Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасына қол қою туралы ұсыныс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 10 мамырдағы № 253 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасына қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

                                                                        Жоба

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 82-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық Экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазанда қол қойылған шартқа 3-қосымшаның 64-тармағын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Мүше мемлекеттер арасында электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беруді жүзеге асыру әдіснамасына (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 21-қосымша болып табылатын Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы хаттамаға қосымша) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1. 1-бөлім мынадай мазмұндағы 1.4-тармақпен толықтырылсын:

      1.4. Армения Республикасының аумағында.

      1.4.1. Армения Республикасының электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі – Армения ЭЭЖ-і) бойынша МАБ-тың жылдық болжамды көлемін МАБ-ты жүзеге асыруға уәкілетті ұйым (бұдан әрі – Армения Республикасының жүйелік операторы) өтінім негізінде айқындайды.

      1.4.2. Алдағы күнтізбелік жылға арналған өтінім алдыңғы жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей беріледі. Өтінімде МАБ-тың жылдық көлемі айлар бойынша бөліп және Армения Республикасының шекарасында электр энергиясын қабылдау және беру нүктелері белгілене отырып көрсетіледі.

      1.4.3. Армения Республикасының жүйелік операторы өтінімді қарау кезінде осы Әдіснамаға сәйкес айқындалатын Армения ЭЭЖ-нің қолда бар техникалық мүмкіндігінің шамасын басшылыққа алады. Тұтастай жыл бойынша немесе жылдың қандай да бір айында МАБ-тың мәлімделген шамасы Армения ЭЭЖ-нің қолда бар техникалық мүмкіндігінің шамасынан асып кеткен кезде, Армения Республикасының жүйелік операторы өтінім берген ұйымға дәлелді бас тартуды жібереді.

      1.4.4. Армения Республикасының жүйелік операторымен келісілген МАБ-тың мәлімделген көлемі электр энергиясын беру шартына қосымша ретінде ресімделеді және электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің тарифтерін есептеу кезінде ескеріледі.

      1.4.5. Армения ЭЭЖ-і бойынша электр энергиясы мен қуаттың болжамды теңгерімін қалыптастырғаннан кейін жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 15 қазанына дейін екіжақты мемлекетаралық шарттар бойынша электр энергиясын жеткізу көлемі айқындалады және көтерме сауда нарығының субъектілерімен келісіледі.

      1.4.6. МАБ-қа ұйғарылып отырған электр энергиясының көлемі жеткізу жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін МАБ-ты ұйымдастыруға және жүзеге асыруға уәкілетті субъектілердің ұсынысы бойынша түзетілуі мүмкін.".

      2. 2-бөлімде:

      а) 2.2.2-тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2.2.2. Жоспарлау (мүше мемлекеттер арасындағы МАБ-тың жоспарланған көлемдерінің іске асырылуын есептеу) Ресей БЭЖ-і мен Қазақстан БЭЖ-і арасында, Ресей БЭЖ-і мен Беларусьтің Біріккен энергетикалық жүйесі (Беларусь БЭЖ-і) арасында, сондай-ақ Ресей БЭЖ-і мен Армения ЭЭЖ-і (үшінші мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелері арқылы) арасында қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелердің есептік моделін (бұдан әрі – есептік модель) пайдалана отырып жүргізіледі.";

      б) 2.2.3-тармақша "Беларусь БЭЖ-дің" деген сөздерден кейін "Ресей БЭЖ-і мен Армения ЭЭЖ-і арасында электр энергиясын (қуатын) беру жүзеге асырылатын Армения ЭЭЖ-інің эквиваленттері мен үшінші мемлекеттердің энергия жүйелерінің" деген сөздермен толықтырылсын;

      в) 2.2.6-тармақша "Қазақстан БЭЖ жүйелік операторы" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ Ресей БЭЖ-і мен Армения ЭЭЖ-і арасында электр энергиясын (қуатын) беру жүзеге асырылатын үшінші мемлекеттердің энергия жүйелерінің жүйелік операторларымен келісу бойынша Армения ЭЭЖ-інің жүйелік операторы" деген сөздермен толықтырылсын;

      г) 2.3.1-2.3.3, 2.4.1, 2.4.3, 2.4.5, 2.5.1, 2.6.1, 2.6.3, 2.6.5-2.6.7-тармақшалар тиісті септіктегі "Қазақстан БЭЖ жүйелік операторы" деген сөздерден кейін тиісті септіктегі ", Армения ЭЭЖ-і жүйелік операторы" деген сөздермен толықтырылсын;

      д) 2.4.2-тармақшада:

      бірінші сөйлемдегі "Ресей БЭЖ жүйелік операторы" деген сөздер "БҰЭЖ-ді басқару жөніндегі ұйым" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Армения ЭЭЖ жүйелік операторы есептік модельге енгізілген Армения ЭЭЖ-інің электр желілік жабдығын жөндеу кестелерін қалыптастырады және жоспарлау үйлестірушісіне ұсынады. Есептік модельге енгізілген Армения ЭЭЖ-інің электр желілік жабдығын жөндеу графиктері жоспарлау үйлестірушісімен келісілуге жатпайды.";

      е) 2.4.4-тармақша "болжамды мәні" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ Ресей БЭЖ-і мен Армения ЭЭЖ-і арасында электр энергиясын (қуатын) беру" деген сөздермен толықтырылсын;

      ж) 2.6.2-тармақшаның бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "БҰЭЖ-ді басқару жөніндегі ұйым жоспарлау үйлестірушісіне шарттардың барлық түрлері бойынша Ресей БЭЖ-і, Беларусь БЭЖ-і, Қазақстан БЭЖ-і, Қырғызстан ЭЖ-і және Армения ЭЭЖ-і арасында электр энергиясын жеткізу, оның ішінде мүше мемлекеттердің арасындағы МАБ көлемдерінің сағаттық графиктерінің Беларусь БЭЖ-і жүйелік операторының функциясын орындайтын ұйыммен, Қазақстан БЭЖ-і жүйелік операторымен және Армения ЭЭЖ-і жүйелік операторымен келісілген жиынтық мәндерін ұсынады.".

      3. 3-бөлім мынадай мазмұндағы 3.4-тармақпен толықтырылсын:

      "3.4. Армения Республикасының аумағында МАБ-ты мынадай уәкілетті ұйымдар қамтамасыз етеді:

      3.4.1. МАБ-ты ұйымдастыру жүйелік операторға Армения ЭЭЖ-і мен Ресей БЭЖ-інің арасындағы электр энергиясын (қуатын) беру жүзеге асырылатын Армения ЭЭЖ-інің және үшінші мемлекеттердің энергия жүйелерінің қатарлас жұмысын ұйымдастыру және оның режимдерін басқару бөлігінде мынадай функцияларды:

      - жеткізу желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі техникалық диспетчерлеу қызметтерін және электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсетуді;

      - үшінші мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмыс режимдерін ұйымдастыру және басқару бойынша өзара іс-қимылды орындаумен қоса жүктеледі.

      3.4.2. МАБ-ты жүзеге асыру Армения Республикасының аумағы арқылы электр энергиясын (қуатын) беруді жүзеге асыратын уәкілетті ұйымға Армения ЭЭЖ-і бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсету функцияларын орындаумен қоса жүктеледі.

      3.4.3. МАБ-ты бақылау және оны есепке алу есептеу орталығы қызметтерін көрсететін уәкілетті ұйымға мынадай функцияларды:

      - өндірілген, өткізілген, экспортталатын, импортталатын электр энергиясын (қуатын), сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алудың қолданыстағы автоматтандырылған жүйесінің базасында үшінші мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмысымен келісілген электр энергиясын коммерциялық есепке алуды;

      - электр энергиясының нормативтік ысырабының есебін және нақты технологиялық ысырабын есепке алуды орындаумен қоса жүктеледі.".

      4. 4-бөлім мынадай мазмұндағы 4.4-тармақпен толықтырылсын:

      "4.4. Армения Республикасының аумағында.

      4.4.1. Армения Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге, оның ішінде мүше мемлекеттер арасындағы МАБ-қа арналған тариф мына формула бойынша есептеледі:

Т=

Z+А+Р

Wжиынт(драм/кВт.с.), мұнда:

      Т – электр энергиясын беру, оның ішінде электр энергиясын беруді жүзеге асыратын тұтынушылар үшін қолданылатын мүше мемлекеттер арасындағы МАБ, оның ішінде жоғары вольтты электр желілері (қосылған құн салығын есептемегенде) (драм/кВт.с.) арқылы МАБ бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тариф;

      Z – Армения Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы бекіткен Армения Республикасының жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру, оның ішінде МАБ жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған жалпы жылдық шығындар. Жоғары вольтты электр желілерінің жылдық шығындары Армения Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады (млн.драм);

      А – қатыстырылған активтер негізге алына отырып, желілік әдіс бойынша айқындалатын амортизацияның жылдық шамасы (млн. драм);

      Р – Армения Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалатын, электр энергиясын беру, оның ішінде МАБ жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде жоғары вольтты электр желілерінің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті пайданың жылдың деңгейі (млн. драм);

      Wжиынт – ішкі нарық тұтынушыларына да, экспортқа да жоғары вольтты электр желілері бойынша электр энергиясын берудің шарттар мен келісімшарттар арқылы мәлімделген жылдық жиынтық көлемі (млн. кВт.с).

      4.4.2. Армения Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған тарифті есептеу кезінде тарифтік кіріске жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын жалпы шығындар, амортизация мен электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсету кезінде жоғары вольтты электр желілерінің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті пайда деңгейі енгізіледі (қатыстырылған активтер негізге алына отырып айқындалады).

      Электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған тарифке енгізілетін шығындар Армения Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      4.4.3. Қосылған құн салығы Армения Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған тарифке қосылады.".

      5. 5-бөлім мынадай мазмұндағы 5.4-тармақпен толықтырылсын:

      "5.4. Армения Республикасының аумағында.

      Мүше мемлекеттер арасындағы МАБ бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифті қалыптастыру кезінде шығыстар Армения Республикасының заңнамасына сәйкес есепке алынбайды.".

      6. 6-бөлімде:

      а) 6.3-тармақта екінші абзацтағы "Ресей" деген сөз "6.3.1. Ресей" деген сөзбен ауыстырылсын;

      б) 6.3.1-тармақшада:

      бірінші абзацтағы "6.3.1. Коммерциялық агенттің Беларусь Республикасының немесе Қазақстан Республикасының уәкілетті ұйымымен шарттары" деген сөздер "6.3.1.1. Коммерциялық агенттің Беларусь Республикасының немесе Қазақстан Республикасының немесе Армения Республикасының уәкілетті ұйымымен шарттары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      оныншы абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Егер МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында үшінші мемлекеттердің аумағы арқылы электр энергиясын (қуатын) беру қажет болған жағдайда, көрсетілген шама Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылымы ұйымдарының есептік құжаттарымен расталған Ресей Федерациясының көтерме нарығындағы МАБ-тың осындай жағдайлардағы нақты көлемін айқындау ерекшеліктеріне байланысты коммерциялық агент жұмсаған шығындардың өтемақысын да қамтиды." ;

      в) 6.3.2-тармақшадағы "6.3.2. Электр энергетикасында" деген сөздер "6.3.1.2. Электр энергетикасында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      г) 6.3.3-тармақша мынадай мазмұндағы тармақшамен ауыстырылсын:

      "6.3.1.3 Ресей Федерациясының және шектес мүше мемлекеттердің уәкілетті ұйымдары арасында (осы Әдіснаманың 3-бөліміне сәйкес) мүше мемлекеттердің шекарасы арқылы электр энергиясын өткізу кезінде туындайтын және мүше мемлекеттермен келісілген тәртіпке сәйкес айқындалатын МАБ қималары бойынша ағындардың нақты сальдосының жоспардағыдан ауытқу шамаларын өтеу мақсатында жасалатын электр энергиясын сатып алу-сату шарттары.";

      д) мынадай мазмұндағы 6.3.2.-тармақшамен толықтырылсын:

      "6.3.2 Егер МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында электр энергиясын (қуатын) үшінші мемлекеттің аумақтары арқылы беру талап етілген жағдайда, Ресей БЭЖ-і арқылы МАБ:

      - Ресей БЭЖ-і мен үшінші мемлекеттің энергия жүйесінің қатарлас жұмысын тиісті уәкілетті ұйымдардың арасында қамтамасыз етуге;

      - Ресей Федерациясы мен үшінші мемлекеттің тиісті шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында мемлекетаралық электр энергиясы ағындарының нақты сағаттық көлемдері туралы коммерциялық есепке алу деректерін алмасуды ұйымдастыруға;

      - электр энергиясы ағындарының нақты сальдосын және электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспарланған мәндерден сағаттық ауытқуларын айқындауға;

      - Ресей Федерациясының және үшінші мемлекеттің шекаралары арқылы өткізілген электр энергиясының санын Ресей Федерациясының және үшінші мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында жасалған шарттар, оның ішінде МАБ көлемдерінің есебі бойынша бөлуге;

      - Ресей Федерациясының және үшінші мемлекеттің шекаралары арқылы Ресей Федерациясы мен үшінші мемлекеттің уәкілетті шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында электр энергиясын өткізу кезінде нақты ағындардың жоспардағыдан сағаттық ауытқуларын реттеу мақсатында электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты мәселелер реттелген кезде жүзеге асырылады.";

      е) мынадай мазмұндағы 6.4 және 6.5-тармақтармен толықтырылсын:

      "6.4 Армения Республикасының аумағында.

      МАБ Армения Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы бекітетін үлгілік нысан бойынша жасалатын электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте МАБ-ты жүзеге асыруға арналған шарттарда электр энергиясын үшінші мемлекеттердің энергия жүйелері арқылы берумен байланысты осындай берудің ерекшеліктері ескеріледі.

      6.5 МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы электр энергиясын (қуатын) үшінші мемлекеттердің аумақтары арқылы беру қажеттілігі мен байланысты мәселелерді МАБ-ты жүзеге асыруға мүдделі мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшінші мемлекеттердің тиісті шаруашылық жүргізуші субъектілерімен бірлесіп екіжақты негізде реттейді.".

      7. 9-бөлімде:

      а) үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "- МАБ-ты Ресей БЭЖ-і арқылы жүзеге асыру кезінде МАБ көлемдерінің сағаттық шамасы тәуліктік диспетчерлік графикте ескерілген тиісті жоспарлы мәндерге теңдей етіп қабылданады. Егер МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында электр энергиясын (қуатын) үшінші мемлекеттердің аумақтары арқылы беру талап етілсе және осы Әдіснаманың 2.3.1-тармағында айқындалған басымдықты ескергенде электр энергиясы ағындарының нақты сальдосы жоспарланған мәннен аз болса, онда коммерциялық агенттің мүше мемлекеттердің мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілерімен шарттары бойынша МАБ-тың нақты сағаттық көлемі, сондай-ақ үшінші мемлекеттің тиісті шаруашылық жүргізуші субъектісімен электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге арналған шарт бойынша электр энергиясын берудің нақты сағаттық көлемі үшінші мемлекеттің Ресей Федерациясымен және үшінші мемлекеттің мүше мемлекетпен шекарасындағы электр энергиясы ағындарының нақты сальдосының тиісті мәндерінің ең аз мәніне тең қабылданады;"

      б) оныншы абзацтағы "Ауытқуларды" деген сөз "Егер МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында электр энергиясын (қуатын) беру талап етілмеген жағдайда, ауытқуларды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      в) оныншы абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Егер МАБ-ты жүзеге асыру кезінде Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында электр энергиясының (қуатының) беру талап етілген жағдайда, Ресей Федерациясының шекарасындағы жеткізу нүктелеріндегі ауытқуларды өтеу мақсатында сатып алынған және сатылған электр энергиясының (қуатының) есептеуде пайдаланылатын сандық және баға өлшемдері Ресей Федерациясының коммерциялық инфрақұрылым ұйымдарының есептік құжаттарымен, ал Армения Республикасының шекарасында – Армения Республикасының аумағында есептеу орталығының қызметтерін көрсететін уәкілетті ұйымның есептік құжаттарымен расталады.".

2-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      2018 жылғы "___" __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.

Армения
Республикасынан
Беларусь
Республикасынан
Қазақстан
Республикасынан
Қырғыз
Республикасынан

Ресей
Федерациясынан


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады