Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 353 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы № 1055 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.11.2023 № 1055 қаулысымен.

      "Магистральдық құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Интергаз Орталық Азия" акционерлік қоғамы магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор болып айқындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 15 маусымдағы
№ 353 қаулысымен
бекітілген

Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы ереже "Магистральдық құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператордың (бұдан әрі – ұлттық оператор) өкілеттігін, негізгі міндеттерін және функцияларын айқындайды.

      2. Ұлттық оператор өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Магистральдық құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Ұлттық оператордың міндеттері мен функциялары

      3. Ұлттық оператордың қызметі Қазақстан Республикасында магистральдық газ құбырлары жүйесін дамытуға, оларды тиімді, сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

      4. Ұлттық оператордың негізгі міндеттері:

      1) тауарлық газды магистральдық газ құбырларымен ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасының және қатынастардың басқа да қатысушыларының мүдделерін қамтамасыз ету;

      2) магистральдық газ құбырлары жүйесін инновациялық дамытуды және оны әлемдік энергетика жүйесіне интеграциялауды қамтамасыз ету, тауарлық газ ағындарын әртараптандыру арқылы мемлекеттің энергетикалық әлеуетін арттыру;

      3) магистральдық газ құбырлары бойынша экспорттық бағыттар мен магистральдық газ құбырларына қосылған ішкі тұтынушыларға тауарлық газды тасымалдау арасында тауарлық газды тасымалдау режимінде, оның ішінде қысқы кезеңде тауарлық газ іріктеудің ең жоғары режимі жағдайында балансты қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының газ тасымалдау жүйесінің магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдаудың өзара байланысты режимін жедел-диспетчерлік басқару;

      5) нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген тауарлық газдың сапасы жөніндегі техникалық талаптарға сәйкес магистральдық газ құбырындағы тауарлық газ сапасын қамтамасыз ету;

      6) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдау бөлігінде мұнай-газ секторын дамытудың мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларын әзірлеуге және орындауға қатысу;

      7) Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ұсыныстарды әзірлеу және уәкілетті органның қарауына енгізу;

      8) магистральдық газ құбырлары саласындағы нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттама жобаларын әзірлеуге қатысу;

      9) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдау саласындағы халықаралық шарттарды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      10) тауарлық газды тасымалдау бағыттарының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және әртараптандыруға бағытталған халықаралық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарға қатысу болып табылады.

      5. Ұлттық оператор:

      1) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі меншік иесінің магистральдық газ құбыры арқылы Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсету құқығына ие;

      2) ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбыры арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тасымалданатын тауарлық газды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету (бірыңғай бағдарлау бойынша операторлық қызмет) құқығына ие.

      6. Ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан экспортқа (оның ішінде транзитке) тасымалданатын тауарлық газды тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету құқығын іске асыру шеңберінде Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өнім жөнелтушілермен магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдауды ұйымдастыруға арналған шарттар жасасады;

      2) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдауды ұйымдастыру үшін жасасқан шарттар негізінде ұйымдармен, оның ішінде басқа мемлекеттердің тауарлық газды тасымалдау қызметін көрсетуші ұйымдарымен тиісті шарттар және ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан экспортқа (оның ішінде транзитке) тасымалданатын тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ету үшін басқа да қажетті шарттарды жасасады.

3-тарау. Қызметтi ұйымдастыру

      7. Ұлттық оператор өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және жарғыға сәйкес ұйымдастырады.

      8. Ұлттық операторды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады