Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 2 қарашадағы № 707 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 2 қарашадағы
№ 707 қаулысымен
бекітілген

Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 55-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) жүргізу тәртібін, сондай-ақ жүру жолында жүзеге асырылатын халықаралық қатынастағы жолаушылар поездарында (бұдан әрі – поезд) мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде теміржол станцияларының әкімшіліктері мен теміржол көлік құралдарына қызмет көрсететін персоналдың іс-қимылын айқындайды.

      2. Жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде кедендік, шекаралық және бақылаудың өзге де түрлері Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына және Қазақстан Республикасының шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жолаушы – жол жүру құжаты (билетi) бар және поезбен жол жүретiн жеке тұлға;

      2) тасымалдаушы – жүктерді немесе жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және тасымалдау құжаттарында көрсетілген, тартқыш көлік құралдарын қоса алғанда, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде жылжымалы құрамды иеленетін тұлға.

2-тарау. Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу тәртібі

      4. Жүру жолында жүзеге асырылатын, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау кезіндегі мемлекеттік бақылауды Заңда көзделген шекаралық бақылау бөлімшелері, мемлекеттік кірістер органдары және мемлекеттік бақылаудың өзге де түрлерінің бөлімшелері (бұдан әрі – бақылаушы органдар) бақылаушы орган қызметкерін отырғызу жүзеге асырылған теміржол станцияларынан, өзге айқындалған орындардан (бұдан әрі – бақылау басталатын станция) бастап өткізу пунктіне немесе Мемлекеттік шекара сызығына дейін немесе кері қарай жүргізеді.

      5. Теміржол көлігімен халықаралық жолаушылар тасымалдау кезінде бақылаушы органдардың негізгі бақылау операцияларын жүзеге асыру дәйектілігі мен ұзақтығы теміржол жолдарының әр учаскесіне қатысты оның ерекшеліктеріне негізделіп Қазақстан Республикасының Ұлттық кауіпсіздік комитеті бекітетін өткiзу пункттерiнде адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және тауарларды Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзудi ұйымдастырудың үлгiлік схемаларында (бұдан әрі – өткізуді ұйымдастыру схемалары) айқындалады.

      6. Бақылаушы органдар мен тасымалдаушы қызметті үйлестіру арқылы мемлекеттік бақылауды жүргізу уақытын азайту және поездар қозғалысын негізсіз кідіртуге жол бермеу шараларын қабылдайды.

      7. Поездың жүру жолында болатын уақыты өткізуді ұйымдастыру схемаларында бақылаушы органдар қызметкерлері өз лауазымдық міндеттерін орындағаннан кейін олардың поездан түсуі көзделген теміржол станциясына, айқындалған өзге орынға не өткізу пунктіне, не Мемлекеттік шекара сызығына (бұдан әрі – бақылау жұмыстары аяқталатын станция) келгенге дейін мемлекеттік бақылаудың аяқталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      8. Поездың жүру жолында мемлекеттік бақылау жүргізілген кезде жол жүрудің бүкіл учаскесінің бойында адамдарды түсіруге (отырғызуға), жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салынады.

      Мұндай учаскелерде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында қарсы келе жатқан поезды өткізу үшін ғана поездардың тоқтауына рұқсат беріледі.

      9. Поездардың Қазақстан-Ресей Мемлекеттік шекарасын және Қазақстан-Қырғыз Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде жүру жолында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында шекаралық бақылау ғана жүргізіледі.

      10. Бақылау басталатын станцияның әкімшілігі поездың келуіне кемінде бір сағат қалғанда бақылаушы органдарға поездың осы станцияға келетін уақыты, тоқтайтын орны (теміржол жолы) және жолаушылар саны туралы ақпарат береді.

      11. Поездардың поезд бригадаларының жұмыскерлері бақылау басталатын станцияға поезд келгенге дейін жолаушылардың құжаттарын, қол жүктерін бақылау үшін дайындап, сондай-ақ көші-қон карталарын және кеден декларациясын (қажет болған жағдайда) толтырып, өз орындарында отыруын қамтамасыз етеді.

      12. Мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде жолаушылардың вагондар ішінде қозғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын бақылаушы органның уәкілетті қызметкерінің рұқсатымен ғана жол беріледі. Мемлекеттік бақылау жүргізу уақытында вагон-мейрамханалардың жұмысы тоқтатылады.

      13. Поезд бақылау басталатын немесе аяқталатын станциядан мемлекеттік шекаралық бақылау бөлімшесінің уәкілетті қызметкерінің рұқсатымен ғана қозғалысын бастайды.

      14. Бақылаушы органдардың лауазымды уәкілетті тұлғалары мемлекеттік бақылауды бастар алдында поезд бастығынан поезда науқас адамдардың, ауру деп күдіктенетін адамдардың, поезға заңсыз кірген адамдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасына кіруге құқық беретін құжаты жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасымен Қазақстан Республикасына (нан) әкелуге/әкетуге тыйым салынған жүктердің бар-жоғы туралы қолда бар ақпарат нақтыланады.

      Поезд бастығы күнібұрын бақылаушы органдардың лауазымды уәкілетті тұлғалары мемлекеттік бақылауды жүргізуді бастағанға дейін бақылау органдарының қызметкерлеріне ұсыну үшін жалпы жолаушылар саны жөнінде (әр вагон бойынша және жалпы поезд бойынша) ақпаратты жинауды ұйымдастырады.

      Поезға мемлекеттік бақылау жүргізу үшін бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары келген кезде поезд бастығы шекаралық бақылау бөлімшесінің және аумақтық мемлекеттік кірістер органы ауысымдарының басшыларына поездың мемлекеттік бақылауға дайын екендігі туралы хабардар етеді, сондай-ақ жолаушылар поезының қызмет көрсететін персоналы туралы ақпарат береді.

      15. Теміржол көлігімен Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдарды және олардың құжаттарын тексеруді шекара жасақтары шетелге қатынайтын поездардың вагондарында және локомотивтерінде тікелей жүзеге асырады.

      16. Мемлекеттік шекараны бұзушыларды анықтау және ұстау мақсатында шекара жасақтары поезд бригадасының мүшелерін тарту арқылы Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың құжаттарын тексере отырып жүзеге асырады.

      17. Қазақстан Республикасына кірер кезде Заңда көзделген кедендік және багаж бен қол жүгін бақылаудың өзге де түрлері шекара жасақтары олардың иелерінде Қазақстан Республикасына кіруіне құқық беретін құжаттың бар-жоғын тексергеннен кейін жүргізіледі. Қазақстан Республикасынан шығатын кезде бақылау кері ретпен жүзеге асырылады.

      18. Поезда багаж вагондары болған жағдайда бақылаушы органдардың уәкілетті лауазымды тұлғалары оларды тексеріп-қарауды, тасымалданып отырған жүктер мен тауарлардың тасымалдау және ілеспе құжаттарын тексеруді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының аумағына багаж вагондарында жүк кірген кезде оларға Кодекске сәйкес, сондай-ақ кедендік транзиттің кеден рәсіміне сәйкес кедендік декларациялауға жатады.

      19. Шекара жасақтары локомотив бригадасының құжаттарын және поезд вагондары мен локомотивтің сыртқы бөлігін поезд Қазақстан Республикасына кірген кезде – бақылау басталатын станцияда, Қазақстан Республикасынан шыққан кезде бақылау аяқталатын станцияда тексереді.

      Жоғарыда көрсетілген бақылау рәсімдерін жүргізу үшін поездардың қозғалыс кестесінде аялдамаға қажетті уақыт белгіленеді.

      20. Шекаралық бақылау бөлімшесі мемлекеттік бақылау басталатын және аяқталатын станцияларда және бақылаушы органдардың уәкілетті лауазымды тұлғалары жұмысын бастаған және жұмыстары барысында поезға қадағалау орнатады.

      Поезға Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберінде шекаралық бақылау бөлімшесінің рұқсатымен қызметтік міндеттерін орындауы қажет адамдардың ғана кіруіне рұқсат беріледі.

      21. Тексеріп-қарау барысында Мемлекеттік шекараны бұзушылар немесе поезға заңсыз кірген адамдар анықталған жағдайда, шекара жасағы дереу поезды тоқтату және бұзушылықтың жолын кесу шараларын қабылдау үшін теміржол станциясының кезекшісіне хабарлайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жақын жердегі бөлімшесіне баяндайды.

      22. Шекаралық бақылау бөлімшесінің уәкілетті лауазымды тұлғасы (ауысымның басшылары) жолаушылар поезында мемлекеттік бақылаудың аяқталғаны және режимдік шектеулердің алынғаны туралы теміржол станциясының кезекшісіне хабарлайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады