Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін алғашқы кіру визаларынан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін алғашқы кіру визаларынан өзара босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Шәмшиденұлы Әбдірамановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін алғашқы кіру визаларынан өзара босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 908 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттардың иелерін алғашқы кіру визаларынан өзара босату туралы келісім

      Бұдан әрі "Уағдаласушы тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кувейт Мемлекетінің Үкіметі

      өз мемлекеттері арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту, Уағдаласушы тарап мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық, қызметтік және арнайы паспорттар иелерінің келуі мен кетуін жеңілдету ниетін негізге ала отырып,

      өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрекет ете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап


      Осы Келісімнің ережелері мынадай паспорттардың түрлеріне қолданылады:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      қызметтік паспорт;

      2) Кувейт Мемлекетінің азаматтары үшін:

      дипломатиялық паспорт;

      арнайы паспорт.

2-бап

      1. Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Әрбір Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің азаматтары –жарамды паспорттардың иелері екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына алғаш кірген күнінен бастап алты ай ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңде осы мемлекеттің аумағына визасыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады.

      2. Әрбір Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің азаматтары – екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің және консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың иелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына оларды бүкіл аккредиттеу мерзімі ішінде визасыз келе алады, кете алады және онда бола алады, бұл туралы жіберуші Уағдаласушы тарап қабылдаушы Уағдаласушы тарапты олардың болатын мемлекетінің аумағына келген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

3-бап

      Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің азаматтары – осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың иелері осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көрсетілген кезең аяқталғанға дейін қабылдаушы Уағдаласушы тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен өздерінің екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында болу мерзімін ұзартады.

4-бап

      Бір Уағдаласушы тарап мемлекеттерінің азаматтары – осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың иелері екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына қабылдаушы Уағдаласушы тарап мемлекетінің халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашық ресми өткізу пункттері арқылы келуі және кетуі тиіс.

5-бап

      Әрбір Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің азаматтары – осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың иелері 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге зиян келтірмей, екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде болатын мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтайды.

6-бап

      Әрбір Уағдаласушы тарап Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз немесе халқының денсаулығына немесе елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп танылған адамның өз мемлекетінің аумағына келуінен бас тартуға немесе оның болу мерзімін қысқартуға құқылы.

7-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап қоғамдық тәртіп пен екі мемлекет азаматтарының денсаулығын сақтау мақсатында осы Келісімнің қолданысын ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқылы.

      2. Уағдаласушы тараптар осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру немесе жаңғырту туралы осындай шешім күшіне енгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді.

8-бап

      1. Уағдаласушы тараптар осы Келісім күшіне енген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жарамды паспорттардың үлгілерімен алмасады.

      2. Уағдаласушы тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген паспорттарға қандай да бір өзгерістер енгізілген жағдайда, дипломатиялық арналар арқылы паспорттардың жаңа үлгілерімен және осы паспорттар туралы ақпаратпен олар бекітілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде алмасады.      

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер Уағдаласушы тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап

      Уағдаласушы тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Уағдаласушы тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім Уағдаласушы тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күн өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.


      20__ жылғы ____ __________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.


      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Кувейт МемлекетініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады