"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 301 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы

      Осы Заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мақсаттарды, міндеттер мен құқықтық негіздерді айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасы

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-бап. Осы Заңның мақсаты және міндеттері

      1. Осы Заңның негізгі мақсаты тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар мен қызметті мемлекеттік реттеу негіздері мен қағидаттарын құру болып табылады.

      2. Осы Заңның негізгі міндеттері:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік қорғау және пайдалану жүйесін дамыту;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, зерделеу, сақтау, пайдалану және оларға мониторингтеу қағидаттары мен тәртібін белгілеу;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды регламенттеу;

      4) мемлекеттік органдардың тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы құзыретін белгілеу;

      5) жеке және заңды тұлғалардың тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы құқықтары мен міндеттерін регламенттеу;

      6) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа ықпал ету;

      7) тарихи-мәдени мұра объектілерін жоюдан, тағылықтан, жасандылықтан, жалған дәріптеуден, бұрмалаудан, заңсыз орнын ауыстырудан және өзгертуден қорғауды қамтамасыз ету;

      8) тарихи-мәдени мұра объектілерін археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу арқылы қайта түлету және сақтау;

      9) тарихи-мәдени мұра объектілеріне залал келтіргені үшін жауаптылық шараларын белгілеу болып табылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ансамбльдер және кешендер – оқшауландырылған немесе біріктірілген ескерткіштердің, фортификация, сарай, тұрғын үй, қоғам, әкімшілік, сауда, өндіріс, ғылым, оқу мақсатындағы құрылыстар мен құрылысжайлардың, сондай-ақ діни мақсаттағы ескерткіштер мен құрылысжайлардың топтары, оның ішінде тарихи қалыптасқан аумақтарда оқшауланған қоныстардың тарихи жоспарлану және салыну фрагменттері;

      2) археология ескерткіштері – тұрақтар, қалашықтар, ежелгі құрылыстардың, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, мегалитикалық құрылысжайлар, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің іздері бар өзге де орындар;

      3) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізімі – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу үшін айқындалатын тарих және мәдениет ескерткіштері;

      4) қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері – сәулет ансамбльдері мен кешендері, тарихи орталықтар, орамдар, алаңдар, көшелер, азаматтық, тұрғын үй, өнеркәсіптік, әскери, ғибадат ету сәулетінің, халық сәулетшілігінің құрылысжайлары, сондай-ақ олармен байланысты монументтік, сәндік-қолданбалы және бау-саябақ өнерінің туындылары, табиғи ландшафттар;

      5) қорғау міндеттемесі – тарих және мәдениет ескерткішінің осы құжатты ресімдеу кезіндегі жай-күйі және меншік иесінің немесе пайдаланушының тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттары тіркелетін құжат;

      6) мемориалдық тақта – ғимараттар мен құрылысжайлардың қасбетіне орнатылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мәрмәрдан, граниттен, металдан немесе басқа да материалдардан жасалған тақта;

      7) монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер);

      8) сакралдық объектілер – тарихи және естелік жерлер, қолдан жасалған және табиғи ғибадат ету объектілері, тарихи ландшафттар, тарихи оқиғалармен және тұлғалармен, сондай-ақ діни сеніммен және халықтың рухани құндылығымен байланысты құрылысжайлар;

      9) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілері;

      10) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі археологиялық жұмыстар – археология ескерткіштеріне археологиялық жұмыстарды және қазба, барлау және сараптамалар жасау арқылы зерттеулер жүргізу;

      11) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары – тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу, жобалау және өндірістік жұмыстар;

      12) Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі – олардың түрі, санаты және орналасқан жері көрсетілген тарих және мәдениет ескерткіштері деп танылған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізбесі;

      13) тарих және мәдениет ескерткішін пайдаланушы – осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерін оның меншік иесімен жасалған шарт негізінде пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

      14) тарихи-мәдени мұра объектілері – тарихи процестер нәтижесінде пайда болған, тарих, археология, сәулет, қала құрылысы, өнер, ғылым мен техника, эстетика, этнология немесе антропология, әлеуметтік мәдениет тұрғысынан қызығушылық тұғызатын, олармен байланысты бейнелеу, мүсін, қолданбалы өнер, ғылым мен техника туындылары және материалдық мәдениеттің өзге де заттары бар жылжымайтын мүлік объектілері;

      15) тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізімі – тиісті түрі мен мәртебесін зерделеуге және айқындауға жататын жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімі (бұдан әрі – алдын ала есепке алу тізімі);

      16) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану – тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға, зерттеуге, басқаруға және насихаттауға бағытталған шаралар кешені;

      17) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      18) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы орган – мәдениент саласын реттеуге уәкілетті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басқармасы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бөлімі;

      19) тарихи-мәдени сараптама – тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи-мәдени маңызын және сақталу дәрежесін белгілеуге бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығын қамтитын қорытынды;

      20) тарихи-сәулет тірек жоспары – тиісті жердегі тарих және мәдениет ескерткішінің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат;

      21) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізімі –ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің шешімі негізінде қалыптастырылатын дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра объектілерінің тізбесі.

4-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілері

      Тарихи-мәдени мұра объектілеріне:

      1) археология объектілері;

      2) қала құрылысы және сәулет объектілері;

      3) ансамбльдер және кешендер;

      4) сакралдық объектілер;

      5) монументтік өнер құрылыстары;

      6) мемориалдық тақталар жатады.

5-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштері

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштері мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) археология ескерткіштері;

      2) қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

      3) ансамбльдер және кешендер;

      4) сакралдық объектілер;

      5) монументтік өнер құрылыстары.

      2. Тарихи-мәдени мұра объектiлерi тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесiн осы Заңда белгiленген тәртiппен олар тарих және мәдениет ескерткіштері деп танылған кезден бастап иеленедi.

      Тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану республикалық немесе жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу арқылы бекітіледі.

      3. Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткiштерi, осы Заңда көзделген тәртiппен мiндеттi түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдалану, олардың меншік құқығын өзгерту және оларды мәртебеден айырудың ерекше құқықтық режиміне ие болады.

      Тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесiнен айыруға және Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастауға объект толық жойылған және (немесе) тарихи-мәдени мәнін жоғалтқан жағдайда ғана жол беріледі.

      4. Тарихи-мәдени мұраның анықталған объектілерін алдын ала есепке алу тізіміне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі тиісті жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша енгізеді және осы Заңға сәйкес олардың мәртебесi туралы түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн тарих және мәдениет ескерткiштерiмен тең дәрежеде қорғалуға жатады.

      Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін тану не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастау туралы түпкілікті шешім олар тарихи-мәдени сараптаманың тиісті қорытындысы негізінде алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген кезден бастап үш жыл ішінде қабылдануға тиіс.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімді тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі тиісті жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

      5. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы орган тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілген тарихи-мәдени мұра объектілеріне уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша тарих және мәдениет ескерткішінің паспортын ресімдейді. Тарих және мәдениет ескерткіші туралы жаңа мәліметтер алынған жағдайда тарих және мәдениет ескерткішінің паспортына жаңа мәліметтері бар қосымша қоса беріледі.

      6.Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауға, есепке алуға, сақтауға, зерттеуге, насихаттауға және оларға мониторинг жүргізуге;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін бекітуге;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілерін жоюдан, тағылықтан, жасандылықтан, жалған дәріптеуден, бұрмалаудан, заңсыз орнын ауыстырудан және өзгертуден, тарихи түпмәтінінен алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етуге;

      4) археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу арқылы қайта түлетуге және сақтауға;

      5) олардың сақталуын қамтамасыз ететін нормаларға сәйкес күтіп- ұстауға;

      6) этномәдени ортаны, сондай-ақ ғылыми, біліми және туристік мақсаттарда қайта түлету процесінде пайдалануға бағытталған шаралар жүйесін қамтиды.

6-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің санаттары

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне тиісті органдар қабылдаған шешімге байланысты олардың тарихи, мәдени, ғылыми, сәулеттік, көркемдік және мемориалдық құндығылығын ескере отырып, мынадай санаттар бойынша тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі беріледі:

      1) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тiзiмiне енгізілген халықаралық маңызы бар, тарихи, ғылыми, сәулеттiк, көркемдiк, мемориалдық тұрғыдан құнды тарих және мәдениет ескерткiштерi;

      2) Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетi үшiн ерекше ұлттық маңызы бар, тарихи, ғылыми, сәулет, көркемдiк және мемориалдық тұрғыдан құнды республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi;

      3) тиісті аумақтың тарихы мен мәдениетi үшiн ерекше маңызы бар, тарихи, ғылыми, сәулет, көркемдiк және мемориалдық тұрғыдан құнды жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi.

      2. Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану туралы, сондай-ақ оларды мәртебесiнен айыру туралы қорытындыны әзiрлеу үшiн уәкiлеттi орган арнайы комиссия құрады, оның құрамына ғалымдар, мамандар, мәдениет және өнер қайраткерлерi, шығармашылық одақтар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi кіреді.

7-бап. Жеке және заңды тұлғалардың тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға қатысуы

      Жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткіштерін насихаттау мен танымал етуге қатысады, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруда облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жәрдемдеседі.

      Жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оларды қамқорлыққа алуға құқылы.

2-тарау. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару 8-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасы тиісті мемлекеттік органдардың атынан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Халықаралық шарттарға сәйкес:

      1) Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, бірақ басқа мемлекеттердің аумақтарында орналасқан;

      2) басқа мемлекеттердің меншігі болып табылатын, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан;

      3) басқа мемлекеттердің меншігі болып табылатын, солардың аумақтарында орналасқан, бірақ тарихи тұрғыдан Қазақстан Республикасымен байланысты тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғалуға және пайдаланылуға жатады.

      Қазақстан Республикасы өзінен тыс жерде орналасқан және Қазақстан халқының тарихи-мәдени игілігі деп танылған тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алуды ұйымдастыру, сақтау, зерделеу және тарихи отанына қайтару жөнінде шаралар қабылдайды.

9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) Ұлттық пантеон туралы ережені әзірлейді және бекітеді;

      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

10-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануды және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

      5) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттiк меншiктегi тарихи-мәдени мұра объектiлерiн пайдалану үшiн жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгiлейдi;

      7) республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекітеді;

      8) осы Заңға сәйкес республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесiнен айырады және оны Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарады;

      9) жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін келіседі;

      10) қала құрылысы жобаларын, республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері аумақтарындағы және оларды қорғау аймақтарындағы шаруашылық, ғылыми-реставрациялау және өзге де қызмет жобаларын келіседі;

      11) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөнінде комиссия құрады және ол туралы ережені бекітеді;

      12) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тiзiмiне енгізуге ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесін ұсыну тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      13) тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, өзгерту, орнын ауыстыру, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      14) тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру және оларға қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      15) тарих және мәдениет ескерткіштеріне арналған қорғау міндеттемелерін беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      16) тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындау қағидаларын және пайдалану режимін әзірлейді және бекітеді;

      17) тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қағидаларын және шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      18) тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық жұмыстар жүргізу қағидаларын және шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      19) монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      20) мемориалдық тақталар орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      21) тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуын бағалау нормативтерін әзірлейді және бекітеді;

      22) тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарын әзірлейді және бекiтедi;

      23) тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      24) Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      25) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз етеді;

      2) тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді;

      3) тиiстi аумақтардың экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарларында жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, ғылыми-реставрациялауды және археологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды көздейдi;

      4) мемлекет меншігі болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру туралы шешім қабылдайды;

      5) уәкiлеттi органмен келiсу бойынша қала құрылысы жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау, зерттеу, сақтау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын, тарихи-сәулет тiрек жоспарларын және карта-схемаларды жасауды қамтамасыз етедi;

      6) тиісті елді мекендердің бас жоспарларына тарих және мәдениет ескерткіштерінің тарихи-сәулет тiрек жоспарларын енгізу бойынша жұмыс жүргізеді;

      7) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мiндеттемелерiн ресiмдейдi және оларды меншiк иелерi мен пайдаланушылардың орындауын бақылайды;

      8) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия құрады;

      9) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      10) мемориалдық тақта орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      11) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне жоспарланатын археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың барлық түрлерiне ғылыми-жобалау құжаттаманы қарайды және келiседi;

      12) тиісті аумақтарда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану және күтіп-ұстау тәртібін, сондай-ақ оларға археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      13) уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектiлерiн жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп таниды және тарихи-мәдени сараптама қорытындысының негізінде жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады;

      14) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін мәртебесінен айырады және тарихи-мәдени сараптама қорытындысының негізінде уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастайды;

      15) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында:

      1) жеке және заңды тұлғалардың тарих және мәдениет ескерткiштерiн қамқорлыққа алуын ұйымдастыруға жәрдемдеседi;

      2) жұртшылықты тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және насихаттау жөнiнде iс-шараларды жүргiзуге тартады;

      3) Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына немесе уәкiлеттi органға өздерiнiң құзыретi шегiнде, тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, құлау қаупiн жою туралы хабарлайды;

      5) жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне тарихи-мәдени мұра объектілерін енгізу туралы ұсыныстар енгізеді;

      6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

12-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыруға арналған лицензияны алуға өтініш берген өтініш иелері және осы қызмет түрлерін жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, кемінде бес жыл еңбек өтілі бар және осы салада ғылыми дәрежесі бар кемінде бір ғылыми қызметкер болуға тиіс.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымда жұмыс істейтін ғылыми қызметкерді көрсетілген жұмыс түрлеріне лицензия алу үшін өтініш беру процесінде басқа ұйым мәлімдей алмайды.

      3. Археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды лицензиялауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

13-бап. Мемлекеттік бақылау

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

      1) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйін және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

      2) монументтік өнер құрылыстарын орнатуды;

      3) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстардың орындалуын бақылауды қамтиды.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

      1) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйін және оларды күтіп-ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды;

      2) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының орындалуын мемлекеттік бақылауды қамтиды.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

3-тарау. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығын жүзеге асыру ерекшеліктері 14-бап. Меншік қатынастарын реттеу

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік қатынастары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында реттеледі. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңда белгіленеді.

15-бап. Меншік құқығының объектілері

      Осы Заңда белгіленген тәртіппен тарих және мәдениет ескерткіштері деп танылған тарихи-мәдени мұра объектілері тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығының объектілері болып табылады.

16-бап. Меншік құқығының субъектілері

      Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығының субъектілері болып табылады.

17-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік меншік

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

      Қазақстан Республикасы қазақ халқының және Қазақстан Республикасында тұратын басқа да халықтардың тарихи-мәдени мұрасын құрайтын, тарихи-мәдени құндылығы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын олардың меншік иелерімен жасалған шарттар бойынша сатып алуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы атынан республикалық және халықаралық маңызы бар ескерткіштерге меншік иесінің өкілеттіктерін уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне - облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

18-бап. Меншік субъектілерінің құқықтары

      Тарих және мәдениет ескерткіштерін өзі дербес жою құқығын қоспағанда, меншік иесіне оларды меншік объектілері ретінде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығы тиесілі.

      Егер меншігінде тарих және мәдениет ескерткіші бар азаматқа меншік объектісі мұрагерлік құқығында тиесілі болса және шығу тегі немесе мазмұны бойынша өсиет қалдырушының жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, ол елу жылға дейiнгі мерзiмде оның мазмұнын жария етпеуді немесе зерттеу және көпшіліктің қарауы үшін қолжетімді болмауын талап етуге құқылы.

      Меншік иесінің тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау бойынша міндеттемелермен шектелген, оларды пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табу (кіріс алу) құқығы бар.

19-бап. Меншік иелерінің міндеттері

      Тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң меншiк иелерi оларды сақтау бойынша қызметтi жүзеге асырады және:

      1) тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға;

      2) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдарды меншік құқықтарының болжанатын немесе болған өзгерістері туралы хабардар етуге;

      3) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуді уәкілетті органмен келісуге;

      4) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдармен жасалған арнайы шарттарда белгіленетін тәртіппен және шектерде ғылыми, білім беру, мәдени және өзге де мақсаттарда тарих және мәдениет ескерткiшiне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мiндеттi.

      Тарихи және мәдени ескерткіштердің меншік иелері мен оларды пайдаланушылардың міндеттемелері тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы орган беретін қорғау міндеттемесінде тіркеледі.

      Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелер тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланушыларға да бірдей дәрежеде қатысты.

20-бап. Күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін алып қою

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесі осы ескерткіштерді күтімсіз ұстаған, бұл олардың өз маңызын жоғалту қаупін төндірген жағдайларда, мұндай ескерткіштерді заңды күшіне енген сот шешімі бойынша мемлекет сатып алу арқылы меншік иесінен алып қояды.

      Меншік иесінен жеке меншігіндегі оның тұрғын үйі немесе тұрғын үй-жайы болып табылатын тарих және мәдениет ескерткішін алып қою оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзге тұрғын үй-жайы берілмей және шарт бойынша тиісті өтемақы төленбей жүзеге асырылмайды.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштерін сатып алу кезінде меншік иесіне тараптардың келісімімен белгіленген, ал дау жағдайында – сот тәртібімен белгіленген мөлшердегі олардың құны өтеледі.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде оларды күтімсіз ұстау фактілері анықталған жағдайда тиісті уәкілетті органдар:

      уәкілетті орган - республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне;

      тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдар - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті бұзғаны және осындай бұзушылықтарды нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы нұсқама береді.

      4. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесі анықталған бұзушылықтарды жоймаған жағдайда:

      республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты – уәкілетті орган;

      жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты –тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдар тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.

      5. Мемлекет тарих және мәдениет ескерткіштерін сот шешімі бойынша алып қойған жағдайда, олар мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік меншікке өтеді.

21-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіне меншік құқығын сатып алу кезіндегі басымдықтар

      Жалпы үлестік меншіктегі тарих және мәдениет ескерткішінің бір бөлігінің меншік иелерінде осы тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін меншігіне сатып алудың басым құқығы бар.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін сатып алудың осы баптың бірінші бөлігінде көзделген басым құқығы сатып алушы меншігінің тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі болмаған жағдайларға да қолданылады.

      Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде айтылған жағдайларды қоспағанда, тарих және мәдениет ескерткішін жария сатқан кезде мемлекеттің нарықтық (аукцион) бағасы бойынша басымдықпен сатып алу құқығы бар.

4-тарау. Тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік есепке алу 22-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік есепке алу

      Тарихи-мәдени мұра объектілері меншік нысанына қарамастан белгіленген тәртіппен есепке алуға жатады.

      Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткiштерi осы Заңда көзделген тәртiппен мiндеттi қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларға меншiк құқығын өзгертудiң және оларды мәртебеден айырудың ерекше құқықтық режимiне ие.

23-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану

      Тарихи-мәдени мұра объектілері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін жаңғырту және дамыту мақсатында, сондай-ақ ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланылады.

      Қалалар мен басқа да елдi мекендердiң тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдалану режимi тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау және пайдалану қағидаларына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн оларды қорғау аймақтарының жобаларында айқындалады.

24-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдерін бекіту тәртібі

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдері тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесінің санатына қарай мынадай тәртіппен бекітіледі:

      Халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға сәйкес бекітіледі;

      Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкiлеттi орган бекiтедi;

      Жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкiлеттi органмен келiсу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.

      2. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тiзiмiне енгізу үшін ұсынылатын тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган ұсынады.

25-бап. Уәкiлеттi органның арнайы комиссиясын құру тәртiбi және оның құрамы

      Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану, оларды тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесiнен айыру, Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу уәкiлеттi орган құрған арнайы комиссияның қорытындысы және тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

      Арнайы комиссияның құрамына ғалымдар, мамандар, мәдениет және өнер қайраткерлерi, шығармашылық одақтар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi кіреді.

5-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану тәртібі 26-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану

      Тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін жаңғырту және дамыту мақсатында, сондай-ақ ғылыми, білім беру және туристік мақсаттарда пайдаланылады.

      Қалалар мен басқа да елдi мекендердiң тарих және мәдениет ескерткiштерiн пайдалану режимi облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн оларды қорғау аймақтарының жобаларында айқындалады.

27-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру тәртібі мен шарттары

      1. Жеке және заңды тұлғаларға тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру ғылыми, білім беру және туристік мақсаттар үшін жүзеге асырылады.

      2. Коммуналдық меншік болып табылатын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша пайдалануға беріледі.

      Республикалық меншік болып табылатын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша пайдалануға беріледі.

      Коммуналдық меншік болып табылатын республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша пайдалануға беріледі.

      Республикалық меншік болып табылатын республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша пайдалануға беріледі.

28-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыру

      Пайдалануында тарих және мәдениет ескерткіші бар жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішінің сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндетін бұзған, нәтижесінде тарих және мәдениет ескерткішіне жойылу немесе бүліну қаупі төнген жағдайда, олар Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес пайдалану құқығынан айырылады.

29-бап. Меншікке және пайдалануға берілген жерлерде орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      Жер учаскелерінің меншік иелері және жер пайдаланушылар өздеріне берілген жерлерде орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамаған жағдайда, тарихи-мәдени мұра объектілері алып жатқан жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алып қойылады.

30-бап. Қала құрылысы жобаларын уәкілетті органмен келісу

      Тарих және мәдениет ескерткіштері бар қала құрылысының жобалары, сондай-ақ жер пайдалану карталары уәкiлеттi органмен келісуге жатады.

31-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары

      1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне оның қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы белгіленеді.

      2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді және олар тиісті жердің тарих және мәдениет ескерткіштерінің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулеттік тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі.

      3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегінде жерді пайдалану режимін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген негіздерде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

32-бап. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және өзгерту

      1. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және өзгерту оның паспортында көрсетілген кеңістіктегі объектінің тұрған орнын өзгерту, оның келбетін, көлемдік-жоспарлы және конструктивтік шешімдері мен құрылымын, интерьерін және өзге физикалық сипаттарын өзгерту болып табылады.

      2. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынады.

      Тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени құндылығы жоғалған жағдайларда, не егер оның орнын ауыстыру оның сақталу жағдайын жақсартатын болса:

      1) республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен;

      2) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ұсынуы бойынша уәкілетті органның шешімімен уәкілетті органның арнайы комиссиясымен келісу бойынша отырып, тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде ғана олардың орнын ауыстыруға және өзгертуге жол беріледі.

      3. Мұндай шешім алған жеке және заңды тұлғалар ескерткіштің орнын ауыстыру немесе оларды өзгерту кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, ал уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткішін ғылыми зерттеу және тіркеу бойынша жұмыстар жүргізуге міндетті.

      4. Көрсетілген жұмыстарды жүзеге асырумен байланысты шығыстар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға немесе оны өзгертуге шешім алған жеке және заңды тұлғалардың есебінен жүргізіледі.

33-бап. Аумақты игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      1. Жер учаскелері бөліп берілгенге дейін аумақтарды игеру кезінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөніндегі зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.

      Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды одан әрі жүргізуді тоқтата тұруға және үш жұмыс күні ішінде ол туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.

      2. Жер учаскелерін игеру барысында тарихи-мәдени мұра объектілері анықталған кезде, олардың табылғаны туралы хабарланған кезден бастап бір ай ішінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі тиісті жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы алдын ала есепке алу тізіміне енгізеді және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданға дейін олар осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғауға жатады.

      Жер учаскелерін игеру кезінде анықталған және алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастау жөніндегі түпкілікті шешім тиісті тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде оларды алдын ала есепке алу тізіміне енгізген кезден бастап үш ай ішінде қабылдануға тиіс.

      Осы тармақта көзделген іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда меншік иесі не жер пайдаланушы жерді игеруді қайта бастауға құқылы.

      ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне енген тарихи-мәдени мұра объектілері аумақтарында ірі көлемді қалпына келтіру немесе жаңа құрылыс жұмыстарын бастау ниеті болған кезде 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті органның дипломатиялық арналары арқылы уәкілетті орган алдын ала хабарлама жібереді.

      3. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.

6-тарау. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыстар 34-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау

      1. Тарих және мәдениет ескерткішіне ғылыми-реставрациялау жұмыстары уәкілетті орган бекіткен ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      Жоспардан тыс тарих және мәдениет ескерткішінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.

      2. Ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспарын уәкілетті орган алдыңғы күнтізбелік жылға мемлекеттік органдардың, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.

      3. Мемлекеттік органдар және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ұсыныстарын жоспарлы жылдың алдындағы жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.

      4. Уәкілетті орган ғылыми-реставрациялау жұмыстарының алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарлы жылдың алдындағы жылының 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді.

      Ғылыми-реставрациялау жұмыстарының алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін уәкілетті орган жоспарлы жылдың алдындағы жылының 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

      5. Ғылыми-реставрациялау жұмыстарының бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.

35-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары

      Тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстарына мыналар жатады:

      1) ғылыми зерттеу – тарих және мәдениет ескерткішін зерттеуге, сапасын бағалауға, сақтау деңгейін және сақтау бойынша жүзеге асырылатын қажетті жұмыстардың көлемін айқындауға, соның ішінде жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу барысында жүзеге асырылатын қызметіне анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      2) консервациялау – тарих және мәдениет ескерткішін одан әрі бұзылудан сақтайтын және ескерткіштің тарихи қалыптасқан келбетін өзгертпей конструктивтік бөліктері мен сәндік элементтерін бекітуді және қорғауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені. Консервациялауға ескерткіштің бүтін сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралардан тұратын аварияға қарсы жұмыстар да жатады;

      3) реставрациялау – тарих және мәдениет ескерткішін құндылығы жоқ және ескерткіштің келбетін бұзатын қабаттардан тазарту арқылы оның тарихи, сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуы мен ашылуын, ғылыми негізделген деректер арқылы ғимараттың, ансамбльдің, кешеннің жоғалған элементтерінің орнын толтыруды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені;

      4) қайтадан жасау – жеткілікті ғылыми деректері мен тарих және мәдениет ескерткішінің айрықша тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге мәдени маңызы болған кезде жоғалған тарих және мәдениет ескерткішін қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешені;

      5) жөндеу – тарих және мәдениет ескерткішінің техникалық жай-күйін, оның келбетін өзгертпей, кезеңдік жұмыстар жүргізу арқылы күтіп-ұстау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      6) бейімдеу – тарих және мәдениет ескерткіштерін тарихи, көркемдік құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оның қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін жағдай жасау мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені.

      2. Тарих және мәдениет ескерткішінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары ғылыми-реставрациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.

      3. Республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары – уәкілетті органның бақылауымен, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың бақылауымен жүзеге асырылады.

      4. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары бюджет қаражаты, инвестициялар тарту есебінен, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      5. Тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру қызметіне лицензиясы, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиясы негізінде заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.

      6. Ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінде ғылыми-реставрациялау жұмысын бастаудан күнтізбелік он күн бұрын жұмысты бастау туралы жергілікті атқарушы органды, республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінде ғылыми-реставрациялау жұмысын бастаудан күнтізбелік он күн бұрын жұмысты бастау туралы – уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      7. Жеке және заңды тұлғалар ғылыми-реставрациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізілген ғылыми-реставрациялау жұмыстарының сипаты мен нәтижесін қамтитын:

      жергілікті атқарушы органдар – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші жөнінде;

      уәкілетті органға – республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші жөнінде есеп жібереді.

36-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерінде археологиялық жұмыстарды жоспарлау

      1. Тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен археологиялық жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      Жоспардан тыс тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.

      2. Археология жұмыстарының жоспарын уәкілетті орган алдынғы күнтізбелік жылға мемлекеттік органдар мен тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.

      3. Мемлекеттік органдар және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ұсыныстарды жоспарлы жылдың алдындағы жылының 1 ақпанына дейінгі мерзімде ұсынады.

      4. Уәкілетті орган археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын жоспарлы жылдың алдындағы жылының 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Уәкілетті орган - археологиялық жұмыстардың алдын ала жоспарын мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден кейін жоспарлы жылдың алдындағы жылының 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

      5. Археологиялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді мемлекеттік органдар мен тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.

37-бап. Тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстар

      1. Тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстарды жүргізуге лицензия болған кезде жол беріледі және уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      Тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды бастағанға дейін күнтізбелік он күн бұрын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстардың басталғаны туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі жергілікті атқарушы органды, республикалық және халықаралық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіндегі археологиялық жұмыстардың басталғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      Қазақстан Республикасы аумағында тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыруға лицензияны облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсу бойынша уәкiлеттi орган береді.

      2. Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары алған барлық материалдар мен олжалар ғылыми тіркелгеннен және өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріледі.

      3. Қазақстан аумағында археологиялық зерттеулермен айналысатын Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары тарих және мәдениет ескерткішінде археологиялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде мына құжаттарды:

      1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), заңды тұлғаның атауы, археологиялық зерттеу объектісінің атауы, археологиялық зерттеуді қаржыландыру көзі көрсетілген хатты;

      2) жүргізілген археологиялық жұмыстардың мақсаттарын, міндеттерін және сипаттамасын қамтитын қысқа есепті;

      3) әр материал мен олжаның А5 форматтағы түрлі-түсті суреті қоса берілген мөлшері, салмағы, пішіні, дайындалу материалы, материал мен олжаның дайындалу техникасы туралы ақпаратты қамтитын материалдар мен олжалардың тізбесін жібереді.

      4. Ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган келіп түскен күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде қарайды.

      5. Осы баптың 3-тармағына сәйкес келмейтін құжаттар ұсынылған жағдайда уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде жеке және заңды тұлғаларға жеткіліксіз құжаттарды немесе ақпараттық сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуды жібереді.

      6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген келіп түскен құжаттарды қарау үшін уәкілетті орган тұрақты жұмыс істейтін сараптама комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      7. Комиссия отырысы жеке және заңды тұлғалардан құжаттардың келіп түсу шамасы бойынша өткізіледі.

      8. Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия музейдің атауын көрсете отырып, материалдар мен олжаларды республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік музейге беру туралы шешім қабылдайды. Комиссия шешімі ұсынымдық сипатқа ие және хаттамамен ресімделеді.

      9. Уәкілетті орган жеке және заңды тұлғаларды және тиісті мемлекеттік музейді уәкілетті органның қабылданған шешіміне сәйкес материалдар мен олжаларды қабылдау-беру актісімен жүзеге асыру қажеттігі туралы хабардар етеді.

      10. Жеке және заңды тұлғалар материалдар мен олжаларды мемлекеттік музейге оларды ғылыми тіркеу және өңдеу туралы есепті қоса бере отырып, хабарлама алынған күннен бастап бір жыл ішінде береді.

      11. Материалдар мен олжаларды жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік музейге беруі материалдар мен олжаларды қабылдау-беру актісімен (бұдан әрі – қабылдау-беру актісі) ресімделеді.

      Қабылдау-беру актісі үш данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде, әр тарап үшін біреуден және бір данасы уәкілетті орган үшін жасалады.

      Мемлекеттік музей қабылдау-беру актісіне қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қабылдау-беру актісінің бір данасын уәкілетті органға жібереді.

      12. Тарихи-мәдени мұра ескерткішінде археологиялық жұмыстар аяқталған соң оны жүргізген жеке және заңды тұлғалар объектіні консервациялау бойынша жұмыстар жүргізуге, археологиялық жұмыстар жүргізу салдарынан бұзылған жер учаскелерін және басқа да табиғи объектілерді қалпына келтіруге міндетті.

38-бап. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табу

      1. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған кезде олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге жатады. Мұндай көмбе табылған жылжымайтын мүліктің меншік иесі және көмбенi тапқан адам Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, көмбе құнының елу пайызы мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Мемлекетке тиесілі жер учаскесінен немесе өзге жерде мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған жағдайда көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.

      Көмбе құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес мүлікті бағалау есебі негізінде айқындалады.

      2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбені тапқаны үшін сыйақы төлеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен бюджет қаражатынан жүргізіледі.

7-тарау. Тарихи-мәдени сараптама 39-бап.Тарихи-мәдени сараптама жүргізу мақсаттары

      Тарихи-мәдени сараптама тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи-мәдени маңызын және сақталу дәрежесін белгілеу мақсатында жүргізіледі.

      Тарихи-мәдени сараптама ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын қамтиды.

      Сараптаманың қорытындысына уәкілетті органда не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

40-бап. Тарихи-мәдени сараптама объектілері

      Мыналар:

      игеруге жататын жер учаскелері;

      тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енуін негіздейтін материалдар;

      тарихи-мәдени мұра объектілерінің Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тасталуын негіздейтін материалдар;

      тарихи-мәдени мұра объектілерінің Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік мәдени мұрасының алдын ала тізіміне енгізді негіздейтін материалдар;

      тарихи-мәдени мұра объектісінің санатын белгілеуді немесе өзгертуді негіздейтін материалдар тарихи-мәдени сараптама объектілері болып табылады.

8-тарау. Қорытынды ережелер 41-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасының бұзылуына әрекетпен немесе әрекетсіздікпен көрініс тапқан кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      Тарих және мәдениет ескерткiшіне немесе оның қорғау аймағына зиян келтiрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткiшін немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге, ал бұл мүмкiн болмаған кезде келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi.

42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 12-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 15, 363-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 17, 139-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-ІІ, 105-құжат; 20-IV, 113-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2017 ж., № 9, 18-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады