Көшпенділер өркениеті орталығын құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 тамыздағы № 507 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Көшпенділер өркениеті орталығын құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Көшпенділер өркениеті орталығын құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 16 тамыздағы
№ 507 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Көшпенділер өркениеті орталығын құру туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасының үкіметтері

      ортақ тарихи, тілдік және мәдени байланыстарға, әлемдік жаһандану дәуірінде түркі әлемі халықтарының дамуын нығайту және өз дәстүрлерін сақтау ниетін негізге ала отырып,

      түркі әлемі мемлекеттері мен халықтарының бірлігі мен достығын нығайту үшін түркітілдес мемлекеттерді интеграциялаудың тиімді және ажырамас бөлігі ретінде спорттың маңыздылығын атап өте отырып,

      түркітілдес мемлекеттердің ұлттық және дәстүрлі спорт түрлерін дамыту қажеттігін мойындай отырып,

      әлемдік мәдениеттің дамуына көшпенді халықтардың қосқан тарихи үлесін мойындай отырып,

      2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің ережелеріне сүйене отырып,

      көшпенді халықтар өркениетінің сан ғасырлық мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға талпына отырып,

      Қырғыз Республикасының бастамасын және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (бұдан әрі Түркі кеңесі деп аталады) аясында 2014 жылғы қыркүйекте ойдағыдай өткізілген бірінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын назарға ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Көшпенділер өркениеті орталығы

      Тараптар Түркі кеңесінің аясында халықаралық ұйым мәртебесіне ие Көшпенділер өркениеті орталығын (бұдан әрі - Орталық) құрады.

      Орталық Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында орналасады. Қырғыз Республикасының Үкіметі Орталық үшін тиісті ғимаратты өтеусіз негізде береді.

2-бап

Халықаралық құқық қабілеттілігі

      Орталық халықаралық құқық субьектісі ретінде халықаралық құқық субьектілігін иеленеді.

      Орталық Қырғыз Республикасының Үкіметімен өзінің Қырғыз Республикасының аумағында орналасу тәртібі мен шарттары туралы тиісті келісім жасасады.

      Орталық өз мақсаттарын іске асыру үшін мынадай:

      1) өз құзыреті шегінде шарттар жасасу; мүлікті сатып алу және оған иелік ету;

      2) кез келген валютада есепшоттар ашу және ақшалай қаражаттармен операциялар жасау халықаралық құқық қабілеттілігіне ие.

3-бап

Орталықтың мақсаттары

      Орталықгың мақсаттары спортты дамыту арқылы, спорттық іс-шараларды ұйымдастыра отырып және көшпенді мәдениет дәстүрі бар әрбір халықтың және мемлекеттің мұрасын насихаттай отырып, түркітілдес халықтар мен басқа да мемлекеттер арасындағы өзара сенім және ынтымақтастық аясын құру және спорт арқылы интеграцияны тереңдету болып табылады.

4-бап

Орталықтың міндеттері

      Орталық жоғарыда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін: спорттық достық аяда қалыптасатын физикалық және моральдық қасиеттерді дамытуға жәрдемдесуде бүкіл түркі әлемінің аумағында спорттық қозғалыстар мен мұраттарды дамытуға ықпал етеді;

      түркі әлемінің бірлігі үшін спорттық бағдарламаларды дамытуға ықпал етеді;

      түркі әлемі аясында ойындар ұйымдастыру арқылы барлық жастағы адамдарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттың барлық түрлерін дамытады және ұйымдастырады;

      ұлттық, этникалық және көшпенді түркі ойындарын ұйымдастырады және дамытады;

      фестивальдер, жарыстар, турнирлер және басқа да спорттық іс-шараларды ұйымдастырады және өткізуге жәрдемдеседі;

      ғылыми зерттеу саласында халықаралық спорт ұйымдарымен және мүше мемлекеттердің спорт федерацияларымен ынтымақтастық жасайды;

      көшпенділер өркениеті мұрасына, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесіне зерттеулер жүргізеді, сондай-ақ өз жетістіктері туралы әлемдік қоғамдастыққа хабарлайды;

      көшпенділер өркениеті мұрасын дамытуға және насихаттауға бағытталған халықаралық жобаларды әзірлейді және оларды іске асырады;

      Орталықпен бірге көшпенділер өркениеті мұрасы музейін құрады.

5-бап

Президент

      Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлер кеңесінің (бұдан әрі - СІМК) ұсынуы бойынша Түркі кеңесі Мемлекеттер басшыларының кеңесі тағайындайтын, ағылшын әліпбиіне сәйкес ротациялау негізінде Тараптар азаматтары қатарынан 4 жылдық мерзімге сайланатын президент Орталықтың басшысы болып табылады.

      Бірінші президент Қырғыз Республикасының азаматтары қатарынан тағайындалады.

      Орталықтың персоналын президент Тараптар азаматтары ішінен тағайындайды.

6-бап

Орталық кеңесі

      Кеңес әрбір Тараптың бір өкілінен, сондай-ақ Орталық президентінен тұратын байқаушы орган болып табылады. Ол Орталық қызметінің осы Келісім мақсаттарына сәйкестігін және қабылданған шешімдердің іске асырылуын бақылайды.

7-бап

Артықшылықтар мен иммуиитеттер

      Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылмайтын президент және оның отбасы мүшелері 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 29 - 36-баптарына сәйкес Қырғыз Республикасындағы дипломатия өкілдері пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      Орталықтың шетелдік қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттерінің көлемі қабылдаушы мемлекеттің Келісімінде айқындалады.

8-бап

Рәсімдеу қағидалары

      Рәсімдеу қағидаларын Орталық әзірлейді және СІМК-ге бекітуге ұсынылады.

9-бап

Қаржыландыру

      Орталықтың бюджетін Орталық президенті әзірлейді және СІМК-ге бекітуге ұсынылады.

      СІМК Тараптардың төлем қабілеттілігін, сондай-ақ олардың ұқсас өңірлік ұйымдарға ағымдағы жарналарын назарға ала отырып, олардың міндетті жарналарын айқындайды және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркі кеңесінің жарналар шкаласы негізінде есептеледі. Бұл ретте қабылдаушы мемлекеттің міндетті жарналары басқа мүше мемлекеттердің жарналары үлесінен аз болмауға тиіс.

      Кезекті қаржы жылына арналған шығыстар бюджетінің жобасы ағымдағы жылдың бірінші жартысында дайындалады және СІМК бекітуі үшін барлық Тараптарға жіберіледі.

      Міндетті жарналардың шкаласы СІМК қолы қоятын жеке хаттамада көрсетілуге тиіс.

      Орталықтың қызметіне арналған ерікті жарналар шектелмейді.

10-бап

Аудит

      Орталықтың қаржылық қызметіне сыртқы аудитті СІМК-нің уәкілетті органы кем дегенде екі жылда бір рет жүргізеді. Орталықтың президенті сыртқы аудитті жүргізу үшін уәкілетті органға барлық қажетті құжаттарды ұсынады.

      Сыртқы аудит жүзеге асырылғаннан кейін президент барлық Тараптарға аудиторлық есепті жолдайды.

11-бап

Жұмыс тілі

      Тараптардың мемлекеттік/ресми тілдері, сондай-ақ ағылшын тілі Орталықтың жұмыс тілдері болып табылады.

12-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

13-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.

14-бап

Қолданылу мерзімі, күшіне енуі және оған қосылу

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Түркі кеңесінің шешімі бойынша кез келген мемлекетке оған қосылу ұсынылуы мүмкін.

      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.

15 бап

Шығу рәсімі

      Егер бір Тарап осы Келісімнен шығу туралы шешім қабылдаса, оның күші сол Тарапқа қатысты ғана тоқтатылады. Шығу тиісті Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.

      Шығушы Тарап Орталықтың мүлкіне деген өзінің құқықтарынан бас тартады.

16-бап

Депозитарий

      Қырғыз Республикасы осы Келісімнің депозитарийі больш табылады.

      ________ жылғы ___________ _______________ қаласында әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды. Барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Осы Келісімнің түпнұсқасы депозитарийде сақталады, ол барлық қол қоюшы Тараптарға куәландырылған көшірмелерді жібереді.


      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін


      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін


      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін


      Түркия Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады