Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2017 жылғы 1 қарашадағы № 698 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 1 қарашадағы
№ 698 қаулысымен
мақұлданған
 
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы

келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      1992 жылғы 9 қазандағы Құқықтарды өзара тану және меншік қатынастарын реттеу туралы келісімді назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мұнай саласында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер белгіленеді:

      "Омбы – Павлодар" мұнай құбырындағы мұнай" – "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының балансында көрсетілген және Ресей Федерациясының аумағында орналасқан "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырындағы, шаруашылық операцияларын жүргізген кезде аталған магистральдық мұнай құбырын мақсатына сай өнеркәсіптік пайдалану үшін қажетті технологиялық мұнай ретінде ескерілетін 141728 тонна мөлшеріндегі мұнай;

      "ТОН-2" мұнай құбырындағы мұнай" – "Транснефть-Урал" акционерлік қоғамының ("Транснефть" жария акционерлік қоғамы еншілес қоғамының) балансында көрсетілген және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" (бұдан әрі – "ТОН-2") магистральдық мұнай құбырындағы, шаруашылық операцияларын жүргізген кезде аталған магистральдық мұнай құбырын мақсатына сай өнеркәсіптік пайдалану үшін қажетті технологиялық мұнай ретінде ескерілетін 62048 тонна мөлшеріндегі мұнай.

      "Омбы – Павлодар" мұнай құбырындағы мұнай және "ТОН-2" мұнай құбырындағы мұнай" өздерінің сапалық сипаттамалары бойынша ұқсас болып табылады.

2-бап

      Тараптар:

      "Омбы – Павлодар" мұнай құбырындағы мұнайдың 62048 тонна мөлшеріндегі бөлігі "Транснефть-Урал" акционерлік қоғамына ("Транснефть" жария акционерлік қоғамының еншілес қоғамына) тиесілі;

      "Омбы – Павлодар" мұнай құбырындағы мұнайдың 79680 тонна мөлшеріндегі бөлігі "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі;

      "ТОН-2" мұнай құбырындағы 62048 тонна мөлшеріндегі мұнай "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі болатын меншік құқығын таниды.

3-бап

      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 10 ай ішінде Тараптар "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі 79680 тонна мұнайды "Омбы – Павлодар" мұнай құбыры арқылы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына бірнеше партиямен ығыстырып шығаруды қамтамасыз етеді.

4-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру кезінде Тараптардың монополияға қарсы органдарымен келісу талап етілмейді.

      Салық салу мақсатында осы Келісімнің 2-бабына сәйкес "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының және "Транснефть – Урал" акционерлік қоғамының ("Транснефть" жария акционерлік қоғамы еншілес қоғамының) мұнайға меншік құқығын тану Қазақстан Республикасына қатысты – корпоративтік табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықты қоса алғанда), Ресей Федерациясына қатысты – ұйым пайдасына салықты есептеу кезінде кіріс ретінде қаралмайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында жанама салықтарды (қосылған құн салығын және акцизді) есептеу үшін өткізу (өткізу бойынша айналым) болып табылмайды, Қазақстан Республикасында салық салынатын импорт деп танылмайды және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген өзге де салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер алуға жатпайды.

5-бап


      Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.

6-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.


7-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.


      2017 жылғы "___" _________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін
















Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады