Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімнің жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 308 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕҢІЛДІКТІ КРЕДИТ БЕРУІ ТУРАЛЫ НЕГІЗДЕМЕЛІК КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - "Тараптар")
екі ел арасындағы достық қатынастарды және техникалық-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қытай Халық Республикасының Үкіметі осы арқылы Қытай Экспорт-импорт банкінің (бұдан әрі - Кредитор) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне (бұдан әрі - Қарыз алушы) "Қазақстандық өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық толық жарақтандыру" жобасын (бұдан әрі - Жоба) іске асыру үшін жалпы сомасы 2,062 млрд. қытай юанынан (екі миллиард алпыс екі миллион қытай юанынан) аспайтын жеңілдікті кредит (бұдан әрі - Кредит) беруіне қағидаттық келісім береді.
Кредит бойынша пайыздарды субсидиялауға арналған шығыстарды Қытай Халық Республикасының Үкіметі кредиторға тікелей төлейді.
2-бап
Кредит берудің негізгі шарттары мыналар болып табылады:
1) Кредит беру мерзімі пайдалану мерзімін, жеңілдікті мерзімді және өтеу мерзімін қоса алғанда, 20 (жиырма) жылдан аспайды, бұл ретте жеңілдікті мерзім 5 (бес) жылдан аспайды;
2) Кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 2 (екі) пайызды құрайды.
3-бап
Жоба Тараптармен, келісілді, кредитор бағалады және бекітті.
Осы кредит қайта кредиттелген жағдайда, кредитор және Қазақстан Республикасының Үкіметі қайта кредиттеуге уәкілеттік берген орган жобаны бағалауға және бекітуге тиіс.
4-бап
Кредитті пайдалану туралы Кредиттік келісім (бұдан әрі - кредиттік келісім) осы Негіздемелік келісім күшіне енгеннен кейін кредитор мен қарыз алушы арасында жасалатын болады.
Қажет болған жағдайда, Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Негіздемелік келісімге екі Тарап үшін қолайлы заңды нысандарда ресімделетін, осы Негіздемелік келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Негіздемелік келісімнің күшіне ену шарттарына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
5-бап
Тараптар кредиттік келісімнің іске асырылу барысын уақтылы тексеріп отырады, сондай-ақ осы Негіздемелік келісімді іске асыру барысында туындауы мүмкін тиісті мәселелер мен даулар бойынша консультациялар мен келіссөздер жүргізеді.
6-бап
Осы Негіздемелік келісім Тараптардың осы Негіздемелік келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Негіздемелік келісім, егер күшіне енген күнінен бастап 3 (үш) жыл ішінде кредитор мен қарыз алушы арасында кредиттік келісім жасалмаса, автоматты түрде өз қолданысын тоқтатады.
201___ жылғы "___" ____________________ қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін артықшылықты күшке ие болады.
Қазақстан Республикасының | Қытай Халық Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |