"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қарашадағы № 801 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 13, 99-құжат; 2005 ж., № 9, 26-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 79, 83-құжаттар; № 16, 97-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 14, 105-құжат; № 15, 106, 109-құжаттар; № 16, 129-құжат; № 17, 139-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 15-16, 64-құжат; № 21, 95-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 15-16, 76-құжат; № 17,79-құжат; № 18, 84, 86-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат):

      1) мазмұны мынадай мазмұндағы 119-2-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "119-2-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың немесе индустриялық аймақтың жері";

      2) 16-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жер қойнауын пайдалану мақсаттары (өндіру жөніндегі; бірлескен барлау және өндіру жөніндегі; барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін), магистральдық құбыржолдарды, мұнай және газ өңдеу объектілерін салу (реконструкциялау) үшін жер учаскелерін беру, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындары табылған кезде және оларды игеру үшін, магистральдық құбыржолдарды салу үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару;";

      3) 33-бапта:

      1-тармақтың 3) және 3-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) басқарушы компания, дербес кластерлік қор жер учаскелерін Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген кезде;

      3-1) республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтың немесе индустриялық аймақтың қатысушысы не арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқару органының пайдасына инфрақұрылым объектілерімен қоса мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін иеліктен шығарған кезде;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында көзделген нормалардың және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнаманың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.";

      4) 35-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компанияларына арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне беріледі.

      Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компанияларына республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жер бойынша уақытша жер пайдалану құқығы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының индустриялық аймақ құру туралы шешімінде айқындалған мерзімге, бірақ кемінде 20 жылға беріледі.";

      5) 37-бап мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақты немесе индустриялық аймақты орналастыру үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру осы Кодекстің 35-бабының 2-тармағына сәйкес мерзімге жүзеге асырылады.";

      6) 43-баптың 1-1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтарды немесе индустриялық аймақтарды құру үшін жер учаскелерін берудің ерекшеліктері осы Кодекстің 119-2-бабына сәйкес айқындалады.";

      7) 47-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жеке немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға бұрын өзiне жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға ниет бiлдiрген кезде осы тұлға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне өтiнiш бередi.

      Өтiнiшке:

      жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжат немесе құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

      салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi;

      жылжымайтын мүлiк орталығынан жер учаскесiмен мәмiле жасасуға кедергi келтiретiн ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы анықтама;

      заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама қоса берiледi.

      Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы жер учаскесін кадастрлық құжаттама бойынша сәйкестендіреді, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын бекітеді және жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімнің жобасын дайындайды.

      Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы осы Кодекстің 119-2-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы өзіне уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген жер учаскесінің бөлігін республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысына сату жөнінде жүгінген жағдайда осы Кодекске сәйкес жер учаскесінің сатылатын бөлігін бөлуді жүзеге асырады.

      Жер учаскесiн меншiкке беру туралы шешiм жер пайдаланушы жергiлiктi атқарушы органға жазбаша нысанда өтiнiш берген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қабылдануға тиiс.

      Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы сатып алушымен жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасасады және оған қол қояды.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтың немесе индустриялық аймақтың қатысушысының не арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаның арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамаға сәйкес өзіне берілген жер учаскесін жеке меншікке сатып алу ниеті болған кезде аталған тұлға осы Кодекстің 119-2-бабына сәйкес арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқару органына өтініш береді.";

      8) 48-баптың 1-тармағының 1) және 10) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-бабына сәйкес инвестициялық жобаларды іске асыру үшін;";

      "10) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтың немесе индустриялық аймақтың қатысушысына не қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға, арнайы экономикалық аймақтың немесе индустриялық аймақтың басқару органына;";

      9) 49-2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жерді резервте қалдыру елді мекендердің дамуын қамтамасыз ету, жоспарланып отырған инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін, стратегиялық объектілерді, қорғаныс және қауіпсіздік, ғарыш қызметі объектілерін орналастыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде қорғаныш ағаш екпелерін егу мақсатында, жайылымдық және шабындық алқаптарды халықтың жеке ауласын ұстау және бақша өсіру жөніндегі мұқтажын қанағаттандыру мақсатында пайдалану үшін, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру және республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтарды немесе индустриялық аймақтарды құру үшін мемлекет меншігіндегі жерде резервтік аумақтар құру арқылы жүзеге асырылады.";

      10) 105-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер учаскелері мемлекеттік табиғи қорықтарға, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, мемлекеттік табиғи резерваттарға, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерге, мемлекеттік зоологиялық парктерге, мемлекеттк ботаникалық бақтарға, мемлекеттік дендрологиялық парктерге және мемлекеттік табиғат ескерткіштеріне тарихи-мәдени мақсаттағы объектілер үшін, республикалық және өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтарды немесе индустриялық аймақтарды басқару органдарына берілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда шығасы өтелмейді.";

      11) 107-баптың 3-тармағының төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Коммерциялық аймаққа республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың, индустриялық аймақтардың, өндiрiстiк объектiлердің, сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерiнің жері, сондай-ақ осы объектiлердiң және кәсіпкерлік қызметпен байланысты өзге де объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгiлеуге арналған жер кіреді.";

      12) мынадай мазмұндағы 119-2-баппен толықтырылсын:

      "119-2-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың немесе индустриялық аймақтың жері

      1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың немесе индустриялық аймақтың жері тиісті басқару органдарының уақытша өтеулі жер пайдалануына беріледі, олар өз кезегінде бұл жерді республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың немесе индустриялық аймақтың қатысушыларына арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттармен береді.

      2. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтардың немесе индустриялық аймақтардың қатысушылары арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамаға сәйкес алынған жер учаскелерін мынадай жағдайларда:

      1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттемелердің орындалуы шартымен арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі мерзімі өткеннен кейін;

      2) республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы жобасында көзделген барлық объектілердің пайдалануға енгізілуі шартымен кез келген уақытта сатып алуға құқылы.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғалар тиісті басқару органына өтінішхат береді.

      Өтінішке:

      жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат немесе құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

      жылжымайтын мүлік орталығынан мәмілелер жасасуға кедергі келтіретін жер учаскесіне ауыртпалықтардың жоқ екендігі туралы анықтама;

      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (заңды тұлғалар үшін);

      дара кәсіпкерді тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (дара кәсіпкерлер үшін) қоса беріледі.

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер учаскелерін алған республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтың немесе индустриялық аймақтың қатысушылары үшін қызметті жүзеге асыру туралы шарт және тиісті басқару органы берген жер учаскесінің схемасы жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат болып табылады.

      4. Басқару органы өтінішті жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына барлық қоса берілетін құжаттармен бірге жолдайды, ол осы Кодекстің 47-бабында белгіленген тәртіппен қаралады.

      5. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар арнайы экономикалық аймақтарды немесе индустриялық аймақтарды орналастыру үшін жер учаскесі елді мекен шегінде берілген жағдайда, мұндай жерлер осы Кодекстің
107-бабына сәйкес айқындалатын коммерциялық функционалдық аймаққа жатады.".

      2. 2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 22-I, № 22-II, 112-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 13-14, 63-құжат; № 15-16, 74-құжат; № 17, 82-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат, № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 28, 29-құжаттар; № 11, 58-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат):

      1) мазмұнында:

      17-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17-тарау. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға салық салу";

      151-1, 151-2, 151-3, 151-4, 151-5, 151-6, 151-7, 151-8, 151-9, 151-10-баптардың тақырыптары алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 150-1,150-2, 150-3-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:

      "150-1-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу

      150-2-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу

      150-3-бап. Индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу";

      2) 150-баптың 1-тармағында:

      бірінші абзацта "осы баптың" деген сөздер "осы Кодекстің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органында немесе құзыретіне арнайы экономикалық аймақтың аумағында салықтық әкімшілендіру жататын салық органының аумақтық бөлімшесінде орналасқан жері бойынша салық төлеуші ретінде тіркелсе;";

      2) тармақшадағы "заңды тұлға" деген сөздер алып тасталсын;

      3) тармақша алып тасталсын;

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің басым түрін жүзеге асырса, ол осы Кодекстің қолданылу мақсаттары үшін қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын ұйым болып табылады.";

      5) тармақша алып тасталсын;

      екінші бөлік алып тасталсын;

      үшінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Арнайы экономикалық аймақтар бойынша арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерінің тізбесін, сондай-ақ осы тізбеге қызметтің басым түрлерін енгізу тәртібін арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган уәкілетті органмен және салық саясатын қалыптастыруды жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісе отырып айқындайды.

      Қызметтің басым түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың ережелері осы баптың 2-тармағында көрсетілген заңды тұлғаға қолданылмайды.";

      3) 150-баптың 2, 3, 5 және 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Кодексті қолдану мақсаттары үшін бiр мезгiлде мынадай талаптарға сай келетiн заңды тұлғада:

      1) қызметін "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тыс жүзеге асыратын;

      2) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болатын;

      3) осы тұлғаның жылдық жиынтық табысының кемiнде 70 пайызын арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындаған қызметтің басым түрлерін осы тұлғаның жүзеге асыруының нәтижесі болатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткiзуден алынуға жататын (алынған) табыстар құрайтын заңды тұлға арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым болып танылады.

      Осы тармақшада көрсетiлген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      Осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган бекітеді.

      Осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      3. Қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдарға:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар;

      2) осы Кодекстің 279-бабының 5) және 6) тармақшаларында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетiн тауарларды өндiретiн ұйымдар;

      3) арнаулы салық режимдерiн қолданатын ұйымдар;

      4) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық салық преференцияларын қолданатын (қолданған) ұйымдар;

      5) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдар;

      6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жатпайды.";

      "5. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында өткізілетін тауарларға қосылған құн салығын салу, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдар бойынша қосылған құн салығынан асып кетуді қайтару тәртібі осы Кодекстің 244-2 және 244-3-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      6. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған күннен кейін ұйым, егер мұндай өзгерістер мен толықтырулар жер салығын, мүлікке салықты және жер учаскелерін пайдалану үшін төлемақыны, корпоративтік табыс салығын есептеген кезде қолданылатын азайту мөлшерін алып тастауды және (немесе) өзгертуді көздесе, осы тараудың мұндай шартты жасау күні қолданылған ережесін қолданады.

      Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес жасалған арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде, бірақ мұндай бастапқы өзгеріс және (немесе) толықтыру қолданысқа енген күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімде қолданылады.

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы тармақтың ережелері арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзған жағдайда қолданылмайды.";

      4) мынадай мазмұндағы 150-1-баппен толықтырылсын:

      "150-1-бап. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу

      1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындаған қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын (пайдалану жоспарланып отырған) салық салынатын объектілер (салық салу объектілері) бойынша жер салығының, мүлік салығының және бюджетке төленуге жататын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сомасын айқындау кезінде есептелген салық және төлемақы сомасын 100 пайызға азайтады.

      Осы тараудың мақсаттарында осы тармақта көзделген азайту салықтар және төлемақы бойынша преференциялар болып табылады.

      Салықтар және төлемақы бойынша преференциялар:

      арнайы экономикалық аймақ қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған айдың бірінші күнінен бастап жер салығы бойынша;

      мүлік салығы бойынша салық салу объектісі пайда болған күннен бастап, бірақ арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасқан күннен бұрын емес;

      жер учаскелерін пайдалану үшін төлемақы бойынша арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған айдың бірінші күнінен бастап, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ арнайы экономикалық аймақтың қолданылу мерзімінен асырмай қолданылады.

      2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан салық салынатын объектілерді (салық салу объектісін) қызметтің басым түрлерін жүзеге асырған кезде, сол сияқты қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асырған кезде пайдаланған жағдайда осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінің ережелері қолданылатын салық немесе төлемақы сомасы қызметтің басым түрлерінен түсетін табыстардың жылдық жиынтық табысқа үлес салмағына барабар айқындалады.

      3. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзған жағдайда, салықтар және төлемақы бойынша преференциялар арнайы экономикалық аймақтың басқару органының арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуы үшін себептер анықталған салық кезеңінің басталған күнінен бастап жойылады.

      Бұл ретте салық төлеуші шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы баптың 1-тармағының ережелерін өзі қолданған салық кезеңдері үшін оның қорытындылары бойынша қосымша салық есептілігін табыс етуге міндетті.

      4. Осы Кодекстің 150-бабының 1-тармағында көрсетілген, арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 139-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатудан алынған табыстар бойынша 100 пайызға азайтады.

      5. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйымның арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлеріне жатпайтын өзге түрлерін жүзеге асырудан түскен табыстары, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тысқары жерлерде қызметті жүзеге асырудан түскен табыстары жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығын салуға жатады.

      6. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган уәкілетті органның және салық саясатын қалыптастыруды жүзеге асыратын уәкілетті органның келісуімен айқындаған қызметтің тиісті басым түрi бойынша салық міндеттемелерін есептеу мақсатында салық салынатын объектілердің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салық есебіне алынуын жүргізеді.

      7. Осы Кодекстің 150-бабының 2-тармағында көрсетілген, арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 139-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.

      8. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымның осы Кодекстің 139-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа да ережелерін қолдануға құқығы жоқ.

      9. "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі мен таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындаған қызметтің басым түрлерін жүзеге асырумен айналысатын жұмыскерлердің табыстары түрінде төленетін жұмыс берушінің шығыстары бойынша бюджетке төленуге жататын әлеуметтік салық сомасын 100 пайызға азайтады.

      Осы тармақтың қолданылу мерзімі:

      1) осы Кодекстің 190-бабының 1-тармағында көрсетілген ұйым үшін заңды тұлға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасқан айдың бірінші күнінен басталады;

      2) осы Кодекстің 190-бабының 2-тармағында көрсетілген ұйым үшін осы ұйым осы Кодекстің 190-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға сәйкес келген корпоративтік табыс салығы бойынша салық кезеңдеріне кіретін салық кезеңдерімен шектеледі.";

      5) мынадай мазмұндағы150-2-баппен толықтырылсын:

      "150-2-бап. Арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу

      1. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және арнайы экономикалық аймаққа қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалану жоспарланып отырған) салық салынатын объектілер (салық салу объектілері) бойынша жер салығының, мүлік салығының және бюджетке төленуге жататын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сомасын айқындау кезінде есептелген салық және төлемақы сомасын 100 пайызға азайтады.

      Осы тараудың мақсаттарында осы тармақта көзделген азайту салықтар және төлемақы бойынша преференциялар болып табылады.";

      6) мынадай мазмұндағы 150-3-баппен толықтырылсын:

      "150-3-бап. Индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына салық салу

      1. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың аумағында орналасқан және индустриялық аймаққа қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалану жоспарланып отырған) салық салынатын объектілер (салық салу объектілері) бойынша жер салығының, мүлік салығының және бюджетке төленуге жататын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сомасын айқындау кезінде есептелген салық және төлемақы сомасын 100 пайызға азайтады.";

      7) 151-1, 151-2, 151-3, 151-4, 151-5, 151-6, 151-7, 151-8, 151-9 және 151-10-баптар алып тасталсын;

      8) 244-2-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тауарлар тізбесі бойынша арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсатына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толығымен тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізуге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынуы мүмкін.

      Бұл ретте мұндай мөлшерлемені қолдануды (қолданбауды) таңдау күнтізбелік жылда бір рет арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының тиісті аумақтық салық органына мәлімделген әкімшілендіру басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама беруі арқылы жүзеге асырылады.";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларды берушілерге қосылған құн салығының артығын қайтару арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органынан растау алынғаннан кейін арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде іс жүзінде тұтынылған, әкелінген тауарлар бөлігінде жүргізіледі.

      4. Осы тармаққа сәйкес қайтаруға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде кеден органының арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарларды іс жүзінде тұтынуды растайтын мәліметтері ескеріледі.

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарында әкелінген тауарларды тұтынбаған жағдайда, импортталған тауарларға қосымша құн салығын осындай ұйым импортталған тауарға қосымша құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде төлеуге тиіс.";

      9) 245-баптың 1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, өнімдерді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) құн салығын салудан босатылатын импорт жасалатын тауарлар тізбесі айқындалған болса, осы тізбеде көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналым бойынша осындай келісімшарттар (келісімдер) шеңберінде қызметін жүзеге асыратын адамдарға салық төлеуші қосылған құн салығына нөлдік мөлшерлеме қолдануға құқылы.

      Осы баптың мақсаттарында салық төлеуші өндірген, шығу сертификаты бар өнім (тауар) жеке өндіріс тауарлары болып танылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.";

      3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 20-II, 20-III, 112-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 55-құжат; № 8-I, 62, 65-құжат; № 8-II, 72-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126-құжат; 2017 ж., № 9, 21-құжат):

      1) мазмұны мынадай мазмұндағы 282-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "282-1-бап. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты";

      2) 100-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 22-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "22-1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын операторлардың өкілеттіктерін әзірлейді және бекітеді;";

      3) 105-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) ұлттық және аумақтық кластерлерді дамытуды жүзеге асырады.";

      2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) негізгі қызметі инновацияларды дамытуға және инвестицияларды тартуға бағытталған заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысуға құқылы;";

      4) 246-бапта:

      1 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерiне даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компаниялар және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, ұлттық даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыруға уәкiлеттiк берілген, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде мемлекетке тиесiлi өзге де заңды тұлғалар жатады.";

      "6. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері:

      1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргiзедi;

      2) инвесторлардың қызметiн қолдауды қамтамасыз етедi, оның iшiнде инвесторлардың мемлекеттiк органдармен, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен кездесулерiн ұйымдастырады, инвестиция тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткiзедi, әрекет ететін және перспективалы инвесторлардың дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi, инвесторларға туындайтын мәселелерді шешуде жәрдемдеседі;

      3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджiн ілгерілетеді, оның iшiнде инвестициялық мүмкiндiктер туралы ақпарат ұсынады;

      4) инвесторлармен келiссөздердiң қорытындылары бойынша қол жеткiзiлген ресми уағдаластықтардың iске асырылу мониторингiн жүргiзедi;

      5) инвесторлардың қатысуымен iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың мониторингiн жүргiзедi;

      6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өзге де ұйымдар көрсететін басқа көрсетілетін қызметтерді алуда инвесторларды қолдау бөлігінде "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасайды.";

      3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) экономиканың басым секторларын дамытуды және өңірлерді индустриялық-инновациялық дамытуды қоса алғанда, экономиканың секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;";

      мынадай мазмұндағы 9 және 10-тармақтармен толықтырылсын:

      "9. Инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдар:

      1) тиісті өңірдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізеді;

      2) инвесторлардың қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерімен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерімен кездесулер ұйымдастырады, инвестиция тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткізеді және осы инвесторлардың өңірлік дерекқорын қалыптастырады және жүргізеді;

      3) өңірдің тартымды инвестициялық имиджін ілгерілетеді, оның ішінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты ұсынады;

      4) инвесторлармен келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша қол жеткізілген ресми уағдаластықтарды іске асыру мониторингін жүргізеді;

      5) өңірдің аумағында инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын индустриялық-инновациялық жобаларды мониторингтеуді жүргізеді;

      6) инвестицияларды тарту саласындағы Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері ұйымдастырған инвестиция тақырыбы бойынша, оның ішінде шет мемлекеттің аумағындағы іс-шараларға қатысады;

      7) инвестицияларды тарту саласындағы Ұлттық компанияға және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктеріне өңірдегі инвестициялық қызмет туралы, оның ішінде инвестицияны қажет ететін индустриялық-инновациялық жобалар, инвесторлар туралы өзекті ақпаратты тұрақты түрде ұсынып отырады;

      8) инвесторлармен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өзге де ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алған кездегі инвесторлардың сүйемелдеуі бөлігінде "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасайды.

      10. Инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен айқындалады.";

      5) 249-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік қызмет объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берілетiн, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақ индустриялық аймақ болып табылады.";

      6) 256-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Индустрияландыру картасы республика деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингінің құралы болып табылады және индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-инновациялық жобалар жиынтығын білдіреді.

      Өңірдің кәсіпкерлігін қолдау картасы өңір деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингінің (іске асырылуының) құралы болып табылады және индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-инновациялық жобалар жиынтығын білдіреді.";

      7) 257-баптың 6-тармағында:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) бәсекеге қабілеттілік – шығарылатын өнімнің, жұмыстардың және/немесе көрсетілетін қызметтердің, олардың сұранысының және шығарудың экономикалық орындылығы төмен өзіндік құнын білдіретін ұқсас индустриялық-инновациялық жобалармен салыстырғандағы артықшылық;";

      4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4) экспортқа бағдарланушылық – өндірістің өнімдер мен көрсетілетін қызметтер экспортына бағытталуын;

      5) еңбек өнімділігі – пайдаланылатын ресурстардың бірлігіне есептегенде өнім шығаруды сипаттайтын, өндіріс көлемі мен еңбек ресурстары шығынының арақатынасын білдіретін өнім тиімділігінің көрсеткішін басшылыққа алуға міндетті.";

      8) 271-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы Кодекстің мақсаты үшін кластер деп өзіне түпкілікті немесе аралық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілерді, жиынтықтаушыларды, мамандандырылған көрсетілетін қызметтерді берушілерді, өндірістік және өзге де жабдықтарды өндірушілерді, мамандандырылған инфрақұрылымды берушілерді, ғылыми және зерттеу ұйымдарын, жоғары білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын және белгілі бір салалық мамандануы бар басқа да ұйымдарды қамтитын географиялық жағынан өзара байланысты және өзара толықтыратын компаниялар мен ұйымдардың шоғырландырылған тобы түсініледі.";

      9) 282-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялар тарту саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ инвестицияларды тарту саласындағы Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдар жүзеге асыратын инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторларды қолдау бойынша қызметті үйлестіруді және оның мониторингін жүзеге асырады.";

      4, 5 және 6-тармақтар алып тасталсын.

      мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:

      "8-1. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік меншіктен жер учаскесін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау тәртібін әзірлейді.

      Осы тармақта көзделген тәртіп өзгелерден басқа жер учаскесін беруді тиісті өңірлік үйлестіру кеңесімен келісу рәсімін көздеуі тиіс.";

      10) мынадай мазмұндағы 282-1-баппен толықтырылсын:

      "282-1-бап. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты

      1. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты деп Инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың тарапынан инвесторлардың құжаттарды жинау мен даярлауға қатысуын азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өзге ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алуда инвесторларға жәрдем көрсетудің орталықтандырылған нысаны түсініледі.

      2. Инвесторлар үшін "бір терезе" ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ инвестицияларды тарту кезіндегі өзара іс-қимыл жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және олар "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтерді алу үшін экономиканың нақты салаларында инвестициялардың мөлшерін, сондай-ақ:

      1) Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторды қолдауын ұйымдастырудың;

      2) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның Инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдармен орталық және өңірлік деңгейде инвестицияларды тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдауды ұйымдастыру мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жасаудың;

      3) Инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың шетелдік мекемелермен, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі өзге де мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасаудың;

      4) инвесторлардың инвестициялық қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар көрсететін мемлекеттік және басқа да көрсетілетін қызметтер процесі мониторингінің, сондай-ақ инвестицияларды тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдау мониторингінің тәртібін белгілейді.

      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік және басқа да көрсетілетін қызметтер үшін жауапты мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бірге инвесторларға осы қызметтерді көрсету және мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарда оны қолдау шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты адамдарды айқындайды.

      3. Инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестицияларды тарту саласындағы өңірлік ұйымдар "бір терезе" шеңберінде инвесторлар үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар алдында инвестордың өтінішін қарау туралы өтінішхат беруге және мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және басқа да қызметтерді алу бөлігінде инвесторлардың құжаттарын енгізуге құқылы.";

      11) 284-баптың төртінші бөлігі мындай редакцияда жазылсын:

      "Арнайы инвестициялық жоба деп арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойма иесі ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған (іске асыратын) инвестициялық жоба және (немесе) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысынан алынатын іске асырылған (іске асырылатын) жоба не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған жоба түсініледі.";

      12) 286-баптың 5-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) қаржы институттары арқылы лизингтік қаржыландыруды және кредит беруді қоса алғанда қайтарымдылық, жеделдік және ақылылық шарттарымен берілетін ақшаны қоспағанда, инвестициялық басым жобаны iске асыру үшiн қаржыландыру көздерi не кепiлдiктерi ретiнде бюджет қаражаты тартылмаса;";

      13) 292-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) паспорттарының көшірмелері, жұмыс беруші мен тартылатын шетелдік жұмысшының арасында жасалған еңбек шартының көшірмесі (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде аудармасымен), біліктілігі және (немесе) білімін растайтын құжаттардың (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде аудармасымен) көшірмесі.";

      14) 295-1-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Тараптардың келісімі бойынша арнайы инвестициялық келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде арнайы инвестициялық келісімшартты жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың салдарынан төленбеген кедендік баждардың сомасын төлемейді.".

      4. "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 22, 406-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; № 12, 85-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; 2005 ж., № 14, 55, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 25-құжат; № 8, 45-құжат; № 13, 85-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28, 33-құжат; № 8,
52-құжат; № 18, 145-құжат; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 17-18, 112-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 15-құжат; № 8,
64-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 61-құжат; № 19-I, 19-II, 94-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 78-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6,
45-құжат):

      1) 23-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасының құқықтық актілеріне сәйкес ұлттық компания мәртебесіне ие сақтандыру ұйымын қоспағанда, өз атауында "ұлттық", "орталық", "бюджеттiк", "республикалық" деген сөздердi пайдалануына тыйым салынады.";

      2) 34-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы жетінші және сегізінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке және (немесе) ұлттық басқарушы холдинге тиесілі сақтандыру ұйымының басқару органы басшысының лауазымына кандидат болып табылатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі үшін осы бапта көрсетілген өтіл талап етілмейді.".

      5. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 17-құжат; № 9, 86-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 103-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 142-құжат; № 24, 144-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 13, 86, 87-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 99-құжат; № 18, 113-құжат; № 23, 141-құжат; 2007 г., № 1, 4-құжат; № 2, 14-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 17, 139-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114, 124-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 9-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 1-2,
2-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 3, 7-құжаттар; № 2, 28-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 3, 21-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92-құжат; № 23-24,
125-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 81-құжат; № 20, 113-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 3, 21-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 67-құжат; № 12, 82-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 19-І, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 118, 122-құжаттар; № 22, 131-құжат; 2015 ж.,
№ 9, 46-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 103-құжат; № 21-I, 121, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130, 132-құжаттар; № 22-I, 140-құжат; № 22-V, 154, 156, 158-құжаттар; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-I, 47, 49-құжаттар; № 8-II, 72-құжат; № 23, 118-құжат; 2017 ж., № 3, 6-құжат; № 8, 16-құжат):

      27-баптың 1-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 8-3), 35) және 36) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8-3) республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру туралы шешім қабылдайды;";

      "35) ұлттық және аумақтық кластерлерді дамытуды жүзеге асырады;";

      "36) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге функцияларды жүзеге асырады";".

      6. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 243-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 6, 10-құжат; № 7-8, 19-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; № 23,144-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 16, 129-құжат; 2008 ж.,
№ 21, 97-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 15-16, 76-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 6, 50; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 21, 27-құжаттар; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 13, 63-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 4, 6-құжаттар; № 2, 10, 12-құжаттар; № 7, 37-құжат; № 8, 44-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 86-құжат;
№ 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-I, 99, 101-құжаттар; № 19-II, 103-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 21-I, 128-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 53-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат):

      1) 27-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-1-бап. Техникалық реттеу объектілері

      Ғимараттар, құрылысжайлар, оларды жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыру, кеңейту, күрделi жөндеу және пайдалану процестерi, сондай-ақ құрылыс материалдары мен конструкциялары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.

      Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындар объектілерін, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыруды, кеңейтуді, күрделі жөндеуді жүргізу және пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес халықаралық құрылыс нормалары мен қағидаларын, сондай-ақ халықаралық, өңірлік стандарттарды, шет мемлекеттердің стандарттарын және шет мемлекеттер ұйымдарының стандарттарын қолдануға жол беріледі. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы объектілерді, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілерін салу кезінде Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес халықаралық құрылыс нормалары мен қағидаларының, сондай-ақ халықаралық, өңірлік стандарттардың, шет мемлекеттер стандарттарының және шет мемлекеттер ұйымдары стандарттарының талаптарына сәйкес келетін құрылыс материалдары мен конструкцияларын қолдануға жол беріледі.";

      2) 60-баптың 9-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен арнайы экономикалық аймақтардың объектілері бойынша жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлердi және (немесе) құрылысты игеру үшiн шетелдiк заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, жобалау алдындағы және жобалау жұмыстарының шарттарында және сатылары бойынша, осы Заңда, мемлекеттiк нормативтерде және жобалауға берілген тапсырмада белгiленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының құрамы мен көлемiнде, өрт қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қоса алғанда, мемлекеттік нормативтерде белгіленген міндетті талаптар сақталған кезде әзiрленуге тиiс.".

      7. "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 21, 124-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 60-құжат; 2009 ж., № 17, 80-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 26-құжат;
№ 11, 102-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 14,92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-II, 53-құжат):

      1) 24-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары арнайы экономикалық аймақтар аумағында жобаларды іске асыруға арналған тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге қатысты халықаралық, өңірлік стандарттарға, шет мемлекеттердің стандарттарына және шет мемлекет ұйымдарының стандарттарына қолданылмайды.";

      2) 33-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ аумағында жобаларды іске асыруға арналған тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге қатысты шетелдік сәйкестік сертификаттарына, сынақ хаттамаларына, сәйкестік белгілеріне және сәйкестікті растау саласындағы өзге де құжаттарға қолданылмайды.".

      8. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық Кодексі) қолданысқа енгізу туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 23, 113-құжат; 2009 ж., № 13-14, 63-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 11, 58-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 101-құжат; № 22, 132-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 14, 117-құжат; № 15, 120-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14; № 6, 43-құжат; № 11, 80-құжат; № 14, 94-құжат; № 20, 121-құжат; № 21-22, 124-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 11, 63-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 23-I, 169-құжат; 2016 ж., № 22, 116-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат):

      57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "57-бап. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 150-бабының 2-тармағы 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгіленсін.".

      9. "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 21-I, 120-құжат):

      5-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) жергілікті атқарушы органның "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасын қарау;".

      10. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 23-II, 171-құжат; 2016 ж., № 7-II,55-құжат; № 8-II, 72-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 18-құжат):

      39-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 55) тармақшамен толықтырылсын:

      "55) арнайы экономикалық аймақтың басқару органы үшін басқару және консалтингтік көрсетілетін қызметтерді сатып алу.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады