Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ядролық энергетика саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 922 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 19 қыркүйекте Вена қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ядролық энергетика саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 922 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ядролық энергетика саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      (2018 жылғы 2 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 28-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

      1993 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      2006 жылғы 25 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесін назарға ала отырып,

      Тараптардың ядролық энергетика саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердегі ынтымақтастықты дамытудағы мүдделілігін негізге ала отырып,

      қазақстандық және ресейлік атом энергетикасы ұйымдары арасындағы дәстүрлі қалыптасқан өндірістік байланыстар мен кооперацияларды одан әрі нығайту мақсатында,

      ядролық қару-жарақ технологиялары мен қару-жарақ жасауға жарамды ядролық материалдардың таралу қаупін төмендету қажеттігін атап көрсете отырып,

      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы таза, қауіпсіз, сенімді және экономикалық қолжетімді технологияларды, жүйелерді және қызмет көрсетуді дамытуға бағытталған тығыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтудағы өзара мүдделілікке ортақтаса отырып,

      Тараптардың ядролық және физикалық қауіпсіздік, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту және ядролық қаруды таратпау режимін сақтау мүдделілігін негізге ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар арасындағы ядролық энергетика саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердегі ынтымақтастықты кеңейту және ол үшін тұрақты және сенімді негіз жасау болып табылады.

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық өзара тиімділік пен теңдік негізінде жүзеге асырылады.

2-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар құзыретті органдарды тағайындайды:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      Ресей тарапынан – "Росатом" атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорация.

      2. Тараптардың құзыретті органдары өздерінің уәкілетті ұйымдарын тағайындайды және олардың ынтымақтастығын үйлестіруді жүзеге асырады.

      3. Құзыретті органдар, олардың атаулары не функциялары өзгерген жағдайда немесе қосымша құзыретті органдар тағайындалған жағдайда, Тараптар бірін-бірі жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      Тараптардың құзыретті органдары уәкілетті ұйымдар, олардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда немесе қосымша уәкілетті ұйымдар тағайындалған жағдайда бірін-бірі дереу хабардар етеді.

3-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық:

      1) атом энергетикасы, соның ішінде ядролық қауіпсіздік, атом станцияларын жобалау, зерттеу реакторлары технологияларын қоса алғанда, реакторлық технологиялар, термоядролық және гибридтік (синтез-бөлу) реакторларды әзірлеу, энергияны түрлендіру технологиялары, ядролық энергетикадағы физикалық процестерді модельдеу және имитациялау, реакторлық отынның инновациялық түрлері, перспективалы материалдар, жылу гидравликасы, термомеханика, пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу технологиялары, радиоэкология, дозиметрия, иондандырушы сәулелену, уәкілетті ұйымдардың эксперименттік базаларын пайдалана отырып, ядролық отынның жаңа түрлерін, ядролық және термоядролық қондырғылардың материалдары мен компоненттерін сынау, уран өндіру, ядролық отын мен жоғары технологиялық өнім өндіру әдістерін әзірлеу;

      2) өнеркәсіптік, оның ішінде кооперациялар негізіндегі өндіріс пен энергетикалық және зерттеу реакторларында пайдалану үшін қажетті ядролық материалдарды қоса алғанда, жабдықты, жинақтауыш бұйымдарды, аспаптарды, қосалқы бөлшектерді және материалдарды жеткізу;

      3) 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (бұдан әрі – АЭХА) кепілдіктерін қолдануды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қоса алғанда, ядролық қаруды таратпау және төмен байытылған уран отынын пайдалану мақсатында зерттеу реакторларын конверсиялау мәселелері;

      4) атом ғылымы мен техникасы, соның ішінде ядролық және радиациялық физика, сұйық ағымды, газ тәріздес орталар мен плазма туралы ғылым, энергияның жоғары тығыздық физикасы, материалдар туралы ғылым, ядролық-энергетикалық және термоядролық қондырғылар материалтануы, импульстік энергетика және лазерлік технологиялар физикасы, атом ғылымындағы есептеулер әдістемесі мен техникасы, компьютерлік технологиялар, басқарылатын термоядролық синтез туралы ғылым, қазақстандық материалтану токамагы негізіндегі эксперименттік кешендегі және көп мақсатты зерттеу шапшаң нейтрондар реакторы негізінде халықаралық зерттеу орталығындағы бірлескен жұмыстар;

      5) физикалық, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық технологияларын әзірлеу және енгізу, АЭХА аясында әзірленетін физикалық, ядролық және радиациялық қауіпсіздік жөніндегі стандарттарды, ұсынымдарды, мінез-құлық кодекстерін және басқа да халықаралық құжаттарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды;

      6) ядролық және радиациялық технологияларды медициналық, өнеркәсіптік және басқа да бейбіт мақсаттарда әзірлеу және пайдалану;

      7) атом энергетикасы және қоршаған орта, соның ішінде физикалық процестерді модельдеу және имитациялау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, айналадағы ортаны қорғау және тиімді пайдалану жөніндегі шаралар, ядролық жарылыстар өткізілген жерлер мен басқа да радиациялық ластанған объектілер мен аумақтарды экологиялық оңалту және геоэкологиялық мониторинг технологиялары, радиациялық ластанған объектілер мен аумақтарды экологиялық оңалту технологиялары, ядролық қондырғылар мен радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару технологиялары, ядролық технологияларды геологиялық-геофизикалық зерттеулер үшін қолдану, ядролық технологияларды мұнай-газ саласында қолдану жөнінде зерттеулер жүргізу;

      8) ядролық және радиациялық технологиялар туралы білімді жүйелеу және сақтау, ядролық және сейсмикалық мониторинг технологиясы мәселелерін қоса алғанда, атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану саласындағы мамандарды дайындау салаларын;

      9) Тараптар жазбаша түрде келісуі мүмкін басқа да салаларды қамтиды.

4-бап

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) теориялық және эксперименттік зерттеулер, тәжірибелік үлгілер мен технологияларды әзірлеу және жасау жөніндегі бірлескен бағдарламалар мен жобалар;

      2) ғылыми-техникалық ақпарат, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері және әдістемелер және өзге де ақпарат алмасу;

      3) техникалық және ғылыми персонал дайындауға жәрдем көрсету, ядролық технологиялар саласында инновациялық және білім беру бағдарламаларымен алмасу;

      4) Тараптар мемлекеттерінің объектілерінде, қабылдаушы Тараптың құзыретті органы мақұлдаған кезде уәкілетті ұйымдардың объектілерін қоса алғанда, ғылыми қызметкерлер мен мамандардың бірлескен топтары жүргізетін эксперименттер;

      5) бірлескен семинарлар, ғылыми конференциялар, теле- және бейнеконференциялар және нақты келісілген тақырыптар бойынша басқа да кездесулер;

      6) бірлескен жұмыстар, консультациялар өткізу және ғылыми-техникалық жетістіктермен және өндірістік тәжірибемен таныстыру үшін мамандарды іссапарға жіберу және қабылдау;

      7) уәкілетті ұйымдар арасында жұмыстардың нақты мазмұнын, жеткізу мен қызмет көрсетуді, сондай-ақ бағаны, төлем талаптарын, осы шарттар (келісімшарттар) бойынша міндеттемелердің орындалу мерзімдерін, уәкілетті ұйымдардың міндеттері мен жауапкершілігін айқындайтын шарттар (келісімшарттар) жасасу;

      8) Тараптар жазбаша түрде келісуі мүмкін ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

      2. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар, Тараптардың құзыретті органдары және уәкілетті ұйымдары жүзеге асырады.

      Уәкілетті ұйымдар жұмыстарды орындаушымен (бірлесіп орындаушымен) жасалатын шарттарға (келісімшарттарға) осы Келісім ережелерінің сақталуын қамтамасыз ететін қажетті талаптардың енгізілуін қамтамасыз етеді. Осы Келісім мен осындай шарттар (келісімшарттар) арасында қандай да бір қайшылықтар болған жағдайда осы Келісім ережелерінің күші басым болады.

5-бап

      1. Осы Келісім шеңберінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын немесе Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын мәліметтерді беру жүзеге асырылмайды.

      2. Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде берілуіне тыйым салынған немесе Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес келмейтін ақпаратты беру жүзеге асырылмайды.

      3. Осы Келісім шеңберінде берілетін немесе оны орындау барысында жасалатын және Қазақстан тарапы немесе Ресей тарапы таратылуы шектелген қызметтік ақпарат деп қарайтын ақпарат нақты айқындалады және сондай деп белгіленеді.

      Тараптар таратылуы шектелген қызметтік ақпарат деп қарайтын ақпаратты қамтитын құжаттардың "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болуы тиіс.

      Тараптар мұндай ақпаратқа қол жеткізе алатын адамдар тобын барынша шектейді және оның осы Келісімде көзделген мақсаттарда ғана пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      Мұндай ақпарат жария етілмейді және екінші Тараптың жазбаша рұқсатынсыз үшінші тарапқа берілмейді.

      Мұндай ақпарат Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында таратылуы шектелген қызметтік ақпарат ретінде пайдаланылады.

      Мұндай ақпаратты Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қорғау қамтамасыз етіледі.

      4. Ақпаратты беру және қорғау тәртібі мен талаптары, сондай-ақ берілетін ақпарат көлемі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес шарттарда (келісімшарттарда) ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша айқындалады.

6-бап

      1. Осы Келісімде пайдаланылатын "зияткерлік меншік" термині Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құратын, 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольм қаласында қол қойылған Конвенцияның 2-бабында көрсетілген мағынаға ие.

      Осы Келісімде пайдаланылатын "бірлесіп алынған зияткерлік меншік" термині осы Келісімді іске асыру барысында бірлескен қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған зияткерлік меншікті білдіреді.

      Осы Келісімде пайдаланылатын "алдыңғы зияткерлік меншік" термині осы Келісімді іске асыру барысында жасалған шарттар (келісімшарттар) бойынша жұмыстарды орындау шеңберінен тыс алынған, Тараптардың бірінің мемлекетіне және (немесе) оның құзыретті органына және (немесе) оның уәкілетті ұйымдарына тиесілі, пайдаланылуы осы Келісімді орындау үшін қажет зияткерлік меншікті білдіреді.

      Осы Келісімде пайдаланылатын "зияткерлік қызмет нәтижелері туралы ақпарат" термині мұндай ақпаратқа қол жеткізу мен таратудың шектелгендігі туралы белгісі бар құжаттамада және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіштерде көрініс тапқан зияткерлік қызмет нәтижелерінің мазмұнын ашатын ақпаратты білдіреді.

      Техникалық және ғылыми-техникалық құжаттамада, сондай-ақ осы Келісім мақсаттары үшін ынтымақтастық барысында әзірленетін, өндірілетін және жеткізілетін өнімдерде ғылыми, конструкторлық, техникалық және технологиялық шешімдер (бұдан әрі – зияткерлік қызмет нәтижелері) бар.

      2. Алдыңғы зияткерлік меншікті ұсыну, беру немесе пайдалану осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын жекелеген шарттардың (келісімшарттардың) нысанасы болып табылады.

      Тарапқа, оның құзыретті органына немесе уәкілетті ұйымдарына берілген алдыңғы зияткерлік меншік тек ғана осы Келісімді іске асыру мақсатында жасалған шарттардың (келісімшарттардың) талаптарына сәйкес пайдаланылады және екінші Тараптың, оның құзыретті органының немесе алдыңғы зияткерлік меншікті берген уәкілетті ұйымының жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілмейді.

      Тараптар, олардың құзыретті органдары және уәкілетті ұйымдары Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына және Тараптардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес пайдаланылуы осы Келісімді іске асыру үшін қажет зияткерлік қызмет нәтижелерін сақтауды, бірлесіп алынған зияткерлік меншікті және алдыңғы зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды қолданады.

      3. Тараптар, олардың құзыретті органдары немесе уәкілетті ұйымдар осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын шарттарда (келісімшарттарда) осы Келісім шеңберінде жасалатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды бекіту, құқықтық қорғауды қамтамасыз ету, алдыңғы меншікті ұсыну және бірлесіп алынған зияткерлік меншікті қорғау, сонымен бірге:

      зияткерлік қызмет нәтижелерін тиісті сақтауды және бірлесіп алынған зияткерлік меншікті, сондай-ақ алдыңғы зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз етуге;

      алдыңғы зияткерлік меншікті мұндай зияткерлік меншікті пайдалану жоспарланған мемлекеттің аумағында оны құқықтық қорғау қамтамасыз етілгеннен кейін ғана ұсынуға;

      осы Келісімді іске асыру барысында бірлесіп жасалған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды бөлу және бекіту кезінде Тараптардың, олардың құзыретті органдарының немесе уәкілетті ұйымдарының тиісті үлестерін, оның ішінде алдыңғы зияткерлік меншікті және оларды пайдаланудан түскен кірістерді лайықты есепке алуға;

      осы Келісімді іске асыру барысында бірлесіп жасалған зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғауды қамтамасыз ету тәртібіне;

      осы Келісімді іске асыру барысында жасалған зияткерлік қызметтің кез келген нәтижелеріне қатысты мәліметтерді оларды құқықтық қорғау туралы тиісті шешім қабылданғанға және орындалғанға дейін қорғауды қамтамасыз етуге;

      алдыңғы зияткерлік меншіктің құқық иеленушісінің оның пайдаланылуын бақылау құқығын сақтауға;

      зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге;

      зияткерлік меншікті, зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және ақпаратты заңсыз пайдалану салдарынан болған шығындардың орнын толтыру тәртібіне қатысты міндеттемелерді көздейді.

      4. Тарап, оның құзыретті органы немесе уәкілетті ұйымы (бұдан әрі – беруші Тарап) ұсынған зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты алушы екінші Тарап, оның құзыретті органы немесе уәкілетті ұйымдары (бұдан әрі – қабылдаушы Тарап) мұндай өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты таниды және қорғайды.

      Зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты ұсыну, беру немесе пайдалану қабылдаушы Тарап оларды қорғау бойынша шаралар қабылдағаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Қабылдаушы Тарап зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты қамтитын мәліметтерді өзінің ұқсас мәліметтеріне қатысты қамтамасыз етілетін қорғау деңгейінен төмен емес деңгейде қорғайды. Қажет болған кезде уәкілетті ұйымдар арасындағы шарттарда (келісімшарттарда) зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты қамтитын мәліметтерді қорғау жөнінде қосымша іс-шаралар көзделеді.

      Осы Келісімді іске асыру барысында ұсынылған зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпиялары (ноу-хау) және (немесе) ақпарат тек осы Келісімнің мақсаттары үшін, сонымен қатар осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын шарттардың (келісімшарттардың) талаптарына сәйкес пайдаланылады.

      Қабылдаушы Тарап беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз мұндай өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты өзінің ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланбауға міндеттенеді.

      Қабылдаушы Тарап мұндай өндіріс құпияларын (ноу-хау) және (немесе) ақпаратты пайда түсіру үшін жария етпеуге, жарияламауға, пайдаланбауға және үшінші мемлекетке, халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ кез-келген үшінші тұлғаға бермеуге міндеттенеді.

      Ұсынылған зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларында (ноу-хау) және (немесе) ақпаратта қамтылған зияткерлік қызметтің қорғалатын нәтижелеріне арналған құқықтар беруші Тарапқа тиесілі. Қабылдаушы Тарап мұндай зияткерлік қызмет нәтижелеріне арналған құқықтарды өзіне бекіту бойынша әрекеттерді жасамауға міндеттенеді. Осы ереже бұзылған жағдайда, қабылдаушы Тарап мұндай зияткерлік қызмет нәтижелеріне арналған құқықтарды беруші Тарапқа өтеусіз негізде толық көлемде беруге міндеттенеді.

      5. Осы Келісім шеңберінде ұсынылуы мүмкін зияткерлік қызмет нәтижелері туралы өндіріс құпияларына (ноу-хау) және (немесе) ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуді болдырмас үшін Тараптар, олардың құзыретті органдары және уәкілетті ұйымдары Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында көзделген тәртіпте ақпаратты қорғау құралдарын пайдалануға, сондай-ақ Келісім шеңберінде берілетін, зияткерлік қызмет нәтижелерін қамтитын және (немесе) осындай болып табылатын өнімді оны санкцияланбаған көшіруден, өзгертуден және (немесе) түрлендіруден қорғайтын техникалық құралдармен жабдықтауға құқылы.

      6. Тараптар, олардың құзыретті органдары және уәкілетті ұйымдары осы Келісімнің және осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын шарттардың (келісімшарттардың) талаптарына сәйкес зияткерлік қызмет нәтижелеріне және оның бірлесіп алынған зияткерлік меншікті сатып алуына арналған құқықтарды тиісті құқық иеленушісіне бекітуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды өтеусіз қабылдайды.

7-бап

      1. Әрбір Тарап өз қызметін осы Келісім шеңберінде өз мемлекетінің заңнамасына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ өзінің мемлекеті қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Әрбір Тарап осы Келісімге сәйкес ынтымақтастықпен байланысты өзінің шығыстарын дербес көтереді.

8-бап

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ядролық материалдардың, жабдықтың, ядролық емес арнайы материалдар мен тиісті технологиялардың экспорты 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын экспорттық бақылаудың көпжақты тетіктері шеңберіндегі басқа да халықаралық шарттар мен уағдаластықтардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Осы Келісімге сәйкес берілетін технологиялар, сондай-ақ олардың негізінде немесе оларды пайдалану нәтижесінде шығарылған ядролық материалдар, ядролық емес арнайы материалдар, қондырғылар, жабдық пен тиісті технологиялар:

      1) ядролық қаруды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды шығару үшін немесе қандай да бір әскери мақсатқа қол жеткізуге пайдаланылмайды;

      2) АЭХА-ның "Ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғауға қатысты физикалық ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдар" (INFCIRC/225 Rev.5) құжатында ұсынылған деңгейлерден төмен емес деңгейде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін болады;

      3) Тараптардың 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарт шеңберіндегі тиісті міндеттемелерін ескере отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумағында немесе юрисдикциясында нақты болған бүкіл кезеңінің ішінде АЭХА кепілдігінде болады:

      Қазақстан Республикасына қатысты – 1994 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге 2004 жылғы 6 ақпандағы Қосымша хаттамаға сәйкес;

      қолдануға болатын жағдайларда, Ресей Федерациясына қатысты – 1985 жылғы 21 ақпандағы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында кепілдіктерді қолдану туралы келісімге, сондай-ақ 2000 жылғы 22 наурыздағы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттамаға сәйкес;

      4) осы бапта көзделген жағдайларда алушы елдің юрисдикциясынан беріледі немесе қайта экспортталады және кепілдіктер туралы тиісті келісім шеңберінде мұның қаншалықты түрде жүзеге асырылатындығына орай АЭХА кепілдіктерінің нысанасы болып табылады.

      3. Осы Келісім шеңберінде Тараптар беретін ядролық материалдар уран-235 изотопы бойынша 20 пайызға дейінгі және одан жоғары мәнге байытылмайды, сондай-ақ беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз байытылмайды.

      4. Тараптар арасында осы Келісімге сәйкес өзара берілетін қос мақсатты жабдықтар мен материалдар және ядролық мақсаттарда қолданылатын тиісті технологиялар және олардың қайта шығарылған кез келген көшірмелері:

      ядролық жарылғыш құрылғыларды жасау жөніндегі қызметпен байланысты емес мәлімделген мақсаттарда ғана пайдаланылатын болады;

      АЭХА кепілдіктеріне қойылмаған ядролық отын циклі саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмайтын болады;

      екінші Тараптың құзыретті органының жазбаша рұқсатынсыз көшірмесі жасалмайтын, түрлендірілмейтін, қайта экспортталмайтын немесе басқа біреуге берілмейтін болады.

      5. Тараптар ядролық материалдарды, жабдықты, ядролық емес арнайы материалдарды және тиісті технологияларды экспорттық бақылау мәселелері бойынша ынтымақтастықты осы Келісім шеңберінде жүзеге асырады.

9-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты дауларды шешу, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, құзыретті органдардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы немесе Ресей Федерациясы қатысушы болып табылатын, осы Келісімге қол қою сәтінде қолданыста болған басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асырумен байланысты туындауы мүмкін ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілікті Тараптар 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясына сәйкес реттейді.

12-бап

      Осы Келісімді орындауға байланысты ақпарат алмасу мақсаттарына арналған тіл ретінде орыс тілі пайдаланылады.

13-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және оның қолданысы осы баптың 2-тармағына сәйкес тоқтатылғанға дейін қолданылады.

      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын тоқтатудың болжамдалған күніне дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, оның тоқтатылуына дейін осы Келісімді орындаудың нәтижесінде туындаған Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.

      4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің 5, 6, 8, 9, және 11-баптарына сәйкес Тараптардың міндеттемелері, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, өз күшінде қалады.

      5. Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      6. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің 4-бабының 1-тармағына сәйкес жасалған шарттардың (келісімшарттардың) қолданылуын және оның қолданылуы тоқтатылған күнге дейін аяқталмаған күшін қозғамайды.

      2017 жылғы 19 қыркүйекте Вена қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің де күші бірдей.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады