"Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 342 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 487-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекет білім алу кезеңінде:

      1) көп балалы отбасылардан шыққан балаларға;

      2) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;

      3) жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балаларға;

      4) дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларға;

      5) интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілеріне;

      6) денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің, жалпы оқыту білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ уақыт бойы үйде немесе стационарлық көмек көрсететін, сондай-ақ қалпына келтіру емін жасайтын және медициналық оңалту ұйымдарында оқитын балаларға;

      7) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында білім беру гранты бойынша оқитын студенттерге;

      8) білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттерге;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын өзге санаттағы азаматтарға шығыстарды ішінара өтейді.

      Мемлекет осы Қағидалардың 5-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген санаттағы азаматтарға тамағы үшін тамақ құнының 80 пайызы мөлшерінде (20 пайызы ата-аналардың төлемі есебінен жабылады) шығыстарды өтейді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген және қорғаншылық (қамқоршылық) пен патронаттағы адамдар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында білім алу кезеңінде жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы есебінде республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен тегін ыстық тамақтану құқығына ие.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет тамақтану құнының 100 пайызы мөлшерінде ыстық тамаққа кететін шығыстарды өтейді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет жергілікті бюджет есебінен жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы есебінде ыстық тамаққа кететін шығыстарды өтейді.

      Тамақтануға кететін шығыстар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша толықтай жергілікті бюджеттер есебінен жабылуы мүмкін.

      Орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары және жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар осы қаулымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек берудің мөлшеріне, көздеріне және түрлеріне сәйкес мектепте бір рет тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру мөлшері, көздері және түрлерінде:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында білім беру гранты бойынша оқитын студенттер үшін тамақтану нормалары мөлшерге, көздерге және түрлерге 5-қосымшаға сәйкес белгіленеді.";

      көрсетілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру мөлшеріне, көздеріне және түрлеріне 4-қосымшадағы ескертпенің 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Музыка немесе көркемөнер колледжінің бір білім алушысын тамақтандыру нормалары мектеп жасындағы бір балаға арналған тамақтандыру нормаларына сәйкес келеді.".

      көрсетілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру мөлшеріне, көздеріне және түрлеріне 5-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан білім алушылар мен студенттерді және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында білім беру гранты бойынша оқитын студенттерді тамақтандыру нормалары.";

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады