Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және жұмыс істеуі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 7 маусымдағы № 349 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және жұмыс істеуі туралы келiсiм жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевке Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және жұмыс істеуі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 7 маусымдағы
№ 349 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетін құру және оның жұмыс істеуі туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің үкіметтері

      2002 жылғы 7 маусымда қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының ережелерін басшылыққа ала отырып,

      2006 жылғы 15 маусымда қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып,

      2015 жылғы 10 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының ережелеріне бейілділігін растай отырып,

      ШЫҰ кеңістігінде білім және ғылым саласындағы жан-жақты интеграциялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге ұмтыла отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде білімге негізделген қоғам құрылысының қажеттіліктеріне сай келетін жоғары білікті кадрларды даярлау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді біріктірудің және экономиканы дамудың инновациялық жолына көшірудің маңыздылығын ұғына отырып,

      ғылыми-педагог кадрлар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дәйекті түрде жандандырудың мақсаттарын көздей отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттерді экономикалық және әлеуметтік дамыту үшін басым қызығушылық тудыратын мамандықтар және (немесе) даярлау бағыттары бойынша жоғары білім берудің бірлескен білім беру бағдарламаларының және қосымша кәсіптік бағдарламалардың (бұдан әрі – бірлескен білім беру бағдарламалары) негізінде жоғары білікті кадрларды үйлестіре даярлауды жүзеге асыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру үшін ШЫҰ Университетін (бұдан әрі – ШЫҰУ) құрады.

2-бап

      ШЫҰУ осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу және бірлескен білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру үшін біріктірілген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің жоғары білімнің білім беру ұйымдарының желісі (бұдан әрі – бас (базалық) университеттер) болып табылады.

      Бас (базалық) университеттер осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын билік органдарының ұсынысы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Білім министрлері кеңесінің бірлескен шешімімен айқындалады. Көрсетілген шешім ШЫҰУ Үйлестіру кеңесінің назарына жеткізіледі.

      Осы Келісімге сәйкес айқындалған бас (базалық) университеттер ШЫҰУ Хартиясына қосылу жолымен ШЫҰУ-ға қосылады, оны бас (базалық) университеттер қабылдайды және ШЫҰУ Үйлестіру кеңесі бекітеді.

      Бас (базалық) университеттер осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына, нормалары мен қағидаларына сәйкес өзінің дербестігі мен заңды тұлға құқығын сақтайды.

3-бап

      ШЫҰУ білім беру мен ғылыми қызметтерінің негізгі бағыттары:

      ШЫҰ құрылымында жұмыс істеу үшін кадрларды даярлауды қоса алғанда, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығының негізінде бас (базалық) университеттер базасында білім беру қызметін жүзеге асыру және ШЫҰ аясында ынтымақтастықтың көпжақты жобаларына қатысу;

      ШЫҰУ өзара келісілген мамандықтар және (немесе) даярлау бағыттары, қосымша кәсіби бағдарламалар бойынша жоғары білім берудің білім бағдарламаларын қалыптастыру және құру;

      ұсынылып отырған білім беру қызметі мен білім алушылардың білім сапасының деңгейін бақылау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

      білім беру процесіне жоғары білім беру саласындағы инновациялық білім беру технологияларын, заманауи білім беру әдістерін әзірлеу және енгізу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттер халықтарының тілдерін, мәдениеттерін және салт-дәстүрлерін зерделеуге ықпал ету;

      профессорлар-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін арттыру;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде және басқа да шет мемлекеттерде алған білім және (немесе) біліктілікті, сондай-ақ ШЫҰУ сертификатын тану тетіктерін құру бойынша ұсыныстар дайындау және іс-шараларды іске асыру;

      бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына, нормалары мен қағидаларына қайшы келмейтін ШЫҰУ қызметінің өзге де бағыттары болып табылады.

4-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтары ұлтына, жынысына, жасына, діни сеніміне, нәсіліне, тіліне, шығу тегіне, тұратын жеріне, денсаулық жағдайына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына қарамастан ШЫҰУ ұсынатын білім мен білім беру қызметтеріне бірдей қол жеткізе алады.

      Бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша оқуға және бас (базалық) университеттерге оқуға қабылдау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына және бас (базалық) университеттің білім алушысының бірлескен білім беру бағдарламасының бір бөлігін бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыратын басқа бас (базалық) университетте меңгеру міндеті де көзделген бас (базалық) университеттер арасындағы тиісті келісімдерге (бұдан әрі – оқу туралы келісім) сәйкес жүзеге асырылады.

      Бас (базалық) университеттердегі оқу ШЫҰ ресми тілдерінде – орыс және қытай, сондай-ақ оқыту елінің мемлекеттік тілінде жүргізіледі. Оқу туралы келісімге сәйкес білімді ағылшын тілінде де алуға болады.

      ШЫҰУ бітірушілеріне осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына және оқу туралы келісімге сәйкес ШЫҰУ бітірушілері білім алған бас (базалық) университеттердің білім және (немесе) біліктілік туралы құжаттары, сондай-ақ ШЫҰУ Сертификаты беріледі.

5-бап

      ШЫҰУ қызметі осы Келісіммен, сондай-ақ ШЫҰУ Хартиясымен реттеледі.

6-бап

      ШЫҰУ ғылыми-педагог қызметкерлері мен білім алушыларына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында, нормалары мен қағидаларында көзделген академиялық құқық пен еркіндік беріледі.

7-бап

      1. ШЫҰУ қызметін қамтамасыз ету үшін мынадай органдар құрылады:

      ШЫҰУ Үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – ШЫҰУ ҮК);

      ШЫҰУ Қамқоршылық кеңесі (бұдан әрі – ШЫҰУ ҚК);

      ШЫҰУ Ректораты;

      ШЫҰУ Ректоры;

      ШЫҰУ бас (базалық) университеттерінің ректорлар кеңесі (бұдан әрі – Ректорлар кеңесі);

      ШЫҰУ бас (базалық) университеттерінің сараптамалық топтары (бұдан әрі – сараптамалық топтар).

      2. ШЫҰУ ҮК ШЫҰУ басқарудың жоғары органы болып табылады, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Білім министрлері кеңесіне есеп береді.

      ШЫҰУ ҮК құрамына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік құқықтық реттеу функцияларын жүзеге асыратын билік органының бір өкілі (әдетте, басшы орынбасарының деңгейінде), сондай-ақ әрбір тараптан ректорлар кеңесінің төрағасы кіреді.

      ШЫҰУ ҮК:

      ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Білім министрлері кеңесінің шешімімен бекітілетін өз жұмысының регламентін әзірлейді;

      ШЫҰУ Хартиясын бекітеді;

      ШЫҰУ Ректорын тағайындайды;

      ШЫҰУ Ректоры ұсыныстарының негізінде ШЫҰУ перспективалық және жылдық жұмыс жоспарларын бекітеді;

      ШЫҰУ Ректорының ШЫҰУ перспективалық және жылдық жұмыс жоспарларын орындау туралы есебін тыңдайды.

      ШЫҰУ ҮК құрамы ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Білім министрлері кеңесінің шешімімен бекітіледі. ШЫҰУ ҮК оның мүшелері арасынан алмастыру қағидаты негізінде сайланатын төраға басқарады. Төрағалық ету тәртібі мен мерзімі ШЫҰУ ҮК регламентімен айқындалады.

      ШЫҰУ ҮК Жауапты хатшысы ШЫҰУ Ректоратының штаттық қызметкерлері арасынан тағайындалады.

      ШЫҰУ ҮК отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде кезекпен өткізіледі.

      ШЫҰУ ҮК отырыстарын өткізу кезінде оның әрбір мүшесі бір дауысқа ие бола алады.

      ШЫҰУ ҮК жұмыс аппаратының функциясы 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің 14-бабына сәйкес құрылған білім беру саласындағы ынтымақтастық бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттердің тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық жұмыс тобына жүктеледі.

      3. ШЫҰУ ҚК бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру, қосымша бюджеттен тыс қаражатты тарту кезінде ШЫҰУ-ға жәрдемдесу, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, үкіметтік емес қорлар мен ұйымдарда ШЫҰУ мүддесіне ықпал ету, әлемдік білім беру қоғамдастығында ШЫҰУ оң беделін қалыптастыруды қамтамасыз ету үшін құрылады.

      ШЫҰУ ҚК құрамына мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің сарапшылары кіреді.

      ШЫҰУ ҚК дербес және сандық құрамы ШЫҰ мүше мемлекеттерінің Білім министрлері кеңесінде бекітіледі.

      ШЫҰУ ҚК өз құрамынан тең төрағаны тағайындайды (ШЫҰ мүше мемлекеттен бір-бірден) және өз жұмысының регламентін бекітеді.

      4. ШЫҰУ Ректораты ШЫҰУ ағымдағы қызметін ақпараттық-талдамалық, заң және қаржы-ұйымдастырушылық қамтамасыз ету, ШЫҰУ құжат айналымын ұйымдастыру үшін құрылған ШЫҰУ тұрақты жұмыс істейтін органы болып табылады.

      ШЫҰУ Ректораты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын билік органдарының ұсынысы бойынша ШЫҰУ Хартиясында айқындалған жағдайда бас (базалық) университеттердің мамандары арасынан қалыптастырылады.

      ШЫҰУ Ректоратының орналасатын жері ШЫҰУ Ректоры жұмыс істейтін бас (базалық) университет болып табылады.

      5. ШЫҰУ тікелей басқаруды Ректорлар кеңесінің ұсынысы бойынша ШЫҰУ ҮК тағайындаған ШЫҰУ Ректоры жүзеге асырады.

      ШЫҰУ Ректоры ШЫҰУ Ректоратын басқарады және ШЫҰУ білім беру, ғылыми, әкімшілік, қаржылық және өзге де қызметтер үшін жауаптылықта болады, Ректорлар кеңесінде қарау және кейіннен ШЫҰУ ҮК бекіту үшін ШЫҰУ қызметінің перспективалық және жылдық жоспарларының жобаларын дайындауды қамтамасыз етеді.

      Ректор өз қызметінде ШЫҰУ ҮК-ге есеп береді.

      6. Ректорлар кеңесі ШЫҰУ-дің кеңесші органы болып табылады.

      Ректорлар кеңесінің құрамына бас (базалық) университеттердің ректорлары (проректорлары), сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын билік органдарының өкілдері кіреді.

      Ректорлар кеңесінің құрамына ШЫҰУ Ректоры кіреді.

      Ректорлар кеңесі қызметінің негізгі бағыттары ШЫҰУ жүйесін нормативтік-құқықтық реттеу, ғылыми-әдістемелік, кадрлық және материалдық-техникалық дамыту бойынша шоғырландырылған ұсыныстарды талқылау және ШЫҰУ ҮК ұсыну үшін пысықтау болып табылады.

      Ректорлар кеңесі сараптамалық топтардың есептерін тыңдайды, ШЫҰУ осы құрылымдары қызметінің оң тәжірибесін қорытындылайды және осының негізінде оқу процесін жетілдіру және кооперациялық байланыстарды дамыту, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тілдері мен салт-дәстүрлерін терең зерделеу бойынша келісілген ұсынымдарды әзірлейді.

      Ректорлар кеңесі өздерінің жұмыс регламентін әзірлейді, ол ШЫҰУ ҮК шешімімен бекітіледі.

      Ректорлар кеңесінің қызметін осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттен бір-бір өкілден қағидатын сақтай отырып, алмастыру негізінде сайланатын Ректорлар кеңесінің төрағасы немесе төрағаның орынбасарлары басқарады.

      Ректорлар кеңесінің жауапты хатшысының функциясы ШЫҰУ Ректоратының штаттық қызметкерлерінің біреуіне жүктеледі.

      Ректорлар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде кезекпен өткізіледі.

      7. Сараптамалық топ бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша бас (базалық) университеттердің ынтымақтастығын үйлестіруді және бірлескен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ететін ШЫҰУ тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органы болып табылады.

      Сараптамалық топқа бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға қатысатын бас (базалық) университеттердің әрқайсысынан бір-бір өкілден кіреді.

      Сараптамалық топтың құрамы мен олардың жұмысын ұйымдастыру тәртібі ШЫҰУ Ректорлар кеңесінің бірлескен шешімімен бекітіледі және хаттамамен ресімделеді.

8-бап

      Бас (базалық) университеттердің қызметін оқу-әдістемелік, әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық қаржыландыру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес Тараптар арасында хаттамалардың және бас (базалық) университеттердің арасындағы жасалатын шарттардың негізінде жүзеге асырылады.

      ШЫҰУ Ректоратының қызметін қамтамасыз етуге байланысты шығыстар аумағында ШЫҰУ Ректораты орналасқан осы Келісімге қатысушы мемлекеттің есебінен жүзеге асырылады.

      ШЫҰУ ҮК, Ректорлар кеңесінің отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар аумағында ШЫҰУ ҮК-нің, Ректорлар кеңесінің отырыстары өткізілетін осы Келісімге қатысушы мемлекеттің есебінен жүзеге асырылады.

      ШЫҰУ ҮК, Ректорлар кеңесі мүшелерінің және ШЫҰУ ҮК, Ректорлар кеңесінің отырыстарына қатысушылардың іссапарларына арналған шығыстарды осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жіберуші мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады.

9-бап

      Осы Келісім ШЫҰ мүше кез келген мемлекеттің, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің және диалог бойынша әріптес елдердің қосылуы үшін ашық.

      Мұндай қосылу шарттары осы Келісімге қатысушылар мен қосылған мемлекеттер арасында жасалатын, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамамен ресімделеді.

      Қосылған мемлекеттер үшін осы Келісім осы Келісімге қосылу туралы халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдердің аяқталуы туралы жазбаша хабарлама депозитарийге берілген күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 14-бабына сәйкес күшіне енетін хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану немесе түсіндіру кезінде пайда болған Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

13-бап

      Осы Келісімнің депозитарийі ШЫҰ Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде Тараптарға оның расталған көшірмесін жібереді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және депозитарий Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік ресімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      Әрбір Тарап осы Келісімнен шығу туралы депозитарийге белгіленген шығу күнінен алты ай бұрын жазбаша хабарлама жіберу және осы Келісімді қолдану кезінде пайда болған міндеттемелерді реттей отырып, одан шыға алады.

      Депозитарий шығу туралы хабарламаны алған күннен бастап отыз күн ішінде аталған ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайында ШЫҰУ ҮК ШЫҰУ тарату комиссиясын құрады және оның жұмыс жағдайы мен тәртібін айқындайды. Бұл ретте іске асыру сатысындағы жобалар мен бағдарламаларға қатысты осы Келісімнің ережелері олар толық аяқталғанға дейін күшінде қалады.


      2017 жылғы "____" _______________ _________________ қаласында бір төлнұсқа данада орыс және қытай тілдерінде жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін
      
      Қытай Халық Республикасының
      Үкіметі үшін
      
      Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін
      
      Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін
      
      Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады