Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен киноөндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 қыркүйектегі № 574 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 8 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен киноөндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 18 қыркүйектегі
№ 574 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы бірлескен киноөндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      (2017 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 22-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі

      2015 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      кинематография саласындағы тығыз ынтымақтастықтың екі елдің киноиндустриясын дамытуды қамтитынын назарға ала отырып,

      киноөндіріс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдіре отырып және екі мемлекеттің киноиндустриясының дамуына, сондай-ақ олардың мәдени және экономикалық алмасуына ықпал ете отырып,

      киноөндіріс саласындағы ынтымақтастықтың Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынасты кеңейтуге үлес қосатындығына сенімді бола отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтамалар

      Осы Келісімде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "тең продюсер" – фильмді бірлесіп шығару туралы шартпен өзара байланысты Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының заңды тұлғалары немесе осы Келісімнің 7-бабына сәйкес бірлесіп фильм шығаруға қатысатын заңды тұлғалар немесе ұйым немесе үшінші тараптың тұлғалары;

      2) "бірлесіп шығарылған фильм" – осы Келісімнің 7-бабы қолданылатын фильмді қоса алғанда, бірлескен инвестициялар мен авторлық құқық арқылы Қытай Халық Республикасының бір немесе бірнеше продюсерімен ("Қытай тарапының тең продюсері") бірлесіп Қазақстан Республикасының бір немесе бірнеше продюсерінің ("Қазақстан тарапының тең продюсері") қатысуымен шығарылған, бірлесіп шығарылған фильм мәртебесін алған фильм;

      3) "фильм" – шығармашылық ойдың негізінде түрлі жанрлар мен кез келген нысанда жасалып, кино таспада, магниттік таспада немесе жеткізгіштердің өзге де түрлерінде жазылған бейнеден, дыбыс сүйемелінен және біртұтас тақырыптық ретпен өзара байланысқан кадрлардан тұратын және тиісті техникалық құралдардың көмегімен қабылдауға арналған дыбыстау-бейнелеу туындысы;

      4) "азаматтар":

      Қазақстан Республикасына қатысты – Қазақстан Республикасының азаматтарын;

      Қытай Халық Республикасына қатысты – Қытай Халық Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларын білдіреді.

      5) "резиденттер":

      Қазақстан Республикасына қатысты – Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, бірақ оның аумағында тұрақты тұратын тұлғалар;

      Қытай Халық Республикасына қатысты – Қытай Халық Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар;

      6) "құзыретті ұйымдар" – екі тараптың үкіметтері айқындаған ұйымдар;

      7) "үшінші тарап" – осы Келісімнің тарапы болып табылмайтын, бірақ осы Келісімнің 7-бабы шеңберінде Қазақстан Республикасымен және Қытай Халық Республикасымен бірлескен өндіріске тартылған кез келген тарап.

2-бап. Құзыретті органдар

      1. Тараптардың құзыретті органдары:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі;

      Қытай Халық Республикасының Үкіметі атынан – Қытай Халық Республикасы Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы жанындағы Кино бюросы.

      Қытай тарапының құзыретті органы фильмдерді бірлесіп шығаруды жүзеге асыратын Қытай компанияларының ішінен орындаушыны айқындайды, сондай-ақ бірлескен фильмдердің квалификациясының бағалануына жауап береді.

      2. Құзыретті органдарының өзгеруі туралы Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.


3-бап. Талаптарды бекіту және жәрдем көрсету

      1. Бірлескен фильмдерді шығару шарттарын осы Келісімге қосымшаға сәйкес құзыретті органдар айқындайды.

      2. Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес бірлескен фильмдерді шығаруға және дистрибьюциялауға жәрдем көрсетеді.


4-бап. Ұлттық фильмдер және жеңілдіктер алу

      1. Осы Келісімнің талаптарына сәйкес келетін бірлескен фильмдер Қазақстанда және Қытайда ұлттық фильмдер болып саналады.

      2. Бірлескен фильмдер Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ұлттық фильмдерге берілетін жеңілдіктер мен қорғаудың барлығын пайдаланады.


5-бап. Тең продюсерлердің біліктілігі

      Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында материалдық-техникалық базасы, қаржылық мүмкіндігі мен киноөндірісі саласында кәсіби тәжірибесі бар заңды тұлғаларды немесе ұйымдарды тең продюсер ретінде қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

6-бап. Бірлескен фильмдерді бекіту процесі

      1. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әрбір бірлескен фильмге "ұлттық фильм" квалификациясын беру туралы мәселені шешеді.

      2. Тараптардың құзыретті органдары бірлескен фильмдердің осы Келісімнің баптарына сәйкестігін өзара келіседі. Тараптардың құзыретті органдары бірлесіп шығарылған фильмді түпкілікті мақұлдау туралы шешім қабылдау кезінде Тараптар мемлекетінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алады, сондай-ақ өз тәжірибесін қолданады.

      3. Бір бірлескен фильмді қарау және рұқсат беру кезінде Тараптардың құзыретті органдары оны мақұлдау шарттарын әзірлеуге құқылы. Тараптардың құзыретті органдары арасында бірлескен фильм жобасын мақұлдауға не қосымша талаптар енгізуге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, аталған жоба осы Келісім шеңберінде мақұлдауға жатпайды.

7-бап. Үшінші тараптың продюсері

      1. Бірлесіп шығару және дистрибьюциялау туралы шешімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар ынтымақтастыққа үшінші тарапты шақыра алады.

      2. Тараптар келіскен жағдайда, өзара мүддеге нұқсан келтірмей, бірлескен өндіріске бірлесіп шығарылған фильмнің жалпы бюджетінің 30 %-нан аспайтын үлеспен үшінші мемлекеттен басқа продюсердің қатысуына жол беріледі.


8-бап. Жабдықтарды әкелу және әкету, заңды сақтау және мәдениетті сыйлау

      1. Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әрбір Тарап екінші Тараптың түсіру тобының мүшелеріне өз мемлекетінің аумағына келген кезде, оның ішінде бірлескен фильм үшін қажетті түсірілім жабдықтарын уақытша әкелуге және әкетуге жәрдем көрсетеді.

      2. Тараптардың түсіру топтары фильм түсіру жүзеге асырылып жатқан мемлекеттің Конституциясын, заңнамасын, ұлттық мәдениетін, дәстүрлерін және жалпыға бірдей қабылданған қағидаларын сыйлауға тиіс.

9-бап. Фильмді көрсету

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісім шеңберінде түсірілген бірлескен фильмдерді Тараптар мемлекеттерінің аумағында көпшілікке көрсетуге жәрдемдеседі.

10-бап. Тіл және субтитрлер

      1. Осы Келісімнің шеңберінде әр бірлескен фильмнің екі тілде нұсқасы болады: қазақ және қытай тілі. Егер сюжет талап етсе, осы екі нұсқаға басқа тілдерді енгізуге болады.

      2. Барлық бірлескен фильмдердің нұсқалары "Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен киноөндірісі" деген сөздермен белгіленуі қажет. Бұл сөздер фильмнің басында, фильмнің соңында, жарнамада, жарнама материалдарында және фильм көрсетілетін барлық жерлерде, оның ішінде халықаралық кинофестивальдерге қатысу кезінде де жазылуы тиіс.

11-бап. Авторлық құқықтарды реттеу және халықаралық кинофестивальдерге қатысу

      1. Зияткерлік меншік объектісі ретінде бірлескен фильмге авторлық құқықтар және оны пайдалануға байланысты басқа да құқықтар Тараптардың азаматтық-құқықтық шартымен, ұлттық заңнамасымен және Тараптардың мемлекеттері қатысатын халықаралық шарттармен реттеледі.

      2. Тараптардың тең продюсерлері мен авторлардың келісімі бойынша Тараптардың әрқайсысы бірлескен фильмді халықаралық кинофестивальге жібере алады, бұл ретте тең продюсерлер өздерінің ниеттері туралы Тараптардың құзыретті органдарына кинофестивальдің ашылуына дейін 30 (отыз) күн бұрын хабарлауға тиіс.

12-бап. Қаржылық реттеу

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес өтейді.

13-бап. Осы Келісімге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімнің тиімділігін арттыру мақсатында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

14-бап. Осы Келісімге қосымша

      1. Осы Келісімге қосымша оның ажырамас бөлігі болып табылады.

      2. Қосымшаға енгізілетін кез келген өзгерістер Тараптардың бірауыздан келісуімен жүзеге асырылады және осы Келісімнің баптарына қайшы келмеуі тиіс.

      3. Қосымшаға өзгерістер дипломатиялық арналар арқылы нота алмасу жолымен енгізіле алады және осы Келісімде көзделген тәртіппен күшіне енеді.

15-бап. Халықаралық міндеттемелер

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

17-бап. Осы Келісімнің күшіне енуі, қолдануы және оны тоқтату мерзімі

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім 5 (бес) жыл бойы қолданылады. Егер Тараптардың бірі осы Келісім қолданысының бастапқы немесе кейінгі кезеңдері өткенге дейін 6 (алты) айдан кешіктірмей оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапқа жазбаша хабарламаса, Келісім автоматты түрде келесі бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.

      3. Осы Келісім қолданысының тоқтатылуы шығарылуы осы Келісім қолданысы тоқтатылғанға дейін мақұлданған, басталған немесе аяқталған бірлескен фильмдерге, оның ішінде пайда алуға әсер етпеуге тиіс.

      2017 жылы 8 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтін тең түпнұсқалы болып табылады.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасы Үкіметінің
арасында киноөндірісі
саласындағы ынтымақтастық
туралы келісімге
қосымша

      1. Осы қосымшада бірлескен фильм квалификациясына өтінім беру рәсімдері мен шарттары айқындалған.

      2. Тең продюсерлер бірлескен фильм ұлттық фильм квалификациясын алуы үшін Тараптардың әрқайсысының құзыретті органдарына өтінім беруге тиіс. Осы Келісім шеңберінде бірлескен фильм шығару туралы өтінім Тараптардың құзыретті органдарына түсіру бойынша жұмыстар басталғанға дейін кемінде 60 (алпыс) күн бұрын ұсынылуға тиіс.

      3. Осы қосымшаның екінші бабында аталған өтінімге мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:

      1) фильмнің сценарийі мен ол туралы қысқаша мазмұндама;

      2) түсіруге және авторлық құқықты пайдалануға құқық беретін құжаттар, сондай-ақ фильм шығаруға, коммерциялық ашуға және оны пайдалануға берілген құқықтар туралы куәландыратын құжаттар;

      3) азаматтығы, лауазымы, басты рольдердегі актерлер мен олардың азаматтығы көрсетілген түсірілім тобы мүшелерінің тізімі. Түсірілім тобының мүшелері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында танылған мәдениет және өнер қайраткерлері болуы тиіс;

      4) фильмді шығару кестесі;

      5) сценарийдің авторы мен режиссері қол қойған келісімшарт;

      6) егер бұл құжат Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген болса, тең продюсерлерді тіркеу туралы анықтама;

      7) фильмді түсірудің коммерциялық жоспары;

      8) тең продюсерлер қол қойған фильмнің өндірісі бойынша келісімшарт немесе фильм өндірісі, оны ашу және пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісімшарт.

      4. Тең продюсерлер қол қойған фильм өндірісі бойынша келісімшарт немесе фильм өндірісі, оны ашу және пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісімшартта мынадай ақпарат қамтылады:

      1) фильмнің атауы;

      2) тең продюсерлердің аты мен мекенжайы;

      3) сценарий авторының және фильм режиссерінің аты;

      4) бірлескен фильмнің бюджетінде қаржыландыру көзі, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген салықтар туралы ақпарат, сондай-ақ тең продюсерлер салымдарының пропорциясын көрсету қажет;

      5) коммерциялық пайдалану кірістерін бөлу туралы жоспар;

      6) фильмді түсіру күні;

      7) шартты бұзғаны үшін тең продюсерлерге жүктелетін жауапкершілік;

      8) тең продюсерлердің әрқайсысы фильмнің бастапқы материалдарының (картина мен дыбыс) ортақ иесі екендігі туралы, бастапқы материалдарды сақтау орны мәселесі бойынша екі тараптың тең продюсерлері келіседі;

      9) тең продюсерлердің әрқайсысы өзінің мемлекеттік тілінде фильмнің көшірмесін иеленуге құқылы екендігі туралы;

      10) тең продюсерлер арасындағы есеп айырысу фильм түсірілімінің аяқталуына 60 (алпыс) күн қалғанға дейін жүзеге асырылуы тиіс екені туралы, аталған мерзім фильмді бірлесіп ашу және қолдану туралы келісімшартта көрсетіледі.

      Тараптардың құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қажетті құжаттар мен ақпаратты қоса беруді талап ете алады.

      Бастапқы келісімшартқа продюсерді алмастыруды қоса алғанда, өзгерістер енгізілуі мүмкін, алайда бірлескен фильмді түсіру аяқталғанға дейін енгізілетін өзгерістер туралы Тараптардың құзыретті органдарына хабарлау қажет. Тең продюсерлерді алмастыру ерекше жағдайларда ғана жүргізіледі, бұл ретте Тараптардың құзыретті органдары таныған негіздеме болуы тиіс.

      5. Бірлескен киноөндіріс келісімшарты жұмыс аяқталғанға дейін өзгерген жағдайда, келісімшарттың көшірмелерін Тараптардың құзыретті органдарына қарау және мақұлдау үшін ұсыну қажет.

      6. Әрбір тең продюсердің құрамына кем дегенде бір негізгі шығарушыны, бір бас актерді және бір эпизодтық рөлді енгізген жөн. Ерекше жағдайларда Тараптардың құзыретті органдары рұқсат берген кезде тең продюсерлер құрамының ауқымын өзгертуге мүмкіндік беріледі.

      7. Бірлескен фильмді шығару, өңдеу және бірінші шығарылымның көшірмесін жасау Тараптар мемлекеттерінің аумағында орындалуы тиіс, ал үшінші тараптан тең продюсер қатысқан кезде, үшінші тараптың аумағында өткізуге болады. Шығару буыны жұмысының басым бөлігі, әдетте қаржыны көп қосқан тең продюсердің елінде өтеді, алайда Тараптардың құзыретті органдары басқа орындау рәсімдерін, атап айтқанда, тең продюсерлер болмайтын елдерде заттай түсірілім өткізуге рұқсат беруді бірлесіп бекіте алады.

      8. Тең продюсерлер фильмнің өндірісіне қажетті жасанды өндірістің (шығармашылық салым) және қаржы салымының үлесі туралы консультация жүргізуі тиіс. Жалпы алғанда әрбір бірлескен фильмнің орындалуына, техникасына және мамандығына тең продюсерлердің салымы қаражат салымына барабар болуы тиіс. Тең продюсерлердің қаражат салымының барабарлығын бағалау кезінде Тараптардың құзыретті органдары қаражат (шығарылым павильонын қамтамасыз ету және т.б.) салымды бекітуге келісуі мүмкін.

      Тең продюсерлердің қаражат пен шығармашылық үлесі бірлескен фильмнің қаражат пен шығармашылықтың жалпы салымының үлесінен 20 %-дан кем болмауы тиіс, бұл ретте жалпы үлестің 80 %-дан аспауы тиіс. Ерекше жағдайларда Тараптардың құзыретті органдары әртүрлі шектеу пайыздары туралы уағдаласа алады, бірақ төменгі және жоғарғы шек тиісінше 10 % бен 90 % құрайды. Бірлескен киноөндіріске қатысуы мақұлданған үшінші тараптың тең продюсерлерінің үлесі жалпы үлестің 10 %-ынан кем болмауы және 30 %-дан аспауы тиіс.

      9. Тең продюсерлер арасындағы келісімшартта:

      1) тең продюсерлер үшін түпкілікті өнім көшірмелерінің (қорғалған) және басып шығару мен көшіруге арналған материалдар көшірмелерінің жеткілікті санын шығару. Әрбір тең продюсерде түпкілікті өнім мен материалдар көшірмелерінің жиынтығы, сондай-ақ қажетті көшірмелерді шығаруға құқығы болуы тиіс. Тең продюсерлердің ұжымдық келісімі бойынша фильм материалдары Тараптар келісім берген шығару және басып шығару бойынша өндірісінде тіркелуі тиіс. Әрбір тең продюсер оларды пайдалануға құқылы;

      2) мынадай:

      Тараптардың құзыретті органдарының бірлескен фильмді уақытша мақұлдаудан бас тартуы салдарынан дайындық кезеңінде туындаған шығыстар;

      Тараптардың құзыретті органдары уақытша мақұлдаған, бірақ осы мақұлдау шарты орындалмаған фильмдерді шығаруға жұмсалған шығыстар;

      мақұлданған, бірақ тең продюсерлер елдерінде көрсетілуге тыйым салынған фильмдерді шығаруға жұмсалған шығыстар жағдайларында фильмнің шығыстары үшін әрбір тең продюсердің экономикалық жауапкершілігі;

      3) тең продюсерлер арасында фильмнің премьерасынан және пайдаланылуынан алынған пайданы, оның ішінде шетел нарықтарынан алынған пайданы бөлу рәсімі. Пайданы бөлу тең продюсерлердің салымына барабар сәйкес келуі тиіс. Мұндай бөлу пайданың, нарықтың негізінде бөлу немесе пайда мен нарықтың үйлесімі болуы мүмкін;

      4) фильмді түсіруге үлесті алу күні белгіленуі қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады