Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 1 қазандағы № 610 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ерекше маңызды екенін атап өте отырып,
ядролық аварияларды болғызбау және олардың зардаптарын барынша азайту бойынша қабылданған жан-жақты шараларды күшейту мақсатында,
трансшекаралық радиациялық зардаптарды барынша азайту мақсатында ядролық авария туындаған немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ақпарат пен көмекті жедел беру қажет екенін атап өте отырып,
2014 жылғы 21 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұжырымдамасын, сондай-ақ 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияның және 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,
мамандандырылған авариялық-құтқару құралымдарының, осы құралымдарды техникалық жарақтандыру ретінде пайдаланылатын жабдықтардың, көлік құралдары мен материалдардың орын ауыстыру рәсімдерін оңайлату қажет деп санай отырып,
ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты халық денсаулығы мен қоршаған орта үшін теріс салдарларды барынша азайтуға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
АТЭНХА-ның қауіпсіздік мәселелері бойынша Глоссарийінде айқындалған (2007 жылғы басылым) терминдерден бөлек, осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын ұғымдардың мынадай мағыналары болады:
көмек көрсету жөніндегі топ – ұсынушы Тараптың ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайында көмек көрсету үшін жіберілетін, оның ішінде өзінің құрамында мамандандырылған авариялық-құтқару құрамалары бар, арнайы техникамен, жабдықпен, жарақпен, құралдармен және материалдармен жарақталған білікті мамандарының ұйымдасқан тобы;
сұрау салушы тарап – басқа Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру туралы өтінішпен жүгінетін Тарап;
ұсынушы тарап – сұрау салушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру туралы өтінішін сұрау салушы тараптың уәкілетті (құзыретті) органымен келісу бойынша қанағаттандыратын Тарап;
уәкілетті (құзыретті) орган – ядролық авариялар мен радиациялық авариялық ахуалдарға ден қоюды және оларды жоюды жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер берілген және осы Келісімнің орындалуына жауапты болып табылатын, Тараптың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін министрлік, ведомство, мемлекеттік корпорация немесе өзге де ұйым;
"ядролық авария" термині 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияның 1-3-баптарында айқындалған мағынаға ие болады.
Тараптар ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайында олардың зардаптарын барынша азайту үшін және халықтың денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны радиоактивті шығарындылар мен иондаушы сәуле әсерінен қорғау үшін кідіртпей көмек беруге жәрдемдесу мақсатында осы Келісімнің және өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес өзара ынтымақтасады.
Мемлекетінің аумағында ядролық авария болған немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған Тарап өзінің уәкілетті (құзыретті) органы арқылы басқа Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарына көмек беру туралы жазбаша өтінішпен жүгіне алады.
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары бірлесіп АТЭНХА ұсынымдарының негізінде құлағдар етудің бірыңғай нысандарын әзірлейді, берілетін ақпараттың мазмұнын, байланыс және құлағдар ету пункттерінің жабдықтарын сәйкестендіруді айқындайды, атом энергиясын пайдаланатын ядролық және радиациялық қауіпті объектілер мониторингінің мемлекетаралық жүйесін құруда ынтымақтасады.
Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийді өздерінің осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті (құзыретті) органдары туралы хабардар етеді.
Көмек жазбаша өтініш негізінде беріледі, онда сұрау салушы тарап ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туралы және мүмкіндігінше, қажетті көмектің түрі мен көлемін көрсете отырып, оның қауіптілік дәрежесін бағалау туралы ақпарат береді.
Ұсынушы тарап сұрау салушы тараптың өтінішін кідіріссіз қарастырады және өз кезегінде сұрау салушы тарапты көмек, оның ішінде қаржылық көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтардың тағайындалған басшылары туралы ақпарат береді және онымен тиісті келісу жүргізеді.
Сұрау салушы және ұсынушы тараптар өзара іс-қимылды уәкілетті (құзыретті) органдар арқылы жүзеге асырады.
Сұрау салушы тарап қажетті көмектің түрін және көлемін айқындай алмайтын жағдайда және ұсынушы тараптың көмек көрсетуге келісімі болған кезде, тиісті уәкілетті (құзыретті) органдар көмектің түрін және көлемін нақтылау мақсатында консультациялар жүргізеді.
Сұрау салушы немесе ұсынушы тарап кез келген уақытта басқа Тарапқа көмекті тоқтату туралы жазбаша нысанда өтініш жолдай алады, содан кейін Тараптар кідіртпестен көмек беруді аяқтау тәртібі туралы консультациялар жүргізеді.
Ядролық аварияның немесе радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жоюға көмекті Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру арқылы көрсетеді.
Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағы шегінде көмек көрсету жөніндегі топтардың іс-қимылын басқаруды, бақылауды және үйлестіруді сұрау салушы тараптың уәкілетті (құзыретті) органы жүзеге асырады.
Көмек көрсету жөніндегі топтар ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшін пайдаланылады.
Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтарға ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпарат береді және қажет болған кезде осы топтарды байланыс құралдарымен, орталықтандырылған орналастырумен және тамақтанумен қамтамасыз етеді, сондай-ақ күзетті ұсынады және өтеусіз негізде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырады.
Көмек көрсету жөніндегі топтарды қажетті құралдармен жарақтандыру, егер сұрау салушы және ұсынушы тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары қосымша түрде өзгеше келіспеген болса, ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында 72 сағат бойы дербес іс-қимыл жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Запастар біткен соң сұрау салушы тарап көрсетілген топтарды, егер Тараптар қосымша түрде өзгеше келіспеген болса, олардың одан арғы жұмысы үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.
Сұрау салушы тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына өз мемлекетінің аумағына бірінші кезекте (басымдықты) кіруді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік шекараны кесіп өту сұрау салушы тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекет сұрау салушы немесе ұсынушы тараптың жазбаша өтініші негізінде өзінің заңнамасына сәйкес өз аумағы арқылы сұрау салушы тараптың мемлекетіне және одан көмек көрсету жөніндегі топтардың, арнайы техниканың, жабдықтардың, жарақтардың, құралдар мен материалдардың кедергісіз транзитіне жәрдемдесуге ұмтылады.
Көмек көрсету жөніндегі топтарды әуе көлігімен тасымалдаған жағдайда, ұсынушы тараптың уәкілетті (құзыретті) органы сұрау салушы тараптың уәкілетті (құзыретті) органына көмек көрсету үшін әуе кемелерін пайдалануды шешкені туралы әуе кемелерінің типі мен тану белгілерін, ұшу маршрутын, экипаж мүшелерінің санын, көмек көрсету жөніндегі топтың құрамын, жүктің сипатын және ұшу мен қонудың жоспарланған орнын көрсете отырып хабарлайды.
Сұрау салушы тарап өз мемлекетінің аумағында қону орнын келіседі және өз мемлекетінің аумағында келісілген пунктке ұшып өтуге рұқсат береді. Көмек көрсету жөніндегі топтарды тіркеуге байланысты мәселелер Тараптардың уағдаластығы бойынша шешіледі.
Ұшулар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген нормаларға сәйкес және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелінетін арнайы техника, жабдық, жарақ, құралдар мен материалдар көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан және оларды қатерсіздендіргеннен кейін ұсынушы тарап мемлекетінің аумағына Тараптар келіскен тәртіппен қайтарылуға (әкелінуге) жатады.
Егер арнайы техниканы, жабдықты, жарақты, құралдар мен материалдарды, оның ішінде одан әрі пайдалануға жарамдыларын әкету мақсатқа лайық болмаса, онда олар сұрау салушы тараптың уәкілетті (құзыретті) органына сұрау салушы және ұсынушы тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өздері келіскен шарттарда өтеусіз берілуі мүмкін.
Ядролық аварияның немесе радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жою кезінде пайда болған радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапкершілік сұрау салушы тарапқа жүктеледі.
Ядролық аварияның немесе туындаған радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жою үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өткізу пункттері арқылы көлік құралдарын, арнайы техниканы, жабдықты, жарақты, құралдар мен материалдарды өткізуді бақылаудың бірыңғай әдістері мен тәсілдерін іске асыру мақсатында Тараптар өткізу пункттеріндегі техникалық бақылау құралдарын біріздендіруге және өз мемлекеттерінің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайларына ден қою жөніндегі заңнамаларын үйлестіруге ықпал етеді.
Шұғыл жағдайларда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен тіркелген, оның ішінде құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттардың талап етілетін саны әкелінуі мүмкін.
Мұндай дәрілік препараттарды тек қана медициналық жұмыскерлер сұрау салушы тарап өкілдерінің бақылауымен, көмек көрсету жөніндегі топ ұсынушы тарап мемлекетінің аумағына қайтқан кезде, кеден органдарына көрсету үшін шығыс актілерін ресімдей отырып пайдаланады.
Пайдаланылмаған, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттар осы препараттардың номенклатурасы мен санын растайтын құжаттар негізінде ұсынушы тарап мемлекетінің аумағына кері әкетілуге жатады.
1. Сұрау салушы тарап осы Келісімге сәйкес ұсынушы тарап жүзеге асыратын қызмет шеңберінде:
егер Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзгеше келіспесе, ұсынушы тарап сұрау салушы тарапқа шығындарды үш ай мерзім ішінде өтеу туралы өтініш жіберген кезде, сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында көмек көрсетуге байланысты барлық шығыстарды ұсынушы тарапқа өтейді;
көмек көрсету қызметі шеңберінде көмек көрсету жөніндегі топтарға қамауға алудан, ұстап алудан және сот талқылауынан иммунитетті, сондай-ақ сұрау салушы тараптың заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, тауарлардың құнына немесе көрсетілген қызметтердің ақысына енгізілгендерді қоспағанда, арнайы техниканы, жабдықты, жарақты, құралдарды, материалдар мен дәрілік препараттарды әкелгені және әкеткені үшін салықтардан, баждар мен алымдардан босатуды ұсынады;
ұсынушы тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына және көмек көрсету жөніндегі топтарға ешқандай кінәраттар және талаптар қоймайды;
үшінші Тараптардың ұсынушы тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына немесе көмек көрсету жөніндегі топқа қоятын талаптары мен кінәраттарға қатысты материалдық жауаптылықтан босатуды, құқықтық қорғауды және істерді жүргізуді қамтамасыз етеді;
ұсынушы тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына және көмек көрсету жөніндегі топқа: егер Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзгеше уағдаласпаса, мамандар қайтыс болған жағдайда, оларға келтірілген зиянның толық көлемінде өтемақы төлеуді, сондай-ақ сұрау салушы тараптың заңнамасына сәйкес ұсынушы тарап сұрау салушы тарапқа шығындарды өтеу туралы өтініш жіберген кезде, көмек көрсету кезінде орын алған тұтынылмайтын мүлікке нұқсан келтірген және (немесе) оны жоғалтқан жағдайда келтірілген зиянның толық көлемінде өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді.
2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына жіберуді қаржыландыру ұсынушы тараптың ұлттық бюджеттерінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, көмек көрсету жөніндегі топтың мүшесі қасақана және құқыққа сыйымсыз әрекеттер (әрекетсiздiктер) нәтижесінде келтірген зиян сұрау салушы тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
Ақпараттық өзара іс-қимыл жасау кезінде Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары:
ақпараттық іс-қимылға әсер ететін бағдарламалық және техникалық шешімдер туралы тұрақты түрде өзара ақпарат беруді;
берілетін ақпараттың анықтығы мен толықтығын;
бұрын берілген ақпаратқа түзетулер мен нақтылаулардың жедел енгізілуін;
қандай да бір күтілмеген мән-жайлар туындаған жағдайда, ақпаратты (ресми сұрау салуларды) берудің немесе қабылдаудың мүмкін еместігі туралы өзара ескертудің уақтылы жасалуын;
алынған ақпараттың тек қана осы Келісімнің мақсатында пайдаланылуын;
осы Келісім шеңберінде берілетін және Тараптар "таратылуы шектелген қызметтік ақпарат" ретінде қарастыратын ақпараттың нақты анықтамасы мен белгіленуін;
таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдалана отырып берілуін;
таратылуы мен берілуі шектелген ақпаратты өзара алмасу кезінде алынатын ақпаратқа қол жетімділігі бар адамдар тобының шектелуін қамтамасыз етеді.
Осы Келісімді іске асыру барысында бір Тарап басқа Тараптан алған ақпаратты пайдалану, ақпаратты алған Тарапқа Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін осы Келісімнің ережелерімен реттеледі.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясы осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға жәрдемдеседі.
Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында Тараптар осы Келісімнің қолданылу аясына жататын оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, бұдан әрі ядролық аварияларды немесе радиациялық авариялық ахуалдарды болғызбауға бағытталған шараларды әзірлеу бойынша ведомствоаралық комиссиялар құра алады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Тараптар арасындағы осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.
Осы Келісім депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.
Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
20__ жылғы ________ __________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін Армения Республикасының Үкіметі үшін Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін Молдова Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшінТәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшінТүрікменстанның Үкіметі үшінӨзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшінУкраинаның Үкіметі үшін |