"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 395 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 16-17, 642-құжат; № 23, 929-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 7-құжат; № 4, 25-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 103-құжат; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 3-4, 16-құжат; № 5, 25-құжат; № 6, 42-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 4, 24, 25-құжаттар; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 13, 85-құжат; 2007 ж., № 3, 21-құжат; № 4, 28-құжат; № 5-6, 37-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 9-10, 48-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50, 53-құжаттар; № 16, 129-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 13, 14, 15-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 12, 85-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92-құжат; № 20, 121-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 82-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 11, 61, 69-құжаттар; № 14, 84-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 7, 34-құжат; № 8, 42, 45-құжаттар; № 13, 68-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-I, 100-құжат; № 19-ІІ, 102-құжат; № 20-VII, 117, 119-құжаттар; № 22-I, 143-құжат; № 22-II, 145-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; 2016 ж., № 7-I, 49-құжат; № 7-II, 53-құжат; № 8-I, 62-құжат; № 12, 87-құжат; № 24, 126-құжат):

      1) 741-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою

      Азаматтар мен заңды тұлғалардың банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшасын олардың келісімінсіз алып қою тек заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі), Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы", "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргізілуі мүмкін. Клиенттердің мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған ақшасына, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.";

      2) 765-баптың 6-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1. Осы баптың қағидалары кепіл нысанасы болып табылатын салымдарға, сондай-ақ оларды қайтару "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарымен шектелген салымдарға қолданылмайды.".

      2. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 15, 281-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 5, 58-құжат; № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 9, 86-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 5, 31-құжат; № 10, 51-құжат; № 11, 56, 67-құжаттар; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28, 33-құжаттар; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18, 21-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 116-құжат; № 14, 117-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 15-құжат; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; № 20, 121-құжат; № 21-22, 124-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 6, 27-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 61-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 45-құжат; № 13, 68-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-II, 130-құжат; № 21-ІІІ, 137-құжат; № 22-I, 140, 143-құжаттар; № 22-ІІІ, 149-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 55-құжат; № 8-I, 65-құжат; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат):

      1) 36-баптың 2-тармағының 1) тармақшасының бірінші азат жолы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде қарыз алушы алатын ақшаны, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны және "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының кез келген банктік шоттардағы ақшаны, даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (егер мұндай өндіріп алуды қолдану банктік қарыз шартында ескертілген болса) құқылы.";

      2) 51-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, тұрғын үй құрылыс жинақтарына, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді. Талап қою талаптарын қамтамасыз ету үшін тыйым салынған кезде тыйым салынатын ақша сомасы талап қою сомасынан және мемлекеттік баж мөлшерінен және соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарымен қаулыларын орындауға байланысты шығыстардан аспауға тиіс. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін тыйым салған кезде тыйым салынатын ақша сомасымен мүлік құны өндіріп алушыға ұйғарылған соманы өтеуге қажетті сомадан, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдардан, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомаларынан және орындау жөніндегі шығыстардан аспауға тиіс.".

      3. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 8, 84-құжат; 1999 ж., № 13, 431-құжат; № 23, 921-құжат; 2001 ж., № 15-16, 228-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 17, 101-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 16, 103-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 15, 106, 108-құжаттар; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 20-VІ, 113-құжат; № 22-VІ, 158-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат; 2015 жылғы 5 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      мазмұнында:

      99-баптың тақырыбы алып тасталсын;

      13-1-тараудың, 101-2, 101-3, 101-4, 101-5, 101-6, 101-7, 101-8, 101-9-баптардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-1-тарау. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің қатысуымен тұрғын үй қатынастарын реттеу ерекшеліктері";

      "101-2-бап. Әскери қызметшілердің тұрғынжайға құқықтарын іске асыру

      101-3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғынжайға мұқтаж деп тану

      101-4-бап. Тұрғын үй төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату негіздері

      101-5-бап. Арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсаттары

      101-6-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтары

      101-7-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің міндеттері

      101-8-бап. Тұрғын үй төлемдеріне қол сұғылмаушылық кепілдіктері

      101-9-бап. Қызмет өткеру кезінде қаза табуына немесе қайтыс болуына, хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе өлді деп жариялануына байланысты жеке құрам тізімдерінен шығарылған арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері немесе әскери қызметшілер отбасы мүшелерінің (мұрагерлерінің) құқықтары";

      мынадай мазмұндағы 101-10-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "101-10-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелері";

      2-баптың 7-1), 44-1) және 44-2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1) жеке арнайы шот – арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін аудару және белгіленген мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банкте ашатын ағымдағы банк шоты;";

      "44-1) тұрғын үй төлемдері – бұл республикалық бюджет қаражаты есебінен осы Заңның 13-1-тарауында көзделген жағдайларда арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге арнаулы ақшалай қамтамасыз ету түрінде төленетін өңірлер және отбасы құрамы бойынша сараланған ақшалай қаражат мөлшері;

      44-2) тұрғын үй төлемдерін алушылар– осы Заңның 13-1-тарауында көзделген жағдайларда тұрғын үй төлемдерін алатын арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және әскери қызметшілер;";

      67-бапта:

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар осы баптың 3-1, 3-2 және 3-3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы елді мекенде тұрғын үйге мұқтаж осы мекеме жұмыскерлерінің пайдалануына беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 3-3-тармақпен толықтырылсын:

      "3-3. Ұлттық қауіпсіздік органдары және ішкі істер органдары тұрғын үй қорының жатақханаларындағы тұрғын үй-жайлар осы елді мекенде тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және ұлттық қауіпсіздік органдары және ішкі істер органдарының осы елді мекенге ауыстырылатын кадрларындағы адамдарға қызмет өткеру кезеңіне беріледі.";

      4) 99-бап алып тасталсын;

      5) 13-1-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-1-тарау. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің қатысуымен тұрғын үй қатынастарын реттеу ерекшеліктері

      101-1-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тұрғынжайға құқықтарын іске асыруы

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің (курсанттар мен әскери (арнаулы) оқу орындарының тыңдаушыларын қоспағанда) тұрғынжайға құқықтарын іске асыруы олар осы тарауда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызмет өткеру кезеңінде қызметтік тұрғын үй беру және (немесе) тұрғын үй төлемдерін тиісті арнаулы мемлекеттік органға бөлінетін республикалық бюджет қаражатынан олардың жеке арнайы шотына ай сайын аудару арқылы жүзеге асырылады.

      Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құнының мөлшерін тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады. Тұрғынжай алаңы отбасы мүшесінің әрқайсысына он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен айқындалады.

      Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Арнайы жедел тапсырмаларды орындау үшін ерекше тәртіппен қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және штаттық жасырын қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      2. Тұрғын үй төлемдері осы баптың 1-тармағының төртінші бөлігінде көзделген ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын тұрғын үй төлемдерін қоспағанда, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінде ашылған оның жеке арнайы шотына аудару арқылы ай сайынғы негізде жүргізіледі.

      Арнаулы мемлекеттік органның әрбір қызметкері тұрғын үй төлемдері үшін жеке арнайы шотты өзі ашады және оған қызмет көрсетеді.

      3. Тұрғын үй төлемдерін арнаулы мемлекеттік орган олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.

      4. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің осы тұрғынжайда тұру және осы Заңда белгіленген тәртіппен оны жекешелендіру құқығы сақталады.

      5. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғынжайға мұқтаж деп танылған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қызметтен шығарылған кезде (теріс себептер бойынша қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда), бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріліп, арнаулы мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтің барлық кезеңіне тұрғын үй төлемдерін алады.

      Осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж деп танылған күннен бастап 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге олардың тұрғын үй төлемдерін алуы бөлігінде тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асырған қызметкерлерді қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіру құқығын бұрын іске асырған қызметкерлерге қолданылмайды.

      6. Егер қызметкерді қызметтен шығаруға, ол бойынша әскери-дәрігерлік комиссия қызметкерді есептен шығарумен қызметке жарамсыз деп таныған қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (контузиясы, жарақаттануы, жаралануы) немесе ауыруы себеп болып табылса, бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріліп, қызметтен шығарылу сәтінде оның отбасы құрамына сәйкес келетін сатып алу құнына, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректерге сәйкес қызметкер қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғын үй сатылымының бір шаршы метрінің бағасына көбейтілген пайдалы алаң нормасына (он сегіз шаршы метр) тең мөлшерде біржолғы ақшалай өтемақы түрінде оған тұрғын үй төлемдері аударылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мертігу (жаралану, контузия, жарақаттану) немесе ауыруы арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерінің заңға қайшы әрекеттер жасауы кезінде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы немесе өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өзінің денсаулығына өзге де зиян келтіруі салдарынан болғаны дәлелденген жағдайларда төленбейді.

      7. Жатақханада тұрғын үй-жаймен немесе әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағындағы қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінен елу пайыз мөлшерінде жүргізіледі.

      8. Шетелге қызмет өткеруге жіберілген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тұрып жатқан тұрғынжайы және (немесе) тағайындалған тұрғын үй төлемдері шетелде болған барлық уақытта сақталады.

      9. Арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншігіне алу құқығы бір рет жүзеге асырылады.

      101-2-бап. Әскери қызметшілердің тұрғынжайға құқықтарын іске асыру

      1. Әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжайға құқықтарын іске асыруы олар осы тарауда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған күннен бастап қызмет өткеру кезеңіне қызметтік тұрғын үй беру және (немесе) тұрғын үй төлемдерін тиісті мемлекеттік органға бөлінетін республикалық бюджет қаражатынан олардың жеке арнайы шотына ай сайын аудару арқылы жүзеге асырылады.

      Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құнының мөлшерін тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады. Тұрғынжай алаңы отбасы мүшесінің әрқайсысына он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен айқындалады.

      Әскери қызметшілерді тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      2. Тұрғын үй төлемдері арнаулы әскери қызметшінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінде ашылған оның жеке арнайы шотына аудару арқылы ай сайынғы негізде жүргізіледі.

      Әрбір әскери қызметші тұрғын үй төлемдері үшін жеке арнайы шотты өзі ашады және оған қызмет көрсетеді.

      3. Тұрғын үй төлемдерін әскери қызметші әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелері олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.

      4. 2013 жылғы 1 қаңтарда күнтізбелік есептеумен әскери қызметте он және одан астам жыл тұрған әскери қызметшілердің берілген тұрғынжайда тұру және осы Заңда белгіленген тәртіппен оны жекешелендіру құқығы сақталады.

      2013 жылғы 1 қаңтарда күнтізбелік есептеумен әскери қызметте он және одан астам жыл тұрған әскери қызметшілердің күнтізбелік есептеумен әскери қызметтің жиырма жылынан кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар.

      Қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын жағдайларда, оның ішінде оның әскери қалашықтардың, шекара заставалары мен өзге де жабық объектілердің аумағында болуы салдарынан өтеусіз жекешелендіруге жатпайтын жағдайларда, өтеусіз жекешелендіру құқығы бұрын төленген тұрғынжай төлемдерінің сомалары шегеріле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде оның әскери қалашықтардың, шекара заставалары мен өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығын өтеу қағидаларына сәйкес тұрғынжай құнымен өтеледі.

      Ақшалай өтемақы төленген адамдар ақшалай өтемақысы төленген сәттен бастап үш айдан кешіктірмей белгіленген тәртіппен қызметтік тұрғынжайды тапсырады.

      Әскери қалашықтардың, шекара заставалары мен өзге де жабық объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Осы тармақта көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады және әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған әскери қызметшілерге қолданылмайды.

      5. 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде тұрғынжайға мұқтаж деп танылған, бірақ онымен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептер бойынша шығару жағдайларын қоспағанда), егер бұрын тұрғын үй төлемдері жүзеге асырылған сома шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтің барлық кезеңіне тұрғын үй төлемдерін алады.

      Жатақханалардағы тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) немесе әскери қалашықтардың, шекара заставалары мен өзге де жабық объектілердің аумағындағы қызметтік тұрғын үйде тұрған әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептер бойынша шығару жағдайларын қоспағанда) тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінен елу пайыз мөлшерінде көрсетілген тұрғынжайда тұрған барлық кезеңіне жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың күші әскери қызметшілердің олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге тұрғын үй төлемдерін алуы бөлігінде тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асырған әскери қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіру құқығын бұрын іске асырған немесе қызметтік тұрғын үйде жекешелендіру орнына өтемақы алған әскери қызметшілерге қолданылмайды.

      6. Әскери қызметшілер әскери қызметтен әскери қызмет өткеру кезеңінде мертігу (контузия, жарақаттану, жаралану) немесе ауыруы себебінен шығарылған кезде, ол бойынша әскери-дәрігерлік комиссия әскери қызметшіні әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп таныса, тұрғын үй төлемдері бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес әскери қызметші әскери қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғынжай сатылымының бір шаршы метрінің бағасына көбейтілген, ол қызметтен шығарылған сәттегі отбасы құрамына сәйкес келетін пайдалы алаң нормасы (он сегіз шаршы метр) бойынша сатып алу құнына тең мөлшерде біржолғы ақшалай өтемақы түрінде аударылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер мертігуі (жаралануы, контузиясы, жарақаты) немесе ауруы әскери қызметші заңға қайшы әрекеттер жасаған кезінде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіруі себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе төленбейді.

      7. Жатақханадағы тұрғын үй-жаймен (пәтермен) немесе әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасқан қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінен елу пайыз мөлшерінде жүргізіледі.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбелер бойынша жабық және оқшауланған әскери қалашықтардағы, шекара заставаларындағы және өзге де жабық объектілердегі тұрғынжайларды күтіп-ұстау және орталықтандырылған жылыту мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі.

      9. Асыраушысынан айырылған әскери қызметшілердің отбасы мүшелері өтеусіз негізде басқа тұрғынжай берілмей, тұрып жатқан тұрғынжайларынан шығарылмайды.

      10. Шетелге әскери қызмет өткеруге жіберілген әскери қызметшілердің тұрып жатқан тұрғынжайы және (немесе) тағайындалған тұрғын үй төлемдері шетелде болған барлық уақытына сақталады.

      11. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі әскери қызметшілерінің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) тұрғынжайға құқығын іске асыруы осы баптың 1 – 10-тармақтарын қоспағанда, осы тарауда көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғынжаймен қамтамасыз етілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) оны осы Заңда көзделген тәртіппен жекешелендіреді.

      12. Әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алу құқығы бір рет жүзеге асырылады.

      101-3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үйге мұқтаж деп тану

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері (әскери (арнаулы) оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) және әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) мынадай жағдайларда тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, егер:

      1) оларда және олардың отбасы мүшелерінде осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжай болмаса, бұл ретте тұрғынжайға елу пайыздан аз үлестің болуы ескерілмейді;

      2) осы елді мекенде олардың тұрақты пайдалануында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғынжай болмаса.

      Бұл ретте арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін немесе әскери қызметшілерді, егер олар және олардың отбасы мүшелері соңғы бес жыл ішінде қызметкер немесе әскери қызметші қызмет өткеріп жатқан осы елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды иеліктен шығаруды жүргізген болса, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Мұндай жағдайда тұрғынжайға елу пайыздан аз үлесті иеліктен шығару ескерілмейді.

      Тұрғынжайға мұқтаж деп тану бөлігінде осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне де қолданылады.

      2. Егер ерлі-зайыптының екеуі де арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және (немесе) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті және (немесе) әскери қызметті өткеріп жатқан әскери қызметшілер болып табылса, онда тұрғын үй төлемдері олардың біреуіне ғана жүргізіледі.

      3. Егер жұбайы мен зайыбы арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және (немесе) әскери қызметшілер болып табылса, қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы ерлі-зайыптылардың біреуіне төленеді.

      Бұл ретте ерлі-зайыптылар осы құқықты іске асырғаннан кейін қызметтік тұрғынжай және (немесе) осы өтемақыны алу орны бойынша тұрғын үй төлемдерін алуға үміткер болуға құқығы жоқ.

      101-4-бап. Тұрғын үй төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату негіздері

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері немесе әскери қызметшілер орын ауыстырған кезде заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй төлемдері тоқтатыла тұрады және қайта басталады.

      2. Тұрғын үй төлемдері:

      1) қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органнан немесе әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған;

      2) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері немесе әскери қызметшілер орындамаған жағдайларды қоспағанда, олар тұрғын үйге мұқтаждар мәртебесінен айырылған;

      3) арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің қаза табуына немесе қайтыс болуына, заңда белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе өлді деп жариялануына байланысты жеке құрам тізімдерінен шығарылған;

      4) арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері немесе әскери қызметшілер алатын тұрғын үй төлемдерінен бас тартқан жағдайларда тоқтатылады.

      101-5-бап. Арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсаттары

      Тұрғын үй төлемдерін алушы заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнаулы есеп шоттағы қаражатты:

      1) тұрғынжайды, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу;

      2) қаражатты тұрғынжайды жалдау ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алумен тұрғынжайды жалдау ақысын төлеу үшін пайдалану;

      3) қаражатты бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу үшін пайдалану;

      4) қаражатты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу үшін пайдалану;

      5) қаражатты тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеу үшін пайдалану;

      6) қаражатты қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, оларды алып қою құқығынсыз "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдаланылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыруға арналған қаражатты пайдалану;

      7) қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану мақсаттарында пайдаланады.

      Қаражатты қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыру үшін пайдалану кезінде осы жинақтар тек "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалған тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына көзделген мақсаттарға қол жеткізгенге дейін тұрғын үй құрылысы ақшасын алып қоюға тұрғын үй төлемдерін алушының құқығынсыз пайдаланылуы мүмкін.

      101-6-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтары

      Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және әскери қызметшілер:

      1) жыл сайын қызмет өткеріп жатқан арнаулы мемлекеттік органда немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінде өзінің жеке арнайы шотына аударылған қаражат туралы мәліметті талап етуге;

      2) жеке арнайы шотқа пайдаланылмаған тұрғын үй төлемдерінің сомасын жинақтауға;

      3) қызмет өткеретін жеріне қарамастан, Қазақстанның кез келген өңірінде тұрғын үй төлемдерін мақсаты бойынша пайдалануға;

      4) арнаулы мемлекеттік органның, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар мемлекеттік мекемелерінің және жеке арнайы шот ашылған банктің келісімімен тұрғын үй төлемдерінің пайдаланылмаған сомаларын екінші деңгейдегі бір банктен екіншісіне ауыстыруға құқылы.

      101-7-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің міндеттері

      Тұрғын үй төлемдерін алушы:

      1) отбасы құрамы өзгерген кезде бұл туралы азаматтық хал актілерінде тіркелген және тиісті куәлік алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органды немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесін хабардар етуге;

      2) тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған, сондай-ақ осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған кезде бұл туралы қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органды немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерін тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған және осы міндеттемелер орындалған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етуге;

      3) оларды арнаулы мемлекеттік орган, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелері, әскери қызметші және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің жеке арнайы шоты ашылған екінші деңгейдегі банк арасында жасалатын шартқа сәйкес осы Заңның 101-5-бабында көзделген мақсаттарға бағыттауға міндетті.

      101-8-бап. Тұрғын үй төлемдеріне қол сұғылмаушылық кепілдіктері

      Тұрғын үй төлемдерін алушының міндеттемелері бойынша тұрғын үй төлемдері есепке жатқызылатын жеке арнайы шот ретінде ашылған банктік шоттар, сондай-ақ осы Заңның 101-5-бабының 6) тармақшасында көрсетілген жинақ шоттары бойынша тыйым салуға, өндіріп алуды қолдануға және шығыс операцияларын тоқтата тұруға жол берілмейді. Тұрғын үй төлемдерін алушылардың тұрғын үйге жеке мұқтаждықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шарттарды қоспағанда, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдер бюджетке алып қоюға жатпайды, кепілге қою немесе иесінің немесе басқа адамдардың міндеттемелері бойынша өзге де ауыртпалық нысанасы бола алмайды.

      101-9-бап. Қызмет өткеру кезінде қаза табуына немесе қайтыс болуына, хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе өлді деп жариялануына байланысты жеке құрам тізімдерінен шығарылған арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің (мұрагерлерінің) құқықтары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің қаза табуына немесе қайтыс болуына, заңда белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе өлді деп жариялануына байланысты олар жеке құрам тізімдерінен шығарылған жағдайда, олардың отбасы мүшелерінің, ал олар болмаған жағдайда мұрагерлерінің жеке арнайы шоттағы тұрғын үй төлемдерін осы Заңның 101-5-бабында көзделген мақсаттарға пайдалануға құқығы бар. Бұл ретте мұндай қызметкерлердің немесе әскери қызметшілердің жеке арнайы шоты тұрғын үй төлемдері толық пайдаланылғаннан кейін жабылады.

      2. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемдері бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, ол қаза тапқан кездегі отбасы құрамына сәйкес келетін, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланатын, ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғынжай сатылымының бір шаршы метрінің бағасына көбейтілген пайдалы алаң нормасы (он сегіз шаршы метр) бойынша сатып алу құнына тең мөлшерде біржолғы ақшалай өтемақы түрінде жүргізіледі.

      Егер арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы):

      1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткізетін жағдайларды қоспағанда, өзiне-өзi қол жұмсауы салдарынан;

      2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;

      3) алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйде болуын туындататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) тұтыну салдарынан;

      4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бір дене зақымын келтіру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтiру салдарынан;

      5) қызмет өткеру туралы келісімшарт талабын бұзған арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің іс-әрекеттері салдарынан болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

      101-10-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелері

      Осы Заңның мақсаттарында арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне:

      1) зайыбы немесе жұбайы;

      2) ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің баласы (балалары);

      3) ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болған он сегізден асқан баласы (балалары) жатады.".

      4. "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 21, 382-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2005 ж., № 7-8, 22-құжат; 2007 ж., № 14, 102-құжат; 2001 ж., № 4, 37-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 12, 87-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., №14, 75-құжат):

      1) 3-баптың 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Салымшы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға және салымды, оған тұрғын үй құрылысы жинақ банкi есептеген сыйақыны алуға құқылы. Бұл ретте салымшы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартта белгiленген талаптарға сәйкес салымды үш жылдан аса жинақтаған кезде мемлекеттің сыйлықақысын алуға құқылы.";

      2) 8-баптың 4-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттің сыйлықақысы тұрғын үй қарызын алған кезге дейін есептеледі.".

      5. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 7, 27-құжат; № 24, 145-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 5, 43-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 6, 27-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 94, 96-құжаттар; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 19-ІІ, 106-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 20-VІІ, 115-құжат; № 21-І, 128-құжат; № 21-ІІ, 136-құжат; № 22-І, 143-құжат; № 22-VІ, 159-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат; 2016 ж., № 7-ІІ, 55-құжат; № 12, 87-құжат):

      1) 58-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкердің мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны есепке жатқызуға арналған банктік шоттағы ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.";

      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкердің мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны есепке жатқызуға арналған банктік шотынан ақша өндіріп алуға жол берілмейді.";

      2) 62-баптың 3-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Борышкердің банктік шоттарының бар екендігі туралы ақпарат болған кезде банктік шоттардағы ақшаға (мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны қоспағанда) және борышкердің банктегі басқа да мүлкіне тыйым салуды сот орындаушысы сот санкциясымен ғана қолданады.";

      3) 98-бапта:

      18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерден;".

      6. "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 4, 31-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 15, 78-құжат; 2015 жылғы 25 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      76-баптың 6-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың бірінші, екінші, үшінші бөліктерінің күші Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне қолданылмайды.".

      7. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 5, 40-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 2, 10-құжат; № 3, 15-құжат; № 14, 72-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 11, 56-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-І, 100-құжат; № 21-ІІІ, 135-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат):

      1) 26-баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің бірінші абзацы және 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде, теріс себептермен босатылған жағдайларды қоспағанда, жұмыстан шығу жәрдемақысы:

      1) келісімшарт бойынша 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте болу мерзімі он жылдан аз болған немесе әскери қызметке көрсетілген күннен кейін алғаш кірген әскери қызметшілерге әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде мынадай:

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 10 жылдан аз болғандарға - үш айлық ақшалай қаражат;

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 10 жылдан 15 жылға дейін болғандарға – төрт айлық ақшалай қаражат;

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 15 жылдан 20 жылға дейін болғандарға – бес айлық ақшалай қаражат;

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 20 жылдан 25 жылға дейін болғандарға – алты айлық ақшалай қаражат;

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 25 жылдан 30 жылға дейін болғандарға – жеті айлық ақшалай қаражат;

      әскери қызмет мерзімі күнтізбелік 30 жылдан астам болғандарға – сегіз айлық ақшалай қаражат;

      келісімшарт бойынша əскери қызметке қайта кірген кезде жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері осы жұмыстан шығу жәрдемақысы бұрын қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайларды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу жәрдемақысы ескеріле отырып айқындалады;";

      2) 45-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "45-бап. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-тарауына сәйкес айқындалған олардың отбасы мүшелері мемлекет есебінен әскери қызмет өткеру кезеңіне тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.

      2. Әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.";

      3) 51-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызметті өткеру кезеңінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне –қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде, ал мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, әскери оқу орны курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндетінің мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.";

      4) 55-баптың 5, 6 және 7-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Тұрғын үй төлемдері тұрғын үйге мұқтаж келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерін, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) олардың баянаты бойынша Әскери қызметшілерді тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдері мөлшерін айқындау, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілеріне (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      6. Әскери қызметте күнтізбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл болған, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығарылған, жекешелендіруге, оның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасуы салдарынан жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.

      7. Әскери қызметте күнтізбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл болған, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығарылған және қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген және оны жекешелендіру құқығын іске асырмаған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.".

      8. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 12, 86-құжат; № 23, 119-құжат):

      1) 27-баптың 10-тармағының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы клиенттердің ақшасына, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға, сондай-ақ "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.";

      2) 46-баптың 7-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) ақшаны банктік шоттан өндіріп алу туралы талап мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларды және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде орналастырылған төлемдерді, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны есепке жатқызуға арналған банктік шотқа берілген жағдайларда;".

      2-бап. Осы Заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабының 7-тармағы 4) тармақшасының үшінші абзацын қоспағанда, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады