Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасу туралы келiсiмді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 529 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 3 қарашада Ташкентте жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасу туралы келісім бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының "Сырбар" сыртқы барлау қызметі, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Келісім шеңберінде ақпарат алмасуға жауапты Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін қабылданған шешім туралы хабардар етсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 529 қаулысымен
бекітілген

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасу туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      терроризм актілерінің және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністерінің, сондай-ақ оларды қаржыландырудың қауіптілігін сезіне отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, терроризм мен экстремизмнің түрлі көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күреске қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған құжаттарды, Тараптар мемлекеттері заңнамаларының ережелерін басшылыққа ала отырып,

      1999 жылғы 4 маусымдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шартты, 2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты, сондай-ақ терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күрес саласындағы басқа да халықаралық шарттарды негізге ала отырып,

      2005 жылғы 26 тамыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күрестегі ынтымақтастығы тұжырымдамасын назарға ала отырып, терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасу бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдіре отырып,

      бір-біріне кең көлемде көмек көрсетуді және осы саладағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруды қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мынаны білдіреді:

      "ақпарат" – ұсыну нысанына қарамастан терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы адамдар, ұйымдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер (хабарламалар, деректер);

      "ақпараттық жүйе" – нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық процестер арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын ұйымдастырушылық ретке келтірілген құралдар жиынтығы;

      "құзыретті органдар" – осы Келісімді іске асыруға жауапты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің органдары;

      "ТМД органдары" – 1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысында және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа да құжаттарында көзделген тәртіппен құрылған, құзыретіне терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес мәселелері жатқызылған органдар;

      "ақпараттық жүйелердің құқықтық режимі" – ақпараттық жүйелердің мәртебесін, пәндік саласын, қалыптасу, жұмыс істеу және пайдалану тәртібін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерде қамтылған ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін, ақпаратқа меншік құқығын, ақпаратқа қол жеткізу деңгейі бойынша олардың санатын және ақпаратты қорғау тәртібін айқындайтын нормативтік белгіленген қағидалар;

      "ақпарат пен ақпараттық жүйелердің меншік иесі" – ақпарат пен ақпараттық жүйелерді иелену, пайдалану, билік ету, оның ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларында (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарда) көзделетін көлемде ақпараттық жүйелердің құқықтық режимін белгілеу өкілеттігін іске асыратын құзыретті орган немесе ТМД органы;

      "ақпарат пен ақпараттық жүйелердің иеленушісі" – меншік иесі белгілеген көлемде ақпарат пен ақпараттық жүйелерді иелену, пайдалану, билік ету өкілеттігін іске асыратын құзыретті орган немесе ТМД органы;

      "пайдаланушы" – қажетті ақпараттық көрсетілетін қызметтер алу үшін ақпарат пен ақпараттық жүйелердің меншік иесіне немесе иеленушісіне өтініш жасайтын құзыретті орган немесе ТМД органы;

      "ақпарат алмасу" – құзыретті органдардың және (немесе) ТМД органдарының ақпарат беруі және (немесе) алуы, сондай-ақ олардың ақпараттық жүйелерді пайдалануды қоса алғанда, ақпараттық қызмет көрсетуі;

      "мемлекетаралық ақпараттық жүйе" – бірлескен меншік, бірлескен иелену немесе бірлескен (ортақ) пайдалану құқығында ТМД органдарына, құзыретті органдарға тиесілі мемлекетаралық ақпарат алмасуда әрекет ететін жүйе.

      Осы Келісімдегі құпия ақпаратты беру, пайдалану және қорғау мәселелері жөніндегі терминдер 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімде белгіленген мағынада қолданылады.

2-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласында ақпарат алмасуды қамтамасыз ету осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

3-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімнің шеңберіндегі өз міндеттемелерін егемендік теңдігі, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына және өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.

      Осы Келісімдегі ештеңе де Тараптарға басқа Тараптардың ғана құзыретіне кіретін юрисдикцияны иелену және функцияларды жүзеге асыру құқығын бермейді.

4-бап

      Тараптар:

      осы Келісімде белгіленген тәртіппен өтеусіз негізде ақпарат алмасуды;

      ақпараттық жүйелердің, оның ішінде мемлекетаралық ақпараттық жүйелердің құқықтық режимін орындауды;

      ақпарат алмасу процесінде пайдаланылатын құпия ақпаратты Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында, 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімде, 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімде, 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарында құпия ақпаратпен жұмыс істеу қағидаларында және Тараптар жасасқан осындай мәліметтерді өзара қорғау туралы өзге де халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      Осы Келісімнің шеңберінде құпия ақпаратты беру әрбір нақты жағдайда өз мүдделеріне сүйене отырып, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

5-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде ақпарат алмасуға жауапты құзыретті органдардың тізбесін айқындайды. Құзыретті органдар туралы ақпарат осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламалар сақтауға тапсырылған кезде депозитарийге жолданады. Құзыретті органдар тізбесінің өзгергені туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.

6-бап

      Ақпарат алмасу дипломатиялық арналар арқылы фельдъегерлік қызметті пайдалана отырып немесе құзыретті органдармен келісілген өзге де тәсілмен, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді, оның ішінде мемлекетаралық ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      Алмасуды жүзеге асыруға арналған ақпарат ақпаратты жеткізгіштердің түріне байланысты құжат (қағаз) не электрондық түрде берілуі мүмкін.  

7-бап

      Құзыретті органдар және (немесе) ТМД органдары ақпарат иелерінен және меншік иелерінен:

      біржолғы сұрау салулар бойынша ақпараттық жүйеде мәліметтердің бар-жоғы және олардың мазмұны туралы;

      тұрақты болатын сұрау салулар бойынша тиісті ақпараттың түсуіне қарай;

      тиісті ақпараттың түсуі туралы бастамашыл ақпараттандыру арқылы ақпаратты алуы мүмкін.

      Осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпарат берілген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылмайтын жағдайда ғана ұсынылады.

8-бап

      1.Ақпарат алуға сұрау салуда мыналар:

      а) сұрау салушы және сұрау салынатын құзыретті органның немесе ТМД органының атауы;

      б) сұрау салудың нысанасы мен негізі;

      в) сұрау салынып жатқан ақпарат мазмұнының сипаттамасы;

      г) сұрау салынып жатқан ақпараттың пайдалану мақсаты;

      д) оны орындауға қажетті басқа да мәліметтер көрсетіледі.

      2. Сұрау салынатын құзыретті орган немесе ТМД органы сұрау салушы құзыретті органды немесе ТМД органын мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ сұрау салу алынған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей:

      а) сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы және олардың нәтижелері туралы;

      б) себебін көрсете отырып, бас тарту, кейінге қалдыру және (немесе) сұрау салуды (оның бөлігін) орындау шарттары туралы ақпараттандырады.

      3. Сұрау салынатын құзыретті орган, егер сұрау салу оның мемлекетінің мүдделеріне және (немесе) заңнамасына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе, сондай-ақ, егер сұрау салу осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмесе, сұрау салуды орындаудан бас тартуы мүмкін.

      4. Сұрау салынатын құзыретті орган немесе ТМД органы сұрау салушы құзыретті органның немесе ТМД органының алдын ала жазбаша келісімінсіз сұрау салуды жолдау туралы ақпаратты жария етпейді.

9-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасуды ұйымдастыру үшін мемлекетаралық ақпараттық жүйелерді құруға қатыса алады.

      Басқа Тараптың құзыретті органына немесе ТМД органына ұлттық ақпараттық жүйеде қамтылатын құпия ақпаратты беру, сондай-ақ оларға ұлттық ақпараттық жүйені пайдаланушылар құқығын беру құзыретті органы ұлттық ақпараттық жүйенің меншік иесі болып табылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес беру туралы шешім қабылданған құпия ақпаратқа қатысты ғана жүзеге асырылады.

      Мемлекетаралық ақпараттық жүйенің құқықтық режимін айқындауды оларды құруға қатысқан Тараптар халықаралық ақпараттық жүйе иесінің құқықтары мен өкілеттіктері берілген, өздері айқындайтын құзыретті органға немесе ТМД органына жүктейді.

      Құпия ақпарат қамтылған мемлекетаралық ақпараттық жүйелердің құқықтық режимі 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімде көзделген құпия ақпаратты қорғау шараларын қамтуға тиіс.

10-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының мамандандырылған деректер банкі (бұдан әрі – Мамандандырылған деректер банкі) терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне, сондай-ақ оларды қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы мемлекетаралық ақпараттық жүйе болып табылады.

      Мамандандырылған деректер банкінің құқықтық режимін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшыларының кеңесі айқындайды.

11-бап

      Мамандандырылған деректер банкін қалыптастыру, пайдалану және оның жұмыс істеуі жөніндегі шараларды үйлестіруді және қажетті консультациялар (келіссөздер) өткізуді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы жүзеге асырады.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес ақпараттық жүйелерді, оның ішінде мемлекетаралық ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға және оларды пайдалануға жауапты құзыретті органдармен және ТМД органдарымен тікелей байланыс орнатады.

12-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында құзыретті органдар бірлескен консультациялар өткізеді, тиісті нормативтік құқықтық актілермен алмасады, сондай-ақ өзге де ынтымақтастықты жүзеге асырады.

13-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің нысанасы болып табылатын және оның мақсаттарына қайшы келмейтін мәселелер бойынша өзге де халықаралық шарттар жасасу құқығын шектемейді.

14-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың құзыретті органдарының консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі.

15-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кейін орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнен шыққанға дейін кемінде 6 ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жібере отырып және осы Келiсiмнің қолданысы уақытында туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

19-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.

      жылғы қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттердің әрқайсысына оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Түрікменстан
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Украина
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады