"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 229 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-IV, 151-құжат):

      118-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың және біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне бағдарлануға және мамандар біліктілігінің сәйкестігін растаудың және оны берудің кешенді жүйесін іске асыру үшін кәсіптік стандарттарға сәйкес болуға тиіс.".

      2. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 20, 151-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат.; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 128-құжат; № 18, 142-құжат; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 4, 32-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 2, 7-құжат; № 7, 34-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 1, 4, 6-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 2, 3-құжат; № 10, 50-құжат; № 14, 72-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 21-III, 135-құжат; № 22-I, 140-құжат; № 22-V, 156, 158-құжаттар; № 23-II, 170, 172-құжаттар):

      1) 1-бапта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) академия – мемлекеттік мекемелер ұйымдық-құқықтық нысанындағы жоғарғы оқу орындарын қоспағанда, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, даярлаудың екі-үш бағыты бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны;";

      мынадай мазмұндағы 2-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-4) академиялық кредит – білім алушының және/немесе оқытушының ғылыми-білім беру жұмысы (жүктеме) көлемінің сәйкестендірілген өлшем бірлігі;";

      мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-2) дескрипторлар – білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің тиісті деңгейінің білім беру бағдарламасын аяқтағанда игеріп шығатын, академиялық кредиттердің (сынақ бірліктерінің) тиісті санын жинай отырып, оқыту нәтижелеріне негізделетін білімнің, іскерліктің, дағдылар мен кәсіби құзыреттердің деңгейі мен көлемінің сипаттамасы;";

      17-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17-1) жоғары оқу орнының ерекше мәртебесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген білім беру мазмұнын өзі дербес айқындау және білім беру мен ғылыми қызметін ұйымдастыру құқығын беретін білім беру ұйымы жұмыс істеуінің ерекше режимі;";

      21-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-2) зерттеу университеті – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бес жылға арналған даму бағдарламасын және даярлау бағыттарының кең спектрі бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің өз бетінше әзірленген білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жаңа білімді жинақтау мен трансферттеу үшін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер нәтижелерін пайдаланатын жоғары оқу орны;";

      мынадай мазмұндағы 21-5), 21-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "21-5) жоғарғы оқу орнының нысаналы капиталының қоры (эндаумент-қор) – қайырымдылық көмек, өтеусіз аударымдар, қайырмалдықтар, гранттар, білім беру ұйымдары құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары есебінен қалыптасатын қор, одан түсетін инвестициялық кіріс ғылыми-білім беру қызметін қаржыландыруға бағытталады;

      21-6) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің даярлау бағыттарының сыныптауышы – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің даярлау бағыттарының сыныптауышын белгілейтін және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіби даярлауды айқындайтын нормативтік құжаттарды әзірлеу кезінде пайдаланылатын құжат;";

      25) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "25) институт – мемлекеттік мекемелер ұйымдық-құқықтық нысанындағы жоғарғы оқу орындарын қоспағанда, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын, даярлаудың бір-екі бағыты бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны;";

      36) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "36) кредиттік оқыту технологиясы – білім алушының академиялық кредиттерді жинай отырып, пәндерді оқып зерделеу дәйектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізіндегі оқыту;";

      54) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "54) университет – әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын, даярлаудың үш немесе одан да көп бағыты бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны;";

      56-1), 56-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-1) ұлттық жоғары оқу орны – елдің жетекші білім беру, ғылыми және әдістемелік орталығы болып табылатын, ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны;

      56-2) ұлттық зерттеу университеті – ерекше мәртебесі және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бес жылға арналған даму бағдарламасы бар, даярлау бағыттарының кең спектрі бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің өз бетінше әзірленген білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жаңа білімді жинақтау мен трансферттеу үшін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдаланатын жоғары оқу орны;";

      2) 4-баптың 19), 22-2), 24), 25) тармақшалары алып тасталсын;

      3) 5-бапта:

      2-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуді бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарына білім алушыларды қабылдау қорытындысы бойынша мониторинг жүргізу тәртібін бекітеді;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) әскери, арнаулы, медициналық және фармацевтикалық оқу орындарының үлгілік оқу бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын қоспағанда, тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, сондай-ақ барлық білім беру деңгейлерінің үлгілік оқу бағдарламаларын және типтік оқу жоспарларын бекітеді;";

      8) тармақшаның төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "даярлау бағыттары бойынша орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын;";

      9-1) тармақша алып тасталсын:

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "11-1) әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекітеді;";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) мүдделі министрліктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, кадрларды даярлауға арналған кәсіптер мен мамандықтардың тізбесін айқындайды және техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптері мен мамандықтарының сыныптауышын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 13-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "13-1) мүдделі министрліктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, кадрлар даярлау бағыттарының тізбелерін айқындайды және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің даярлау бағыттарының сыныптауышын бекітеді;";

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) сырттай, кешкі нысандарда және экстернат нысанында білім алуға жол берілмейтін кәсіптер мен мамандықтардың / даярлау бағыттарының білім беру бағдарламаларының тізбесін белгілейді;";

      25-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "25-2) жоғары оқу орындарының жанынан даярлау бағыттары бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктер құрады және олардың қызметінің үлгілік қағидаларын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 25-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "25-3) әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің даярлау бағыттарының білім беру бағдарламалары тізілімін және оны жүргізу тәртібін бекітеді;";

      46-6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "46-6) тетігін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін денсаулық сақтау саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды мақсатты даярлауды қоспағанда, базалық жоғары оқу орындарында магистрлер және РһD докторларын мақсатты даярлаудың тетігін әзірлейді және бекітеді;";

      46-8) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 46-16), 46-17), 46-18) тармақшалармен толықтырылсын:

      "46-16) оқытудың кредиттік технологиясын ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қаржыландыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      46-17) әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары оқу орындарының даму бағдарламаларының құрылымын және оларды әзірлеу тәртібін айқындайды;

      46-18) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарға өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру тәртібін айқындайды;";

      4) 5-1-баптың 16) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) әскери, арнаулы оқу орындарында іске асырылатын, даярлау бағыттары мен біліктіліктердің білім беру бағдарламаларының тізбесін бекітеді;";

      5) 9-1-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Аккредиттеу органы халықаралық стандарттар қағидаттарына сәйкес келетін өзінің аккредиттеу стандарттары (регламенттері) мен сапаны қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың негізінде институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуді өткізеді.";

      6-тармақ алып тасталсын;

      6) 12-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қосымша білім алумен және біліктіліктің сәйкестігін растаумен және оның берілуімен қоса, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейлерін ішінара немесе толық меңгеру өмір бойы білім алуға және жұмысқа орналасуға ықпал етеді.";

      7) 21-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндер циклін, бейіндеуші пәндер циклін зерделеуді, сондай-ақ оқыту нәтижелеріне (дескрипторларға) және Ұлттық және салалық біліктіліктер шеңберіне сәйкестігіне бағдарлана отырып, даярлықтың тиісті бағыттары бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.

      Жоғары білім беру бағдарламалары міндетті құрамдас бөліктің және таңдау бойынша құрамдас бөліктің пәндерін қамтиды.

      Білім алушының таңдауы бойынша құрамбөлік шеңберінде жеке оқыту траекториясын айқындау кезінде:

      1) даярлау бағытының негізгі (Major) білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді;

      2) даярлау бағытының қосымша біріктірілген (Мinor) білім беру бағдарламасы бойынша пәндерді таңдай алады.

      Бұл ретте білім алушы ақылы негізде бір-екі модуль көлемінде даярлау бағытының қосымша біріктірілген (Мinor) білім беру бағдарламасын меңгереді.

      Жоғары білімнің даярлау бағыттары білім беру бағдарламаларының тізбесі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізілімде көрсетіледі.";

      8) 22-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының мазмұны: оқыту нәтижелеріне (дескрипторларға) бағдарлана отырып және Ұлттық және салалық біліктіліктердің шеңберіне сәйкес базалық және бейіндеуші пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; кәсіптік практиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу (эксперименттік-зерттеу) (бейіндік магистратураның білім беру бағдарламалары жобасы) жұмысын көздейді.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің даярлау бағыттары білім беру бағдарламаларының тізбесі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеде қамтылады.";

      9) 23-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қосымша білім берудің білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне (дескрипторларға) бағдарлана отырып және Ұлттық және салалық біліктіліктер шеңберіне сәйкес білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

      Әскери, арнаулы жоғары оқу орындарындағы қосымша білім беретін білім беру бағдарламалары білім алушылардың және мамандардың оқыту нәтижелеріне (дескрипторларға) және/немесе тиісінше құқық қорғау органдарындағы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі және ұлттық қауіпсіздік органдарындағы кәсіби құзыреттерге, біліктілік сипаттамаларға және біліктілік талаптарына сәйкес болуына бағдарлана отырып, жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.";

      2-тармақтың 2) тармақшасындағы "бағдарламалары болып бөлінеді." деген сөздер "бағдарламалары;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) жетекші ғалым басшылық ететін арнайы тақырып бойынша ғылыми білімді тереңдетуге, ғылыми және қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған постдокторлық бағдарламалар болып бөлінеді.";

      10) 26-бапта:

      1-1-тармақ алып тасталсын;

      5-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмi бар кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде көрсеткiштері бiрдей болған жағдайда:";

      3) тармақшадағы "жеңімпаздарының басым құқығы бар." деген сөздер "жеңімпаздарының;" деген сөздермен ауыстырылып, екінші бөлік алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарынсыз қалған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастардың қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының, бірінші және екінші топтағы мүгедектердің, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдері жоқ бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.";

      8-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламаларына ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар үшін;";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Арнайы және/немесе шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы даярлау бағыттары бойынша оқуға қабылдау арнайы және/немесе шығармашылық емтихандар нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламаларының тізбесі және арнайы және/немесе шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі үлгілік қабылдау қағидаларында белгіленеді.";

      мынадай мазмұндағы 9-1), 9-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "9-1. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша бірінші академиялық кезең аяқталғанға дейін білім алушыларды оқуға қабылдау тәртібі қабылдаудың үлгілік қағидаларында белгіленеді.

      9-2. Әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг бекітілген тәртіпке сәйкес жүргізіледі.";

      11) 29-баптың 2-тармағының үшінші абзацында "кабинеттеріне жүктеледі." деген сөздер "кабинеттеріне;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – жоғары оқу орындары жанындағы даярлау бағыттары бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңеске және оқу-әдістемелік бірлестіктерге жүктеледі;";

      12) 35-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға "бакалавр" дәрежесі немесе "маман" біліктілігі беріледі.";

      13) 36-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметтің негізгі бейіні мен даярлау бағыттары бойынша жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасында, резидентурасында және докторантурасында, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады.";

      14) 37-бапта:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Постдокторлық бағдарламаларды іске асыру танымал ғылыми мектептері бар және даярлау бағыттары бойынша тиісті ғылыми зерттеулерді орындайтын жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда әртүрлі ұйым қаражаты есебінен жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау, уәкілетті орган тізіліміне енгізілген, аккредиттеу органдарында институционалды аккредиттеуден өткен медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.";

      15) 40-баптың 4-тармағының 3), 4), 5), 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары;

      4) орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары;

      5) жоғары білім беру ұйымдары;

      6) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары;";

      16) 40-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "40-1 бап. Жоғары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары

      1. Жоғары оқу орындары:

      1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес бакалавриат, жоғары арнайы білім, магистратура және докторантура бағдарламаларын, ал медициналық мамандықтар бойынша резидентура бағдарламаларын да әзірлеуге және іске асыруға;

      2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттау қағидаларын айқындауға;

      3) осы Заңның 52-бабының 8-тармағында белгіленген нормалар шегінде білім алушылардың профессор-оқытушылар құрамына арақатынасын белгілеуге;

      4) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын белгілеуге;

      5) білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын бекітуге;

      6) дербес әзірленген оқу жүктемесінің нормалары, еңбек ақы төлеу нысандары мен мөлшерлерінің негізінде білім беру қызметін жүзеге асыруға;

      7) үлгілік қағидалар шеңберінде жоғары оқу орнына қабылдау тәртібін айқындауға;

      8) шығыстар сметасы шегінде жоғары оқу орнының құрылымы мен қызметкерлері (профессор-оқытушылар құрамының) штатын айқындауға;

      9) жоғары оқу орнының даму бағдарламасын әзірлеуге;

      10) ерікті негізде жоғары оқу орнының нысаналы капитал қорын (эндаумент-қоры) құруға;

      11) жоғары оқу орнының бюджеттен тыс қаражаты есебінен ғылыми-білім беру қызметі бойынша заңды тұлғалар құруға құқылы.

      2. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары сондай-ақ:

      1) білім берудің барлық деңгейлері бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарының тиісті талаптарынан кем емес, дербес белгіленетін білім беру стандарттары мен талаптарының негізінде білім беру мазмұнын айқындауға;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен халықаралық шарттардың негізінде шет мемлекеттерде филиалдар құруға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стартап-компаниялар ашуға;

      4) жоғары оқу орнына қабылдау тәртібін дербес айқындауға құқылы.

      Осы бапта көрсетілген нормалар әскери, арнаулы оқу орындарына қолданылмайды.";

      17) 42-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жоғары оқу орындарының ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі заңды тұлғаларды құруы мен ұйымдастыруын қоса алғанда, білім беру ұйымдарын құруы, қайта ұйымдастыруы және таратуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      18) 43-баптың 3-тармағының 17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) жоғары оқу орындарында білім алушыларға "бакалавр" және "магистр" дәрежелерін беру, сондай-ақ "маман" біліктілігін беру;";

      19) 44-баптың 10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Осы бап байқаушы кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған білім беру ұйымдарына, коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдарға Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" және "Акционерлік қоғамдар туралы" заңдарында белгіленген ережелерге қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.";

      20) 47-баптың 17, 17-2, 17-3, 17-4 және 17-5-тармақтары алып тасталсын;

      21) 56-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) оқыту нәтижелеріне (дескрипторларға) бағыттала отырып, білімнің мазмұнына;";

      22) 57-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметін лицензиялау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының сыныптауышына сәйкес біліктіліктер бойынша жүргізіледі.

      Бұл ретте, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияға қосымшада және (немесе) лицензияға қосымшаларда мамандық немесе біліктілік бойынша шифр, атауы, оқу мерзімі көрсетіледі.

      Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметін лицензиялау жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің дайындау бағыттарының сыныптауышына сәйкес дайындау бағыттары бойынша жүргізіледі.

      Бұл ретте, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияға қосымшада және (немесе) лицензияға қосымшаларда дайындық бағыттары бойынша шифр және атауы көрсетіледі.";

      23) 61-баптың 3-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) қайырымдылық көмек, өтеусіз аударымдар және қайырмалдықтар, жоғары оқу орындарының нысаналы капитал қорынан (эндаумент-қорларынан) түскен түсімдерді қоса алғанда, гранттар, білім беру ұйымдары құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары болып табылады.";

      24) 62-баптың 8-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жоғары білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру гранттары түрінде дайындық бағыттарының білім беру бағдарламаларына, оқу орнының түрі мен мәртебесіне қарай саралана отырып орналастырылады.";

      25) 65-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық шарттар негізінде шет мемлекетте филиалдар құруға құқылы.".

      3. "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 4, 36-құжат; 2013 ж., № 15, 82-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 221).

      1) 1-бапта:

      22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "22) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор – білім беру саласындағы уәкілетті орган беретiн ғылыми атақтар;";

      28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "28) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша немесе кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;";

      2) 15-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Жоғары оқу орындарының нысаналы капитал қорының (эндаумент - қорының) инвестициялық кіріс қаражатынан білім алушыларды, ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді және ұйымдарды көтермелеу шарасы ретінде стипендия төленуі мүмкін.";

      3) 28-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымдардың одан түскен табыстың бір бөлігін ғылыми зерттеуді жүргізуге не оны коммерцияландыруды қаржыландырған нысаналы капитал қорының (эндаумент - қордың) негізгі капиталына бөлуіне жол беріледі.".

      4. "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 218):

      14-баптың 8-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Стартап-компанияларға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын;

      2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 10) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацын және 24) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады