Қылмыстық істерді бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 17 нормативтік қаулысы.

      Істерді бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы заңнама нормаларын біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.

      1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 629-1-бабының екінші бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстарға ғана қолданылады.

      Қылмыстық құқық бұзушылық туралы істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау нәтижесі бойынша жаза ретінде айыппұл және ҚК-нің айып тағылған бабының санкциясында көзделген белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі міндетті қосымша жаза, егер ҚК бабының санкциясында осы құқықтан айырудың белгілі бір (нақты) мерзімі белгіленсе, тағайындалады.

      Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) бабының санкциясында негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұл көзделмесе, бұйрықтық іс жүргізу жүзеге асырылмайды.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы мәселені шешу тиісті қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған нақты адам анықталғаннан кейін мүмкін болатынын ескерген жөн.

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұйрықтық іс жүргізуді қолдану үшін қылмыстық істі бөлектеп алған кезде ҚПК-нің 44-бабының талаптарын қатаң сақтауы тиіс.

      Жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша немесе жекелеген күдіктілерге қатысты іс материалдарының бөлектеп алынуы басқа адамдарға қатысты істі бөлек тергеп-тексеру мен қарауға, істің мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуді қамтамасыз етуге және оның шешілуіне кедергі келтірмеуі тиіс.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтың қалған бөлігінде немесе басқа күдіктілерге қатысты іс жүргізу ҚПК-ге сәйкес жалғасады.

      3. Істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы мәселе сотқа дейінгі сатыда шешіледі.

      Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам күдіктіге, жәбірленушіге, азаматтық талап қоюшыға, азаматтық жауапкерге (олардың өкілдеріне) заңда көзделген процестік құқықтарын, оның ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібін қолдануға құқығын түсіндіреді.

      Күдіктіге:

      оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін күдіктелетіні және кінәлілігі қандай дәлелдемелермен расталатыны;

      азаматтық талап қоюдың мәлімделгені туралы;

      мүліктік залалды және (немесе) моральдық зиянды өтеу туралы талаптардың, ҚК-нің 98-1, 98-2-баптарында көзделген Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемдердің, процестік шығындардың сомасы (мөлшері) туралы;

      сот айыптау үкімін шығарған кезде айыппұл түріндегі негізгі жаза тағайындалғаны, оның мөлшері, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалғаны туралы;

      айыппұлды орындау және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру тәртібі туралы;

      сотталғанды бұйрықтық іс жүргізу үкімімен ҚК-нің 79-бабының екінші бөлігінде және үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіздермен соттылығы жоқ деп тану туралы;

      үкімді қайта қарау тәртібі туралы;

      бұйрықтық іс жүргізу бойынша маңызы бар басқа да мәселелер туралы түсіндірілуі тиіс.

      Сонымен қатар күдіктіге, жәбірленушіге, азаматтық талап қоюшыға және азаматтық жауапкерге (олардың өкілдеріне) бұйрықтық іс жүргізудің ерекшеліктері мен құқықтық салдарлары түсіндіріледі, күдіктінің әрекеттерінің саралануы, қолдағы бар дәлелдемелер туралы, олардың азаматтық талап қоюды мәлемдеуге құқығы туралы хабарланады.";

      Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын тұлға күдіктінің, жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының және азаматтық жауапкердің (олардың өкілдерінің) дәлелдемелерді зерттеусіз және олардың сотқа қатысуынсыз істі қарауға келісетін-келіспейтінін анықтауға міндетті.

      Процеске қатысушыларға құқықтары түсіндірілгені туралы хаттама толтырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Күдікті бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы өтінішхатты жазбаша немесе ауызша нысанда мәлімдеуге құқылы. Жазбаша өтінішхат қылмыстық іс материалдарына қоса тіркеледі, ауызша - процестік әрекеттің хаттамасына жазылады.

      Күдіктінің бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы өтінішхаты ҚПК-нің 99-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның қарауы үшін міндетті болып табылады.

      Күдікті өтінішхатты мәлімдегеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам дереу, ал өтінішхатты дереу шешу мүмкін болмаған жағдайларда - ол мәлімделген күнінен бастап үш күннен кешіктірмей өтінішхатты қанағаттандыру немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыны шығару жолымен шешім қабылдауға міндетті.

      5. Күдіктінің бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы өтінішхаты жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшы мен азаматтық жауапкердің (олардың өкілдерінің) пікірлері ескеріле отырып шешілуі тиіс, олар пікірлерін жазбаша нысанда немесе ауызша білдіруі тиіс, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам ол туралы хаттама толтырады.

      Егер процеске қатысатын аталған адамдардың ең болмағанда біреуі күдіктінің өтінішхатына келісім білдірмесе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібі қолданылмайды.

      Іс бойынша жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының немесе азаматтық жауапкердің (олардың өкілдерінің) болмауы бұйрықтық іс жүргізуді қолдану үшін кедергі болып табылмайды.

      Күдіктінің бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы өтінішхатын немесе жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшы мен азаматтық жауапкердің (олардың өкілдерінің) өтінішхатқа келісімін кімнің де болмасын тарапынан мәжбүрлеп немесе бұйрықтық іс жүргізу тәртібі мен салдарларын тиісінше түсіндірмей алуға жол берілмейді.

      Мұндай жағдайларда бұйрықтық іс жүргізу қолданылмайды.

      6. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы күдіктінің өтінішхаты, егер ҚПК-нің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер анықталса, қанағаттандырылуға жатады.

      Күдіктінің өтінішхатын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулыға ҚПК-нің 13-тарауында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      ҚПК-нің 629-1-бабының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген адамдарға қатысты және жағдайларда бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға жол берілмейді.

      7. Сотқа дейінгі сатыда бұйрықтық іс жүргізу мерзімі бес тәуліктен аспауы тиіс, ол бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға негіздер жиынтығы анықталған кезден бастап есептеледі.

      Істі сотқа дейін жүргізетін адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы күдіктінің өтінішхатын қанағаттандыру туралы қаулыны шығарған күнін бұйрықтық іс жүргізуді қолдану үшін негіздер анықталған кез деп есептеген жөн.

      Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы күдіктінің өтінішхатын қанағаттандыру туралы қаулы шығарылғаннан кейін істі сотқа дейін жүргізетін адам күдіктіні, оның қорғаушысын, жәбірленушіні, азаматтық талап қоюшыны, азаматтық жауапкерді (олардың өкілдерін) іс материалдарымен таныстыруға міндетті.

      8. Процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып өтінішхат, оның ішінде бұйрықтық іс жүргізудің қолданылуына келіспейтіндігі немесе істі тоқтату туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы. Мұндай жағдайда қылмыстық іс бойынша іс жүргізу ҚПК-де белгіленген жалпы тәртіппен жүргізіледі. ҚПК-нің 35, 36-баптарында көзделген негіздер болған жағдайда іс тоқтатылуға жатады.

      Егер мәлімделген өтінішхаттарды шешу бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға кедергі келтірмесе және іс бойынша ҚПК-нің 629-1-бабында көзделген барлық талаптар сақталса, онда сотқа дейінгі іс жүргізу ҚПК-нің 629-2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жасалған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарылып аяқталады.

      Егер процеске қатысушылардың ең болмағанда біреуі іс материалдарымен таныспаса, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулының шығарылуы мүмкін емес екендігі түсіндірілсін.

      9. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда күдіктінің жеке басы туралы деректер келтірілетінін ескеру қажет, олар сотқа дейінгі сатыда анықталуы тиіс. Күдіктінің жеке басы туралы мәліметтерге оның жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес келетін деректерден басқа айыппұл тағайындау кезінде ескерілетін өзге де мәліметтер: отбасы жағдайы, жұмысының болуы, денсаулық жағдайы, асырауындағы адамдардың саны жатады.

      Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы сотқа дейінгі іс жүргізудің қорытынды құжаты болып табылады. Бұйрықтық іс жүргізу бойынша сотқа беру туралы жеке қаулы шығару талап етілмейді.

      10. Анықтау органының бастығы, прокурор бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге істі зерделеп, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану үшін негіздердің бар-жоғын, сотқа дейінгі сатыда әрбір күдіктінің, жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының, азаматтық жауапкердің процестік құқықтарының сақталғанын-сақталмағанын тексеруге міндетті.

      Қылмыстық теріс қылық туралы және онша ауыр емес қылмыс туралы іс ҚПК-нің 629-3-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге анықтау органының бастығына берілуге тиіс, ол қаулыны келіскеннен кейін қаулыны бекіту және істі сотқа жолдау үшін прокурорға жібереді.

      Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығында қылмыстық теріс қылықтар, сонымен қатар онша ауыр емес қылмыстар болса, онда істі онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша белгіненген тәртіппен сотқа жіберу жүргізіледі.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Егер ҚПК-нің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздердің ең болмағанда біреуі болмаса, прокурор немесе анықтау органының бастығы бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және сотқа дейінгі іс жүргізуді жалпы негіздермен жүргізу үшін істі қайтарады.

      Егер ҚПК-нің 35, 36-баптарында көзделген негіздер анықталса, анықтау органының бастығы немесе прокурор бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартып, істі тоқтатады.

      Прокурор немесе анықтау органының бастығы қабылданған шешім туралы уәжді қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі процеске қатысушыларға табыс етіледі немесе жіберіледі, олар қаулыға ҚПК-нің 13-тарауында көзделген тәртіппен шағым беруге құқылы.

      12. Судья бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен түскен іс бойынша оны іс жүргізуге қабылдау және сот отырысын тағайындау туралы қаулы шығармайды, процеске қатысушыларды сотқа шақырмайды.

      Егер келіп түскен қылмыстық іс соттылығы бойынша қарауға жатпаса, судья тиісті қаулы шығарып, істі дереу соттылығы бойынша жібереді.

      Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге түскен қылмыстық істі бірінші сатыдағы соттарда судья сот отырысын өткізбестен жеке дара қарайды. Істі қарау мерзімі үш тәуліктен аспайды және іс сотқа түскен кезден бастап есептеледі.

      13. Судья қаулы немесе айыптау үкімін шығару түрінде процестік шешім қабылдайды.

      Судья:

      істі прокурорға қайтару туралы;

      қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулылар шығарады.

      Қабылданған шешім туралы уәжді қаулы шығармай іс материалдарын толық ресімдеу қажет деген негіздермен немесе ілеспе хат арқылы қылмыстық істі қайтаруға жол берілмейтіндігі соттарға түсіндірілсін.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Егер бұйрықтық іс жүргізуді қолдану үшін ҚПК-нің 629-1-бабында көзделген негіздердің бірі болмаса, судья істі қайтарады.

      Әрекетті қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс ретінде дұрыс сараламау, сотталушының кінәлілігін анықтау үшін қатыстылық, жол берілетіндік, анықтық және жеткiлiктiлiк талаптарына дәлелдемелердің сәйкес келмеуі, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы күдіктінің өтінішхатының немесе жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының не жауапкердің (олардың өкілдерінің) келісімінің жоқтығы, процестің аталған қатысушыларына олардың процестік құқықтары мен бұйрықтық іс жүргізу тәртібінің ерекшеліктерін түсіндірмеу, олардың іс материалдарымен танысу және сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталған кезде өтінішхаттар келтіру құқықтарын бұзу, сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза түрін тағайындау, осылардың әрқайсысы жеке істі прокурорға қайтару үшін дербес негіз болып табылатындығын ескерген жөн.

      Сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажеттілігі деп жазаның осы түрі ҚК-нің 52-бабының талаптарына қайшы келетін болса, яғни жасалған әрекет үшін жазаның шектен тыс жеңіл болуына орай жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтарды түзеу және олардың алдын алу үшін әділдік, қажеттілік пен жеткіліктілік өлшемшарттарына жауап бермейтін немесе айып тағылған баптың санкциясында айыппұл көзделмеген жағдайларды түсінген жөн.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Істің қайтарылуы туралы судья уәжді қаулы шығарады.

      Істі қайтару туралы соттың қаулысы жоғары тұрған сот сатыларында қайта қарауға жатпайды.

      Судья істі сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру үшін қайтарғаннан кейін нақ сол іс бойынша, нақ сол бір адамға қатысты бұйрықтық іс жүргізуді қайта қолдануға жол берілмейді. Бұл жағдайларда қылмыстық іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.

      16. ҚПК-нің 35, 36-баптарына сәйкес сот бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен келіп түскен іс бойынша іс жүргізуді сот отырысын өткізуді талап етпейтін негіздер анықталған жағдайларда ғана тоқтатуға құқылы.

      Егер істі тоқтату туралы шешім қабылдау үшін дәлелдемелерді сот отырысында зерттеу, істің мән-жайларын немесе процеске қатысушылардың пікірлерін анықтау қажет болса, онда бұл іс сотта тоқтатылуы мүмкін емес, ол бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау үшін негіздердің жоқтығына байланысты қайтарылуы тиіс.

      17. Судья істі бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда көрсетілген сол айыптау шегінде және сол сотталушыға қатысты ғана қарайды.

      Судья үкім шығару туралы шешім қабылдай отырып, айыптау үкімін тек айыппұл тағайындау арқылы шығарады.

      Үкім нысаны бойынша да, мазмұны бойынша да ҚПК-нің 629-5-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Үкімде сотталушының кінәлілігі жөніндегі дәлелдемелер, оларды талдау мен бағалау көрсетілмейді.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. Бұйрықтық іс жүргізудегі істер бойынша айыппұл ҚК-нің 55-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес тағайындалады.

      Сот ҚК-нің 41-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес айыппұлдың мөлшері мен төлеу мерзімін айқындау кезінде сотталғанның мүліктік жағдайын, отбасы жағдайын, жалақыны немесе өзге де кірісті алу мүмкіндігін, сонымен қатар ол жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын ескеруі тиіс.

      Мүліктік дәрменсіздік бұйрықтық іс жүргізуді қолданудан бас тартуға және сотталушыға айыппұлға қарағанда одан қатаң жаза түрлерін тағайындауға негіз болмайды.

      Егер айыппұлды дереу төлеу мүмкін болмаса, судья үкімді шығарған кезде нақты мерзімін белгілей отырып, айыппұлды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынуға құқылы.

      Үкімді шығарған кезде айыппұл төлеуді кейінге қалдыру мәселесі шешілмеген жағдайда, ол ҚПК-нің 476-бабының 2) тармағында белгіленген тәртіппен үкімнің орындалуы кезінде қаралуы мүмкін.

      Айыппұлды төлеу мерзімін есептеу кезінде оны кейінге қалдыру мерзімі ескерілмейтіндігі түсіндірілсін.

      Айыппұлды мәжбүрлеп орындатқаннан кейін оның төленбеген бөлігі ҚК-нің 41-бабының алтыншы бөлігінде көзделген қағидаларға сәйкес жазалардың неғұрлым қатаң түріне ауыстырылады.

      19. Процестік шығындардың мөлшерін анықтау кезінде "Қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 10 нормативтік қаулысындағы түсіндірмелерді басшылыққа алған жөн.

      Бұйрықтық іс жүргізудегі істер бойынша ҚПК-нің 178-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес судья сотталған адамның мүліктік жағдайына қарай оны процестік шығындарды төлеуден ішінара немесе толық босатуға құқылы.

      Азаматтық талап қою бойынша шешімдер ҚПК-нің 20-тарауында белгіленген тәртіппен қабылданады.

      Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем ҚК-нің 98-1, 98-2-баптарында көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Сот үкімнің көшірмесін сотталған адамға, сонымен қатар қорғаушыға, жәбірленушіге (өкіліне) және прокурорға үкім шыққан күнінен бастап бір тәуліктен кешіктірмей табыс етілгендігі туралы хабарламамен уақтылы жіберілуін немесе табыс етілуін қамтамасыз етуге міндетті.

      Үкімнің көшірмесі азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкерге (олардың өкілдеріне), егер олар тиісті өтінішхаттармен жүгінген жағдайда ғана жолданады. Үкімнің көшірмесі оларға өтінішхат түскен күнінен бастап бір тәуліктен кешіктірмей жіберілуі тиіс.

      21. Айыптау үкімі және істі тоқтату туралы қаулы апелляциялық сатыда - жәбірленушінің шағымы және сотталған адам мен прокурордың өтінішхаттары бойынша, кассациялық сатыда - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша заңда белгіленген тәртіппен қайта қаралуға жатады.

      Азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олардың өкілдері) сот актілеріне азаматтық талап қою бөлігінде ғана шағым жасауға құқылы.

      Адвокат ҚПК-нің 68-бабының сегізінші бөлігіне, 70-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сәйкес қорғау (өкілдік) туралы жазбаша хабарламаның негізінде қылмыстық процестің кез келген уақытында, сонымен қатар үкім шыққаннан кейін де іске қатысуға жіберіледі. Егер адвокат істің сотқа дейінгі сатысына қатыспаса және сотқа істі сот қарап болғаннан кейін, қорғау (өкілдік) туралы жазбаша хабарлама және адвокат куәлігінің көшірмесін ұсынса, онда ол сот актілеріне шағым келтіре алады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      22. Сотталған адам үкіммен келіспеу туралы не үкімді жоғары тұрған сот сатыларында қайта қарау туралы өтінішхат келтіруге құқылы.

      Сотталған адамның аталған өтінішхаттары әртүрлі құқықтық салдарларға алып келетінін соттардың ескергендері жөн.

      Егер сотталған адам әрекеттеріне берілген құқықтық бағалауға, азаматтық талап қою бойынша қабылданған шешімге дау айтқан, дәлелдермен, тағайындалған жазаның негізділігімен, бұйрықтық іс жүргізудің қолданылуымен, сонымен қатар басқа негіздермен келіспеген жағдайларда, тағайындалған айыппұл мөлшеріне дау айтуды қоспағанда, үкімнің көшірмесін алған күнінен бастап жеті тәулік ішінде үкіммен келіспеу туралы өтінішхат келтіруі мүмкін.

      23. Судья үкіммен келіспеу туралы өтінішхатты қарап, өтінішхат түскен күні үкімнің күшін жоюға және қылмыстық істі жалпы тәртіппен анықтау не тергеу ұйымдастыру үшін қайтаруға міндетті.

      Үкімнің күшін жою және қылмыстық істі қайтару туралы қаулы прокурордың өтінішхаты бойынша шағымдануға немесе қайта қарауға жатпайды.

      Үкім шығарған судьяның сотталған адамның өтінішхатын қарауына кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, үкімнің күшін жою туралы шешімді сол соттың басқа судьясы қабылдайды.

      24. Сотталған адамның айыппұл мөлшерімен келіспейтіндігі туралы өтінішхаты үкімді апелляциялық не кассациялық сатыларда заңда белгіленген тәртіппен қайта қарау үшін негіз болып табылады.

      Апелляциялық шағым жасау мерзімін қалпына келтіру ҚПК-нің 419-бабында белгіленген тәртіппен қаралады.

      Сотталғанның жағдайын жақсартуға алып келетін негіздер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау мерзімдермен шектелмеген.

      25. Бұйрықтық іс жүргізу істері бойынша мерзімдер ҚПК-нің 48-бабында белгіленген қағидаларға сәйкес есептеледі. Мерзімнің соңғы күні жұмыс күніне келмеген жағдайларда, мерзімнің аяқталу күні деп, ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамаққа алу және медициналық мекемеде немесе ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымында болған мерзімді есептеу жағдайларын қоспағанда, одан кейінгі жұмыс күні есептеледі.

      26. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен істі қайтарған судья, өзі шығарған үкімнің күші жойылғаннан кейін ҚПК-нің 87-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сотқа жалпы тәртіппен қайта түскен осы істі қарауға қатыса алмайды.

      27. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г.Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады