Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі № 559 қаулысы

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Pecпубликасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 559 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі "Тарап" немесе "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі

      2018 жылғы (күн, ай)Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім)назарға ала отырып,

      осы Келісімге сәйкес алмасатын әскери саладағы құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Мақсаты

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының заңнамасы мен ережелеріне сәйкес Тараптар арасында алмасатын әскери саладағы құпия ақпаратты қорғау үшін қауіпсіздік қағидаттарын қолдануға қатысты тәртіпті белгілейді.

2-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағынасы бар:

      1) әскери саладағы құпия ақпарат –рұқсатсыз таратылуы Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес қорғалатын кез келген нысанда білдірілген әскери саладағы Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларын қамтитын мәліметтер мен материалдар және/немесе Тараптардың ынтымақтастығы процесінде қалыптасқан мәліметтер;

      2) құзыреттi орган – өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің органы;

      3) уәкілетті орган – осы Келісімді іске асыру үшін жауапты Тарап мемлекетінің органы;

      4) жөнелтуші Тарап –өз Тарапы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға уәкілеттілік берілген әскери саладағы құпия ақпаратты екінші Тарапқа беретін немесе осы Келісімнің шеңберінде келетін адамдарды жіберетін Тарап;

      5) алушы Тарап –өз Тарапы мемлекетінің заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратты және таратылуы шектелген мәліметтерді екінші Тараптан алатын немесе осы Келісім шеңберінде келетін адамдарды қабылдайтын Тарап;

      6) келетін адамдар–әскери саладағы құпия ақпаратпен жұмыс істеу үшін қабылдаушы Тарапқа келетін, жөнелтуші Тараптың персоналы;

      7) үшінші тарап –осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын адамдар, институттар, мемлекеттер, халықаралық және ұлттық ұйымдар, мемлекеттік және жеке компаниялар, сондай-ақ осы Келісімнің қолданылу саласынан тыс болатын Тараптардың жеке және заңды тұлғаларымен тең осы мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары;

      8) персоналдың рұқсатнамасы – Тараптың құпия ақпаратты қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратпен жұмыс істеуге өкілеттілікті растайтын Тараптардың біреуінің құзыретті немесе уәкілетті органы берген құжат;

      9) объектіге рұқсатнама–Тараптың құпия ақпаратты қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымның әскери саладағы құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге жеке және ұйымдық мүмкіндіктері бар екенін растайтын Тараптардың біреуінің құзыретті органы берген құжат.

3-бап

Уәкілетті органдар

      1. Осы Келiсiмдi iске асыру жөніндегі уәкiлеттi органдар мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Түркия Республикасының Үкіметінен –Түркия Республикасының Бас штабы.

      2. Уәкілетті органдар осы Келісімді іске асыруға байланысты барлық талаптар мен рәсімдерге қатысты екінші Тараппен үйлестіру үшін тиісті шараларды қабылдайды.

      3. Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін шұғыл түрде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

4-бап

Құпиялылық белгілерінің арақатынасы

      Тараптар мемлекеттерінің тиісті ұлттық заңнамаларында жазылған қауіпсіздік шаралары шеңберінде уәкілетті органдар әскери саладағы құпия ақпаратты қорғауды тиісті түрде қамтамасыз етуге және төмендегі кестеде көрсетілген шектеу дәрежелеріне сәйкес қабылдауға міндеттенеді:


Қазақ тілінде
 

Түрік тілінде

Ағылшын тілінде
 

Орыс тілінде
 

Өтеқұпия

ÇokGizli

Topsecret

Совершенно секретно

Құпия

Gizli

Secret

Секретно

Özel

Confidential

Қызмет бабында пайдалану үшін

HizmeteÖzel

Restricted

Для служебного пользования

5-бап

Әскери саладағы құпия ақпаратты беру

      1. Әскери саладағы құпия ақпаратты беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес уәкілетті органдармен келісу бойынша әскери және/немесе дипломатиялық арналар арқылы немесе кез келген басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.

      2. Тараптардың бiреуiнiң егемендiгiне және ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төнген немесе оның ұлттық/халықаралық мүдделерiне қайшы келетін жағдайда әскери саладағы құпия ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкiн.

      3. Уәкілетті органдар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес берілетін мәліметтер мен таратылуы шектелген материалдарды тасымалдау тәсілі, маршрутымен алып жүру нысаны туралы келіседі.

      4. Алушы Тарап әскери саладағы құпия ақпаратты алғаны туралы жөнелтуші Тарапты хабардар етеді.

6-бап

Әскери саладағы құпия ақпаратты пайдалану тәртібі және оны қорғау шаралары

      1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес уәкiлеттi органдар әскери саладағы құпия ақпаратты қорғау үшін қажеттi шараларды қамтамасыз етедi, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы мәселелер бойынша консультациялар (келiссөздер) өткізеді.

      2. Әскери саладағы құпия ақпарат осы Келісімнің мақсаттарында ғана пайдаланылады және жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілмейді.

      3. Әскери саладағы құпия ақпарат персоналдың тиісті рұқсатнамасы бар адамдарға ғана ашылады.

      4. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бір Тарап мемлекетінің адамдарына немесе ұйымдарына ұсынылған әскери саладағы құпия ақпаратқа рұқсатнаманы басқа Тарап уәкілетті орган ресми түрде растағаннан кейін мойындайды.

      5. Алушы Тарап жіберуші Тараптан алынған әскери саладағы құпия ақпаратқа осы Келісімнің 4-бабына сәйкес баламалы құпиялылық дәрежесін беруді қамтамасыз етеді.

      6. Жөнелтуші Тарап берген әскери саладағы құпия ақпарат көшірілген (үзінділер пайдаланылған) және/немесе тілдік аударма жасалған жағдайда алушы Тарап осындай көшірмелерге (үзінділерге) және аудармаларға жөнелтуші Тарап берген баламалы құпиялылық дәрежесін береді.

      7. Алушы Тарап жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жөнелтуші Тарап берген құпиялылық дәрежесін өзгертпеуге тиіс.

      8. Жөнелтуші Тарап өзінің әскери саладағы құпия ақпаратының құпиялылық дәрежесінің кез келген өзгерісі туралы алушы Тарапты хабардар етеді. Алушы Тарап тиісінше алынған әскери саладағы құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін өзгертеді.

      9. Ынтымақтастық процесінде әзірленген әскери саладағы құпия ақпаратқа берілген шектеу дәрежесі Тараптар уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша айқындалады, қайта қаралады немесе алынады.

      10. Жөнелтуші Тарапқа әскери саладағы құпия ақпаратты қайтару оның жазбаша сұрау салуы бойынша жүзеге асырылады.

      11. Әскери саладағы құпия ақпаратты жою оны қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіп жүзеге асырылады.

      12. Алушы Тарап әскери саладағы құпия ақпаратты жойғаны туралы жөнелтуші Тарапты хабардар етеді.

7-бап

Құпиялылықты бұзу

      1. Әскери саладағы құпия ақпарат рұқсатсыз жария етілген немесе жоғалтылған жағдайда не құпиялылықты осындай бұзушылықтар туралы күдік туындаған жағдайда:

      Алушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдайды, жөнелтуші Тарап келтірілген залалды толық көлемде бағалай алатындай жөнелтуші Тараптың құзыретті және уәкілетті органдарын мән-жайлар мен қабылданған шаралар туралы дереу хабардар етеді.

      Әскери саладағы құпия ақпараттың жоғалуын немесе рұқсатсыз жария етілуін анықтаған немесе ықтималдығын болжаған алушы Тараптың уәкілетті органы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу тергеп-тексеруге (қажет болған кезде жөнелтуші Тараптың өкілдерін тарта отырып) кіріседі.

      2. Жөнелтуші Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру жүргізеді.

      3. Әскери саладағы құпия ақпаратты жоғалту немесе рұқсатсыз жария ету салдарынан келген залалдың мөлшерін әрбір жеке жағдайда құрылатын, Тараптар өкілдерінен тұратын Бірлескен комиссия айқындайды.

8-бап

Сапарлар

      1. Әскери саладағы құпия ақпаратқа рұқсатнаманы және объектілерге қолжетімділікті алушы Тараптың уәкілетті органының алдын ала рұқсатын алғаннан кейін бір Тарап басқа Тараптың өкілдеріне береді. Мұндай рұқсат мүдделі Тараптың уәкілетті органының бұрын келісілген өтініші бойынша тиісті рұқсатнамасы бар келетін адамдарға беріледі.

      2. Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде өздерінің келетін адамдары рұқсатнамасының өзгергені туралы, атап айтқанда рұқсатнама кері қайтарылған немесе деңгейі төмендетілген жағдайда бір-бірін хабардар етеді. Келетін адамдар алушы Тараптың мемлекетінде қолданылатын құпиялылық режимін сақтайды.

      3. Жөнелтуші Тараптың уәкілетті органы Келетін адамдардың сапары туралы жоспарланған келуге дейін 45 күннен кешіктірмей алушы Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді. Ерекше жағдайларда сапарға рұқсат Тараптар уәкілетті органдарының алдын ала келісуі бойынша мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде берілуі мүмкін.

      4. Сапарға өтініш мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) Келетін адамның тегі және аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспорт нөмірі;

      2) Келетін адамның лауазымы және өкілдік ететін ұйымның атауы;

      3) тиісті құпиялылық дәрежесі рұқсатнамасының деңгейі;

      4) сапардың болжамды күні және оның ұзақтығы;

      5) сапардың мақсаты;

      6) бару жоспарланып отырған объектiлердiң атауы мен орналасқан жері;

      7) Келетін адамға рұқсат етілуі мүмкін әскери саладағы құпия ақпараттың талап етілетін санаты.

      5. Сапарға өтініш Тараптар келіскен әскери немесе дипломатиялық арналар арқылы беріледі.

      6. Уәкілетті органдар белгілі бір мерзімге,бірақ 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімде объектіге бір рет/көп рет баруға рұқсатқа сұрау салады.Рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту қажет болған кезде жөнелтуші Тарап алушы Тарапқа ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) аптадан кешіктірмей жаңа рұқсат алу туралы өтініш жасайды. Сапарлар графигін жасауға рұқсат етіледі.

9-бап

Қаржы мәселелері

      Егер өзгеше келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес дербес көтередi.

10-бап

Халықаралық шарттар

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және басқа мемлекеттердің мүдделеріне, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қарсы пайдаланылмауға тиіс.

11-бап

Түзетулер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

Дауларды реттеу

      Осы Келiсiмдi іске асыру немесе түсiндiру бойынша туындайтын кез келген дау консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi және шешу үшiн ешқандай ұлттық немесе халықаралық сотқа немесе кез келген үшiншi тарапқа берiлмейдi.

13-бап

Күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күнi күшiне енедi.

      2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы бір жылдық мерзім өткенге дейін 6 (алты) ай бұрын өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, кейінгі бір жылдық мерзімдерге автоматты түрде ұзартылады. Ал хабарланған жағдайда Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 90 күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде бұрын басталған іске асырылып жатқан бағдарламалар мен іс-шараларға, оларға қатысты Тараптар арасында өзге уағдаластықтар бар жағдайларын қоспағанда, әсер етпейді.

      4. Осы Келiсiмді бұзған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілген немесе жасалған әскери саладағы құпия ақпаратқа қатысты осы Келісімде көзделген оны қорғау жөніндегі шаралар, егер ашылмаса, қолданылуын жалғастырады.


      20__ жылғы "__" _________ ___________ қаласында қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


      Қазақстан Республикасының Түркия Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады