Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы № 710 қаулысы.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 74-бабының 1-тармағына, "Концессиялар туралы" 2006 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына және "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 6 қарашадағы
№ 710 қаулысына
қосымша

Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесi

      1. Жер, су (мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын iске асыру мақсатында уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығын берудi қоспағанда), өсiмдiктер әлемi және жануарлар дүниесi.

      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.

      3. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітілген қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдар.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.03.2021 № 136 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Магистральды темiржол желiсі, кеме қатынасы су жолдары, шамшырақтар, кеме қатынасы қауiпсiздiгiн реттейтiн және оған кепiлдiк беретiн құрылғылар мен навигациялық белгiлер, теңіз терминалдары.

      5. Мына қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын (су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, тазартқыш су құбыры құрылыстары) қоспағанда, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (бөгеттер, гидротораптар, басқа да гидротехникалық құрылыстар):

      1) Астана;

      2) Алматы;

      3) Ақтау;

      4) Ақтөбе;

      5) Атырау;

      6) Қарағанды;

      7) Көкшетау;

      8) Қостанай;

      9) Қызылорда;

      10) Павлодар;

      11) Петропавл;

      12) Талдықорған;

      13) Тараз;

      14) Орал;

      15) Өскемен;

      16) Шымкент;

      17) Семей;

      18) Түркістан;

      19) Теміртау;

      20) Екібастұз;

      21) Рудный;

      22) Жезқазған;

      23) Кентау;

      24) Балқаш;

      25) Жаңаөзен;

      26) Сәтбаев;

      27) Ақсу;

      28) Риддер;

      29) Арыс;

      30) Степногорск;

      31) Шахтинск;

      32) Саран;

      33) Қапшағай;

      34) Арқалық;

      35) Лисаковск;

      36) Приозерск.

      6. Қан қызметі, АИТВ/ЖИТС профилактикасы (медициналық техника сатып алу және оған сервистік қызмет көрсетуді қоспағанда), апаттар медицинасын ұйымдастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары.

      7. Тарихи-мәдени мұра объектілері мен мәдени құндылықтар.

      8. Аса қауiптi инфекциялар қоздырғыштары мен өнеркәсiптiк микроорганизмдер коллекциясы және депозитарийлерi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады