Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 278 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы Маминге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 17 мамырдағы
№ 278 қаулысымен
мақұлданған

                                                                        Жоба

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы КЕЛІСІМ

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер атынан Армения Республикасының Үкіметі және Армения Республикасының Орталық банкі, Беларусь Республикасының Үкіметі және Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қырғыз Республикасының Үкіметі және Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Ресей Федерациясының Орталық банкі,

      Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ қаржы нарығын құру, көрсетілетін қызметтер секторларында (банк секторында, сақтандыру секторында, бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторында) қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларды өзара тануды және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында,

      мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру қажеттігін негізге ала отырып,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 70-бабы 3-тармағының ережелерін ескере отырып және мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы (банк секторындағы, сақтандыру секторындағы, бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторындағы) заңнамасын үйлестіру бағыттары мен тәртібін, оның ішінде:

      қаржы нарықтарына қатысушыларға оларды жасауға, құруға және банк секторындағы, сақтандыру секторындағы, бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторындағы қызметіне қатысты келісілген талаптар қабылдау бойынша;

      қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді халықаралық стандарттарға сәйкес реттеу тәсілдерін үйлестіру бойынша;

      қаржы нарығына қатысушыларды қадағалау талаптарын және қадағалауды жүзеге асыру тәртібін үйлестіру бойынша;

      лицензияларды өзара тану үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша;

      қаржы нарығы саласындағы ақпаратты ашу талаптарын үйлестіру бойынша;

      қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) мүше мемлекеттер инвесторларының иемдену мәселесі бойынша;

      қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі талаптарды үйлестіру бойынша бағыттар мен тәртіпті айқындайды.

2-бап. Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған мағыналарда қолданылады.

3-бап. Мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру жөніндегі шаралар

      1. Мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру мақсатында осы Келісімге қатысушылар:

      мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезіндегі өзара іс-қимылын;

      мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі шараларды іске асыру үшін осы Келісімге қатысушылар орынды және ықтимал деп есептейтін өзге де шараларды қамтитын шаралар қолданатын болады.

      2. Мүше мемлекеттердің әрқайсысы осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, сол мүше мемлекеттің қандай нормативтік құқықтық актілері жақындастыруға жататыны туралы шешім, сондай-ақ мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі шараларды іске асыру дәйектілігін осы Келісімнің 6-бабында белгіленген тәртіппен белгілеу туралы шешім қабылдайды.

      Мұндай шешімдер жеке бағыттар бойынша да, банк секторындағы, сақтандыру секторындағы және бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторындағы құқықтық реттеудің жалпы тәсілдеріне қатысты да заңнаманы үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауды көздеуі мүмкін.

4-бап. Мүше мемлекеттер заңнамасын үйлестіру бағыттары

      1. Мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі шараларды іске асыру Қаржылық қызметтер жөніндегі хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 17 қосымша) 22 – 26 және 30-тармақтарында айқындалған бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      2. Осы Келісімге қатысушылар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі талаптарды үйлестіруді жүзеге асырады.

      3. Мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарында қызметті жүзеге асыруға қойылатын нақты талаптарды үйлестіру сақталатын айырмашылықтар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ қаржы нарығының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтірмеген жағдайда жүзеге асырылуға тиіс.

      4. Мүше мемлекеттер 2025 жылғы 1 қаңтарға қарай осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бағыттарға сәйкес өздерінің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру процесін аяқтайды.

5-бап. Мүше мемлекеттер заңнамасын үйлестіру қағидаттары

      Осы Келісімге қатысушылар өз мемлекеттерінің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру процесінде Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің тиімді банктік қадағалаудың негізін қалайтын қағидаттарын, Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығының сақтандыруды қадағалаудың негізін қалайтын қағидаттарын, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидаттарын және ең озық халықаралық практиканы, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарын, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу саласындағы өзге де халықаралық қағидаттар мен стандарттарды басшылыққа алады.

6-бап. Келісімді іске асыру тетігі

      1. Осы Келісімге қатысушылар Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп осы Келісім күшіне енген күннен бастап 9 ай ішінде мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіруді жүргізу кезеңдері мен мерзімдерін көрсете отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру жоспарын (бұдан әрі – үйлестіру жоспары) әзірлейді, оны Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекітеді.

      2. Үйлестіру жоспарына сәйкес әзірленген, мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру (оның ішінде халықаралық келісімдер қабылдау арқылы) жөніндегі осы Келісімге қатысушылармен келісілген ұсыныстарды және мүше мемлекеттердің заңнамасына ұсыныстарды имплементациялау мерзімдерін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекітеді.

      3. Еуразиялық экономикалық комиссия үйлестіру жоспарын және мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі қызметті осы жоспардың тармақтарына сәйкес үйлестіреді, жыл сайын оның орындалуы туралы есеп дайындайды және мұндай есепті Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің бекітуіне ұсынады.

7-бап. Өзгерістер енгізу

      Мүше мемлекеттердің өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.

8-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

9-бап. Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасасқан халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіреді.

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      20___жылғы "__"__________ _______ қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Армения
Республикасының
Үкіметі үшін

Армения
Республикасының
Орталық банкі үшін

Беларусь
Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь
Республикасының
Ұлттық банкі үшін

Қазақстан
Республикасының
Үкіметі үшін

Қазақстан
Республикасының
Ұлттық Банкі үшін

Қырғыз
Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз
Республикасының
Ұлттық банкі үшін

Ресей
Федерациясының
Үкіметі үшін

Ресей
Федерациясының
Орталық банкі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады