Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 502 қаулысы.


      Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы


      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 64-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.02.2023 № 113 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
      Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2017 жылғы 24 тамыздағы
№ 502 қаулысымен
бекiтiлген

Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      2. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу процесі мынадай кезеңдердi қамтиды:

      1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеу және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мақұлдауы;

      2) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін айқындау;

      3) мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, орталық мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін әзірлеу және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауы;

      4) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеу.

            Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2021 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзiрлеу

      3. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi.

      4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібі мен мерзімдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

3-тарау. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін айқындау

            Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2021 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттерін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларына Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстары ескеріле отырып, ұлттық жобалар, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобалары немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, мемлекеттік органдардың даму жоспарлары мен бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау, алдыңғы жыл үшін бюджет шығыстарының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау негізінде айқындалады.

      Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстарының лимиттері ұлттық жобалар, мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктер, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау, алдыңғы жыл үшін бюджет шығыстарының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау негізінде айқындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      6. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін айқындау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2021 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4-тарау. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, орталық мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін әзірлеу

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      7. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет шығыстарын жоспарлау үшін:

      1) ағымдағы қаржы жылының 15 наурызына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ведомстволық бюджет комиссиясы мақұлдаған мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;

      мемлекеттік органдардың даму жоспарлары жобаларының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін қаржылық қажеттіліктің есеп-қисабын;

      2) ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік өтінімдерді толық көлемде және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.

      Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді толық көлемде және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттардың нәтижелеріне бағалау жүргізілген жағдайда бағалау нәтижелері қоса беріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      8. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің бюджеттік өтінімдерін қарау кезінде:

      1) өткен қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалардың атқарылуын талдау және оларды келесі жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімде ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың сомаларымен салыстыру арқылы өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері, әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша бюджеттік қаражаттың игерілмеуіне әкеп соққан себептер;

      2) республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік;

      3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған есепті қаржы жылы үшін мемлекеттік органдардың даму жоспарларын іске асыру туралы есептер және мемлекеттік органдардың даму жоспарларының мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау нәтижелері;

      4) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мәлімдеген шығыстарды олардың негізділігі тұрғысынан қарау бөлігінде өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы берген тұжырымдар мен ұсынымдар;

      5) мемлекеттік инвестициялық жобалар бойынша – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес құжаттаманың болуы, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды іске асырудан болған экономикалық және әлеуметтік қайтарымдылықтың ұзақ мерзімді көрсеткіштері ескерілген мониторингтеу және бағалау нәтижелері;

      6) бюджеттік кредиттер бойынша – кредиттік шарт талаптарының орындалуы және бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы;

      7) нысаналы даму трансферттері бойынша – нысаналы даму трансферттері бойынша бюджеттік бағдарламалар жобаларында көзделген жергілікті бюджеттік инвестициялардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізуді талдау ескеріледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.02.2023 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Мемлекеттік органның даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірленеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      10. Республикалық бюджет шығыстары базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлiнедi.

      Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделi шығыстар, сондай-ақ басталған (жалғасып жатқан) бюджеттiк инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелерді, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелердi орындауға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.

      Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi орындауға және мемлекеттiк қызметтер көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және мемлекеттiң басқа да мiндеттемелерiне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.

      Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:

      1) кейіннен жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес жалпыұлттық басымдықтардың жаңа бағыттарын іске асыруға;

      2) макроэкономикалық және әлеуметтiк көрсеткiштердiң өзгеруiне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң көлемiн кеңейтудi) көздейтiн базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      11. Республикалық бюджеттің базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарының көлемiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi арасында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негiзiнде Республикалық бюджет комиссиясы бөледi.

      Базалық шығыстар шығыстардың қолданыстағы құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткiштер негiзiнде есептелген кезектi жоспарлы кезеңнiң үшiншi жылына арналған болжамды көлемдерді қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдардағы шығыстарының бекiтiлген көлемдерiнің негiзiнде айқындалады.

      Жаңа бастамаларға арналған шығыстар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгiленген елдiң даму басымдықтары, есептi қаржы жылының бюджеттiк мониторингi нәтижелерi, есептi қаржы жылы үшін мемлекеттік органның даму жоспарын iске асыру туралы есептер, нәтижелердi бағалау ескеріле отырып, республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң арасында бөлуге жатады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      12. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстарды ұлғайту жөніндегі жаңа бастамаларына арналған шығыстарды жоспарлау алдыңғы жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген осы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстарының қаражатын қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.03.2021 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша алдыңғы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгермейтiн болса, онда осы бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер жасалмайды.

      Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер үшiншi жылға ғана жасалады.

      Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша алдыңғы жоспарлы кезеңнiң екiншi және (немесе) үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгеретiн болса, онда шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жоспарланатын жоспарлы кезеңнің жылдары бөлiнiсiнде жасалады және ұсынылады.

      14. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың даму жоспарларының мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:

      1) мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын олардың Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарына сәйкестігі, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету, нысаналы индикаторларға қол жеткізу дәрежесі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуі тұрғысынан;

      2) мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, бюджеттік бағдарламалардың нәтижелері көрсеткіштерінің мемлекеттік органдардың даму жоспарының нысаналы индикаторларымен өзара байланысының болуы, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі тұрғысынан қарайды.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын қарау нәтижелері бойынша қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қалыптастырады және ағымдағы қаржы жылының 15 сәуірінен кешіктірмей Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жібереді.

      Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып пысықтайды және осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылы үшін бюджеттің атқарылуын талдау нәтижелерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың даму жоспарларының мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:

      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, қолданыстағы заттай нормаларға және бюджеттік бағдарламалардың жобаларына сәйкестігі тұрғысынан қарайды, бұл ретте бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептеу кезінде бағдар ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларының дерекқоры да пайдаланылады;

      2) мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары жобаларының көрсеткіштерін олардың мемлекеттік органның даму жоспарының мақсаттарымен және нысаналы индикаторларымен өзара байланысы тұрғысынан;

      3) мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары жобаларының көрсеткіштерін олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің функцияларына, өкілеттіктеріне, қызметінің бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік өтінімдерді, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша бюджеттік өтінімдер және бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылар қалыптастырады.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобалары немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобалары бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындылары және Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстары ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының қарауына бюджеттік өтінімдер мен бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылар енгізеді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының бюджеттік өтінімі бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға қарау үшін жіберіледі, ол оған қорытынды дайындайды және өзгерістер енгізбей, республикалық бюджеттің жобасына енгізеді.

      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.

      Ұлттық жобаларды іске асыруға арналған шығыстар ұлттық жобалар іс-шараларының басымдықтары ескеріле отырып және бюджет жүйесінің қағидаттары сақтала отырып, бюджет жобасына қосылады.

      Республикалық бюджет комиссиясы Қағидалардың 14-тармағы мен осы тармағында көрсетілген материалдарды қарайды және олар бойынша ұсыныстар тұжырымдайды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.02.2023 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайтын және Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілетін жоспар-кестеге сәйкес қарайды. Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілген жоспар-кесте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының назарына жеткізіледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.02.2023 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейінгі мерзімде:

      1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік бағдарламалардың пысықталған жобалары мен бюджеттік өтінімдерді;

      2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын ұсынады.

      Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейiнгi мерзiмде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік бағдарламалардың пысықталған жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

5-тарау. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеу

      18. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге арнап республикалық бюджетті әзірлейді.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.

      19. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей республикалық бюджет туралы заң жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарауға ұсынады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      20. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 71-бабында көзделген талаптар ескеріле отырып әзiрленедi.

      21. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заң жобасын ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заң жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттар мен материалдарды ұсынады:

      1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының болжамы;

      2) бюджеттік тәуекелдер және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді орнықтылығы туралы талдамалық есеп;

      3) есепті екі қаржы жылы үшін және ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне борыштың түрлері бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың жай-күйі туралы деректер;

      4) есепті қаржы екі жылы үшін және ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне түрлері мен нысандары бойынша тартылған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар туралы деректер;

      5) республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік;

      6) елдің жалпыұлттық басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету үшін басым бюджеттік қаржыландырудың бағыттарын көрсететін, республикалық бюджет жобасында қамтылған шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазба, сондай-ақ осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларға/кіші бағдарламаларға дейінгі шығыстарын ашып көрсететін ақпарат.

      Түсіндірме жазбаға Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау шеңберінде енгізілген ұсынымдарын ескеру туралы ақпарат та енгізіледі.

      Түсіндірме жазбаға Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары бөлінісінде бюджеттік инвестициялар, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға бағытталған бюджеттік инвестициялар тізбесі қоса беріледі;

      7) мыналарды:

      мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларын немесе орталық мемлекеттік органдардың даму жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын;

      бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының жобаларын;

      бюджеттік инвестициялық жобаларға, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға, бюджеттік субсидияларға мәлімделетін шығыстардың экономикалық әсерін бағалауды;

      осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің түсіндірме жазбаны, республикалық бюджет жобасы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ақпарат қамтитын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы қол қойған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің құжаттары.

      Түсіндірме жазбада:

      ағымдағы жағдайдың, орын алған проблемалардың қысқаша сипаттамасы;

      жағдайды жақсарту және проблемаларды шешу, мемлекеттік органның даму жоспарының жобасында айқындалған мақсаттарға және жоспарланатын нысаналы индикаторларға қол жеткізу жолдарының сипаттамасы;

      бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған түпкілікті нәтижелерінің сипаттамасы;

      бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік кіші бағдарламалар бөлінісінде бюджет қаражатын жұмсау бағыттары, бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелерінің сипаттамасы;

      есепті екі қаржы жылы үшін бюджеттік бағдарламалар орындалуының және қол жеткізілген нәтижелер көрсеткіштерінің сипаттамасы, сондай-ақ жоспарлы кезеңге жоспарланатын бюджет қаражаты көлемінің алдыңғы жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген бюджет қаражатының көлемінен ауытқуы туралы мәліметтер (себептері, салдары);

      республикалық бюджет жобасында жарғылық капиталдарын ұлғайтуға және (немесе) бюджеттік кредиттер беруге бюджет қаражаты көзделген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті екі қаржы жылы үшін қызмет нәтижелерінің көрсеткіштері туралы мәліметтер;

      алдыңғы қаржы жылдарында республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінген және пайдаланылған шығыстар көрсетіле отырып, жоспарлы кезеңге арналған бюджет жобасына енгізілген, басталған (жалғасып жатқан) бюджеттік инвестициялық жобалар туралы ақпарат;

      жергілікті бюджеттік инвестициялар мен шығыстардың атауы көрсетіле отырып, төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде есепті екі қаржы жылы үшін республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы даму трансферттерінің пайдаланылуы туралы ақпарат қамтылады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.02.2023 № 113 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.02.2023 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Республикалық бюджет
жобасын әзірлеу қағидаларына
1-қосымша
Нысан

Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларға/кіші бағдарламаларға дейінгі шығыстарын ашып қамтитын ақпарат

      Ескерту. Қағидалар 1-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

  мың теңге

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі

Бағдарлама

Кіші бағдарлама

Атауы

Республикалық бюджет жобасы

жоспарлы кезең

жоспарлы кезең

жоспарлы кезең

1

2

3

4

5

6

7




Жиыны











  Республикалық бюджет
жобасын әзірлеу қағидаларына
2-қосымша
Нысан

Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің түсіндірме жазба

      Ескерту. Қағидалар 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

      1. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалар (саны), кіші бағдарламалар (саны) бойынша шығыстарына (жалпы сома), оның ішінде жылдар бойынша:*

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге көзделді.

      2. Нәтижеге бағдарланған бюджет шеңберінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қызметі мемлекеттік органның даму жоспарының бағыттары (саны) бойынша іске асырылатын болады:**

      1) …;

      2) …;

      3) ….

      3. Мемлекеттік органның даму жоспарының бағыты бойынша ақпарат, оның ішінде жылдар бойынша барлық шығыстар:

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге.

      1) Бюджеттік бағдарлама/кіші бағдарлама бойынша шығыстар (жалпы сома), оның ішінде жылдар бойынша:

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге;

      жоспарлы кезең – _____ мың теңге көзделген.

      а) Бюджеттік бағдарламаның/кіші бағдарламаның мақсаты.

      б) Бюджеттік бағдарлама/кіші бағдарлама шығыстарының бағыттары.

      в) Бюджеттік бағдарламаны/кіші бағдарламаны іске асырудан болған әсер (нәтиже).

      2) …

      3) …

      Бюджет кодесінің 74 бабының 1-тармағының 5)-тармақшасына сәйкес ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба.

      Анықтама:

      * бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі әрбір бюджеттік бағдарлама мен кіші бағдарлама бойынша есепті қаржы жылы үшін қол жеткізілген нәтижелер көрсеткіштерінің қысқаша сипаттамасын және ағымдағы жағдайдың, қолда бар проблемалардың сипаттамасын көрсетуі қажет;

      ** мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі толтырады.

      Бұдан басқа, түсіндірме жазбаны әзірлеу кезінде мынадай параметрлерді ұстану қажет: қаріп өлшемі 14 (Times New Roman) 1 жоларалық интервал арқылы, 1,25 сантиметр шегініс, шеттері кемінде: сол жағы – 2,5 сантиметр; оң жағы – 1,5 сантиметр; жоғарғы жағы – 2,5 сантиметр; төменгі жағы – 2,5 сантиметр. Бюджеттік бағдарламаның атауын қалың қаріппен және курсивпен, ал кіші бағдарламаларды – курсивпен бөліп көрсету қажет.

  Республикалық бюджет
жобасын әзірлеу қағидаларына
3-қосымша
Нысан

Республикалық бюджет жобасы бойынша ақпарат

      Ескерту. Қағидалар 3-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 08.04.2022 № 201 қаулысымен.

  мың теңге

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі

Бағдарлама

Кіші бағдарлама

Атауы

Есепті екі қаржы жылы үшін атқарылуы

Ағымдағы жылға жоспар

Республикалық бюджет жобасы

есепті кезең

есепті кезең

жоспарлы кезең

жоспарлы кезең

жоспарлы кезең

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10




Жиыны


















Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады