ТМД қатысушы мемлекеттердің көліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 10 қазандағы № 630 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 30 мамырда Минскіде жасалған ТМД қатысушы мемлекеттердің көліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы туралы келiсiм бекітілсін.

      2. Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасынан құзыретті органдар ретінде Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін қабылданған шешім туралы хабардар етсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылы 10 қазандағы
№ 630 қаулысымен
бекітілген

ТМД қатысушы мемлекеттердің көліктік қауіпсіздігін қамтамасыз
ету саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы туралы
КЕЛІСІМ

      (Қазақстан Республикасы үшін 2018 жылғы 5 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 81-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,

      мыналарды:

      ТМД Үкімет басшылары кеңесінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі декларацияны,

      ТМД Үкімет басшылары кеңесінің 2008 жылғы 14 қарашадағы шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласындағы ынтымақтастығының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған басым бағыттарын,

      2009 жылғы 20 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімді іске асыру мақсатында,

      көліктік қауіпсіздік туралы заңнаманы, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің учаскелерін тиімді пайдалану және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында үйлестіру қажеттілігін мойындай отырып,

      жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне қауіп төндіретін көлік кешенінің орнықты және қауіпсіз қолданылуына қауіпті заңсыз араласу актілерінің алдын алуға бағытталған практикалық шараларды іске асыру мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қалай отырып,

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың күш-жігерін біріктірудің өзара тиімділігін ұғына отырып және осы салада ақпарат алмасу туралы екіжақты және көпжақты келісімдердің пайдалылығын атап өте отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      заңсыз араласу актілері – құқыққа қарсы әрекет (әрекетсіздік), оның ішінде адам өмірі мен денсаулығына зиян, материалдық залал келтірген не осындай салдарлардың басталу қаупін тудырған көлік кешені қызметінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін террористік акт;

      көліктік инфрақұрылым объектілерін және көлік құралдарын санаттау – заңсыз араласу актісін жасау қаупінің дәрежесін және оның ықтимал салдарларын есепке ала отырып, оларды белгілі бір санаттарға жатқызу;

      Тараптардың құзыретті органдары – осы Келісім шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін Тараптар айқындайтын органдар;

      көліктік инфрақұрылымының объектілері – мыналарды: теміржол, автомобиль вокзалдары мен станцияларды; тоннельдерді, эстакадаларды, көпірлерді; теңіз терминалдарын, теңіз порттарының акваторияларын; ішкі су жолдарында орналасатын және арнайы рұқсаттар негізінде жолаушыларды мінгізу (түсіру) және (немесе) аса қауіпті жүктерді ауыстырып тиеу жүзеге асырылатын порттарды, кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды; әуеайлақтарды, әуежайларды, байланыс, навигация және көлік құралдарының қозғалысын басқару жүйелерінің объектілерін; автомобиль жолдарының, теміржол және ішкі су жолдарының учаскелерін, тікұшақ айлақтарын, қону алаңдарын, сондай-ақ көлік кешенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де ғимараттарды, құрылыстарды, құрылғылар мен жабдықтарды қамтитын технологиялық кешен;

      көліктік инфрақұрылым объектілерінің және көлік құралдарының осалдығын бағалау – заңсыз араласу актілерін жасау қаупінен көліктік инфрақұрылым объектілерінің және көлік құралдарының қорғалу дәрежесін анықтау;

      тасымалдаушы – жолаушыларды, жөнелтуші оған сеніп тапсырған жүкті, багажды, жүк-багажды жөнелту пунктінен межелі пунктке жеткізу, сондай-ақ жүкті, багажды, жүк-багажды оны алуға уәкілетті адамға (алушыға) беру міндетін өзіне алған заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер;

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері – көліктік инфрақұрылым объектілерінің немесе көлік құралдарының көліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты көліктік инфрақұрылым субъектісінің немесе көліктік қауіпсіздік бөлімшесінің персоналын қоса алғанда, көліктік инфрақұрылым субъектісінде, көліктік инфрақұрылым объектісінде, көлік құралында көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты тұлға;

      көліктік инфрақұрылым субъектілері – көліктік инфрақұрылым объектілерінің және/немесе көлік құралдарының меншік иесі болып табылатын немесе оларды өзге де заңды негізде пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар;

      көліктік қауіпсіздік – заңсыз араласу актісінен көліктік инфрақұрылым объектілерін және көлік құралдарын қорғаудың жай-күйі;

      көлік құралдары – көрсетілген көлік құралдары құрылғыларында орнатылған жеке тұлғаларды, жүктерді, багажды, қол жүгін, жеке заттарды, жануарларды немесе жабдықтарды тасымалдауға арналған және:

      жүзеге асырылуы арнайы рұқсатты талап ететін қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын немесе тапсырыс бойынша жолаушыларды тұрақты тасымалдау және багажды немесе жолаушылар мен багажды тасымалдау үшін пайдаланатын автомобиль көлігіндегі көлік құралын;

      коммерциялық азаматтық авиацияның әуе кемесін;

      авиацияның жалпы мақсаттағы әуе кемесін;

      серуен кемелерін, спорттық желкенді кемелерді қоспағанда сауда мақсатында теңізде жүзу үшін (теңіз кемесі) пайдаланылатын кемені;

      арнайы рұқсаттар бойынша тасымалдауға жіберілетін аса қауіпті жүктерді тасымалдау үшін және (немесе) серуен кемелерін, спорттық желкенді кемелерді қоспағанда, жолаушыларды тасымалдау үшін ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелерді;

      арнайы рұқсаттар бойынша тасымалдауға жіберілетін аса қауіпті жүктер және (немесе) жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын теміржол жылжымалы құрамды;

      қалалық жер үстіндегі электр көлігінің көлік құралын қамтитын құрылғылар.

2-бап

      Осы Келісімнің нысанасы:

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық реттеу мен мемлекеттік саясатты әзірлеу тәсілдерін үйлестіру;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде көліктік инфрақұрылым объектілерінде және көлік құралдарында заңсыз араласу актілерін жасау және жасалу қаупі туралы хабарлау мақсатында Тараптардың ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастырудың жалпы қағидаттарын айқындау болып табылады.

3-бап

      Тараптар осы Келісімнің нысанасы бойынша ақпараттық өзара іс-қимылды орнықты халықаралық транзиттік қатынастың негізгі құрауышы және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы жолаушыларды, жүктерді, багажды және жүк-багажды кедергісіз тасымалдау үшін өзара тиімді жағдай жасау ретінде айқындайды.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде Тараптар мынадай бағыттар:

      көліктік инфрақұрылым объектілерінің және көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупін анықтау;

      көліктік инфрақұрылым объектілерінің және көлік құралдарының осалдығына бағалау жүргізу;

      көліктік инфрақұрылым объектілерін және көлік құралдарын санаттарға бөлу;

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша талаптарды әзірлеу және іске асыру;

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды жоспарлау және іске асыру;

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерін оқыту және аттестаттау;

      көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру;

      көліктік қауіпсіздікті ақпараттық, материалдық-техникалық және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету;

      көліктік инфрақұрылым объектілерін және көлік құралдарын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуы шеңберінде заңсыз араласу актілерінен қорғау мәселелері бойынша келісілген ұстанымды қалыптастыру бойынша ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастырады.

5-бап

      1. Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағындағы көліктік инфрақұрылым объектілерінің және (немесе) осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге, мемлекеттерден және (немесе) мемлекеттің аумағы арқылы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы дереу хабарландыру мақсатында ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырады.

      2. Дереу хабарландыру жөніндегі шараларды осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген көліктік инфрақұрылым объектілерінің және (немесе) көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы ақпараты бар Тарап жүзеге асырады.

      3. Көліктік инфрақұрылым объектілерінің және көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы ақпаратты осы ақпаратқа ие Тарап басқа Тарапқа Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген тәртіппен мыналар болған жағдайда беруге тиіс:

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағындағы көліктік инфрақұрылым объектілерінің қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы ақпарат;

      осы ақпаратқа ие осы Келісімге қатысушы мемлекеттің аумағындағы және осы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке, басқа мемлекеттен және (немесе) басқа мемлекеттің аумағы арқылы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көліктік инфрақұрылым объектілерінің қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы ақпарат;

      осы Келісімге қатысушы басқа мемлекетке, басқа мемлекеттен және (немесе) басқа мемлекеттің аумағы арқылы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын көлік құралдарының қызметіне заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы ақпарат.

6-бап

      1. Осы Келісімнің нысанасы бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру үшін Тараптардың әрқайсысы:

      Тараптардың құзыретті органдарына көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеу мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекетте қабылданған нормативтік құқықтық актілердің мазмұны туралы ақпаратты жіберуге, соның ішінде осы салада заңнаманың өзгеруі туралы уақтылы хабарлауға;

      Тараптардың құзыретті органдарына көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеу мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекетте қабылданған нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы бойынша түсініктерді ұсынуға;

      Тараптардың құзыретті органдарының көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру және нормативтік құқықтық реттеу мәселелері жөніндегі ұсыныстарын қарауға;

      осы Келісімнің 5-бабына сәйкес көліктік инфрақұрылым объектілерінде және көлік құралдарында заңсыз араласу актілерінің жасалу қаупі және жасалғаны туралы Тараптардың құзыретті органдарын хабардар етуге уәкілетті құзыретті органды айқындайды.

      2. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының тізбесін анықтайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламаны беру кезінде бұл туралы депозитарийге хабарлайды.

      Құзыретті органдар тізбесінің өзгергені туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылданған күннен бастап бір ай iшiнде депозитарийді жазбаша хабардар етеді.

      3. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдары тікелей байланыстар орнатады, өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырады және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келісімді практикалық іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың құзыретті органдары сарапшылардың бірлескен жұмыс тобын құруы мүмкін.

      Сарапшылардың жұмыс тобының негізгі міндеті Тараптардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыруымен байланысты ұсыныстарды, Тараптардың осы Келісімнің іске асырылуын үздіксіз бақылауын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және қажет болған жағдайда, оны қайта қарау болып табылады.

8-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді орындау үшін қажетті ақпаратты басқа Тарапқа беруді қамтамасыз етеді.

      Осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасу өтеусіз негізде жасалады.

      Әрбір Тарап басқа Тараптан, осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпаратты оның жазбаша келісімінсіз үшінші тараптарға бермейді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтар мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе мүдделі Тараптар келіскен басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгізілгеннен кейін ол қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы хабарламаның соңғысын депозитарий алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Тараптардың әрқайсысы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2014 жылғы 30 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Түрікменстан Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады