Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қазандағы № 685 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 357 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 30 қазандағы
№ 685 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 29, 376-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі туралы ережеде:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін əскери-саяси жəне əскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ мемлекеттік авиация саласындағы уəкілетті орган болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бейбіт уақыттағы ведомствосы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы бар.";

      16-тармақта:

      орталық аппараттың функцияларында:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Əскери доктринаны, Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасын, сондай-ақ əскери қауіпсіздік жəне қорғаныс мəселелері жөніндегі тұжырымдамаларды əзiрлейдi;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың құрылысы мен даму жоспарын, Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының директиваларын үйлестіреді жəне бекітуге ұсынады;";

      3) және 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жəне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасының Президенті жəне Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиттері шегінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының жəне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен оның ведомствосының қарамағындағы республикалық мемлекеттік мекемелердің құрылымын жəне штат санын, штаттарды, штаттарға табельдерді əзірлейді, əскери басқару органдарының штаттарын жəне штаттарға табельдерін есепке алуды жүргізеді;";

      "7) қорғаныстық зерттеулерге, əскери қауіпсіздік жəне қорғаныс саласындағы ғылыми-зерттеу, тəжірибелік-конструкторлық жəне басқа да жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады;";

      мынадай мазмұндағы 7-1), 9-1), 11-6), 11-7) жəне 15-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-1) қорғанысты ғылыми қамтамасыз етуді, оның ішінде қорғаныстық зерттеулерді ұйымдастырады жəне үйлестіреді;";

      "9-1) қорғаныстық зерттеулерді қаржыландыру тəртібін айқындайды;";

      "11-6) экономиканы, мемлекеттік органдарды жəне меншік нысанына қарамастан ұйымдарды жұмылдыру дайындығын ұйымдастыруға қатысады;

      11-7) жеке әскери-есептік құжаттарды ресімдеу, оларды беру, есепке алу, сақтау және жою тәртібін айқындайды, сондай-ақ жеке әскери-есептік құжаттар бланкілерін жасауды ұйымдастырады;";

      "15-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері республикалық мемлекеттік мекемелері басшыларының тамақтандыруды жəне монша-кір жуу қызметін көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындайтын жеке жəне заңды тұлғаларға ғимараттарды, асханалардың, монша-кір жуу комбинаттарының үй-жайларын жəне олардағы əскери мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) өтеусіз уақытша беру тәртібін айқындайды;";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) өз құзыретi шегінде əскери қызмет өткеру, қорғаныс және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мəселелерi бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды жəне олардың орындалуын бақылайды;";

      мынадай мазмұндағы 22-1), 30-1), 32-1), 33-1) және 34-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "22-1) өз құзыреті шегінде əскери қауіпсіздік саласындағы ақпараттық кеңістікке мониторингті жəне оған қатер төндіретін көздерге қарсы іс-қимылды жүргізеді;";

      "30-1) уəкілетті мемлекеттік орган басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери бөлімдеріне жəне ұйымдарға, азаматтық қорғау саласындағы уəкілетті органның азаматтық қорғанысты басқару органдарына, ұлттық қауіпсіздік органдарына, сыртқы барлау саласындағы уəкілетті органға, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің əскери бөлімдеріне шартты атаулар береді;";

      "32-1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-тарихи және мәдени жұмысты ұйымдастырады;";

      "33-1) аумақтық əскерлер туралы ережені, аумақтық қорғаныс мəселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді əзірлейді жəне бекітеді, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып аумақтық əскерлерге басшылықты жүзеге асырады, орталық жəне жергілікті атқарушы органдардың аумақтық қорғаныс мəселелері бойынша ақпарат беру тəртібі мен мерзімдерін айқындайды;";

      "34-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кадр саясаты тұжырымдамасын əзірлейді жəне бекітеді, өз құзыреті шегінде кадрларды орналастыруды жəне əскери атақтар беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына лауазымдар тізбесіне сəйкес лауазымдарға тағайындау жəне əскери атақтар беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;";

      35) және 36) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "35) пайдаланылмайтын əскери мүлікті берудің, өткізудің, құртып жіберу, кəдеге жарату, көму арқылы жоюдың, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) берудің тəртібіне сəйкес пайдаланылмайтын əскери мүлікке иелік етеді;

      36) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасады;";

      мынадай мазмұндағы 36-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "36-1) қарулануды бақылау саласындағы халықаралық шарттарды сақтау мəселелері бойынша орталық жəне жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды жəне басқа да қатысушы мемлекеттердің осы шарттарды орындауын байқайды;";

      ведомствоның функцияларында:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жедел-стратегиялық жоспарлауды, Қарулы Күштердің жауынгерлік жəне күнделікті қызметін қолдану мен оған басшылықты жүзеге асырады, олардың жауынгерлік құрамын айқындайды;

      2) Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың құрылысы мен даму жоспарын, Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының директиваларын əзірлейді;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзырет болған кезде ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;";

      8) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) қорғанысты ұйымдастыру саласында Қарулы Күштердің басқа да əскерлермен жəне əскери құралымдармен өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады жəне жүзеге асырады;

      9) қорғаныс мүддесінде Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспарын, Қарулы Күштерді қолдану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау қағидаларын əзірлейді;";

      10) тармақша алып тасталсын;

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) аумақтық қорғаныс жоспарларын əзірлеуді, аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға қатысатын күштер мен құралдардың іс-қимылдарын үйлестіреді;";

      мынадай мазмұндағы 16-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "16-1) Қарулы Күштерге əскери мақсаттағы автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізуді ұйымдастырады;";

      18) және 23) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) жеке құрамның жоғары жауынгерлiк жəне моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында əскерлерді моральдық-психологиялық жəне идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;";

      "23) Қарулы Күштерде шифрланған, кодталған, құпияландырылған байланысты, мемлекеттік құпияларды қорғауды, ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастырады;";

      21-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 13-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "13-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының қарулануынан қару-жарақ пен əскери техниканы шығару қағидаларын бекітеді;";

      19-5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-5) əскери атташе аппараты əскери қызметшілерінің қызметін жəне қызмет өткеру шарттарын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 19-16), 19-17), 19-18), 19-19), 19-20), 19-21), 19-22), 19-23), 19-24), 19-25), 19-26), 19-27), 19-28), 19-29), 19-30), 19-31), 19-32), 19-33), 19-34), 19-35), 19-36), 19-37), 19-38), 19-39), 19-40), 19-41), 19-42), 19-43), 19-44), 19-45), 19-46) және 19-47) тармақшалармен толықтырылсын:

      "19-16) дербестендірілген белгілердің, омырауға тағатын белгілердің жəне өзге де əскери-геральдикалық белгілердің, əскери оқу орындарын бітіргені туралы, сыныпты мамандарға арналған белгілердің, əскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық жəне басқа да спорттық іс-шаралардың жүлдегерлеріне арналған наградалық медальдардың (белгілердің) сипаттамасын, сондай-ақ оларды беру жəне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери қызметшілерінің тағып жүру тəртібін бекітеді;

      19-17) əскери бөлімдер мен ұйымдарға нақты жəне шартты атаулар беру жəне Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде хат-хабар алмасу кезінде оларды қолдану қағидаларын бекітеді;

      19-18) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      19-19) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының əскери қызметшілеріне қызметтік куəлік беру қағидаларын жəне оның сипаттамасын бекітеді;

      19-20) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қаржылық жəне шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-21) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арсеналдарында, базалары мен қоймаларында зымырандарды жəне оқ-дəріні сақтауды ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;

      19-22) қару мен оқ-дəрінің ұрлануы, жоғалуы не əскери қызметшінің əскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери бөлімдері қолбасшылығының жəне əскери полиция органдарының ден қою қағидаларын бекітеді;

      19-23) бастапқы əскери дайындық қағидаларын бекітеді;

      19-24) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша əскери дайындық қағидаларын бекітеді;

      19-25) əскери-техникалық жəне өзге де мамандықтар бойынша дайындық қағидаларын бекітеді;

      19-26) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша əскери дайындық қағидаларын бекітеді;

      19-27) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің əскери оқу орындарынан шығарып жіберу қағидаларын бекітеді;

      19-28) денсаулық сақтау саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша əскери интернатурадағы дайындық қағидаларын жəне мамандықтар тізбесін бекітеді;

      19-29) білім беру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша əскери оқу орындары мен əскери кафедралардағы оқу-материалдық базаны ұйымдастыру жəне пайдалану қағидаларын бекітеді;

      19-30) шетелдік əскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери қызметшілерін іріктеу қағидаларын бекітеді;

      19-31) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі дене шынықтыру дайындығы қағидаларын бекітеді;

      19-32) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін топогеодезиялық қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      19-33) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін навигациялық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      19-34) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінiң мəдениет аясында жəне спорт саласында маманданатын мемлекеттік мекемелерi ақылы негізде көрсететін қызметтерге тарифтерді бекітеді;

      19-35) полиграфологиялық жəне психологиялық-физиологиялық зерттеулерді қолданумен тексеру жүргізу қағидаларын бекітеді;

      19-36) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери полиция органдарының Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-37) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери көлік құралдарының жəне арнайы мақсаттағы көлік құралдарының колонналарына ілесіп жүруді ұйымдастыру жəне қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен көшелерде осы колонналар өтетін уақытта жол жүрісін реттеу қағидаларын бекітеді;

      19-38) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери полиция органдарының гауптвахтасындағы ішкі тəртіптеме жəне онда күдіктілер мен айыпталушыларды ұстау тəртібі қағидаларын бекітеді;

      19-39) əскери қызметшілердің Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери полиция органдарының гауптвахтасында əкімшілік қамаққа алуды өтеу қағидаларын бекітеді;

      19-40) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери полиция органдарының патрульдік-бекеттік қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-41) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскери полиция органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруы қағидаларын бекітеді;

      19-42) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери полиция органдары əскери қызметшілерінің қызметтік əдеп қағидаларын бекітеді;

      19-43) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде əскерлер қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-44) анықтау, тергеу органдарынан жəне соттан жасырынып жүрген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери бөлімдері орналасқан жерді өз бетінше тастап кеткен əскери қызметшілерді іздестіруді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      19-45) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының жария етілмейтін құрамының тізбесін бекітеді;

      19-46) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамын есепке алу қағидаларын бекітеді;

      19-47) "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасының "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру" бюджеттік кіші бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте өкілдік шығыстарға көзделген қаражатты пайдалану жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;".

      2. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 12.02.2018 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен
      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.03.2018 № 96 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады