган;
      3) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 3) – 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарға қатысты, – ішкі істер органдары;
      4) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдарға қатысты, – өз құзыретіне сәйкес ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары;
      5) осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдарға қатысты, – өз құзыретіне сәйкес сыртқы саясат қызметі саласындағы орган, ішкі істер органдары жүргізеді.
      2. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балаларға қатысты дактилоскопиялық тіркеу заңды өкілінің жазбаша өтініші бойынша баланың келісімімен және оның қатысуымен жүргізіледі.
      3. Әрекетке қабілетсіздігін сот белгілеген Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық тіркеу жазбаша өтініштің негізінде және олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
      4. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12-бап. Дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық
               жеткізгіштердегі мәліметтер
      1. Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай деректерді:
      1) тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде);
      2) туған күні мен жерін;
      3) жынысын;
      4) ұлттық тиесілігін (иесінің қалауы бойынша);
      5) азаматтығын;
      6) фотосуретін;
      7) қол саусақтарының және (немесе) алақанының папиллярлық өрнектер құрылымының ерекшеліктері туралы ақпаратты;
      8) берілген күнін, құжаттың нөмірін, қолданылу мерзімін;
      9) құжат иесінің қолтаңбасын;
      10) жеке сәйкестендіру нөмірін (болған кезде);
      11) мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеу жүргізудің негізі мен күнін;
      12) құжатты берген органның атауын;
      13) мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) қамтиды.
      2. Қазақстан Республикасының визаларын ресімдеу кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіш мынадай деректерді:
      1) тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде);
      2) қол саусақтарының және (немесе) алақанының папиллярлық өрнектер құрылымының ерекшеліктері туралы ақпаратты;
      3) азаматтығын;
      4) берілген күнін, құжаттың нөмірін, қолданылу мерзімін;
      5) визаның берілген күнін, қолданылу мерзімін;
      6) мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеу жүргізудің негізі мен күнін;
      7) визаны берген органның атауын;
      8) мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырған адамның тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) қамтиды.

      13-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты өзгерту және (немесе)
               толықтыру
      Дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдардың дербес деректерін өзгертуді және (немесе) толықтыруды халықты құжаттандыруға және тіркеуге уәкілетті қызметкер азаматтың, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке жүгінуі кезінде халықты құжаттандыру және тіркеу үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
      Бұл ретте қол саусақтарының және (немесе) алақандарының папиллярлық өрнектері құрылысының ерекшеліктері туралы дактилоскопиялық ақпарат саусақтарды немесе қолды жоғалтқан жағдайларды қоспағанда, өзгеріссіз қалады, бұл туралы дактилоскопиялық картада белгі жасалады.

      14-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жинақтау және сақтау
      Дактилоскопиялық тіркеу жүргізу кезінде алынған дактилоскопиялық ақпаратты жинақтауды және сақтауды ішкі істер органдары электрондық ақпараттық ресурсты қалыптастыру арқылы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған адамдардың дактилоскопиялық ақпаратының электрондық ақпараттық ресурсын жинақтауды және сақтауды көлік саласындағы орган жүзеге асырады.

      15-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты сақтау мерзімдері
      1. Дактилоскопиялық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар:
      осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдар туралы дактилоскопиялық ақпаратты, – олардың қайтыс болу фактісі анықталғанға дейін, сот азаматты хабарсыз кеткен деп таныған немесе азаматты қайтыс болды деп хабарлаған, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан жағдайда олар жүз жасқа толған күнге дейін;
      осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 2) – 7) тармақшаларында, 2-тармағында көрсетілген адамдар туралы дактилоскопиялық ақпаратты, – тіркелген күннен бастап он жыл деректер базасында сақтайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін дактилоскопиялық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдар туралы дактилоскопиялық ақпаратты осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 2) – 7) тармақшаларының, 2-тармағының негізінде мұрағаттарда материалдық жеткізгіштерде қырық жыл сақтайды.

      16-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты пайдалану
      Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық тіркеу жүргізу кезінде алынған дактилоскопиялық ақпараты:
      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын растау және (немесе) анықтау;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және бақылау;
      3) жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      4) жеке басты дактилоскопиялық ақпарат бойынша растау рәсімі арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды есепке алу және бақылау үшін пайдаланылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде жеке басты дактилоскопиялық ақпарат бойынша растау рәсімінен арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саясат қызметі саласындағы органның жазбаша өтініші бойынша және осы Заңның 10-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда босатылады.

      17-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жою
      1. Дактилоскопиялық ақпаратты оның есепке алынуын және сақталуын жүзеге асыратын деректер базасының меншік иелері жояды.
      2. Дактилоскопиялық ақпарат осы Заңның 15-бабында көзделген оны сақтау мерзімі өткеннен кейін жойылады.
      3. Дактилоскопиялық ақпаратты жою дактилоскопиялық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тиісті бөлімшесінің басшысы бекітетін акті бойынша:
      1) дактилоскопиялық ақпаратты жою күні, негізі;
      2) тіркелген адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), жынысы, туған күні мен жері, сәйкестендіру нөмірі (болған кезде), жеке басын куәландыратын құжатының нөмірі;
      3) жою тәсілі;
      4) дактилоскопиялық ақпаратты жоюды жүзеге асырған лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), лауазымы мен қолтаңбасы көрсетіле отырып жүргізіледі.

3-тарау. ГЕНОМДЫҚ ТІРКЕУ ЖҮРГІЗУ

      18-бап. Геномдық тіркеуге жататын адамдар
      1. Міндетті геномдық тіркеуге:
      1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ жеке бастың жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстардың барлық санатын жасағаны үшін сотталған адамдар;
      2) биологиялық материалы ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ жеке бастың жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстардың барлық санаты бойынша қылмыстық-процестік заңда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеу барысында алынған анықталмаған адамдар;
      3) танылмаған мәйіттер жатады.
      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары, бірінші кезекте, ата-аналары (ата-анасы) және (немесе) балалары (баласы), ал олар болмаған кезде туыстық дәрежесіне байланысты басқа да биологиялық туыстары осы Заңда көзделген тәртіппен олардың келісімімен геномдық тіркеуге жатады.

      19-бап. Геномдық тіркеу жүргізу тәртібі
      1. Геномдық тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) осы Заңның 21-бабының талаптары сақтала отырып, қылмыстық-процестік заңда белгіленген тәртіппен геномдық тіркеуге жататын адамдардан, танылмаған мәйіттерден биологиялық материалды іріктеу жүргізіледі, сондай-ақ ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар орындарынан биологиялық материал алынады;
      2) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдардың биологиялық материалы ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне геномдық ақпарат алу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін жолданады;
      3) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 2-тармағында көрсетілген адамдардың және танылмаған мәйіттердің биологиялық материалы ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне зерттеу жүргізу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін немесе Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына сот сараптамасын жүргізу үшін жолданады.
      Сот сараптамасы органдары сот молекулярлық-генетикалық сараптамалар жүргізу кезінде алынған геномдық ақпараттың көшірмесін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін жолдайды.

      20-бап. Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын
               мәліметтер
      1. Геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу кезінде әрбір адамға ақпараттық карта ашылады, оған мына мәліметтер:
      1) тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), азаматтығы, жынысы, туған күні мен жері, тұрғылықты немесе болатын жері бойынша тіркелгені туралы мәлімет және жеке сәйкестендіру нөмірі (болған кезде) немесе тіркелетін адам туралы деректер алынған жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі;
      2) геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бөлімшесінің атауы;
      3) геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу жүргізудің негізі мен күні;
      4) биологиялық материалды іріктеуді жүзеге асырған лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), лауазымы мен қолтаңбасы;
      5) кәмелетке толмағанды және сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған адамды қоспағанда, геномдық тіркеу үшін биологиялық материалын іріктеу жүргізілген адамның қолтаңбасы. Тіркелетін адам ақпараттық картаға қол қоюдан бас тартқан кезде, бұл туралы жазба жасалады;
      6) кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қолтаңбалары, сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншыларының қолтаңбалары енгізіледі.
      2. Геномдық тіркеуге жататын сотталғаннан биологиялық материалды іріктеу кезінде ақпараттық картаға осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер, ол сотталған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптары енгізіледі.

      21-бап. Биологиялық материалды іріктеу және пайдалану
      1. Геномдық тіркеу жүргізу үшін биологиялық материалды іріктеуді:
      1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардан, – ішкі істер органдары;
      2) биологиялық материалы қылмыстық-процестік заңда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеу барысында алынған анықталмаған адамдардан, – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің және (немесе) сот медицинасының мамандарын тарта отырып және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарын сақтай отырып, қылмыстық iс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын анықтау органдары, алдын ала тергеу органдары;
      3) хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан, – ішкі істер органдары;
      4) танылмаған мәйіттерден, – сот медицинасы органының қызметкерлерін тарта отырып, ішкі істер органдары жүзеге асырады.
      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу олардың жазбаша өтінішінің негізінде жүргізіледі.
      Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары болып табылатын кәмелетке толмағандардан биологиялық материалды іріктеу жазбаша өтініштің негізінде және олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
      Хабарсыз кеткен азаматтардың сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған биологиялық туыстарынан биологиялық материалды іріктеу жазбаша өтініштің негізінде және олардың қорғаншыларының қатысуымен жүргізіледі.
      3. Геномдық ақпарат алуды болдырмайтын биологиялық материал бастапқыда сапасыз іріктелген жағдайда геномдық тіркеуге жататын сотталғандардан, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан биологиялық материалды қайта іріктеуді уәкілетті мемлекеттік органдар геномдық тіркеуді жүзеге асыратын органның сұрау салуы бойынша жүргізеді.
      4. Геномдық тіркеу жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал геномдық ақпарат алу үшін пайдаланылады.
      5. Геномдық тіркеу үшін биологиялық материал бұрын одан өткен адам қайта сотталған кезде алынбайды.

      22-бап. Биологиялық материалды сақтау мерзімдері
      1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, сондай-ақ танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеу барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалын сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабының талаптарына сәйкес айқындалады.
      2. Сотталған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал ол іріктелген күннен бастап 10 жыл сақталады.

      23-бап. Биологиялық материалды жою
      1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеу барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалы геномдық ақпарат алынғаннан кейін анықтау және тергеу органдарына қайтарылады.
      2. Сотталған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған биологиялық материал осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген оны сақтау мерзімі өткеннен кейін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі геномдық ақпаратты алғаннан кейін тиісті бөлімшенің басшысы бекітетін акті бойынша:
      1) биологиялық материалды жою күнін, негізін;
      2) тіркелген адамның тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде), жынысын, туған күні мен жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін (болған кезде), жеке басын куәландыратын құжатының нөмірін;
      3) жою тәсілін;
      4) биологиялық материалды жоюды жүзеге асырған лауазымды адамдардың тектерін, аттарын, әкесінің аттарын (болған кезде), лауазымдары мен қолтаңбаларын, бөлімше атауын көрсете отырып жояды.

      24-бап. Геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштердегі
               мәліметтер
      Геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіш осы Заңда белгіленген ақпараттық картадағы мәліметтерді, сондай-ақ:
      1) геномдық ақпарат алуды жүзеге асырған мемлекеттік орган бөлімшесінің атауын;
      2) қылмыстық істің нөмірін;
      3) сот сарапшысы қорытындысының немесе маман қорытындысының нөмірі мен күнін;
      4) геномдық ақпаратты;
      5) биологиялық объектінің атауын және геномдық ақпараты сот сараптамасының немесе зерттеудің нәтижесінде алынған адамның процестік мәртебесін қамтуға тиіс.

      25-бап. Геномдық ақпаратты алу
      Геномдық тіркеуге жататын адамдар туралы геномдық ақпарат алуды:
      1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардың биологиялық материалынан, – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі;
      2) сотқа дейінгі тергеу барысында алынған анықталмаған адамдардың, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, танылмаған мәйіттердің биологиялық материалынан, – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі немесе анықтау және алдын ала тергеу органдары сот сараптамасын тағайындаған жағдайда сот сараптамасының органы жүзеге асырады.

      26-бап. Геномдық ақпаратты өзгерту және (немесе) толықтыру
      Геномдық тіркеуден өткен адамдардың дербес деректерін өзгерту және (немесе) толықтыру Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      27-бап. Геномдық ақпаратты жинақтау және сақтау
      Геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған геномдық ақпаратты жинақтауды және сақтауды ішкі істер органдары электрондық ақпараттық ресурстарда «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және осы Заңның ережелерін ескере отырып жүзеге асырады.

      28-бап. Геномдық ақпаратты пайдалану
      1. Геномдық тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат:
      1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеу, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу;
      2) Қазақстан Республикасының хабарсыз кеткен азаматтарын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру;
      3) танылмаған мәйіттер бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау;
      4) іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.
      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының геномдық ақпараты осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген мақсаттарда пайдаланылады.

      29-бап. Геномдық ақпаратты сақтау мерзімдері
      1. Геномдық тіркеуге жататын сотталғанның геномдық ақпараты геномдық тіркеу күнінен бастап оның қайтыс болу фактісі анықталғаннан кейін жиырма бес жыл, ал оның қайтыс болғаны немесе сот оны қайтыс болды деп хабарлағаны туралы мәліметтер болмаған кезде ол жүз жасқа толатын күнге дейін сақталады.
      2. Биологиялық материалы сотқа дейінгі тергеу барысында алынған анықталмаған адамдарды геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат тіркелген күннен бастап жиырма бес жыл сақталады.
      3. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарын геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат хабарсыз кеткен адамның жүрген жері анықталғанға немесе оқиғаның немесе қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс қысқартылғанға дейін сақталады.
      4. Танылмаған мәйіттерді геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат қайтыс болған адамның жеке басы анықталғанға дейін, бірақ оны алған кезден бастап жиырма бес жылдан аспайтын мерзімде сақталады.

      30-бап. Геномдық ақпаратты жою
      1. Геномдық тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпаратты осы Заңда көзделген сақтау мерзімдері өткеннен кейін оның сақталуын жүзеге асыратын ішкі істер органдары жояды.
      2. Геномдық тіркеуге жатқызылып, ақталған адамның геномдық ақпараты ол сотталғаннан кейін ақтау негіздері бойынша қылмыстық іс қысқартылғаннан немесе соттың ақтау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жылдан кешіктірілмей жойылады.
      3. Геномдық тіркеу кезінде алынған геномдық ақпаратты жоюды ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің бөлімше басшысы бекіткен акті бойынша:
      1) геномдық ақпаратты жою күнін, негізін;
      2) геномдық ақпараттың тіркеу нөмірін;
      3) тіркелген адамның тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде), жынысын, туған күні мен жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін (болған кезде), жеке басын куәландыратын құжатының нөмірін көрсете отырып жүргізеді.
      Танылмаған мәйіттің геномдық ақпаратын жою актісінде тіркеуге бастамашылық жасаған тергеу органының атауы немесе лауазымды адам, қылмыстық істің нөмірі, қылмыстық-құқықтық біліктілік, танылмаған мәйіттің табылған күні мен орны көрсетіледі;
      4) жою тәсілін;
      5) геномдық ақпаратты жоюды жүзеге асырған лауазымды адамдардың тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде), лауазымдары мен қолтаңбасын, бөлімше атауын көрсете отырып жүргізеді.

4-тарау. ДАКТИЛОСКОПИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕНОМДЫҚ
ТІРКЕУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      31-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің дактилоскопиялық
               және геномдық тіркеу саласындағы құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
      2) Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларын бекітеді;
      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      32-бап. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің
               дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы
               құзыреті
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында:
      1) Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларын әзірлейді;
      2) Дактилоскопиялық және геномдық ақпараттың деректер базасын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      33-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
               дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі дактилоскопиялық тіркеу саласында:
      1) Шетелде Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарынан және Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан дактилоскопиялық ақпарат жинау және өңдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      34-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
               комитетінің дактилоскопиялық тіркеу саласындағы
               құзыреті
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті дактилоскопиялық тіркеу саласында:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде жеке басты дактилоскопиялық ақпарат бойынша растау рәсімін жүзеге асыру және осы адамдардың дактилоскопиялық ақпаратының деректер базасын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      35-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізуді
               қадағалау
      Прокуратура органдары осы Заңның және Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нақты және бірыңғай қолданылуын жоғары қадағалауды мемлекет атынан жүзеге асырады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      36-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді
               жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың әрекетіне
               (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі
      Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      37-бап. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және
               (немесе) геномдық тіркеу туралы заңнамасын
               бұзғаны үшін жауаптылық
      1. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында (заңдарында) көзделген жауапкершілікке тартылады.

      38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады