Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 Нормативтік қаулысы.

      ХАБАРЛАНДЫРУАтқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнаманың дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету және сот практикасын біркелкі қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Атқарушылық іс жүргізу туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі - Конституция) негізделеді, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі - АК), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі - АПК), "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңынан (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларынан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Заңға сәйкес сот орындаушысының юрисдикциясы атқарушылық іс жүргізуге қатыспайтын тұлғаларға қолданылмайды. Алайда, Конституцияның 13-бабының 2-тармағына, АПК-нің 250, 251 және Заңның 127-баптарына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына атқарушылық іс жүргізудің тараптары, сонымен қатар олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылды, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі жасалды не оларға қандай да бір міндет жүктелді деп санайтын тұлғалар АПК-нің 250, 251-баптарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, сотқа талап қою тәртібімен шағым жасауы мүмкiн.

      Сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өндіріп алушының және борышкердің шағымы (бұдан әрі - шағым) АПК-нің 250-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен қаралады.

      Егер шешімді орындаумен үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделері қозғалса, онда осы тұлғалар АПК-нің 251-бабының тәртібімен бұзылған құқықты қалпына келтіру туралы борышкерге және өндіріп алушыға талап қоя отырып, сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте, егер талап қоюшы сот орындаушысын іске қатысуға тартпаса, онда сот оны өз бастамасымен жасауға тиіс. Мұндай жағдайда сот орындаушысы даудың мәніне дербес талапты мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде қатысады.

      АПК-нің 250-бабы бірінші бөлігінің мағынасы бойынша мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым сот орындаушысы қызмет көрсететін аумақтық учаскенің аудандық (қалалық) сотына беріледі.

      Жеке сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым жеке сот орындаушысының тіркелген жері бойынша аудандық (қалалық) сотқа беріледі.

      Елді мекеннің аумағында бірнеше жалпы юрисдикция соттары болған кезде шағым атқарушылық әрекеттер жасалған жер бойынша беріледі.

      3. Өкіл қол қойған шағымды қабылдау туралы мәселені шешу кезінде сот оның өкілеттіктерін тексеруі қажет. Өкілдің Заңның 19-бабының 2-тармағында көрсетілген процестік әрекеттердің әрқайсысын жасауына өкілеттіктері өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуге тиіс.

      4. Іс жүргізуге шағымды қабылдау туралы мәселені шешу кезінде сот АПК-нің 250-бабының бірінші бөлігінде көзделген мерзімді тараптың сақтағанын не сақтамағанын тексеруі тиіс.

      Сотқа жүгінген тарап сот орындаушысының жасаған әрекеті (әрекетсіздігі), әрекетті жасаудан бас тартуы өзіне қашан мәлім болғаны туралы дәлелдемені ұсынуға міндетті.

      АПК-нің 124-бабының бірінші және екінші бөліктерінің мағынасынан процестік әрекеттерді жасау құқығы заңда белгіленген процестік мерзімнің аяқталуымен жойылатыны көрінеді.

      Сондықтан да, егер өндіріп алушы немесе борышкер шағымды АПК-нің 250-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң берсе және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаса, шағым сот ісін жүргізуге қабылданбайды және өтініш берушіге АПК-нің 124-бабына сәйкес сот ұйғарымымен қайтарылады.

      Шағымның қайтарылуы шағымға өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты қоса бере отырып, сотқа қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.

      Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруді сот АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес шағымды қабылдау сатысында шешеді.

      5. Соттың шағымды қарау кезінде АПК-нің 250-бабының екінші бөлігінде белгіленген істі қарау мерзімін сақтау мақсатында атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды сот отырысының орны мен уақыты туралы тиісінше және уақтылы хабарлау жөніндегі шараларды қабылдағаны жөн.

      Мемлекеттік сот орындаушысы болмаған жағдайда (жұмыстан шығуы, 10 күннен астам ұзақ демалысы, еңбекке жарамсыздығы немесе іссапары және т.б.) сот отырысына осы аумақтық бөлімнің басқа сот орындаушысы жіберілуі мүмкін.

      Уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық органдар) мемлекеттік сот орындаушыларының заңсыз әрекеттерінің (әрекетсіздіктерінің) нәтижесінде келтірілген зиянды, залалды өтеу туралы талап қоюлар бойынша немесе сот шығыстарын өндіріп алу туралы талаптар мәлімделсе жауапкер бола алады.

      Жеке сот орындаушысы оның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған кезде азаматтық процесте тарап болып табылады, сондықтан оған іске қатысатын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде сотта істі өзінің өкілі арқылы жүргізу құқығы қолданылады.

      Сот шағымды қарау кезінде атқарушылық іс жүргізу материалдарын талап етіп алдыруға құқылы, олар зерттелгеннен кейін сот орындаушысына қайтарылады, ал олардың көшірмелері істің материалдарына қоса тіркеледі.

      6. АПК-нің 250-бабының тәртібімен шағымды не АПК-нің 251-бабының тәртібімен атқарушылық құжаттарды орындау процесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерді қорғау туралы талап қоюын қарау кезінде: өндіріп алу мүмкін болмайтын ақша сомасын қоспағанда, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу бiрiншi кезекте борышкердiң, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, үшінші тұлғаларда тұрған ақшаға қолданылатынын;

      борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша болмаған кезде өндіріп алу борышкердің басқа мүлкіне қолданылатынын ескеру қажет.

      7. Сот орындаушысының борышкерге тиесілі басқа мүлікті (ақшадан басқа) өндіріп алу туралы заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау кезінде сот атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысы нақты қандай әрекеттерді орындағанын, олардың Заң талаптарына сәйкес келуін тексереді.

      Сот бақылауы мақсатында жеке меншікті қорғауға бағытталған жылжымайтын мүлікті өндіріп алу АПК-нің 246-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай жағдайларда Заңның 55-бабы 8-тармағының талаптары қолданылмайды.

      Сот борышкердің мүлкін өндіріп алу туралы мәселені шешу кезінде Заңның 72-бабында көзделген борышкердің мүлкін өткізу кезектілігінің қағидаларын негізге алуға, мүліктің борышкерге тиесілі екендігін, оның нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтауға, сондай-ақ мүлік құнының қалған берешектің мөлшеріне мөлшерлес болуын, атқарушылық құжаттың орындалуда болған мерзімін және басқа да назар аударуға болатын мән-жайларды бағалауға тиіс.

      Борышкердің мүлкін өндіріп алу жолымен шешімді орындау тәсілі мен тәртібі өзгертілген соттың ұйғарымында мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларын көрсету қажет. Бұл ретте сот мүліктің бастапқы сату құнын айқындамайды, өйткені орындау сатысында мұндай құқық сот орындаушысында болады (Заңның 68-бабы).

      8. Заңның 60-бабының талаптарына сәйкес сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талабы бойынша сот тәртібімен борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен жалпы мүлікті бөлу, үлесті анықтау немесе үлесті бөліп шығару жолымен өндіріп алу көзделген.

      Борышкердің борышы бойынша ортақ меншік болып табылатын мүлікті өндіріп алу барысында сот орындаушысы немесе атқарушылық іс жүргізудегі тарап, егер үлестер заңнамада белгіленген тәртіппен анықталмаса, борышкердің үлесін анықтау туралы талаппен сотқа жүгінуге міндетті. Сот қарау нәтижелері бойынша нақты мүліктегі өндіріп алынатын борышкердің үлесін анықтау туралы ұйғарым шығарады.

      Үлестік меншіктегі мүліктен үлесті бөліп шығару немесе мүлікті бөлу туралы мәселе АК-нің 216, 218 және 222-баптарына сәйкес шешіледі.

      9. Борышкердің басқа мүлкі оған қойылған барлық талаптарды толық қанағаттандыруға жеткіліксіз болған кезде сот орындаушысы:

      үшінші тұлғаларда кепілде тұрған (кепіл беруші және борышкер бір тұлға болған кезде) борышкердің мүлкін, бұл ретте кепілге салынған мүліктің құнынан өзінің талабын басымдықпен қанағаттандыруға кепіл ұстаушының құқықтарын сақтай отырып, өндіріп алуға;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 120-бабының тәртібімен уәкілетті органның шешімі бойынша билік етуі шектелген борышкердің мүлкін, уәкілетті органға бұл туралы жазбаша хабарлай отырып, өндіріп алуға құқылы.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Ипотекалық тұрғын үй міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті, сондай-ақ үшінші тұлғаға (заттай кепілгерге) тиесілі кепіл нысанасын өндіріп алу туралы мәселе соттың "Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2723 Заңының 21-бабының талаптарына сәйкес кепілге салынған мүлікті өндіріп алу туралы кепіл ұстаушының талап қоюы бойынша жеке талап қою ісін жүргізуде қарауына жатады.

      11. Бағалаушыны тағайындау туралы қаулыны шығару және борышкердің мүлкін сауда-саттыққа беру Заңның 68, 74-баптарында көзделген сот орындаушысының айрықша құзыреті болып табылады.

      АК-нің 257-бабына сәйкес меншік құқығы тоқтатылған кезде мүлік заңда белгіленген тәртіппен оның нарықтық құны негізге алынып бағаланады. Сондықтан да сот орындаушысы борышкердің мүлкі нарықтық құны бойынша бағалануы және сауда-саттыққа берілуі үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Борышкердің мүлкін бағалауға байланысты дау туындаған жағдайда сот орындаушысының қабылдаған шаралары АПК-нің 250-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес тексерілуге жатады.

      12. Сот бастапқы сату бағасын белгілеген кепілге салынған мүлікті өндіріп алу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі болған кезде, соттың осы шешімін орындау шеңберінде қайта бағалау жүргізу талап етілмейді. Мұндай шағымдарды (арыздарды) АПК-нің 151-бабының бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес қабылдаудан бас тартқан жөн.

      13. Атқарушылық іс жүргізу тараптары АПК-нің 250-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау жолымен сотта сауда-саттықтың нәтижелерін даулайды.

      Атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін уақтылы қалпына келтіру мақсатында АПК-нің 250-бабының бірінші бөлігіне байланысты сот орындаушысына өндіріп алушының және борышкердің назарына сауда-саттықтың қорытындыларын жеткізуі, шағым жасау тәртібін түсіндіруі қажет.

      Егер атқарушылық іс жүргізу тарабы сауда-саттықты даулау жөнінде сот орындаушысының әрекеттеріне шағыммен сотқа жүгінсе, сот орындаушысы сатып алу-сату шартын жасасудан тартынуға тиіс, тарап бір мезгілде шағымды берумен бірге соттың алдына қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы мәселені (мысалы, шағым мәні бойынша шешілгенге дейін сатып алу-сату шартын жасасуға тыйым салу және т.б.) қоюға құқылы.

      Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттама борышкердің тыйым салынған мүлкіне сатып алу-сату шартын жасасу үшін негіз болып табылады, демек АК-нің 7-бабының 7) тармақшасына орай сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасаумен қатар хаттамаға да шағым жасалуы тиіс.

      АПК-нің 15-бабының екінші бөлігіне сәйкес тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан, басқа органдар мен тұлғалардан тәуелсіз таңдайды.

      Осыған байланысты, өткізілген сауда-саттықтың нәтижелері бойынша сот орындаушысы мен сатып алушының арасында жасалған сатып алу-сату шарты талап қою тәртібімен даулануы мүмкін.

      14. Егер сот сауда-саттықтың нәтижелері борышкердің немесе өндіріп алушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әсер еткенін немесе әкеп соққанын анықтаса, сауда-саттықты даулау жөніндегі сот орындаушысының әрекеттеріне дауларды қарау кезіндегі шағым қанағаттандырылуға жатады.

      15. Сот берген атқарушылық құжаттың негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізудегі өндіріп алушы шығып қалған жағдайда (заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, талап етуді басқаға беру, борышты аудару), сондай-ақ құқықтық қатынастардағы тұлғалар ауысатын басқа да жағдайларда құқық мирасқорлығы туралы мәселені сот АПК-нің 53-бабының тәртібімен шешуге тиіс.

      16. Заңның 104-бабында борышкер өзі ғана жасай алатын әрекеттерді жасағаны немесе оларды жасаудан тартынғаны туралы сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамағаны үшін сот орындаушысының борышкерден мемлекет кірісіне өсімпұл өндіріп алуы көзделген.

      Сот мемлекет кірісіне өсімпұлды өндіріп алу туралы талапты сот орындаушысы борышкерге мерзімі белгіленуі тиіс мұндай әрекеттерді жасағаны туралы хабарламаны немесе оларды жасаудан тартыну қажеттігі туралы хабарламаны алдын ала жіберген жағдайларда және борышкер сот орындаушысының талаптарын орындамаған жағдайда ғана қанағаттандыруы мүмкін.

      Мұндай жағдайда мемлекет кірісіне өсімпұл борышкер атқарушылық құжатты орындағанға дейін, сонымен қатар орындағаннан кейін де өндіріп алынуы мүмкін, бұл ретте сот оның мөлшерін азайтуға тиіс емес, өйткені ол бюджетке өндіріліп алынады, сондықтан соттар мұндай жағдайларда АК-нің 297-бабын қолдануға құқылы емес.

      17. Атқарушылық құжаттың сот орындаушысының іс жүргізуінде болған кезеңде оның толық көлемде орындалуын толық мәжбүрлеп орындату деп түсінген жөн. Осыған негіздей отырып, Заңның 32-бабында көрсетілген атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қабылдау жөніндегі сот орындаушысының әрекеттері, сондай-ақ тізімделген және тыйым салынған мүлікті өткізу, борышкердің жалақысынан және басқа да табыстарынан, басқа тұлғаларда тұрған мүліктен өндіріп алу бойынша қабылданған шаралар толық мәжбүрлеп орындату шаралары ретінде қаралуға тиіс.

      Атқарушылық санкция атқарушылық құжатты өз еркімен орындамаған борышкердің мүліктік жауапкершілігінің дербес түрі болып табылады.

      Заңда көзделген жағдайдарды қоспағанда, Заңның 124-бабында борышкерден атқарушылық санкцияны өндіріп алу көзделген.

      Атқарушылық санкция сот орындаушысы шығарған қаулының негізінде өндіріп алуға жатады. Ол мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық мәжбүрлеп орындалғаннан кейін борышкерге мемлекет кірісіне атқарушылық санкцияны өз еркімен төлеуді ұсынған, ал борышкер осы әрекеттерді жасаудан бас тартқан жағдайда өндіріліп алынады. Мұндай жағдайда атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгіну қажет емес, өйткені Заңның 9-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына орай сот орындаушысының атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулысы атқарушылық құжат болып табылады.

      Заңның 124-бабының 3-тармағына сәйкес борышкердің арызы бойынша атқарушылық санкцияның мөлшері азайтылуы, сондай-ақ борышкер оны өндіріп алудан босатылуы мүмкін.

      18. Соттарға жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге қатысты оның әрекеттеріне жасалған шағымды қарау кезінде "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 қаулысының ережелерін бұлжытпай сақтау қажет.

      19. Егер сот актісі АПК-нің 143 немесе 241-баптарында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындатуға жіберілмесе, АПК-нің 238-бабында көзделген негіздер бойынша сот актісінің орындалуы кейінге қалдырылуы, оның мерзімі ұзартылуы немесе орындау тәсілі мен тәртібі өзгертілуі мүмкін.

      20. Егер сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаса және заңның осы нормасында көзделген негіздер сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жасауы кезінде болса, АПК-нің 246-бабында көзделген негіздер бойынша сот актісін орындауды кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту немесе орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту ұсынылуы мүмкін.

      21. Сот актісін мәжбүрлеп орындауға жіберу күнін немесе қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасауды бастайтын күнді неғұрлым кешірек мерзімге ауыстыру туралы соттың процестік шешімі сот актісін орындауды кейінге қалдыруды білдіреді.

      Егер орындау нысанасы бөлінетін зат болып табылса (мысалы, ақша, орындалатын жұмыс және т.б.), сот актісін сот белгілеген мерзімнің ішінде борышкердің өз еркімен бөліп орындауы немесе атқарушылық іс жүргізумен сот орындаушысының мәжбүрлеп орындатуы туралы соттың процестік шешімі сот актісін орындау мерзімін ұзартуды білдіреді.

      Атқарушылық әрекеттерді жасауды қиындататын немесе оларды жасауға мүмкіндік бермейтін мән-жайлар болған кезде соттың шешімінде көрсетілген тәсіл мен тәртіпті өндіріп алушының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін басқа тәсілмен және тәртіппен ауыстыру шешімді орындау тәсілі мен тәртібін өзгертуді білдіреді.

      22. Соттар орындау мерзімін кейінге қалдырған немесе оның мерзімін ұзартқан кезде соттың шешімін орындаудың белгіленген тәртібі ақылға сыйымдылық, әділдік талаптарына сай келетіндей және атқарушылық іс жүргізуге қатысатын тұлғалардың кепілдік берілген құқықтарының мәнін, сондай-ақ үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтындай етіп өндіріп алушының және борышкердің құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімін негізге алуға тиіс.

      Сот актісін мәжбүрлеп орындатуға жіберу мерзімін кейінге қалдыру Заңның 11-бабында белгіленген мерзімнен аспауы тиіс.

      Атқарушылық әрекеттерді жасауды кейінге қалдыру Заңның 39-бабының 1 және 2-тармақтарында белгіленген мерзімнен аспауы тиіс.

      Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның келтірген мүліктік залалы үшін, егер осы кезеңде кәмелетке толмағанның мүлкі немесе табысы болмаса, одан өндіріліп алынатын сот актісін орындау мерзімі жауапкер кәмелетке толғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.

      23. Борышкердің мүліктік жағдайы оған орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға негіз ретінде АК-нің 20 және 44-баптарында көзделген өзіне тиесілі мүлікті өткізу есебінен борышкердің міндеттемені толық өз еркімен немесе мәжбүрлеп бір мезгілде орындай алмайтынын білдіреді.

      Атқарушылық құжатты орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе оның мерзімін ұзарту үшін негіздер борышкердің атқарушылық құжатты орындауына кедергі келтіретін сотқа жүгіну кезінде жойылмайтын мән-жайлар болып табылуы мүмкін. Мұндай мән-жайлардың бар-жоғын сот әрбір нақты жағдайда барлық нақты маңызы бар мән-жайларды ескере отырып шешеді. Оларға борышкердің ауыр мүліктік жағдайы, сондай-ақ орындауға едәуір қиындық келтіретін себептер (мысалы, борышкердің ауыр науқастануы, оның жылжымайтын мүлкінің жойылуы немесе едәуір зақымдануы (борышкердің кінәсінен емес) және т.б.) жатқызылуы мүмкін. Сот кейінге қалдыру мерзімі немесе оның мерзімін ұзарту кезеңдері аяқталған соң соттың шешімін орындау мүмкіндігін бағалауға тиіс. Сондықтан да орындауды кейінге қалдыру немесе орындау мерзімін ұзарту кезеңдерінің аяқталу уақытына борышкерде сот актісін орындауға жеткілікті мүлік пен табыстың болатынын растайтын дәлелдемелер сотқа ұсынылуы тиіс.

      24. Егер атқарушылық іс жүргізудің тараптары борышкерге тиесілі мүліктің есебінен бөлінетін міндеттеме бір мезгілде орындалуы мүмкін болмайтыны туралы дәлелдемелерді ұсынса, атқарушылық әрекеттерді жасау мерзімін ұзарту туралы процестік шешім АПК-нің 246-бабына сәйкес қабылдануы мүмкін.

      Міндеттемені орындау мерзімін кезеңдік төлемдер (алименттер, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, асыраушысының қайтыс болуына байланысты жоғалтылған жалақы және т.б.) түрінде ұзартуға жол берілмейді, өйткені мұндай міндеттемелерді орындауға мүмкіндіктің болмауы заңнамалық актілерде белгіленген өзге тәртіппен қаралады (алименттер бойынша берешекті есептеу, өтелетін зиянның мөлшерін азайту, банкроттық және басқалар).

      25. Соттың мерзімді кейінге қалдыру туралы ұйғарымында ол басталғанға дейін мерзім кейінге қалдырылатын күнтізбелік күн көрсетілуге тиіс.

      Соттың мерзімді ұзарту туралы ұйғарымында қандай күнтізбелік кезеңнің ішінде және қандай нақты бөліктермен борышкер міндеттемені орындайтыны көрсетілуге тиіс.

      Соттың сот актісін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы ұйғарымында қандай басқа тәсілмен және қандай тәртіппен сот актісі орындалуға жататыны көрсетілуге тиіс.

      26. Егер мән-жайларға орай тұлғаның орындау мерзімі кейінге қалдырылса немесе оның мерзімі ұзартылса, оларды беру мерзімі аяқталғанға дейін мән-жайлар өзгерсе немесе жойылса не борышкер орындау мерзімін кейінге қалдырудың немесе оның мерзімін ұзартудың белгіленген тәртібін (төлемдердің мерзімін, мөлшерін, жасалатын әрекеттердің көлемін) бұзса, сот атқарушылық іс жүргізудегі тараптардың арыздары бойынша сот актісін орындау мерзімін кейінге қалдыруды немесе оның мерзімін ұзартуды тоқтату туралы мәселені шеше алады.

      Мерзімін кейінге қалдыруды немесе оның мерзімін ұзартуды тоқтату туралы арызды соттың қарауы оны беру кезіндегідей тәртіппен жүргізіледі.

      27. Егер борышкерде өндіріп алынатын мүлік болмаса, АПК-нің 246-бабына сәйкес атқарушылық әрекеттерді жасау мерзімі кейінге қалдырылмайды немесе оның мерзімі ұзартылмайды, ал атқарушылық құжат Заңның 48-бабы 1-тармағы 2) тармақшасының негізінде өндіріп алушыға қайтарылады.

      28. АПК-нің 243 және 244-баптарында көзделген жағдайларда сот шешімін орындау не атқарушылық әрекеттер жасау мерзімін кейінге қалдыруға жол берілмейді.

      АПК-нің 29 және 30-тарауларында көзделген істер бойынша сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға болмайды, ал сот шешімімен белгіленген орындаудың тәсілі мен тәртібі өзгертіле алмайды.

      29. Егер сотқа сот шешімінде көрсетілген тәсілмен және тәртіппен оның орындалуы мүмкін еместігі туралы дәлелдемелер ұсынылған жағдайда, сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгертуге жол беріледі.

      30. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы;

      2) "Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 6 қаулысы;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 нормативтік қаулысының 11 және 19-тармақтары;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының 12-тармағы;

      5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 3 нормативтік қаулысының 3 және 7 тармақтары.

      31. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, ол жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ.МӘМИ
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ.ШАУХАРОВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады